Ынтымақ

Қазақ тілі ел басқаруыма көп көмектесті

Бүгінде Семейде қазақ тілін жетік біліп қана қоймай, мемлекеттік тілдің рөлін арттыруға шын пейілімен ниет танытып жүрген қазақжанды өзге ұлт өкілдерінің қарасы көбейгені қуантады. Солардың қатарында  Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының, Семей қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Анатолий Волченко деген ақсақалымыз да бар. 1939 жылдың күзінде Аягөз ауданының Мыңбұлақ совхозында дүниеге келген Анатолий балалық шағын ойға оралтқанда, қазақтың қарадомалақтарымен қатар өскендігін алдымен айтады.

– Тек мен ғана емес, әке-шешемнің азаматтық қалыптасуы қалың қазақтың ортасында өткендіктен шығар, бұл өңір мен үшін туған Отаным саналады. Бала кезімдегі қазақтың әр үйінің дастарханынан табылатын құрт-майының дәмі әлі күнге таңдайымда тұрады. Есесіне, біздің үй­дегілер құдайы көршілеріне бақшасындағы картоп, орамжапырағын, баптаған көкө­нісін тарту етіп, мәре-сәре болып жүретін. Рас, қиындықтарды да бірге бастан өткер­дік. 1957 жылы Аягөздегі орта мектепті бітірген соң сондағы автомектепті бітіріп, шоферлік кәсіпті игеруге бет бұрдым. Міне, сол кезде Мыңбұлақты басқаруға келген Төлепберген Уажанов деген азаматтан көп жақсылық көргенімді сөз реті келгенде айтқаным жөн болар. Шаруашылықты дөңгелетіп аяғынан тік тұрғызған Төкең мені де жатсынбай, баласындай жақын тартып, болашағымның дұрыс қалыптасуы ­үшін аянған жоқ. Сол кісінің көмегімен сол кездегі Семей зооветеринарлық институ­тына жолдамамен келіп түстім де, 1964 жылы зооинженер болып туған ауылыма қайта оралдым. Содан кейін өмір көші біртіндеп сол Төкеңмен тағдырлас етіп жалғасып жүре берді.

Әрине, айта берсем, бір сөзге бүкіл өмірбаянымды сыйғызу мүмкін емес. Тек өмір жолымдағы азаматтық шақтарымның бастауын айтып отырған себебім – маған деген қазақ азаматының жақсылығы, әке­лік қамқорлығы. Одан кейін еңбек еткен жылдарымда ел ішінде қазақ тілін бі­летіндігім көп нәрсеге көмектесті. Зоотех­ник маман ретінде шопандар қауымын аралаған кезде менің өз ана тілдерінде сөйлесетіндігімнен шығар, қазақтың қай үйіне барсам да құрметтеп қарсы алып, берген тапсырмаларымды зор ынтамен орындап отыратын. Сонда байқағаным – қазақ халқы өз ана тілінде сөйлескен ада­мын қадірлейді, сыйлайды. Бұл кейіннен менің 21 жыл Үржар ауданында колхоз бас­қарған жылдарымда көп септігін тигіз­ді.

Осылайша қалың қазақтың ортасында азаматтық жолын қалыптастырып, өмірлік ұстанымын шыңдаған Анатолий Викторо­вич қазіргі күнде өз қатарластарына немере-шөберелерінің қазақ тілін біліп өсуін насихаттап жүретіндігі сүйсіндіреді-ақ. Соның бір үлгісін өзі көрсеткенді жөн көріп, 1-сыныпта оқитын шөбересі  Снежа­на­ның қазақша шығарма жазып, өлең-тақпақ жаттауын ұдайы қадағалап отыра­ды. Себебі немересінің болашағы қазақ жерінде жарқын боларына сенімі зор.

Анатолий ВОЛЧЕНКО, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының, Семей қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі:

– Жасыратыны жоқ, кейде менен «Сен тарихи отаныңа көшпейсің бе?» деп сұрап жатады. Ал мен үнемі әке-шешемнің осы жерде өмір жолы қалыптасқандығын, өзімнің де қалың қазақтың ортасында қадірлі екендігімді, туған жерім де, Отаным да Қазақстан екендігін айтудан жа­лықпаймын. Тоқетерін айтқанда, қазақ жұрты барда, қазақ тілі барда біздің де «бір халық – бір ел – бір тағдыр» ұстанымы аясын­­да татулығымыз бен ауызбіршілігіміз жа­сай бермек.




Көрілген: 2656    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 01.05.2013, 12:38

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30