Қазақстан алмайтын қамал жоқ!

01 мамыр 2013, 12:37

Қазақтың пейілі даласындай. Тағдыр тәлкегімен осынау дарқан далаға табаны тиген ұлт пен ұлысты бауырына тартып, бүтін тұрмақ, жартыны жара жеуі кеңдіктің көрінісі емес деп кім айтады? Қиын-қыстау күн туып, қызыл қырғын қырға айдап келген көңілі жарым талайға құрт-майын тосқан қазаққа сол буынның бүгінгі ұрпағы тағзым етіп келеді. Қаншама ұлтқа қынадай тиген кеңестік саясат Сарыарқа төсінің достық мекеніне айналарын білген жоқ сол сәтте. Әйтпесе әлсізін әлімжеттікке бермейтін, жетім мен жесірді жылатпайтын қазақ жеріне жібермес еді. Құдай айдап басқа емес, маңдайларына қазақ жерінің тиюі көп ұлттың көрер несібесін тауыспады. Керісінше, еселей түсті. Солардың бірі – әзірбайжандар.
Қазақстанға олар 30-жылдары қуғын-сүр­гін­ге ұшыраған басқа халықтармен бірге кел­ген еді дейді тарих. Ал бүгінде Қара­ған­ды облысында 3667 әзірбайжан тұрады. Әзір­байжан халқының дәстүр-салтын, тілін, мәдениетін жаңғыртып, сақтап, да­мытуды мақсат еткен «Намус» әзір­­байжан этно-мәдени орталығын құр­ған. Бірлестіктің атауында маңызды мазмұн бар: «Намус» – ол ар-намыс.
Бүгінде бұл мәдени орталық аймақтың әлеуметтік, мәдени, экономикалық өмірі­нен қалыс қалып көрген жоқ. Қарағанды облыс­тық «Намус» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Агиф Мамедов: «Қазақстан мемлекетінің барынша қуатты болып, қарқынды дамуының басты себебі – киелі қазақ жерін мекендеген жүзден астам ұлт пен ұлыстың берекелі бір­лігі мен тұғырлы тұтастығы», – дейді. Бірлік күні қарсаңында өтіп, еліміздегі 130-ға жуық ұлт пен ұлыстың басын қосқан Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясындағы Елбасы Н.Назарбаевтың сөйлеген сөзін қуаттайтындықтарын және жеткізуде. Халқымыз айрандай ұйып, ұлт пен ұлыстар бір қолдың саласындай ынты­ма­ғы берік кезеңде Қазақстан алмайтын қамал жоқтығына бек сенімді.
Агиф МАМЕДОВ, Қарағанды облыстық «Намус» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы:
– Біз бұрындары Ассамблеяны Қазақстан халықтарының Ассамблеясы деп келсек, ендігі жерде оны «халқы» деп атап жүрміз. Халық – көпшілік. 130-дан астам ұлттың ымыралы бірлігін тұтастырған ұлы ұғымды «халықтар» деп көпшелендірудің қажеті жоқ деп білемін. Қазақстан халқы – біртұтас әлем. Елбасы Н.Назарбаевтың сындар­лы саясаты арқасында Қазақстанды ме­кен еткен ұлттар мен ұлыстар арасында бал­таласаң бұзылмас берік достық қалыптасқан. Осы тұтастық бізді ұлы мақсаттарға жұмылдырып отыр.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мерей­тойлық ХХ сессиясының тақыры­бы ау­қымды, мазмұны терең. Біз ендігі ке­зек­те ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Қазақстан – 2050» стратегиясында көз­делген мақсаттарды жүзеге асыруға, бағ­дарламада қамтыл­ған бағыттар бойын­ша жұмыла жұмыс жүргізуге тиіспіз. Мен осы жолда мұра­ты­мызға жететінімізге кәміл сенім­дімін. Өйткені оның кепілі – бірлік.
Сессия барысында келер күннің келелі міндеттері сараланып, ортақ мүдде оқшаулануды қаламайтындығы тағы бір пысықталды.
Тәуелсіздік жылдарының қысқа мер­зі­мінде бағындырған биіктеріміз қаншама. Ал алар асуларымыз одан да ауқымды. Ал­дағы күннің қамалдай болған қарекеті мыз­­ғымас тұтастығы қалыптасқан Қазақ­стан үшін қатер емес. Тек әр жүректе «бір халық – бір ел – бір тағдыр» ұғымы атой­лап тұрса болғаны. Біз алмайтын қамал жоқ!