Парламентаралық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды

30 қараша 2013, 12:48

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы шеңберінде парламент­аралық ынтымақтастықтың келешегі зор болады. Бұл жөнінде ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының Санкт-Петербургте өткен алтыншы отырысы шеңберіндегі кездесулері кезінде айтылды.
Сенаттың баспасөз қызметінің хабар­лауынша, отырыста ҰҚШҰ-ға мүше мем­ле­­кеттердің ұжымдық қауіпсіздігін қам­тамасыз ету жөніндегі қызметі, ҰҚШҰ-ның парламенттік өлшемін дамыту тақырыбы және ұжымдық қауіпсіздіктің Кавказ айма­ғындағы әскери-саяси ахуалын зерделеу мәсе­лелері бойынша баяндамалар оқыл­ды. Қазақстан Парламенті Сенатының депу­таты, ҰҚШҰ ПА Саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық мәсе­лелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Ақан Бижанов 2011-2015 жылдарда ұйымға мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамаларын жақындастыру және үйлестіру жөніндегі бағдарламаның орын­далу барысы туралы әңгімеледі. Ол Ассам­блея­ның халықаралық коммерциялық мәмілелер жасау барысында шетелдік лауазымды тұлғаларды сатып алуға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ұсынымдар жобасын да таныстырды. Ал Қ.Тоқаев Санкт-Петербургте Ресей Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко және Ресей Фе­дерал­дық жиналысы Мемлекеттік дума­сы­ның төрағасы Сергей Нарышкинмен екі­жақты кездесулер өткізді. Қазақстан Сенаты төрағасы Екатеринбруг қаласында екі мемлекет басшысы қол қойған ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы келісімнің стратегиялық сипатын атап өтті. Осы сапар барысында екі ел пар­ла­менттері депутаттарының қатысуымен Қазақ­стан – Ресей ынтымақтастығы жөнін­де­гі комиссиясы аясындағы парламент­ара­лық өзара іс-қимыл мәселелері талқы­лан­ды. Қ.Тоқаев екіжақты ынтымақтастық мә­селелерін талқылау үшін Әзірбайжан Мил­ли Мәжілісінің төрағасы Октай Аса­довпен де кездесті.