Зерайна

Журналистер өз құқын қорғай алып жүр ме?

  • Журналистер өз құқын қорғай алып жүр ме?

    Журналистер өз құқын қорғай алып жүр ме?

«Ауыз өтірік айтса – мұрт күледі, журналист өтірік айтса – жұрт күледі» деген екен талай жорналшы қауымды шекпенінен шығарған Шерхан Мұртаза ағамыз. Тағы да сол Шерағаң бір сөзінде: «Балықшының аты шөлден өліпті» демекші, өзгелердің сөзін сөйлеп, мұңын мұңдап, құқын жоқтап жүретін қазақ журналистері өз құқын қорғауға келгенде дәрменсіздік танытады», – деген еді. Расымен де, кейде бүкіл қоғамның ауыр мәселелерін ауырсынбай сөз етіп жүріп, артынша өз құқын қорғауға келгенде аузынан сөзі түсіп абдырап қалатындар қатарымызда бар. Міне, қазір де талай журналист қауымының көкейін тесіп, көңілін ортайтып жүрген мәселенің бірі – осы. Бүгін біз кәсіби мерекені пайдалана отырып, журналистердің өз құқын қорғауға келгендегі белсенділіктері туралы сөз етуді жөн көрдік.


Шенеуніктер БАҚ өкілдерін бір-ақ күн жақсы көреді

Жалпы, ресми деректерге жүгінсек, еліміздегі журналистердің үштен екісінің, яғни үш журналистің екеуінің шенеуніктердің алдына баруға тауы шағылады екен. Шенеуніктердің журналист сауалына уақытында жауап бермеуі, журналистің қандай да бір мемлекеттік маңызды дүниелерге қатысты қойған сауалына толыққанды ақпарат ала алмауы оның жұмысына қып-қызыл кедергі болатыны даусыз. Тіпті өзін сынаған журналисті сотқа дейін сүйреп, сілікпесін шығарып алатын «дөкейлердің» де бары жасырын емес.

«Ал керісінше, сол шенеуніктің ісін жур­налист мақтаса, жа­ғымды жағынан көр­сетсе, олар журна­листерді бір жылдың бір күнінде айрықша жақсы көруге бар. Ол – нақ осы кәсіби мерекелерінде жур­налистерді марапатпен мадақтау» деседі мамандар.

Дәурен АРЫН, заңгер:

– Мониторинг желісіне сүйенсек, елдегі шенді-шенеуніктердің немесе мем­лекеттік инстанциялардың жур­налистерді сыйлау үрдісі тек бір-ақ күнге ғана созы­лады екен. Ол – нақ осы кәсіби мерекелерінде журналистерді құттықтау үрдісі. Ал одан кейін бірде-бір шенеунік журналиске жылы ықылас білдірмейді де. Жасыратыны жоқ, мемлекетімізде журна­листер қауы­мына толыққанды марапат жаса­лып отыр­ған жоқ. Себебі атқарушы билік тарапынан оларға орынды сый-құрмет көрсетілмеуде. Журналистің қоғамдағы рөлін көтеру үшін бізге «БАҚ туралы» Заңнан бөлек журналистің құқын қор­ғайтын арнайы заң қабылдаған жөн. Арнайы заң жобасы жасалып, ол заңда журналистің тұрмыстық, әлеуметтік жағдайына байланысты, қызметтік жағдайына қатысты, халық­аралық деңгейде білім алуына қатысты, басқа да қажетті жоқ-жітігіне қажетті құқық­тар енгізілуі керек. Меніңше, журна­листерді мемлекеттік мамандықтар есебіне қосу қажет. Өйткені қазірде журналистика мамандық емес, ол кәсіп дейтіндер де баршылық. Егер біз журналистерді қо­мақты жалақы төленетін мемлекеттік ма­мандықтар есебіне қоссақ, олардың әлеуметтік-таптық құқығы ешқашан аяққа басыл­мас еді. Журналистің өз қорғауында екенін билік үнемі сездіріп отыруы керек. Сонда қайсыбір бюрократ ше­неу­ніктер тарапынан олардың құқын таптау, сын естісе бірден сотқа сүйреу, қорқыту, тұқырту атымен болмайды. Егер біз «журналистің құқы қорғалсын» десек, олардың статусын көтеруіміз қажет.


Жеке кәсіподақ құру қажет

Абзалында, мамандардың біразы «елде тілшілермен тіресетіндерге қарсы журналистердің құқын қорғайтын жеке кәсіподақ құруы керек» деседі. Біздегі кәсіподақ ұйымдарының журналистердің құқын қорғауға соншалықты белсене араласа бермейтінін, сондықтан журна­листердің өздерінің жеке кәсіподақ ұйымы болуы керектігін баса айтқан мамандар мұндай бастамашыл топтар болса жур­налистердің өзі оларды қолдауы керектігін айтып отыр.

Тамара ҚАЛИЕВА, «Әділ сөз» халықаралық қорының төрайымы:

– Журналистердің құқын қорғайтын жеке кәсіподақтың керегі рас.Бұл әсіресе шалғай аудандардағы жур­налистердің құқын қорғау үшін аса қажет. Мысалы, аудандық журналистер үшін әкім мен шенеуніктің көңілін табу қазір маңызды болып тұр. Аудан көлемінде бір ғана газет болғандықтан, ол газеттің тілшісі әкімін сынаса бірден көрінеді де, әкімнің қағажуына тап болады. Осыдан соң аудан орта­лығында ол тілшіге жұмыс табу тіптен мұң болады. Тіпті мамандықпен түбе­гейлі қоштасып, басқа салаға еріксіз кетіп жататындар да – сол аудан журналистері. Қазір 90 пайыз БАҚ –жекеменшік. Сон­дықтан журна­лис­тердің құқын қорғайтын жеке кәсіподақ бізге керек.


Негізінде, жеке кәсіподақ ұйымдарына қатысты бірқатар деректерге жүгінсек, алғаш мұндай ұйым 1921 жылы Финлян­дияда құрылыпты. Бұдан соң іргеміздегі Қытайда мұнда ұйымның бар екені белгілі. Мысалы, өткенде Қытай еліндегі журна­листердің құқын қорғайтын кәсіподақтар ұйымы еліндегі инфляцияны есептеп, өкіметіне «журналистердің жа­ла­қысын 13 пайызға өсіру керек» деген ұсы­ныспен шықты. Бұл ретте Аспан асты елінің жұмыс берушілері 7 пайызды ұсынып еді. Онымен кәсіподақ ұйымы келіспеді. Мұны біз өз еліміздегі жағдаймен салыстырдық та, амалсыз көрші елдердің тілшілеріне деген құрметіне қызыққанымыз рас.

Басым бөлігінің бас уайымы – баспана

Бұған қоса мамандар тарапынан қыз­метінде кездесетін құқын бұзушы­лықтар өз алдына, қазірде журналистердің әлеуметтік құқы тіптен ескерілмейтіні жиі айтылып отыр. Мысалы, журналистердің 80 пайызын қазірде баспана мәселесі көбірек толғандыратын көрінеді. Осы ретте «басында баспанасы жоқ тілші елдің жоғын қалай жоқтайды? Сондықтан мемлекет тарапынан журналистерге баспана беру ісін жетілдіру қажет» дейтіндер де баршылық. Расымен де, егер «даласы бар – күйі жоқ, қаласы бар – бірақ үйі жоқ» журналистердің қатары көбейіп, олардың арманы мен ойы тек үй мен күйдің айналасында қалса, онда қоғамда болып жатқан жайттарға ойлы ұсыныстар айтатын тілшілердің қарасы сирей беретіні даусыз. Олай болса біздің тиісті органдар болашақта «жур­налистерінің әлеуметтік-тұрмыстық құқы ескерілсін» десе, айтыл­ған ұсыныстарды ескеруі тиіс.

Абзалында қазақ журналистикасы туралы айтылып жүрген әңгіме аз емес. Сол қазақ журналистикасын жиі-жиі «жиналысқа» салып сынаушылар да бар­шылық, классикалық әмбебаптығын мойындаушылар да жетіп-артылады. Ең бастысы, қазірде қоғамда от ауызды, орақ тілді тілшілер қауымының өзіндік легі де бар. Ендігі кезекте сол тілшілердің құқы теперіш көрмесін десе, тиісті орындар олармен мереке қарсаңындағы жылдың бір күнінде ғана емес, әр күнінде санасып отырғаны жөн. Сонда олардың құқы аяқасты болмасы анық.




Көрілген: 2889    Пікірлер: 0

жұма, 28.06.2013, 11:51

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30