Тікелей эфир

28 маусым 2013, 11:02

Талғат ҚҰСПАЕВ, журналист, тележүргізуші, «Хабар» агенттігінің жаңалықтар қызметінің тілшісі:
«Артық әңгіме айтып қойғанда не болатын еді?»
– «Қазақстан» ұлттық арнасында «Дела житейские» ток-шоуын жүргізіп жүргенде, режиссерлер менің құлағыма дыбыс беріп тұратын арнаны ажыратуды ұмытып кететін. Сөйтіп, мен әңгімелесіп отырған адамымды ести алмайтынмын. Оның орнына эфир бойы режиссерлік топтың «өсектерін» тыңдауға мәжбүр болып қаламын. Таңғы жаңа­лықтар жүргізіп жүргенде хабардың пердесі ашылып жатады, ал мен бүгін аптаның қай күні екенін ұмытып қалатынмын. Алматы маңында СиЭрДжи-200 ұшағы құлаған кезде біз оқиға орнына барып, спутниктік тәрелкені қайда орнатарымызды білмедік. Эфир таяп қалды, полицейлер аумаққа кіргізбей қуып жатыр, басшылар қоңырау шалып, дайындығымызды қайта-қайта тексеруде. Бір кезде уақыт келген болуы керек, режиссер «кадрға тұр да, бірдеңе айт» деді. Мен сүйегіме дейін мұз болып тоңып қалғанмын, дыбыс пен бейнені тексереді екен деп, білетін ақпаратымды кадрға айтып бердім. Сөйтсем, маған біреу қоңырау шалып, «бәрі ойдағыдай болды, тікелей эфирге бердік, кейін тағы қосыламыз» дейді. Төбемнен жай түскендей болды! Мен жай ғана эфирге дайындықты пысықтаған болатынмын. Егер сол уақытта қалжыңдап, басқа артық әңгіме айтып қойғанда не болатын еді?! Кейін әріптесім Ольга Цойдан естідім, мен кадрде ресейлік журналист Ирада Зейналова сияқты микрофонымды бір-екі рет бұлғаппын да, ол студиядағы жүргізушінің басынан нұқыған сияқты көрінген.

Ерланби ДӘУЛЕТИЯР, КТК телеарнасының «Жаңалықтар» ақпараттық бағдарламасының жүргізушісі:
«Ыстық шайға күйіп қалғанмын»
– Осыдан екі жыл бұрын редакторлар тележүргізушілерге эфирге сусын алып шығуға рұқсат берді. Жаз кезі-ау деймін. Тамағым қарлығып, ауырып жүрген уақытым. Тікелей эфирге ыстық шай алып шыққанмын. Сюжет жүріп жатқан кезде шай ішіп отырдым. Бір кезде сюжеттің аяқталып жатқанын байқамай қалыппын, кадрге шай ішіп отырған күйі шығып кеттім де, стақанды үстелге қойғандай болып едім, үстелге жеткізбей жібере салыппын, алдыма тарс етіп құлап, шай төгілді дейсің. Ыстық шай аяғымды қатты күйдіре бастады. Көрермендерден кешірім сұрадым ба, сұрамадым ба, есімде жоқ, бірақ лезде білдірмей, жаңалықтарды ары қарай оқи бердім. Кейін жігіттер «күйіп қалдың ғой» деп, мазақ қылып жүрді.

Бақыт ШОЙЫМБЕК, тележүргізуші, «Жетінші арна» телеарнасының «Нысана» апталық сараптамалық бағдарламасының шеф-редакторы:
«Ұзынымнан сұлап түстім»
– Қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне орай бағдарламаға жауапты мекеменің өкілін шақырдым. Сұрақтарды алдын ала әзірлеп, ол органның қызметін әшкерелемек ойым бар. Бір уақытта көптен күткен спикер де келді. Сұхбатқа дайындық барысында сол азаматтың көзінше аяғымнан шалынып, ұзынымнан сұлап түстім. Студиядағы әріптестерім сасып қалды ма, барлығы маған қарап тұрып қалғанда, оппонентім алғашқы болып көмек көрсетті. Адамгершілік тұрғыдан өзін жақсы қырынан көрсеткен қарсыласым осылайша әңгіменің ауанын да өзгертіп жіберді.