Ақтау қаласында патрульдік полиция көлігі жеңіл көлікпен соқтығысып, 2 адам зардап шекті. Бұл туралы Egemen.kz тілшісі Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап жазды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.
«30 сәуір күні сағат 02.30-да Ақтау қаласының 5 және 8 шағын аудандарының қиылысында патрульдік полиция автокөлігі мен «Hyundai Accent» маркалы автокөлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Оның салдарынан 2 адам зардап шегіп, облыстық ауруханаға жеткізілді. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін бірі үйіне жіберілді, екіншісі ауруханаға жатқызылды», делінген хабарламада.
Қазір аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалы жүріп жатыр.
«Автотехникалық сараптама тағайындалды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жария етілмейді», дейді ведомстводан.