Алматы облысында 81 жастағы әйелді жүк көлігі қағып кетті (видео 18+)

04 қазан 2021, 09:01

Алматы облысында жүк көлігі 81 жастағы зейнеткерді қағып өлтірді. Аймақтың полиция департаменті оқиғаға түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

 

Қайғылы оқиға орнында түсірілген кадрлар әлеуметтік желілерде жарияланды.

 

Назар аударыңыз! Видео жүйкесі әлсіздерге көруге ұсынылмайды.

 

Алматы облысының полиция департаменті өкілдері жол-көлік оқиғасы 2 қазанда сағат шамамен 10.05-те Іле ауданында болғанын хабарлады.

 

Iveko Magirus көлігінің 38 жастағы жүргізушісі Байсерке кентіндегі Школьная көшесімен келе жатып, 81 жастағы әйелді қағып кетті. Қарт әйел оқиға орнында мерт болды.

 

"ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жол-көлік оқиғасы дерегі Іле АІІБ-нің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қажетті сараптамалар тағайындалды", - делінген Алматы облысы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.