Әлеуметтік желілерде Алматы облысында апат болған жерден түсірілген видео пайда болды. Оқиға Үлкен Алматы каналы көпірінде болғаны айтылды. Ішінде адам болған BMW көлігі қоршауды бұзып, суға ұшып түскен. Оқиғаның егжей-тегжейін облыстық полиция департаменті мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2 тамызда BMW маркалы көліктің жүргізушісі Қайназар-Үлкен Алматы көпірі тас жолының солтүстік бағытында келе жатып, көпірдің қоршауына соғылып, каналға ұшып түскен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан шетелдік маркалы көліктің 31 жастағы жолаушысы зардап шекті, ал жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен.
Енді тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын анықтап, BMW көлігін басқарған адамды іздестіруде.