Алматы облысында оқушыны көлік қағып кеткен сәт видеоға түсіп қалды

15 сәуір 2022, 18:51

Алматы облысында Mercedes-Benz 200 көлігінің жүргізушісі 11 жастағы жасөспірімді қағып кетті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға куәгерлері Қарасай ауданындағы ауылдардың бірінде болған оқыс оқиғаның видеосын жариялады.

 

Куәгерлердің айтуынша, баланы мектепке барар жолда көлік қағып кеткен.

 

Бұған дейін бұл жолдың қауіптілігі туралы ата-аналар мектепке, әкімдікке бірнеше рет шағымданған екен.

 

 

Алматы облысы полициясының баспасөз қызметі бұл ақпаратты растады. 14 сәуірде Қарасай ауданы Балақты ауылында Mercedes-Benz 200 көлігінің 27 жастағы жүргізушісі 11 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен.

 

"Жеткіншек белгіленбеген жерден жолдың жүру бөлігін кесіп өтпек болып, шетелдік көлік астына түскені анықталды. Бала жол-көлік оқиғасы салдарынан жеңіл жарақат алып, медициналық тексеруден кейін амбулаторлық ем қабылдауға жіберілді", - деді полиция өкілдері.

 

Тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы 2-бөлігі "Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы" бойынша хаттама толтырылғанын айтты.

 

Жолдың қауіпті бөлігін патрульдік полиция қызметкерлері бақылауға алған.