Атырауда үш көлік соқтығысты, зардап шеккендер бар

29 қыркүйек 2021, 00:35

Атырауда үш көлік соқтығысты, зардап шеккендер бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

Жол-көлік апаты бүгін кешке Атырау қаласында, Азаттық көшесінде болды.

 

Сельстрой шағынауданына бет алған Toyota жол қиылысында үлкен жылдамдықпен қызыл бағдаршамға өтіп кетті. Қарсы бетке шығып, тоқтап тұрған Priora-ға соғылды.

 

Priora-ны жолда айналдырып жіберіп, Toyota өзі бордюрдан асып түсті.

 

Оқиға салдарынан тағы бір машина зардап шекті.

 

Toyota көлігінің жүргізушісі ес-түссіз күйде жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді.

 

Жарақат алған өзге адамдарға медициналық көмек оқиға орнында көрсетілуде.

 

Облыстық Полиция департаменті кейінірек ресми ақпарат беруге уәде етті.