Баянауыл ауданында ТЖ қызметкерлері отырған көлік жоп апатына түсті

26 сәуір 2022, 23:30

Баянауыл ауылында Ак. Бектұров - Ак. Сәтбаев көшелерінің қиылысында жол апаты орын алды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Рavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Нива» маркалы автокөлігінің 22 жастағы  жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып, «Toyota Land Cruiser 100» автокөлігімен соқтығысқан.

 

- Көлік құралдары айып тұрағына  қойылды. Аталмыш фактіге қатысты тексеру жүргізілуде. Сараптама тағайындалды, - деді департаментте.

 

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінен «Нива» қызметтік автокөлігінде Баянауыл ауданы ТЖ бөлімі қызметкерлері болғанын хабарлады.

 

Жол-көлік оқиғасы салдарынан 1991, 2000 және 1988 жылдары туған Баянауыл ауданының ТЖ бөлімінің үш қызметкері зардап шеккен. Олар қазіргі уақытта Баянауыл аудандық орталық аудандық ауруханасында жатыр. Олардың барлығы жабық бас сүйек-ми жарақатын алған.

 

-  30 жастағы ер адамның жамбасы мен білегі сынған. Оған травматикалық шок диагнозы қойылды. Ер адамның жағдайы ауыр, – деп толықтырды денсаулық сақтау басқармасында. – 22 жастағы жүргізушіде жамбасының жабық сынуы тіркелді. Екінші жолаушы да жарақат алған.