Қапшағай жолында жол апатынан 1 адам мерт болып, 6-уы ауруханаға түсті

07 қазан 2021, 17:04

Алматы облысының Қапшағай қаласында көлік апатынан бір адам мерт болды. Тағы алты адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

Оқиға орнында түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады.

 

«Капшағай трассасында жол апаты, казино маңы», - делінген жазбада.

 

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға «Алматы-Өскемен» тасжолындағы Қапшағай қаласында тіркелген.

 

Алдын ала мәлімет бойынша, 6 қазан күні сағат 17:00 шамасында «Kia Cerato» көлігінің 21 жастағы жүргізушісі рульге ие бола алмай қалып, алдында келе жатқан «Газель»-ге соғылған.

 

«Салдарынан 6 адам зардап шекті. Олар Қапшағай қаласындағы ауруханаға түсті. Зардап шеккен 27 жастағы ер адам жансақтау бөлімінде көз жұмды. Қазір аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес тергеу басталды»,- делінген ведомство хабарламасында.