Полия қызметкері жаяу жүргіншіні қағып мерт қылды

11 наурыз 2022, 17:15

Қызылорда облысында ішкі істер органдарының қызметкері көлігімен адамды қағып, оқиға орнынан қашып кетті. Бұл ақпаратты облыстық полиция департаменті растады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі sputnik.kz-ке сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, жол апаты 7 наурызда кешкі сағат 19:06-да Жаңақорған кентінде болған. Белгісіз біреу автокөлікпен жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан бой тасалаған. Жаяу жүргінші қайтыс болды.

"Жедел іздестіру шаралары барысында күдікті ұсталды. Ол полиция қызметкері ​болып шықты. Уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді департаменті мамандары.

 

Күдікті құқыққорғау органдарынан шығарылды. Сонымен қатар, аудандық полиция бөлімінің басшылығына қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп, тәртіптік кеңес шешімімен бірқатар басшы тәртіптік жауапқа тартылды.

 

Қазіргі кезде Қылмыстық кодексінің​ ​345-бабы​ ("Көлiкті басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiкті пайдалану қағидаларын бұзуы") және 347-бабы ("Жол оқиғасы болған жерден кетіп қалу") бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.

 

Айта кетері, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет үшін бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған. Ал оқиға орнынан қашып кеткені үшін 1 000 айлық есептік көрсеткішке (3 630 000 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салып, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылуы мүмкін. Екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған. Бұдан бөлек, бес жылға белгілi бiр лауазымдарды атқаруға тыйым салынады.