ШҚО-да жантүршігерлік жол апатынан 6 адам қаза тапты

10 мамыр 2022, 12:56

Шығыс Қазақстан облысында жол апатынан алты адам қаза тапты, төрт адам жарақат алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Шығыс Қазақстанда жантүршігерлік апаттан зардап шеккендер ауруханада жатыр. Екі көліктің соқтығысуы салдарынан бірден алты адам қаза тауып, тағы төртеуі ауруханаға жеткізілді. Оқиға бір күн бұрын Жарма ауданында, республикалық маңызы бар жолдың Шар қаласына жақын жерде болған.

Жантүршігерлік кадрларды куәгерлер түсіріп алған. Облыстық полицияның мәліметінше, шетелдік көліктің 35 жастағы жүргізушісі рульге ие бола алмай, қарсы жолаққа шығып кетіп, ВАЗ көлігімен соқтығысқан. 33 жастағы ВАЗ жүргізушісі мен оның бес жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Шетелдік көліктің 35 жастағы жүргізушісі мен кәмелетке толмаған үш жолаушы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Бұдан өзге ақпарат жоқ.