Сағат 12:50 шамасында Бұқар Жырау ауданында Теміртау қаласы мен Қызылқайың ауылы аралығындағы тас жолда жол апаты орын алды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Алдын ала мәліметтер бойынша, Shacman маркалы жүк көлігінің (самосвал) 33 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жолдың қарсы бетіне шығып, 38 жастағы ер адам тізгіндеген ГАЗ-53 жүк көлігімен соқтығысқан.
- Жол-көлік оқиғасы салдарынан ГАЗ-53 көлігінің жүргізушісі мен оның жанындағы 21 жастағы жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Сондай-ақ, осы көліктегі бала түрлі дене жарақаттарымен Теміртаудағы медициналық мекемелердің біріне жеткізілді, - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Аталған фактіге сәйкес, ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды.
Тиісті сараптамалар тағайындалды.