92-дегі қария саяси жаладан ақтауды өтінеді

31 мамыр 2013, 12:58

Сталиндік репрессия 92 жастағы ақсақал Ахметбек Нұрмановтың балалық шағын, ал фашизммен соғыс жастық дәуренін құртты. Бүгінде неміс лагері мен итжеккеннің азабы ұмытылды. Бірақ жанына қатты бататыны – Тәуелсіз елімізде оның «Отанын сатқан» деген саяси жаладан ақталмай отырғаны.
Ақтөбе облысы Ойыл ауданының тұр­ғы­ны Ахметбек Хасанұлы туралы аз ай­ты­лып жүрген жоқ. Біз оның әлі де тың еке­ніне қуанып, шүкірлік еттік. Ақсақал өзінің әлі күнге дейін ақталмай келе жатқанын жылап отырып баяндап берді. 1941 жылы фашистер тұтқиылдан КСРО шекарасына басып кіргенде 20-армияның 1856-артил­лериялық бөлімінің 42 әскері тұтқынға тү­се­ді. Арасында 20 жастағы Ахметбек те бол­ды. Немістер азиялықтарды Польшада ұстап, кейін агенттердің көмегімен оларды Түркістан легионына өткізеді. «Италияда ауыр жұмысқа жегілген кезім. Мен Түркіс­тан идеясы туралы ештеңе білген де, есті­ген де жоқпын. Ешкім ештеңе айтып түсін­дірмеді. Кейін естідім, бұл легион Орталық Азия елдерін біріктіруді көздейді екен. Менің ойлағаным тек елге қайту болды. Идеяны не қылайын?! «Шаң басқан Ойы­лым қымбат» деп есептедім. Біз, реті келсе, кеңес әскерлеріне қосылуды ойладық, Батыс майданында америкалық әскерлер фашистерге шабуыл жасаған кезде соның сәті түсті. Азиялық нәсілді біраз адам аме­ри­калықтардың арқасында кеңес әскеріне қосылдық. Бізді «Родина ждет, Родина простит» деген плакаттары бар кемемен Торонто қаласынан Египеттің Саид посты арқылы Ирак, Иран арқылы Әзірбайжанға әкелді. Сол кезде Кеңес Одағы үстімізден «Отанын сату» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады», – дейді А.Нұрманов. Әуелі Куз­басс кенішінде жұмыс істеген ақсақал кейін Колымаға 30 жылға жаза өтеуге кете ба­рады. Аяз бен аштықты, айыптау мен азап­тауды көрген Нұрманов Сталин өлген­нен кейін түрмеден мерзімінен бұрын бо­са­тылып, елге келеді. Арада 58 жыл өтсе де, Ахметбек ақсақал саяси жаладан ақ­тал­май отыр.
Ахметбек НҰРМАНОВ, бұрынғы әскери тұтқын:
– ҚР Бас прокуратурасына, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, «Нұр Отан» ха­лық­тық-демократиялық партиясына, министрліктерге тағы басқа органдар­ға хат жаздым. Жауап жоқ. Неге мемле­кеттік органдар адам тағдырына сонша жауапсыз қарайды?! Қазір Кеңес Ода­ғы­ның заңдары келмеске кетті емес пе?! Оның үстіне, мен жазамды өтедім. Енді менің көп өмірім қалған жоқ. Үкі­метіміз бұрынғы әскери тұтқындарды ақ­тап, кешірім жасаса екен деймін.

Ахметбек Нұрманов Ойыл ауданында 30 жылдан астам уақыт педагог болып қызмет етті. Әкесі Хасан хазірет Нұрмұ­хан­бетұлы – Меккеге Қазақстанның баты­сынан жаяу барып келген тұңғыш адам. 30-жылдары хазірет атылып, Ахметбектен үл­кен балалары абақтыда азап шекті.

Болатбек МҰХТАРОВ