Айбар

«Жасыл» энергетика үлесі 2017 жылға қарай 3 пайызға жетеді

Қазақстанда балама қуат көздерін, жаңартылатын энергияны қолдауды қарастыратын заң 2009 жылы қабылданған болатын. Дегенмен шапшаң өзгеріп жатқан заманда дәл осындай құжат даму талабына сай жетіліп тұруы шарт. Соған орай, кеше Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар ұсынған жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Жыл басында Елбасы жарлығымен «жасыл» экономика саясатының тізгіні Қор­­шаған ортаны қорғау министрлігіне бе­ріл­ген болатын. Ендеше, «Болашақ энер­гетикасы» атты тақырыпты қамтитын ЕХРО-2017-ні ескерсек, министрліктің ұс­тан­ған мақсаты айқын әрі ауқымды болғаны керек. Осы істің үдесінен шығуды қарастыратын заң жобасы жаңартылатын энергия көздері бойынша инвесторларды ғана емес, жеке тұтынушы­ларды да ынта­л­ан­дыру тетіктерін қамтып отыр. Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров­тың айтуынша, заң жобасы ең алдымен негізгі  үш мәселені шешуді көксейді. Бұ­лар: жаңартылатын энергия ны­сандарын са­лу­ға арналған жер учаскелерін беру, ба­ла­ма қуат күшімен өндірілетін электр ба­ға­сын анықтау, сондай-ақ жаңар­ты­латын көздерден өндірілген энергияны сатып алу­ға кепілдік.

Министр Нұрлан Қаппаровтың дерегі­нен ұққанымыз – жаңартылатын энергети­каның қолда бар біраз жобалары жер учас­келерін пайдалануға қатысты рұқсат алу­дың қиындығынан қаңтарылып қалған. Мәселенки, балама қуат алу үшін аса ың­ғай­лы саналатын өзен алқаптары және олар­мен іргелес жатқан орман қоры учас­ке­лерінен шағын су электрстансыларын са­лу­ды қолданыстағы заңнама болғыза бер­мейді екен. Ал оған рұқсат алу үшін әлгі аса ыңғайлы аумақта орналасқан жер учас­­келерін орман қорынан шығарып, бас­қа санаттарға ауыстыру қажет екен. Дәл осындай қиындықтар жел электрстан­сы­ларын салуға қатысты да орын алған. Бұндай кедергіні жою үшін министрлік Жер кодексіне жаңартылатын энергия көздері­нің түрлі нысандарын салуды ерекше жағ­дайға жатқызылып, осындай құрылысқа қажетті жерлерді бөлуді ұсынады.

Екінші басты мәселе – тұрақты тариф енгізу. Бас эколог Нұрлан Қаппаровтың сөзі­не қарағанда, қолданыстағы тариф бел­гілеу жүйесінің кемшілігі баршылық. Бас­қасын былай қойыңыз, түрлі сатыдағы әкім­шілік кедергілер, әрбір жоба бойынша тех­никалық-экономикалық негіздемені мем­лекеттік органдармен келістіру, соның не­гізінде барып қана тариф белгілеу де­ген­нің бәрі, түптеп келгенде, «бармақ бас­ты, көз қыстыға» соқтырып жататынын да министр алға тартады. Ендеше, жаңар­ты­ла­тын энергетика жобаларының табандап қалуы­ның екінші себебі – осында. Бір сөз­бен айтқанда, қолданыстағы тариф белгі­леу жүйесін Үкімет өз бетімен бақылай ал­майтынға ұқсайды. Осы түйткілді шешу үшін заң жобасымен жаңартылатын энер­гия көздерінен өндірілетін электр қуатына тұ­рақты, яғни белгілі бір мерзім аралы­ғын­да ауыспайтын тариф енгізу қарасты­ры­лады. «Тұрақты тариф енгізсек, инвестор­лар­дың жобаға салатын қаражатын қай­таруға кепілдік болады. Сосын «жасыл» энергетика тарифтерін бекіту жария болады. Бұл – аса қажетті дүние. Өйткені, шындығын айтайық, «жасыл» энергетика саласының қаржы сыйымдылығы жоғары болғандықтан, мұндай кепілдік болмаса, инвесторлардың келуі де оңай емес», – дейді Нұрлан Жамбылұлы. Бұл үшін тұрақты тарифтерді Үкімет 15 жылға дейін бекітетін болады. Ал жаңартылатын энергия көздері­нің стансыларынан электр қуатын сатып алуға байланысты есептеу-қаржылық орта­лы­ғын құру да қарастырылады.

Жаңартылатын қуатты қолдау мақса­тын­да атаулы көмектер де жан-жақты ат­қа­рылады. Мәселен, мемлекет қазақстан­дық өндірушілерден жаңартылатын энер­гия қондырғыларын сатып алған жеке пай­даланушының шығынын 50 пайызға өтеу­ді мойнына алмақ. Бұл көбінесе ауыл­да­ғы ағайынды, фермерлік шаруашылық­тарды қолдауға бағытталады. Ал жеке пай­даланушыларға келсек, олар өздерінен ар­тыл­ған қуаттың көзін жалпы пайдалану­шы­ларға сату мүмкіндігіне ие болады. «Гер­мания мен АҚШ-та біраз жылдар бойы тұрғын үйлердің шатырына күн ба­тарея­ларын орнатуды қолдайтын мем­ле­кеттік бағдарламалар жүзеге асып келеді. Оның ішінде Германияда үй иесі бастап­қы­да күн батареясын орнату үшін бір рет қо­мақты қаржы жұмсайды. Сосын ол өн­діріл­ген энергияны тұрақты тариф баға­сы­мен бірыңғай энергия жүйесіне жіберіп тұ­рады, ал өзі тұтынатын электр қуатын жал­пы желіден, нарықтық тарифпен алып оты­рады. Соның арқасында әлгі тұтынушы пай­даланған күн батареясы бірнеше жыл­да-ақ өзін-өзі ақтап шыға келеді. Бұның жақ­сы жағы мемлекет «жасыл» энергети­ка­ның жұртшылық арасында жаппай та­рауына қол жеткізе алады», – дейді министр Нұрлан Қаппаров.




Көрілген: 2843    Пікірлер: 0

бейсенбі, 09.05.2013, 13:49

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30