Бүкіләлемдік жастар форумында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы айтылды
Мысыр Араб Республикасының Шарм эль-Шейх қаласында бүкіләлемдік жастар форумының ашылуы өтті. Форумның жұмысына Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің вице-министрі Абзал Нүкенов қатысты, - деп хабарлайды Алаш айнасы.
Вице-министр форум аясында Мысыр президенті Абдель Фаттах Ассисимен, сондай-ақ бірқатар мемлекеттердің жастар ісі, спорт, сыртқы істер, туризм министрлерімен кездесті. А. Нүкенов аталған форумға шақырғаны үшін Мысыр Президенті Абдель Фаттах Ас-Сисиге алғысын білдіріп, шараның айрықша маңызға ие екендігін айтты.
«Мәдениет және өркениеттер арасындағы айырмашылықтар: қақтығыс немесе интеграция?» тақырыбында өткен панельдік пікір алмасуда Абзал Нүкенов елімізде жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өзектілігін ерекше атап өтті.
А.Нүкенов Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі бағыттары туралы баяндап, Қазақстанның этносаралық және конфессияаралық келісімді дамытуға қосқан тәжірибесін баса айтты.
Сондай-ақ, вице-министр аталған салада өзекті мәселелер бойынша тұрақты онлайн-кеңестерді ұйымдастыру арқылы бірлескен жұмысты күшейтуді ұсынды.
Жастар форумына Мысыр Араб Республикасының Президенті Абдель Фаттах Ас-Сиси, Иордания елінің ханзадасы Хассан бин Талал және Ливан елінің Премьер-Министрі Саад Харири және т.б қонақтар қатысты.
Бүкіләлемдік жастар форумының шеңберінде «Жастардың жаһандық мәселелері», «Тұрақты даму, технологиялар, кәсіпкерлік және гуманитарлық мәселелер», «Өркениеттер және мәдениет», «Болашақ көшбасшыларды қалыптастыру» тақырыптарында түрлі панельдік пікірталас алаңдары болды.
Алаш айнасы