«Нұр Отан» партиясы төрт министрлікпен меморандум жасасты
«Нұр Отан» партиясы төрт министрлікпен меморандум жасасты. «Кедергісіз келешек» жобасы аясында бірігіп жұмыс істеп, серіктес болу жөнінде «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында партия мен Инвестиция және даму, Еңбек және халықты әлеуметтік қоғау, Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктері арасында меморандум жасалды. Құжатқа «Нұр Отан» партиясы тарапынан партия хатшысы Фархад Қуанғанов қол қойды.
«Бұл меморандум қазақстандық мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосымша фактор болуы тиіс», - деді партия хатшысы. Сонымен қатар ол «...Елбасы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына жолдауында «Нұр Отан» партиясына мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру қалпын жақсартуға тапсырма берді. Соған орай, 2014 жылы партия «Кедергісіз келешек» жобасын іске асыруды бастады», - деп атап өтті.
Жобаның негізгі бағыты - «кедергісіз аймақ» құру, инклюзивті білім беруді дамыту, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру және олардың құқықтарын неғұрлым тиімді жүзеге асыру үшін заңнаманы жетілдіру.
«Бүгінде елімізде 645 мың мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Оларды «қолжетімді ортамен» қамтамасыз ету – Қазақстан үшін маңызды міндеттердің бірі», - деді Фархад Қуанғанов.
Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мақсатында қоғамдық шараларды бақылау айлығы басталғаны да хабарланды. Акцияның негізгі мақсатының бірі - әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының бейімділік мониторингін жасау. Бақылау айлығында мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінде оларды тақырыптық қабылдау жұмыстары жалғасады.
Таңат Жайлау