Республикалық қоғамдық кеңестердің келелі жиыны өтеді
Қоғамдық кеңес халық пен биліктің арасындағы алтын көпір сияқты. Өйткені кеңес мүшелері билікке жұрттың талап-арызын, мұң-мұқтажын жеткізіп, дұрыс шешім қабылдануына ықпал ете алады. Қоғамдық кеңес туралы заңда қоғамдық кеңестер "қоғамдық мәні бар мәселелерде азаматтық қоғам пікірін білдіреді" деп көрсетілген. Сондықтан да қоғамдық кеңестердің бүгінгі таңда атқарып отырған істері өте ауқымды әрі тиімді деп айтуға болады.
Биылғы 13 қараша күні Астана қаласында қоғамдық кеңестердің I Республикалық мәжілісі өтеді. Іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен 500 делегат қатысады, оның ішінде қоғамдық кеңестердің төрағалары, Қазақстан Республикасы Мәслихаттарының және Парламентінің депутаттары, сарапшылар, мемлекеттік органдардың және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ұйымдастырып отыр.
Қазақстанда Қоғамдық кеңестер 2016 жылы мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалогтың нысаны ретінде құрылды. Аталған мемлекеттік емес институттар - мемлекеттің ісіне қоғамның ықпалын тигізуге бағытталған ұйымдастырушылық мүмкіндіктерді қалыптастыруды көздейтін, сондай-ақ, мемлекеттік шешімдерді қабылдаудың ашықтығын арттыруға арналған консультативтік-кеңесші, байқаушы органдар.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда республикалық және жергілікті деңгейде 229 қоғамдық кеңес өз қызметін жүзеге асыруда (Олардың 16-ы республикалық деңгейде, 213-і өңірлік деңгейде жұмыс істейді). Еліміз бойынша Қоғамдық кеңестердің құрамына 4 055 адам мүше, оның 818-і үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері.
Осы мәжілісте көптеген келелі мәселелер мен қатар Үкіметтік емес ұйымдардың атқарған істері мен алдағы жоспарлары талқыланып, өте тиімді шешімдер қабылданатыны даусыз.
Алаш айнасы