Төтенше жағдайдың алдын алу тәсілдері жетілдіріліп келеді
Бүгінде бүкіл әлем бойынша қауіп қатер, аяқ асты орын алатын төтенше жағдайлар жиі кездесіп жатады. «Апат айтып келмейді» десек те, әрқашан төтеннен келетін төтенше жағдайлардың алу шараларының маңызы зор! Сондықтан еліміз төтенше жағдайлардың алдын алу мәселесін, халық қауіпсіздігін басты орынға қойып, осы бағытта талай шаруа атқаруда. Осындай алдын алу шараларының арқасында жыл сайын елімізде қайталанып отыратын табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде мемлекетке материалдық тұрғыдан айтарлықтай шығын келтірмеу мүмкін болып отыр.
Осы орайда айта кетер жайт, елімізде қыс келсе сарышұнақ аязы мен кейбір өңірлерде адам бойына жетер жетпес қар түсіп, жергілікті тұрғындарын боранымен әбіржітсе, көктем шыға жаңбыр суына қар суы қосылып еріп, су тасқыны қаупін арттырады. Ал жаз бен күз айларында орман, дала өрттері жиілеуі әдетке айналғалы бірнеше жыл болды.
Сондықтан табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу үшін елімізде төтенше жағдайлардың алдын алу мен іс-қимылдары жөнінде ұзақ мерзімді бағдарлама дайындалған. Негізі елімізде төтенше жағдайдың алдын алу мәселесі Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ қолға алынған болатын. Соның дәлелі 1993 жылы Елбасының табиғи және техногендік сипаттағы түрлі апаттардың алын алу және зардаптарын жою жөніндегі қосымша шаралар туралы қаулысы шықты. Аталмыш қаулыда «өнеркәсiп апаттары, табиғи зiлзаладан туындайтын төтенше жағдайларға жол бермеу және олардың зардаптарынан келетiн шығынды азайту мәселелерi мемлекеттiк саясат жүргiзудiң басым саласы» деп саналсын» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Демек төтенше жағдайдың алдын алу мемлекетіміздің басты ұстанымдарының бірі.
Сондай-ақ елімізде орын алатын әрбір төтенше жағдайға сол саланың басшысы басымен жауап беретіні де сол қаулыда аталып өтіліп қамтамасыз етілген. Яғни «Қазақстан Республикасы мемлекеттiк басқару органдарының және шаруашылық жүргiзушi субъектiлерiнiң басшылары адамдардың өмiрi мен денсаулығын қорғау, экономиканың мемлекеттiк секторының экономикалық әлеуетiн сақтау жөнiнде уақтылы шаралар қабылдамағаны үшiн жеке-дара жауап беретіні» де осы құжатты көрсетілген. Бұл негізінен жауапты сала басшыларының жауапкершілігін көтеру мақсатында аталып өтілген ескерту болғанымен, төтенше жағдай орын ала қалған жағдайда мемлекет тарапынын жұмсақтық танытпауды қамтамасыз етіп отырған құжат екені айқын.
Айта кетер жайт, заманға сай осы саладағы оң өзгерістің бірі зілзала болуы мүмкін кезде алдын ала, тауларда қауіпті жағдай орнап, қар құлауы немесе тұман түсуі секілді төтенше жағдайлар орын алуы мүмкін кезде алдын ала ұялы байланыс құралы арқылы смс хабарлама жіберу сандық кезеңнің бір жетістігі деп қарауға болады. Жылдамдығы жоғары жел тұрса да алдын ала хабар беретін осынау қызметтің арқасында бүгінде көптеген төтенше жағдайдың алдын алу мүмкін болып отыр. Осы орайда төтенше жағдай саласы заманға сай бейімделіп, заман жетістігін өз мүдделеріне тиімді пайдаланып отыр деп айта аламыз. Халықпен тікелей бірге жасасып жатқан жұмыстардың бірі халыққа қауіп-қатерден қалай сақтануды үйрететін түрлі жадынамалар мен видеолардан бөлек кішкентай балаларға арналған мультфильм түріндегі роликтерді атап өтуге болады. Демек төтеннен келген қауіп қатерге жауапты орган халықтың барлық буынымен тығыз қарым қатынаста жұмыс істеп отыр деп айта аламыз.
Қуаныш Ерсұңқар