Төтенше жағдайдың алдын алуда мемлекеттің рөлі зор
Қоғамымыз дамып, адамзат дамуы күрделенген сайын оның қоршаған ортаға, табиғатқа тигізетін әсерлері де күшейіп, өзгерістерге ұшырауда. Осы орайда мамандар «адамзаттың табиғатқа тигізетін залалы жыл өткен сайын күшейіп барады. Адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынаста үйлесімділіктің жойылуы табиғи ландшафтардың тұрақтылығының сақталуына кері әсерін тигізуде» деп дабыл қағуда. Осы орайда айта кетер жайт, топырақтың, судың, ауаның құрамының өзгеруі адамдардың өмір сүру ортасына қауіп төндіретін төтенше жағдайлардың қалыптасуына әкеліп соғуда. Жыл өткен сайын табиғаттың да мінезі өзгеріп, бұрын табиғаты жайлы өңірлерімізде түрлі антропогендік апатты оқиғалар тіркеліп, халықты алаңдатуда. Сондықтан қалыптасқан жағдайдың өзгеруіне орай мемлекет тарапынан түрлі шаралар жасалып, апатты жағдайдың алдын алуға қатысты нақты жұмыстар жасалуда.
Табиғатқа кері әсер ететін ортада қызмет ететін қызметкерлердің ғана емес, жалпы еліміздің азаматтарының қоршаған ортаға деген жауапкершілігін күшейту, қауіпсіздік ережесін сақтауға қатысты заңдар күшейтілуде. Табиғатқа тікелей залалы тиген қызметкерлерге салынатын айыппұл көлемі де өсе түсті. Бір қуанарлығы соңғы жылдары елімізде техногендік сферада өте үлкен қауіптілікке ие болатын транспорттық апаттар, жарылыстар және өрттер, радиациялық апаттар, химиялық қауіпті заттардың бөлінуінен болатын апаттар тіркелмепті. Алайда еліміз қайтарымсыз көмек ретінде басқа елдерде орын алған ондай зор апаттарға көмек қолын созып келеді. Демек еліміз салыстырмалы түрде орасан зор апаттардың зардабын сезінеді, ондай техногендік апаттардың алдын алуға материалдық тұрғыдан дайын деп айта аламыз. Аяқ асты орын алған кішігірім ауылдардағы су тасқыны жағдайларында халықтың бір жұдырық болып, жұмылып, көмек қолын созуға даяр тұратынының өзі көп нәрседен хабар береді.
Елімізде «Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар» туралы ҚР заңы 1996 жылдың 5 шілдесінде қабылданды. Бұл заңға 2014 жылдың 13 қаңтарында толықтырулар енгізілді. Жалпы Қазақстан қоғамының дамуының басты бағыты ретінде адамдардың өмір сүруі үшін қауіпсіз және қолайлы қоғамдық және табиғи ортаның қалыптасуын атап өтуге болады. Шын мәнінде бұл үлкен жетістік. Өйткені елімізде өндірістік жағдайда алдын алмаса, аса зор апатты жағдайға әкеліп соғатын жағдайлар баршылық. Алайда олардың алдын алып, барлық суқоймаларын бақылауда ұстап, қоршаған ортаның тепе теңдігін сақтау мақсатында жыл сайын мемлекет қоржынынан қыруар қаржы бөліп, халық қауіпсіздігін алдыңғы орынға қоюдың арқасында көп қауіп қатердің алдын алып отырмыз. Еске ала кетсек 2010 жылы 45 адамның өмірін қиған Қызылағаштағы трагедия табиғатқа жауапкершілікпен қарамаудың неге алып келетіндігін көрсетті. Осы оқиғадан сабақ алып, жекешеленіп кеткен барлық суқоймаларын қатаң қадағалауға алудың нәтижесінде одан кейін қауіпті суқоймалар мәселесі алдымыздан шықпады. Бұл жерде осындай қатаң мемлекеттік бақылаудың маңыздылығын атап өту парыз.
Табиғи және техногендік сипаттағы апаттардың алдын алуға мемлекеттік органдармен қатар азаматтық қоғам институттары, ғылыми қауымдастық, халықаралық ұйымдар, қаржылық институттар, жеке сектор, сонымен қатар еріктілер белсенді араласуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар да бүгінгі күні жетілдіріліп келеді.
Жалпылама қарай отырып, мемлекет тарапынан төтенше жағдайларды шешуге байланысты жұмыстардың жеткілікті дәрежеде атқарылып жатқандығын байқаймыз. Шын мәнінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету – бұл әрбір адамның міндеті. Сондықтан да, өмірді қауіпсіз етуге, қоғамымызды қорғауға мемлекеттік органдармен қатар, төтенше жағдайлар қызметінің мамандарынан басқа әрбір азамат міндетті, жауапты деп айта аламыз. Демек қауіптің алдын алуға мемлекет қана жауапты емес, қоғам қауіпсіздігі жалпыға ортақ міндет!
Қуаныш Ерсұңқар