Алаш ақыны

Маралтай Райымбекұлы: Атылдым көкке жай сияқтанып ...

  • Маралтай Райымбекұлы: Атылдым көкке жай сияқтанып ...

    Маралтай Райымбекұлы: Атылдым көкке жай сияқтанып ...

Ақын МАРАЛТАЙ РАЙЫМБЕКҰЛЫ 50 жаста!


МАРАЛТАЙ РАЙЫМБЕКҰЛЫ 1969 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданы Игі­лік ауылында дүниеге келген. Жамбыл пе­да­­го­ги­ка­лық институтының көркемсурет-гра­­фи­ка факуль­тетінің түлегі. Тараз Мем­ле­ке­т­тік Уни­вер­­си­тетінің магистратурасын бі­­­тірген. Алғашқы «Ай-Нұр» кітабы үшін Қа­зақ­стан Жас­тар одағы сый­лығының лауреаты атанса, екін­ші «Ай» кітабы үшін «Дарын» Мем­ле­кеттік Жас­тар сый­лығымен марапат­талды. Сондай-ақ «Кентавр» кі­табы үшін Ха­лық­­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының иег­е­рі болды.

Төрт мәрте ҚР Президентінің стипендиаты жә­не ҚР Президентінің Грантын иеленген. Қазақстан Жазу­шылар одағының мүшесі. ҚР еңбек сіңірген қайраткері. 2012 – 2018 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2018 жылдан бастап Ұлттық Мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары қызметінде.





КЕНТАВР

(Ахаманға)


Тұлпарға мінген Ұлы даланың,

Тарпаң мінезді ұлы боламын.

Жауларым семсер сілтеген сәтте,

Киылған талай гүлім, қарағым.


Тереңдеп кеткен әжімің, деме,

Бүгінге қарап қажыдым, неге?

Сұңқарлар анау торғайға түсіп,

Естілмей кетті-ау, қаз үні көлде.

Бір ғажап рух ғарыштан келіп,

Дұшпанмен бабам алысқан, дедік.

Сүйемдей жерге сүйегін берген,

Арыстар туып, намыстан өліп.

Көнеден қалған жыр тегін ұқсақ,

Ұйқыдан безем Күлтегін құсап.

Келмейді мені мойындағысы

Өркениеттік ділдегі ынсап.

Неғылсын сон-оу заманды надан,

Жаулаған жарты ғаламды бабам.

Толассыз уақыт толғату керек,

Табанға салса адамды адам.

Болмауы тиіс мүратым мұңды,

Толағай бір ұл туатын сынды.

Кісі бейнелі, тарпаң жүректі

Кешегі... біздің ұғатын сырды.


Тарпаң тұлғалы, кісі бейнелі

Бабалар бүгін түсіме енбейді.

Солардан қалған жүрек қой мынау

Жүрегім, неге, кісінемейді?

Пұшайман халім өртеді мені.

Қылқобыз кеудем шертеді нені?

Жал бітті,

кенет...

жотама менің,

Оқиғадағыдай ертегідегі.


Ғаламат солай басталып бір сәт,

Құйғытып кеттім тастарды турап.

Атылдым көкке жай сияқтанып,

Тұяғым алтын — Ай сияқтанып...


Алапам тасып,

ақырып,

төніп,

Аруағымды шақырып келіп:

Шығысқа қарай адырна тарттым,

Жар болса Тәңір ақырын беріп!




ҚҰЙЫН


Өзім барам!

Сол жаққа қарай-қарай көзім талған.

Кез еді Ер Төстіктей көзім талған —

Құсадан Жер бетілік мезі болған.

Барамын, табамын да жақынымды

Алыста жақындарым заты мұңды.

Жалғанын жұмағына кісенделген

Босатам, дүр-дүр ұшсын пақырымды.

Ұя сап имансыздық иығына,

Тірелген тіршіліктің тұйығына.

Шырылдап шыбын жаным сіңіп кетсін,

Құдайдың көк тіреген кұйынына.

Арда еміп, адал туып өскенменен,

Ауылы адалдықтың көшкен менен.

Құнына бір ләззаттың басын тігіп,

Отынан мың тозақтың сескенбеген.

Қарауға айналама айнаң бар ма,

Боздаған бота көңіл қайран ғана.

Өлім хақ адамға да, сайтанға да,

Өмір тар — ақындар мен пайғамбарға.

Келмейді ешкім енді,

Барамыз біз!

Салыңқы тартты неге қабағыңыз.

...кешқұрым көбелектер отқа үйір,

Шам жағыңыз!!!


 


КӨНЕ ТАРАЗ


Ниет еткен мұсылмандай намазға,

Ниет етіп ғазал төктім қағазға.

Ғасырлардың саусағында нұр шашқан,

Гауһар жүзік секілденген Таразға.

Көне шаһар көз алдыңда көлбесе,

Ғазиз көңіл әлденеге шөлдесе.

Жұмақты іздеп жанталасқан жан болса,

Таразға кел, Таразды көр ендеше.

Ғашық жүрек жырға ынтық гүлге әсем...

Қожа Хафиз мұңымыз бір, сыйлас ең.

Бір мең тұрмақ қос меңі үшін сұлудың,

Таразымның түйір тасын қимас ем.

Төрт қақпасы төрт тарапқа қараған,

Нәйдің назы, дутар сазы тараған.

Шайханада қорқор тартып көпестер,

Мәйханада мұңаяды марал ән.

Кірпігімен Күн бетінен бұлт ілген,

Сол ғасырға өтіп кетсем, шіркін, мен.

Айлы түнде шомылар ма ем Таласқа,

Пәранжасыз пүліш киген сылқыммең.

Серпі уақыт заманалар түнегін,

Тарихыма тартып туған ұл едім.

Жұлдыз аттас жалғыз шаһар Жердегі,

Рүстемнің елжіреткен жүрегін.

Ниет еткен мұсылмандай намазға,

Ниет етіп ғазал төгіп қағазға.

Ақтық рет қағылғанда кірпігім,

Бір ұлы көш бетін түзер Таразға.




ЖЕСІР


Көтеріп нәзік жүрек ба-а-р құсаны

Зар қылып,

Зарықтырып жар құшағы.

Мысалы сыңары өлген ақсұңқардай,

Қасынан қалбалақтап қарға ұшады.

Арды ойлап,

Бір жағынан нәпсі қысып

О, бейбақ,

Төсегінде жатты ысынып...

Жібермей ер аруағы, иба-иманы

Ләззат ап тояттауға жатты құшып.

Қайыңдай жел өтінде жадғыз қалған,

Жалқы өмір бір — бір тұңғиық.

Жалғыз арман!..

Қайтейін сені даттап ей, жалғыздық,

Санасы бардың бәрі жалғыздардан...

Жаратқан жұп-жұбымен жаратқасын,

Жұбыңнан басқаға күн қаратпасын.

Талақ қып тастағаны аздай

Тағдыр —

Тобырдын, мазағына талатқасын...

Өз жанын қорлық буып,

Күйеленіп

Тағдырың өзі қайта иеленіп.

Қырғидай қиып түсер бір еркектің

Астында қалды сосын... сүйегі еріп.




ҚЫЗҒЫШ

"Отаным, саған айтамын!"

                                  Мұқағали


Өлсем сенің босағаңда өлемін,

Ақындарын ардақтаған өр елім.

Иесі бар иттер талап жатса да,

Киесіне шағынбаған бөрі едім.

Тозаң басқан тарихымды тозбасқа,

Ниет қылып күнде шалам бозқасқа.

Ұл қыламын десең сенің құлыңмын,

Құл қыламын десең егер... соз басқа!

Қақпадағы қақпан боп,

Жауымды да бірінші боп атқам жоқ

Әлдеқандай күн туғанда басыма,

Әлдекімдей Отанымды сатқам жоқ.

Ханның кенже баласындай ұл едім,

Ауырады жүрегім.

Бас қалада баспанасыз Қасымдай,

Қаңғып жүріп тілеуіңді тіледім.

Мұң жоқ менің мұңымдай,

Шыбын жаным шырылдайды шыбындай.

Саған қарап оқырана беремін,

Қасқа айғырдан төбел туған құлындай.


 


НАТЮРМОРТ


Қалам қалған үстелінің үстінде,


Қағаз қалған үстелінің үстінде.

Шырақ әне, жағылмаған қалпында,

Құран міне, Құран — Құран қалпында!

Енді қайта батпастай боп Күн тұрды,

Батса қайта атпастай боп... бір түрлі.

Және бір тал сары гүл бар әдемі,

Гүл туралы айту жөн еді әуелі.

Кінәсі не қағаз бенен қаламның,

Түйіршігі тозаңданса ғаламның.

...айтпақшы, гүл құсқа айналған заматга,

Құран болса сүйеулі тұр Сағатқа.




МҰХАММЕДТІ РАСТАУ

А, дариға,

Батар Күнге бататын,

Ант етейін атар таңға ататын.

Күллі Әлемді тізерлетер алдыңа —


Мына Менмін, айналайын, Отаным!

Қатер төнсе қазақ дейтін ұлысқа,

Қаламымды айырбастап қылышқа,

Сенің қаның менің қаным болған соң,

Ең бірінші мен кірермін ұрысқа.

Мен туғанмын

ер Мұхаммед өлген күн.

Мен болмасам,

жүрегіңді емдер кім?!

Хақ Мұхаммед айтып кеткен кешегі

Келеді деп...

Келген ақын,

сол — Менмін!


 


ҚАРАБУРА. ТҮС


...Ол Жазушылар одағының

фоэесінде  құбылаға қарап

жылап жатыр


Қалдыбектей жындылау,

Сәндібектей мұңдылау.

Не айтпақ боп жатырсың,

Тағдырыма, құрғыр-ау?..

Сен жоғалып кеткелі,

Басымнан не өтпеді?!

Жыламсырап жаз қалды,

Домбырамның шектері...

Қобыз алдым қолыма,

Бал аштырып жолыңа.

Қызыл көйлек киінген

Бір қыз түсіп соңыма.

Қорқытқа ұқсас пішінде,

Шындық өліп ішімде.

Қашып жүрмін өлімнен

Өңімде һәм түсімде.

Күн де маған уайым,

Түн де маған уайым.

Өзім қорқам Өзімнен,

Не істейін, не қылайын?!

Сен жоғалып кеткелі,

Васымнан не отпеді?!

Қабырғалы әулеттің

Қысқа айналды көктемі.

Күн де маған уайым,

Гүл де маған уайым.

(Бір көрінші көзіме!)

Уайымды ұстап ап,

Ауызынан ұрайын.


 


ЖАЗА


Алладан деп не болса да алдымен,

Азапқа сап сансыраттым жанды мен.

Құс қайтқанда қиқулайды жүрегім

Уысында тағдырымның қан-күрең.

Құлақ тұнып керней менен дабылдан,

Бүкіл патша аударылып тағынан.

Ақын біткен Абылды іздеп өксиді,

Жаратылған қара жүрек Қабылдан.

Не дейді бұл ессіз көңіл...

жел түрген —

Өзім қашып өзім жаққан өртімнен.

Қу жанымды қоярға жер таптырмас,

Қабылға ұқсап Абыл бауырын өлтірген.

Құлақ түнар керней менен дабылдан...

(Сол бір сәтті жалғыз сіз бе сағынған!)

Шын патшаға мың патшаның атымен

Абыл жаулап алатын күн Қабылдан.




ӘЙЕЛ...


Кірпігіме күллі ғалам ілулі...

Сен үйреттің көкке қарап ұлуды.

Үйретпедің қалай, қайтіп күлуді,

Мен ұмыттым жылауды әм жылуды.

Тәнім үшін таласқандар, жан үшін

Тартыспады. Тірі азапкер намысым.

Бекер мені тыңдадың-ау,

(шашы ұзын, ақылы кем...)

Адам-Ата — арысым!

Жердің шарын доп еткендер тепкілеп,

Қос алмама қол созғанда ептірек.

Бар әйелді көкке әкетсе Жаратқан,

Ал, қайтесің “Зауал сәті жетті" деп.

Қабырғаңа қарайсың ба, олардың

Зауалына арашашы болар кім?

Сауабында сен жатқанда ләззаттың,

Отын жағып мен отырам обалдың.

Белдемшемді белімдегі шешем мен,

Нақақ күйіп, нақақ жаным неше өлген

Кеудеңдегі мың айлалы ібіліс

Бақыт тапса нәпсі дейтін кеселден.

Ей, ғаламның, ей, Адамның жесірі,

Перзентіңнің есімі кім, есімі?

Есі бүтін еркектерге сор болды

Мен жасаған бір күнәнің кесірі.




ШЕШІМ


Жұлдыз ақты.

Жұлдыз ақпай тұра ма?!

Тағы бір жан нүкте қойып күнәға...

Аманатын сұрап келсе,

Артына

Тастап кеткен ешкім жоқ қой мұраға.

(Өзімді айтам!) тыныш мекен таппағыр,

Иманымен ойнап отыр қақпақыл.

Ағып түскен жұлдыздарға қызығып,

Ақшам кіріп намаз оқыр шақта бұл.

Ажал келсе Алла берген жүлдедей,

Есіл өмір есігі ашық түрмедей.

Өлім жайлы ойлай берем, неге осы,

Молаға әкеп көмбей кеткен мүрдедей.

Жалғыз шырақ күлімдейді Күнмін деп,

Акқан жұлдыз күбірлейді.

Білгім кеп —

Бүкіл ғалам сыйып кеткен кітаптан,

Қашып шығып алдыңызға тұрмын кеп.

Көкке қарап,

Жерге қарап...

О, бәрін —

Сезіп қояр жүрегіме — обалым.

Бір тілегін сіз де бір күн тыңдарсыз

Жұлдыз ақса қуанатын баланың.


ЖЕЗ ҚОҢЫРАУ

Жез қоңырау жылайтын жазға қарай,

Жаз ғұмыры жастықтың аз қалғандай.

Гүлдей дәурен тұратын гүл құшақтап,

Жанарында қыздардың маздап арай.

Қадіріңді сездім бе,

Сезбедім-ау,

Жылы үшырап тұратын көзге мынау.

Менің балғын күнімнің белгісіндей,

Жез қоңырау, қайда сол жез қоңырау?

Шеті сынық болса да, күмбір қағып,

Күмбір қағып тұратын - мың бір бақыт.

Күні батқан кісідей сені-дағы

Тастады ма лақтырып құрғыр уақыт.

Жез қоңырау сөйлейтін күз келгенде,

Күз келгенде,

Мектепке біз келгенде.

Сүйісігі те көрмеген сүйкімді қыз

Жүздесетін едім ғой сізбен мен де.

Жез қоңырау жылайтын жазға қарай,

Аққу ұшып, айдында қаз қалғандай.

Көтеріп ап жүгірсек мәз болатын

Кекіліне бақ қонған жазған бала-ай.

Қадіріңді сездім бе,

Сезбедім-ау.

Жез қоңырау!

...қайда сол — жез қоңырау?


 


БОЗІНГЕН


Қамшысын солай білей ме?!

Адасып қалған ақботасынан дүлейде.

Шанаққа сыймас сырымды

шертіп нем бар ед,

Түлік танымас түлейге!

Тағдырым менің — қара нар...

бүгін — ақтабан,

Ақтабаншалап Қаратау жакқа қаптаған.

Боздап та жүрген бозінген көрсең,

сүрт көзін,

Ал, егер атар оғыңыз қалса, ат маған!

Көбік жұтқандай, уа, көп пенде,

Шыңырауға ділің жеткен бе?

Құдай мен Мені күйге ұқсас

бір үн баурайды

Құс қайтар шақ пен көктемде.

Қоңыр үн өзі, момын үн өзі зары бар,

Зары бар кісі беймәлім жаққа зарығар.

Бүлкілдей желіп ботасын іздеп бара ма,

Иесін аңсап келе ме әлде жануар?

Тағат таптырмас жанына,

Тегіңе біткен Қарабураның қаны ма?

Иеңді сенің киесін білмей көмгенбіз,

Қамыға көрме, қамыға.

Сыбырлап жусан, қыбырлап

анау құмырсқа.

Шындықты көксеп шырылдап жатса, бұрыс па?!

Бозінген боздап алдыңа келді — бұйдалы,

Бұйдасын шешіп бұйрыкқа көнген дұрыс та!


 


ҚҰДІРЕТ

Құдірет деген сыңар қанатты

құс болады екен. Ол өмір бойы өзінің

сыңарын іздеумен өтеді. Егер ол

өзінің серігін тапса, екі дене кірігіп,

екі қанат бірігіп, бақытты жандар

сняқты ұшып кетеді екен.


Сен де кештің сол мұңды, мен де кештім,

Сені қайдам, мен енді емделмеспін.

Әппақ нұрдан жаралған қанатымды

Керсе-дағы, қайтейін, сенбеді ешкім.

Сыры кейін ашылар, кете бере —

Айдай ару ажалдың жетегінде.

Жабысқан дерт бұл өзі ғайыптан кеп,

Бозбалалық дәуреннен өте бере.

Орнады да басыма ғаріпшілік,

Тамырымда у ақты талықсытып.

Ақ мақтадай аршыған қауызынан

Жалғыз қанат жанымды жарып шығып.

Жалғыз қанат ол неге, жалғыз қанат?!

Жалғызымды жау түгіл, жар қызғанад...

Сыңар таппай сыңсиды жазған байғұс,

Қара түнге қауырсын малғызып ап.

Мен-дағы бір жер басып жүрген елес,

(Берем десе, Тәңірім кімге бермес).

Сапарласын таба алмай сағы сынған,

Дүнияда, дүние-ау, бір мен емес.

Жастығымды алған соң арзандатып,

Неме керек, дариға-ау, қалған бақыт.

Неге маған келмейді Ол кеш те болса,

Қанатының астына маржан тағып.


 


АҚИЫҚ


Қапияда Күнің батса арайлы Талап жейді,

Талап жейді — талайды!

Бір ақиық Алатаудың басынан

Адамдарға аянышпен қарайды.

Әділеттің төрешісі ар болар,

Арың таза, сені көрсе зар қағар —

Қолыңа су құя алмайтын кешегі

Билік айтты күйкентай мен қарғалар.

Ер еңбегін қиянатпен сыздырып

Өлді қанша қанат жаймай ізгілік.

Көресіні сенен көріп біттік қой Ей, екіжүзділік!!!

Жем қылады ит пен битке, бүргеге

Бағың тайса жел сумаңдап іргеде.

Торға тығар торғай емес еді ғой,

Құс төресін қаматтырып түрмеге...

Мынау қоғам сан алжасты, алжасты

Бұл алжасу соңғы да емес, алғашқы...

Ақиығы айнала ұшып жүретін

Алатауды тағы да әне қар басты.

Сая болып құзғынға да шың-құздар,

Ей, шың-құздар көңілімді бұздыңдар.

Құс төресі — төре болып қалады,

Қанша жерден таласа да құзғындар.


 


АЛМАТЫ


Сені Ару деп алдайды жүрт,

Алдайды.

Етегіңе қол жүгіртіп...

Ар жайлы

Соз қозғайды мына қоғам —

оңбаған,

Бататыны — сол маған!

Ару болсаң неге сені сүймейді?

Сүймейді олар.

Жүрегі жоқ!

И, мейлі.

Біреулер жүр сатқысы кеп сені де,

Атқысы кеп,

Қолдан келсе мені де.

Ұрлап кеткен сенің нәзік назыңды,

Астана деп аталатын Тәжіңді.

Сені сатса — айналасың ақшаға,

Мені атса — жол ашылар басқаға!

Соны ойласам от өзегім өртенді,

Жапқым келіп жыртық-жыртық көрпемді.

Көше бойлап ұлдарың тұр құл болған,

Көше бойлап қыздарың тұр күң болған.

Биік-биік аласарып армандар,

Биік-биік үй тұрғызып алғандар —

Сенің ашық кіндігіңе қадалып,

Үмітіме түкіреді Далалық.

Босағаңнан кім кірмеді талтаңдап,

Жат қушақта күнің өтті жаутаңдап.

Ақындардың жесіріндей Алматы-ай,

Ақындардың жесіріндей Алматы!


 


МАХАМБЕТТІҢ МҮСІНІ


Достарым менің кіл мықты,

Әр сөзі бір-бір өнеге.

Сатқындық дейтін сұмдықты,

Сүймейді олар және де.

Ақынбыз өңкей батырмыз,

Қидасын жілік атандай.

Біріміз мыңға татырмыз,

Өтемісұлы Махаңдай.

Жеткізер бізбіз (ол да анық!)

Адасқандарды арманға.

Бұқара жайлы толғанып,

Сырахана мен Барларда.

Көбейіп кенет жалқы боп,

Ере алмай заман көшіне.

Сүйеніп, сенер халқы жоқ,

Махамбет түсіп есіме.

Теңселіп үйге қайтамын,

Батыр боп, кейде ақын боп.

Жалғыздық әнін айтамын,

Жалғыз болмасқа хақым жоқ.

Құлаймын келіп төсекке,

Түс көрем, пәс боп аспаным.

Мені де қосып өсекке,

Жүреді сатып достарым.

Достарым менің кіл мықты,

Әр ісі бір-бір өнеге.

Сатқындық дейтін сұмдықты,

Қолдайды олар о неге!

Көңілдің солай хошы жоқ

Ере алмай тағдыр көшіне.

Оянам қайта, досы жоқ,

Махамбет түсіп есіме.

Ойланам сонсоң, шындықты,

Көрсету керек шын ақын.

Сатқындық дейтін сұмдықты,

Мансұқтап мәңгі тұратын.

Шошынар көріп көп пенде,

Мәрмәрдан қашап үлгісін.

Ой салар өткен-кеткенге,

Жасасам шіркін бір мүсін.

Махамбет тұрса басы жоқ

Алға аттай бере тоқтаған.

Дұшпаны менен қасы көп,

Досы жоқ жалған мақтаған.

Ауыр бұл көрініс расында,

Адамзат атын ұсақтап,

Ықылас тұрса қасында,

Кесілген басты құшақтап.

Жонымнан пышақ ұрғандай,

Ғарыштан келген дабылдай,

Жолыма тұзақ кұрғандай,

Қабылдан өлген Абылдай.

Құлаймын қайта шалқамнан,

Түс көрем... шайдай аспаным.

Құшақтап, мәз боп арқамнан,

Жатады қағып достарым.

Достарым менің кіл мықты,

Әр сөзі бір-бір өнеге.

Сатқындық дейтін сұмдықты,

Кешпейді олар және де.

Қамығар кейін (ол да анық!)

Оңаша бәрі қалғанда.

Ұлы ақын жайлы толғанып,

Сырахана мен Барларда.




ЗООЛОГИЯЛЫҚ ТЕРМИНДЕР


Аядай ғана айналып болмас жасымда;

Түлкіні көргем мәз болып күлген миықтан,

Қаншықты көргем қорқауларменен ұйққан.

Қартайған шақта қиядан құлап өлетін,

Қыранды көріп, көзінен сұмдық күй ұққам.

Бұлбұлды көргем көкектер үшін ұялған,

Есекті көргем тұлпардан озып сый алған.

Мегежін көргем ақылды туған бірегей,

Қарызға сұрап тауықтан титтей ми алған.

Борсықты көргем қарны мен мойны бір біткен,

Қанденді көргем пілдерді үріп үркіткен.

Күлейін десем көзімнен қаным тамады-ау,

Қарғалар әлі ойнап жүр көкте бүркітпен.

Безіндім мен де мына бір қара қоғамнан,

Әділет іздеп жүріппін бекер заманнан.

Маймылдар сынды айнаға сәлем беретін,

Наданды көргем аумайтын сырты адамнан.

Кәпірді көргем қой мінез елді құл тұтқан,

Пендені көргем құдайдан өзін зор тұтқан.

Заманды көргем аждаһа сынды у бүркіп,

Қасқырдай бейне күнәсіз қанды қылғытқан.

Сен-дағы, ол да, бәрің де мұны білесің,

(Жылайтын іске несіне, достым, күлесің!)

Бір тамшы қаным түбінде қатты жүректің,

Қоғамнан көріп кесапат үкім үлесін.

Мендей-ақ сүйсін қоғамын сүйсе, кім егер,

Қоғамың азса айтпай-ак, бәрін біле бер.

Құдайдың, әттең, қуаты жоқ қой қолымда,

Пенденің бәрін пайғамбар етіп жіберер.


 


У КАЙТАРУ

Құдай — көкте,

Мен — жердемін, жердегі —

Қаламымда тағдырымның кермегі.

Маңдайыма тұрып қалған ағып кеп,

Ғасырлардың айғыз-айғыз өрнегі.

Керметімде кешегімнің зәрі бар,

Өрнегімде өмірімнің зары бар.

Боздар болса мен боздайын ботадай,

Жүрегімде аруана елдің қаны бар.

Сол қайғыны жою үшін — ғасырлық,

Алмау үшін арманымды ғасыл ғып.

Оу, кер далам, сөйлесін деп биіктен,

Батыр тудың күркіреген күйіктен.

Ақын тудың ұланғайыр Тұранға,

Бәрінің де көкірегін иіткен.

Олар сенің таптатқан жоқ гүліңді,

Бүлдірткен жоқ тіліңді.

Содан бері жазылып сан ғазалдар,

Қирамады дейсің не дүр мазарлар!

О, туған ел, мен сен үшін шаттанып,

Һәм күйредім саған төнген ажалға әр.

Басыбайлы бөтен тұтып баламды,

Сыйлаудан да қалып мүлде анамды.

Игере алмай иірімге кетем бе,

Деп ойлаушы ем жат билеген санамды.

Дінім, ділім, ғұрыптарым — күш, қаным,

Қайта айналып қонса рас ұшқаным.

Босағамда сүйек мүжіп төбеті,

Неге озады-ей, төріме әлі дұшпаным!?

Бірлігімді тапсам-дағы жоғалған,

Қайдан табам тарихымды тоналған.

Тар жатырын жарып шыққан құлдықтың,

Сәби елге сәулеңді құй, о жалған.

Кәрін қайта төкпесін деп жат әмір,

Уа, бабалар, балларыңа бата қыл.

Үмбеттерің үмітіне ер салды,

Қолың бос па-ей, демеп жібер, а, Тәңір.

Тамырынан таратылып текті сөз,

Ал, арманшыл асыл халқым көкті кез.

Көк байрақты қыран текті қазаққа,

Күн астында қанат жаяр жетті кез!


 


ЫМЫРТ

Түн мекені түнекке,

Серік таппай бойлаған.

Біздің ғазиз жүрекке,

Жұлдыз шашып ойнаған.

Кексе дүние түр үнсіз,

Көкке сүйреп көңілді.

Қалатындай ғұмырсыз,

Санам санға бөлінді.

Құстың тынып шырылы,

Жаным аңсап, егіліп.

Қайыңдардың бұрымы,

Жүрегіме төгіліп.

Біз ұқпаған жалғанның,

Сіз табарсыз шешімін.

Қағып, күтіп қалған кім,

Ескі өмірдің есігін?!!


 


* * *


"Бітіпті деймін түсімде қос қанат маған... "

                                                 Ұлықбек Есдәулет

Ешқашан, еш жерде болмаған

Секілді алғашқы әм, соңғы адам.

Қазақта екі-үш-ақ ақын бар,

Қанаты талса да қонбаған.

Солардың сазынан естідім,

Ең тұңғыш ақынның есті үнін.

Қағаздар ұшқанда қонбастан,

Акқанат құстардай кешқұрым.


Тылсым бір сырды жасырған,

Ақынныңжырлары басылған.

Қағаздар ұшып жүр әуеде,

Құдайдың қойнынан шашылған.

Қанатым қарайып кетер деп,

(Аспанды жүрсе де мекендеп),

Қағаздар қонады. Қауырсын ұстаса

Ұлықбек көкем кеп!

Тылсым бір сырды жасырған,

Құдайдың сөзі бар басылған.

Қағаздар ұшып жүр әуеде,

Ақынның қойнынан шашылған.

...Тірі әлі, жүр әлі — өлмеген

Құстардың әуені тербеген.

Қазақта екі-үш-ақ ақын бар,

Қанатын көрсе де ел көрмеген.


 


МЕНІҢ БӨЛТІРІКТЕРІМ


Ауылдан ауылға,

Шаһардан шәріге тараған

Менің бөлтіріктерім — шетінен абадан.

Бәрі де жаралы!

Жарасын жасырып жалаған.

(Қаншық — қоғам талаған!)

Соңымнан ергендер,

Көргендер куә әлі.

Ақ боран ап қашып дұғамды.

Сере қар, көк мұзға қаныммен жазғанмын.

Мемлекетімнің "махаббаты" туралы.

Менің бөлтіріктерім (Бүгін...) көзі қанталап,

Сыртымнан айбат шегеді анталап.

Мұрагерлеріндей патшаның тәжінен үміткер

Әй, жігіттер!

Қашаған ел едік тарихын тасқа көп,

Жыр тәжі — Мономах тәжінен басқарек.

Көтеріп тұруға ал оны

Асаулау жүрек пен ақымақ бас керек!!!


 


***

Қара шашың шашылса,

Менің қара мұңымдай.

Ерінің сәл ашылса,

Шым батырар шырындай.

Тойға тоймай көз қалған,

Рақат сыйлап реңің.

Тоқтап барып қозғалған,

Жүрекке ұқсас жүрегім.

Жұлдыз ағып барады,

Жанарыңда жарқылдап.

Жаным көшіп барады,

Қобыз тартып қаңқылдап.

Сағым кезіп санасын,

Сарғайып жүр демейсің.

“...Қарғам!" — деуші ед анашым,

Қарғадай қыз, не дейсің?!


 


“ЖАС АЛАШ”

(Нұртөре Жүсіпке)


Текті үл деп әлде, тексіз деп,

Сұрамай менің затымды.

Жырымды тұңғыш бастырып,

Алашқа жайған атымды.

(Бұрқ еткен ыстық жасымдай,

Жасындай жырым — алғашқы.

Алғашқы махаббатымдай,

Тебіренте ешкім алмас-ты!)

Ол кезде сезім мол еді,

Шарапқа бөгіп санасыз.

Дәлізіңде де қондым сан,

Қаңғырып, қажып панасыз.

Басатын тау мен тас қалмай,

Сансырап, шаршап келгенде

“Басымды жазды" жігіттер,

Жанымды ұғып шерменде.

Тісімді қағып милиңия

Жыртылып жағам қан-қан боп,

Жүргенде саған сүйендім,

Тағдырым быт-шыт талқан боп.

Бұлдыр да бұлдыр ол күннен,

Бұл күнде, рас, жалыққам

Тағы да сонда сен тұрдың,

Сүйінші сұрап халықтан.

Тағдырмен ойнап болдым мен

Жалғанға кім бар бойлаған.

Қазама көңіл білдіріп,

Тойымды бірге тойлаған.

Алматыдағы санаулы,

Қара шаңырақтың бірі едің.

Еңкеймес мынау еңсеммен,

Еркелеп еніп жүретін.


 


МҰҚАҒАЛИ

Аза тұтқан аққудай,

Жалғыз басың қаңғырып.

Жалғыз өзің жүрсің бе,

Мәңгілікте мәңгіріп.

Алп-алп басып, алп басып,

Қара нардай шудалы.

Тәбетіңе у құйған,

Тәркі дүние думаны.

Аяқталған Жердегі,

Пайғамбарлық болмысы.

Қайтып көрмес жау табар,

Қайтып келсе сол кісі.

Сен де пенде, мен пенде,

Пенделігің — періште!

Жеңіп кеттің жеңіліп,

Өмір атты керісте.

Тамұқтағы жалындай,

Тау басында лаулаған.

Тұлғаң жырға айналып,

Хан Тәңірден аумаған.

Сақалы жоқ, шашы бар,

Аңыз болдың ел сенген.

Ақын емес... абыздай,

Аса ұстамай теңселген.

Келдік, солай кетеміз

Үрметімен Алланың.

Барып-барып қайтады,

Қыл қобызға бармағым.

Таңбасы бар, ені жоқ

Кеудемдегі кітабым.

...Кессең кермек жас тамар,

Жас қайыңның бұтағын.


 


АЙ

Түпсіз дүние,

түбің толса,

мен ертең,

Келмес жаққа жан сәулесін жөнелтем.

Ай толғанда күрсініп қап көкірек,

Сүрінгенде күрең түсті көлеңкем.

Мен — тірі жан,

ол тірі жан — тәні гүл,

Табысып ек, сәтсіз болды бәрібір.

Өз басымдай көруші ем ғой мен оны,

Көз жасымдай тамып кеткен сары нұр.

Ай толғанда басым байлап пәлеге,

Жан ауырып, жалғыз қалдым және де.

Толған Айдың толқынынан көрдің ғой,

Менің демім өрт шарпып тұр әуеге.

Мен сезбеген ішінде бір күнә қап,

Мазаңды алса пәк махаббат кінәлап,

Басымдағы Айға тигіз ерніңді,

Көктегі Айға мінәжат қып, мінәжат!...

Түн ортасы...

Түннің түріп түндігін,

Жұлдыз ақты. Анау жұлдыз кімдікі...

Түптің-түбі біз жолығар нүктеміз,

Көктегі Ай мен жердегі Айдың кіндігі.


 


СҮЙІНШІ


Өмірге рұқсат берілді!!!

Жарық дүние дидарын —

Екеуімізге бірге жазды көруді.

Менде дос көп, сенде жау жоқ (әдемі).

Дұрысталды дүниенің сәлемі.

Ластауға лайықсыз — Лә ил Аллам,

Сүйіншіге жанымды алсаң, ал енді!

Бес күн ойдым бесігіңнің бедерін.

(О, кішкентай — қайталанбас өлеңім).

Шүмегіңнен шүметейің шықса аман,

Көрімді де өзің қазсаң деп едім.

Үйлесімсіз тіршілікке мұрындық,

Сен боларсың!

(Біздер кейін бұрылдық.)

Құстан да зау шығып кеткен биікке,

Бір ақынның атын қойдым ырым ғып.

Шертпе сезім сүгірленді селге тең,

Сыйсаң еді — маңдайыма... жерге кең.

Жан-жарыңнан туған ұлдың қызығы,

Сүйіктіңнің қылығынан кем бе екен!

Құлыншағым (кейін өзің қалғанда),

Мен өртенген ауыр жолға қамданба.

Әке тілін баласы алса жалғанда.

Арман бар ма! Арманға...


 


ЖОҒАЛТУ

"Қаратаудан көш қайтқанда

Күтпе мені, Бегімай!"

                          Ш.Айтматов


Орманға ұлып опа таппай,

шынжырланған арлан.

Бөз қымтасын тәнін,

айрылмас-ты ардан.

Кеше жұртта қалған —

Тозған жүрек, сені іздеп

жолға шықты, жазған!

Білмейді ғой деп пе ең

табылмасын жоқтың,

Қызығына бола қызуындай оттың.

Шерменде боп жаны

жарығына көктің,

Қимасынан адасқан

арасында көптің, —

Орманға ұлып опа таппай

шынжырланған арлан.

Оты өшкен арман.

Көрін өзі қазған,

Тозған жүрек, сені іздеп

жол тосады, жазған.

Қос әлемнен табылмайтын кұсым,

Әлсін-әлі сипаттың жүрегімнің тұсын.

Сені сүйген тұлға — бүгін мүскін мүсін,

Мен барман-ды,

Сен келме!!! (Құдай үшін!)


Шөккенде түн төсіне етбетімнен,

Күлкі жоқ, ұйқы қашар бет-бетімен.

Елбіреп есіл көңіл жоқ сұрайды,

Қол жайып, дұға оқып, көктегі елден.

Бұрылып қаратпайтын артыңа бір,

Жастық-ай, сөзің өткір, зарпың ауыр.

Шыға сап ару түннің құшағынан,

Бірдеңе айтпақ болам халқыма бұл.

Кім бірақ құлақ қояр кесіміме,

Тілімді жат жауласа бесігімде.

Ел жайлы ләм-мим демес ағалардай,

Жүргенмен Елбасының есігінде.

Түн қатып, түсім қашып отырамын,

Тоналып тозып біткен топырағым.

Отына мен күйермін бүгінгі таң,

Мақшардың жауап берер сотына кім?!

Өзіме өзім қойған сұрақтардан,

Түйінді шешім таппай, жылап қалам.

Сан рет сатып кетті олар мені,

Кім берер жақсы ағасын бірақ маған!

Мен тұрам қимай оған қарап қана,

Түн өксіп таңға сіңіп баратқанда —

Оралып қазағымның ортасына,

Мың мәрте алғыс айтып Жаратқанға.

Үлкен аз алдамайтын кішілерді,

(Кішінің жүрегін кім түсінеді?)

Еділді етігімен кешіп тұрған,

Қазтуған кеше менің түсіме енді.

Ол жазған (Түн шымылдық түсіргенде)

Біздегі тілсіз ымды түсінген бе?!


 


КҮЗ. АЛМАТЫ.

“Тек мен ғана түсінем бұл қаланы"

                                            Есенғали

Мен секілді сағына ма түсінде,

Сезе алар ма әкімі әм тұрғыны.

Түсінгеннің бірге кетер ішінде,

Алматының бір мұңы бар, бір мұңы!

Күрең шашын, алтын сары кірпігін,

Бауырыма басып дел-сал реңін,

Бірге жамап жүрегінің жыртығын,

Көшесінде мең-зең болып жүремін.

Алматының аспанында бір мұң бар,

Кімдікі ол, соны білмей далмын мен.

О дүние мен бү дүниелік тұрғындар,

Сенікі ме әлде Аллам — алды кең?!

Алматының бір мұңы бар, бір мұңы,

Түсінгеннің бірге кетер ішінде.

Сезе алар ма әкімі әм тұрғыны,

Мен секілді сағынар ма түсінде! ?

Түсіндіре алмаса да өлеңім,

Күз де оған кінәлі емес тегінде.

Тек сол ғана біледі деп себебін,

Раушановтан сұрауым жөн менің не!

Алматының көшесінде арман жүр,

Күз келгенін ертең құстар сездірер.

Сонда айтылар, ал әзірге

қалған жыр —

Соры қалың жүрегіңді ездірер.




ТҰМАН

Қандай бақыт күн кешкен үйде тұрып,

Қобыз қосып кеудемде күйге тұнық

Қоналқыға бұйырған бір лифтіден,

Шығып келе жатамын сүйретіліп.

Күздің таңы. Күн тұман. Салқындаған,

Алмасымды тот жеді-ау жарқылдаған.

Жебем қисық, атуға адырнам бос,

Құзғындарды төбемде қарқылдаған.

Күздің таңы. Айналам ала тұман,

Ала тұман тағдыр боп жаратылғам.

Бүгін бүл үй көңілсіз, (той боп жатыр.)

Той біткенше Кеңсайға бара тұрам.

Үзілгендей үміттен күдер енді,

Тұманытып айналам түнереді.

Айдалада жатырмын ер жастанып,

(Қандай ессіз атын бос жібереді?)

Аш өзегім арман жеп бұратылған,

Ыза көшер санамда шұбатылған.

Той біткенше қазақтың қаласында,

Даласында мазар боп тұра тұрам.

Күндер-ай, қайтем сені келте-келте,

Домбырам да қарлықты-ау, шерте-шерте.

Аманатын Алланың қайтарам да,

Сейілмесе бұл тұман ертең ерте.


Ақшамда ару болып келеді де,

Түн мені тартып кетед тереңіне.

Жарыққа жаныңды үзіп жалтақтатқан,

О да бір өксік өмір өреліге.

Келе алмас тірілермен келісімге,

Туған ұл мен шығармын — көр ішінде.

Шарқ ұрып жетім жүрек аласұрар,

Бурадай өрт құлаған өрісіне.

Арына ақтық байлап, шыбық қадап,

Жалғанның жанарына суық қарап.

Ізіне ібілістің құл боп кеткен,

Мен сүйген көркем күндер күліп барад...

Нұрға ынтық көңілімнің тұсауы мың,

(Жол таппай жаратқанға құсалымын.)

Өзінің өзегіне балта шапқан,

Мен-дағы көп бейбақтың мысалымын.

Мінген соң ғапыл дүние кемесіне,

Иеңнің икеміне көнесің де.

Сайтандар қоршауында қалған ұлмен,

Я, Раббым, сіз қалайсыз кеңесуге!

Я, Раббым, сіз қалайсыз кеңесуге???


 


ТӘУБА


Жер бетінен бір жойылса табылмас,

Діні, ділі өзіңменен тамырлас.

Әспеттеген әміріңді әлінше,

Түркі тілді тұлпар тектес қарындас.

Саған теңеп болымсызды ғапылмын,

(Сөйтері бар жыны буса ақынның.)

Сен тудырған ғаламатқа пәруана,

Жатырында жарты күндік пақырың.

Мені көкке ынтықтырса сендегі от,

Дүниеден безушілік менде жоқ.

Ақын болу пешенеге түспесе,

Күн кешу де бақыт шығар пенде боп!




— Серігі ед бейшараның кемді күнгі,

Қаңғыртпас Құлагердің кегі кімді!

— Қоскөлде ақ қанатты періште бар,

Ол соған ғашық екен, — деді бірі.

— Жо-жо-жоқ) Жын соғышы, сайған қамап!

(Болмасты бит астынан байқар қазақ.)

Қаулаған ел аузында өсек өрті,

Мәнісі — жоғарғыдай айтар болсақ.

Қоскөлдің Ақан қонған жағасына,

Қар жауып, боран ұлып санасында.

Тұп-тұнық кешкі көлге жан телміртер

Қос мылқау (Туа мылқау баласы да).

Бір жан жоқ сері халін түсінердей,

(Сұңқардан сәулет тайса — күшігендей.)

Сыр тартып бара қалған бар адамға,

Моладай мелшиеді ішін бермей.

Бақ сынды — бастан басқа ауады арман,

Тілімнен тіліменен жауап алған —

Марқам-ау, Марқам, — дейді күңіреніп,

Шығар ма басқадай леп сау адамнан.

Құлагер, Қараторғай, Базаралы,

Ұрқия-ай! Бәрі көзден тасаланды.

Жары мен тел қозысын қатар берген,

Ақанды ұқса, ұғар тек — Асанәлі.

Тас түскен, түскен жерге ауыр қандай!

Тағы да бір соғатын дауыл бардай.

Серінің күйзелісі осынау сәт,

Қытайдан көшіп келген бауырлардай.

Ақанның жөні де бар тұлданатын,

Себебін сезген кісі мұңданар тым.

Әділет күтіп жатыр ақыретте,

Әйтеуір түбі біздер бір баратын.

— Ың, ың, — деп Ыбан отыр ат қасында,

Балаға әке мұңы батпасын ба!?

"... ақынға бүгінгідей қамқор болмас,

Ол кездің кәпір еді-ау патшасы да".


 


СОТ

Аң — аң. Құс — кұс. Адамды — адам дегенге,

Сенейін бе! ? (Мен — төменде, ол — төбемде!)

Күнің үшін қараны әппақ дегізіп,

Қорлық болар зорлық жасау өлеңге.

Адам, мүмкін, маймыл шығар шынымен,

Сәл ес құйып, тазартылған түгінен.

(дұрыс түсін бұрыс айтып отырсам,

саған жаным бұрғаннан соң мұны мен.)

Адам, рас, аң шығар деп дамыған,

Дарвиншелеп көкімек ем, ағынан

жарылғанға жаны қастау қоғамда,

Айырылып қаламын-ау „тағымнан".

Адам мүмкін құс болуы... қанатын

Қағып қалып, сүйгеніне баратын.

Неге менің жас келеді көзіме,

Сұңқар көрсем самғап бара жататын.

Адам, мүмкін(күбірлейді жалған үн,

Бітпей қалған мүсіні деп Алланың).

Жадымдағы бұлыңғырлау кодымда,

Бейнесі тұр орақ пенен балғаның.

Сыбырлаған сақаудаймын кереңге,

Сендіре алмай... (Сізге және өлеңге)

Иланбастан кетер ме екем өзім де,

Адамды — Адам дегенге?!

Сәт туғанда сынайтын,

Сүйегіме қайта жан сап құрайтын.

Қияметтің күліп тұрып төрінде,

Бір сұрақ бар, Алла, Сізден сұрайтын.

Алла сонда сөйлейді!!!




СЕНТИМЕНТАЛЬДІ ҚҰБЫЛЫС


Қара тұн құлайды бауырына ап даланы,

Күрең нұр көкжиек көзінде мелдеп тұр,

Аққан қан сияқты.

Жұлдыздар қаралы, ғаламның бетінде жаралы

Жұмыр Жер адасып барады.

Күрең нүр көкжиек көзінде сырғанап

Өшеді. Өлген — ол үміті Алланың.

Азалы сияқты. Сайтандар тұр қарап, ібіліс төсіне

гүл қарап

Пенделер иманын ұрлап ап!

Бұл сәтті суреттеу — қан жұтып айтатын

қасірет.

Мен — түссіз ферзімін ақ қара шаршыда

сенделген көлеңке сияқты,

Ой ұстар басы жоқ.

Ақ нөсер құюда Иемнің жасы боп.

Атпайды таң енді, шықпайды Күн көкке,

Ырғағы бұзылған әуендей. Іші өрт сияқты.

Абылдар кірмеген дүрмекте, Қабылдар

ие еді құрметке,

Мақшардың таңы ертең! Дірдекте, ал

дірдекте.

Менің де, Сенің де сөздерің күмәнді,

„Адамзат баласы зиянда, ғапыл әм..."

Ертегі сияқты.

Ертеңім тұманды — артым от.

Кеш, кешпе күнәмді,

Алған — мен, берген — Сен едің ғой

Құранды.

Жұмыр Жер адасып барады,

Қолында Құраны.


 


ЗИРАТТАҒЫ ЗАР

Жүр, апа үйге қайтайық,

Бұл базар мені шаршатты.

Сүйсеңіз мейір қанатын немереңіз бар —

қанатым!

Ішуді қойғам,

(қоймасам, оңбайтын болдым — сорлайтын),

Аллаға сенем! Өзіме... кімім бар басқа

қолдайтын.

Үйге жүр, апа, үйге жүр.

Жүр, апа, үйге қайтайық,

Бұл базар мені шаршатты.

Күмістөбенің басындай ағарып кеткен

шашыңды-ай!

Қызылқиыннан құлаған самал жел өпсін

денеңді,

Өзім-ақ жазып берейін той бастар

болсаң өлеңді.

Үйге жүр, апа, үйге жүр.

Жүр, апа, үйге қайтайық Бұл базар мені шаршатты.

Құлын шағымды алды бұл,

құлыншағымды жарды бұл.

Саңырау, мылқау жалғанның қоңырауын

қағайын,

Аманқоныста жоғалған бауырларымды

табайын.

Үйге жүр, апа, үйге жүр.

Жүр, апа, үйге қайтайық,

Бұл базар мені шаршатты.

Жақсылығы — аз да, уы — көп, таңдайға

тамар суы жоқ.

....мемлекетіміз, міне, бүгінде — еркін ел,

бай ел әйгілі, (Иә, мен соған сеніп жүргендей) ұят-ау,

тіпті қайғылы.

Құрысын бәрі!

Батқаны —

Анамның үнсіз жатқаны.




ӨЗЕК

Жаратушы сен едің,

Жаралушы мен едім.

Ақылыңа ой жетпей,

Әлі адасып келемін.


                             Автор

Бір ібіліс, бір періште, бір Құдай,

Бір жүрекке қалай сыйған, құрғыр-ай.

Көнбес болсам көксеуіне Алланың,

Жазылмауы керек еді жыр бұлай.

Құдайыма құлдық ұрып күні-түн,

Жағып қоям періштемнің үмітін —

Айырылып кетпеуі үшін арнадай,

Өзім менен өзегімнің жігі тым.

"Пенде деген екі өмірге келмейді,

менің жолым — ең ізгі жол, сен" дейді.

Есер тәнім сайтан айтса, естияр

Періштеме көткеншектеп, көнбейді.

Періштем жүр орын таппай қонарға,

(Адам тәні осынша нас болар ма?!)

Өз дегенін істеткізбей қоймайтын

Әйел сынды.

Сайтанға ерсең, сор ол да!

Қарабет боп көп алдында тұрғандай,

Тауқыметті тағдыр еді бұл қандай!

Адамнан да, Алладан да қорыққан қор,

Иманыңа өрмекші тор құрғандай.

Пиғылыма сайтан ісін қолдатып,

Сан адастым көкке көшер жолда тік.

Ібілісті періштеме жеңдіріп,

Қайта алсам ғой. Сол — бақыт!

Сорабынан жаңылысқан құлжадай,

Түк айта алмай, тәмам болар жыр... (сор-ай!)

Өнбес дауға қазылық қып ғазиз жан,

Екі оттың ортасында тұр солай!

Қарсы тұру қиын, рас, Құдайға,

Дегенменен, жасау керек бір айла.

Бұл дүниені менше сүйгіш жандар-ау,

Не істеу керек мұндайда?!

Мен кетер жақ — Жерге-дағы таңсықтау,

Болғаннан соң, шың-куз өксіп,

қаңсып бау —

Аспан келіп қолтығымнан демеді,

„Уһ" деді де, жан шықты-ау.

Бұлдыр-бұлдыр, бұлдыр мұңға міңгесіп,

Мұнар күннің маңдайынан нұр кесіп,

көкті қайтем?!

Жерден опа тапқам жоқ,

Күтпе мені, „Мен" бармайтын бір тесік.

Кебіні — тұл,

қан, сүйегі, тәні — нәт,

Жасыл жерге жарықтық ем жаны жат.

Жеті шелпек таратыңдар дәл бүгін,

Менің „Менім" ортаңда жоқ — Аруақ!

Сеніскен дос, сүйген жарым — Тәңірім,

Жыға алмадым жаратқанның әмірін.

Бағыт сілтер бода-бода жырларым,

Мені аңсасаң — мекенімді, жарығым!


 


АҚЫРЗАМАН. АЛМАТЫ.

Жатыр еді кенеттен (дала тымық!)

Алатаудың басынан қан атылып,

Түйдек-түйдек шудадай бұйраланып,

Нөпір тасқын ұмтылды қалаға тік.

Құз кұлатып, тау бұзып — жағалай кеп,

Селге жем боп қойтастар, қарағай көп,

Жан-жағыма алақтап қарай берем,

Ес алдырған есалаң баладай боп.

Қамын ойлап тантыма қара бастың,

Тірлігінен, түбіңнен ал адастың.

Жұғып кетіп барады кездескенін,

Аласұрған аждаһа — қара тасқын.

Пендеге аз болғандай мұнысынан,

Зевстің от шашқандай уысынан.

Ашыған қамырдайын лава лықсып,

Жұмыр жер шоқ лақтырды қуысынан.

Бас түгіл балағына барғызбайтын,

Бұлтқа да етегінен шалғызбайтын

Қирады Алатаудың шың-құздары,

Қара жер — қолдан түскен

қарбыздай-тын.

Орысың, Қытайң да ағылмайтын,

Қазақтан басқа халық сағынбайтын.

Алматы Алла әмірін қабвіл алды,

Батырдай басын беріп, бағынбайтын.

Жатқан ел етек-жеңін кеңге беріп,

Шаһарві шаһит болды жерге еніп.

Кеңістік көмейінде тозаңдатып,

Бір нәрсе бара жатты дөңгеленіп.

Құдайым, қуат бар ма күшіңе тең?!

Пенденнің ойы азды, ісі — бөтен.

Ақсарбас айтпаймысың ақыныңа,

Алматы, аман-сау тұр, түсім екен!

Таң алды, сондай қаралы,

Жұлдыздар сөніп барады.

Ұлғайтып ұмыт наланы,

Бүгінгі күннің қабағы.

Шапақтар шаршап қалғандай,

Шашырар науқас армандай.

Болашақ күнге қамданбай,

Телміріп тұрмын, таңданбай.

Бояулар баяу сырғиды,

Ұқтырып жұмбақ бір күйді.

Кекілі Күннің қылтиды.

(Кім сүйді, бүгін кім күйді?!)

Жұртқа бөлер жанымдағы жалынды,

Мен — диуана, даңқы жоқ дарынды.

Аймен ділдес, нәзі бөлек, нәресте — Ой,

Сен сарқыдың одан қалған барымды.

Шапағат пен махаббатқа жарымай,

Қаңғып жүрмін (жазығым не, а, Құдай!),

Ұйпа-тұйпа шашы сынды Сағдидың,

Астан-кестең тағдырымды танымай.

Құдай іші пысқаннан соң, ғаламды

Жасай салып, ойыншық етті-ау адамды —

Кеңістікпен келісімге келмейтін,

Бір сұлуға сұқтандырып санамды!

Тебіреніп теңелсе де төңірек,

Бір аяулы арман қозғап қаныңды

Білген сайын өмір мәнін көбірек,

Неге осы кем сүйесің жаныңды?!

Қасірет пе, әлде үміті пенденің

Жан құштары жүрекке мұң құятын?

Арманның абайсызда өлгенін,

Әйгілемей, бүгіп қалар ұятың.

Көрге кірер қай бір күні сүйегі,

Тіршіліктің қай пендесі армансыз?

Өлге-өлгенше табылмайтын бір емі,

Жалған, рас, жалғансыз!

Жоқтан өзге жоқ, адамға жылайсың,

Жүрегіңе сызат түсер, құлынып.

Жоққа келіп жоқ нәрсені сұрайсың,

Төгіледі шырының.


Мен де іздеп арып-талып, құлағам,

Түсінбейді деп пе едің,

Абыройы, ары нәби күнәдан,

Ботақаным, сөкпегін!

Жүрегінің басына у жиылса,

Қиын шығар кімге де.

Қайта оралар Тәңір-төрем бұйырса,

Ешкімге де үндеме.

Көресің ғой, ұмытылар ертегің,

Бұл жұбату қазір саған керексіз.

Мен де қанша өзегімді өртедім,

Бұл дүниеде- дерексіз


 


ОПТИМИЗМ

Бүгінгі түн — мен үшін ақырғы түн,

Өмірімнің ажалға атын бүрдым.

Мың ұмтылып Аллаға ділім жетпей,

Аян боп тұр сайтанмен жақындығым.

Бәрі мені алдайды, алданам мен

Алла, өзіңе аманат қалған өлең.

Жүрегімнен жүз бұтақ өріп шығып,

Айналып кетсе, шіркін, талға денем.

Бүгінгі түн — мен үшін ауыр сондай,

Жаным қалқып барады қауырсындай.

Бірге жүрген достарым, (дос бар ма еді?)

Көрімді кең қазса ғой ауырсынбай.

Сәтін тауып дәл бүгін келе қалған,

Ажал — ақ қой, сатпайды сенем оған.

Жыл құсындай қайырылып бір соқпаса,

(Сенбесең де сенші сен), өле ме адам!

Бүгінгі түн — мен үшін қасіретті,

Қасіреті жанымды жасын етті.

Сен аман бол, қара өлең, айналайын

Азар болса бір қырттың басы кетті.


Жарығы талақ жалғанның,

Көзімде күңгірт нұры қап.

Адасып кеткен арманның,

Жолығар сынды бірі нақ.

Арбасқан ойдан ми ысып,

Қараңғылыкқа кіремін.

Көлеңкелермен сүйісіп,

Қарайған сәтте реңім.

Мүрдеге толы айналам,

Ақ Айға сәлем етеді.

Шашына жұлдыз байлаған,

Қам көңіл түннің етегі.

Жұлдыздан жеткен бір күйді,

Пейілмен тыңдап зарыкқан.

Зираттар үнсіз мүлгиді,

Жасырып зарын жарықтан.

Сол әлі, баяғы ғұмыр нақ,

Айналмас аңға не құсқа.

Жұлдызды иықтар ырылдап,

Кіндіктен сәл төмен тұста.

Қарашы, көшелер әжімдей,

Күн сайын ағылған өлік.

Түн сайын ажалдың тәжіндей,

Ай шығар айбарын төгіп.

Ауырлау болса да (аурудай)

Сепкені замани әтір.

Көрпесі ашылған арудай

Алматы түс көріп жатыр!!!

Жұрттың бәрі асығады жұмысқа,

Қайсыбірін ұйытарсың жырыңмен.

Бір әйел тұр дайындалып ұрысқа,

Бір көкем түр көкке қарап мұрнымен.

Айналдырған жалғыз өмір ол-дағы,

Үлгертпейді көз жеткізіп бәріне.

Асылымды берер ем-ау, қолдағы,

Бірақ сізге менің жырым дәрі ме?

Деп күйініп, баққа қарай келемін,

Тым тып-тыныш болмағанмен мұнда аса,

Мұңға жүкті жүрегімнің өлеңін,

Солар ғана тыңдар-ау деп тыңдаса.

Қайыңға кеп жыр оқып ем кұшақтап,

Қара ағаштар кұлақ түрді елеңдей.

"Өзіңді өзің осыншама ұсақтап, —

Жел жылады, — не боп кетгің" дегендей.

Тамырымда қан булығып ойнады,

Құлағыма қисық-қыңыр дауыс кеп.

Анау ағай есалаң деп ойлады,

Мына қыздар күбірлесті “ауыш" деп.

Мен күрсіндім, өкпелейін несіне,

Тілі барлар келмеді деп пайымға.

Ілестім де кеттім елдің көшіне,

...Енді өлең оқымаймын қайыңға!


 


* * *


(О.Бөкейге)


Қарсы ала алмайтын ертеңгі таңды,

Түндегі отпен тұлданған, өшті ол бірге.

Келмеске маңды —

Европадай ұрланған.

Фәниде пенде өзегін бір жылт,

Мекендер.

Сөнер — сен сонсең.

Сарғалдақ — депті, Ол — сағынышты жұрт,

Сағыныш — түссіз, сенсең сен!

Түсіне еніп, тіліне тамған,

Уды бал ету — кәсібі.

Мүйіздерінде шырақтар жанған,

Бұғыдай әулие, әсілі.

Сол жанды неге түсімде көрдім,

Сіздегі торға қамалған...

Босатып қайта, бостандық бергін,

Сағындық Оны, я, Аллам!


 


КӨРҒАУ

Аза бұлты, қаза жасын төккенде,

Жаз ба, күз бе жә, болмаса көктемде.

Күрегін ап көр қазатын күрсініп,

Бір әзіз жан дүниеден өткенде.

Жанарынан талай мәрте шық кұлап,

Қу фәниден шыншыл әрі кұттырақ

Сан жақсыны жайлы орынға жайғаған,

Оның шені министрден мықтырақ.

Көрем десе, Тәңірінің көзі көп,

Кімнің алдын кімдер болжап сезіп ед?

Ол қайтқанда жуып жатты денесін,

(Бұл түсі ғой) қажы Рәтбек өзі кеп.

Ақыры енді сөздің басын ашқасын,

Ақ шашын да, сыйламай-ақ қасқасын,

Сорға біткен сүйрік тілім, сүйреңде,

Құдайдан тек қақпайтұғын басқасын.

Біз салғанда садақаның жарысын,

Ол аспанға түртті саусақ.

Наны үшін.

Қайдан жыртсын қайыршылар содан соң,

Нысанбайдың баласының намысын!

Ал әлгі жан қабыл болмай тілегі,

Иығында басы сынған күрегі.

Көзін жұмса, таныс зират ішінде

Үй салатын жер таба алмай жүреді.


 


ҚОБЫЗ

(Бекболат Тілеухановқа)

Ақ ғаламды қара, қоңыр..жоқ!

Қызыл Бояуменен бұзып өтті туп-түзу.

Кетсін деп те мына өмірдің соры үдеп,

Осы оның отқа оранар жолы деп.

Сол бояудың тарқаған жоқ мүңы әлі,

Шер көкірек шерленеді, тынады.

Сен шалғанда қобызыңды, содан ба

Түз әні емес, ызалы әуен шығады.

Жан өртеніп, қияғыңнан шоқ ұшып,

Жауырынымда сан мың ине соғысып,

Жария етер тауқыметін жыланның,

Жал-құйрықсыз Қазақ тектес құланның.

Мұның бәрі қанға түскен күйіктің,

Зор суреті. Жұлдыздардан биік тым.

Қыш кірпішке қашап жазған өлеңнің,

Қадіріндей мұз дәуірлік береннің.

Жалғыздықтан құтыла алмай батпандай,

Тәңір өзі зарыкқан соң шапқандай.

Қобызбенен өзегі дерт жұмыр Жер,

Бір-бірімен бақұлдасып жатқандай.

Сен шалғанда қобызыңды қоңырқай,

Зар-саз жетер жүрегіме. Тобыр қай

Мән береді ми сыздатар әуенге,

Сән күледі олар сүйген әлемде.

Жаһанамдық жаназамды жаһанда

Симайтұғын ешбір сөзге, мақамға,

Қылқобыздың қос көзінен таныдым,

Таныдым мен бақилықтың анығын.

Қара нар — ой боздап, кезіп сананы,

Солқылдатты-ау жанда бітеу жараны. "

Тексіздік пен аруақтың егесі,

Бір тоқтамға келе алмайды, ей, неге осы!

Көрден қашып (пенделердей есі кем)

Қорқыттікі, ал, шоң басымен несі екен?,,—

Деп күбірлеп күпірліксіз іңірде,

Сіңіп кеттім ауадағы дірілге.

Содан бері қобыз болып күн кештім,

Айыра алмай:

Кім — ақ, қара, ділдес — кім?!

Жер бетінде тәнім қалды, сен оның Тілін тапсаң,

Сырласы бол, мұңлы өскін!


 


МАҢЫРАҚ

(Сыр сүлейі Берік Жүсіповке)


Ажалдың Айы туранда

Солынан емес, оңынан,

өлмейді Қазақ,

Өледі! —

Өлсе егер, мұңның жоғынан.

Кек болып келіп көмейге, маңырап

шыққан мұңлық үн,

Мен сені қалай жұбатып,

Жіліктей алам, құлдығым!?

Көмген соң көмбе-көмейге,

Басты алар,

Тілді кеспес деп,

Ділгірі жетпес діліме,

Содан ба, қайдам, өштес көп.

Кеткендей болып көңілдің күлкісі мұңға жамырап,

Асқардан ұшқан арқардай Маңырай берем,

Маңырақ!

Үн тамсап таныс шалғайдан мүйізім

ылғи сырқырар,

Себебі, сон-оу түпсізде —

Сенің де,

Менің жұртым бар.

Дариға, аһ...

Жоққа зар жандай,

Түбінде мұңның шындық тұр.

Шешімі ұлы Жұмбақтың...

Сыр сауып Сырдан,

Сұмдық сыр.

Маңырақ жалған маңарда

Ақырғы сыр бұл айтылған —

Алақанында Алланың Адамнан бұрын

Ай туған!


 


ӨМІР

Менің жаным аппақ емес, қап-қара,

Қапияда от тигендей мақтаға.

Қарап қоям айнасынан уақыттың,

Маңдайдағы тағдыр дейтін тақтаға.

Тәніне орап тәлімінің кебінін,

Жалпылдайды, көптің жықпай көңілін,

Жатырында қулық пенен сүмдықтың,

Ессіз өскен бала сынды өмірім.

Жүрек содан жетім жандай ашынар,

Ашынар да шаншып, қайта басылар.

Жалғыз жерде жалғыз ғұмыр кештім мен,

Көзім, сірә, көрге кіріп ашылар.

Бала арманым өлді екен деп тереңде,

Болмас іске қабағымды керем бе.

Жерге сыйлап жансыз қалған тәнімді,

Көкке кетем, көресімді көремде!


 


ТАҒДЫР

Сайқал тағдыр сарығасын санама,

Ащы өмірдің жұттым удай сусынын.

Түсіне алсаң, түйткілімді бағала,

Түйсігіңмен жүрегіме қара да.

Маған да бір бақ қонар деп күгкенмін,

Қайғы да өтті, шаттық та өтті басымнан.

Махаббаттың мерекесі біткен күн

Сен де менің табыласың қасымнан.

Оу, адамдар, аялаңдар ақынды,

Сіздерге арнар өмірі мен өлеңін.

Ішпегеннің бәрі бүгін ақылды,

Ішкендердің бәрі ақымақ демегін.

Сансыратса сансыз қайғы, ауыр мүң,

Мен сияқты күй кешесіз сіз де кіл.

Шарап пенен гүлін сүйген сәуірдің,

Шайырлардың сарқытымыз біз де бір.

Көп-көп достар жүрегімнен жоғалды,

" Өмір солай, түк етпейді,, — деп күлді де.

Ит тірлік кеп балағыма оралды,

Кімнің жанын кім ұғарын білді ме?!


 


НЕҒЫЛАЙЫН


Сен мені жатырқама, жарық Айым,

Бұлттан шық, ақ нұрыңды жамылайын.

Аққудай бір қыз бар ед, ақ маңдайлы,

Алысқа ұшып кетті-ау неғылайын?!

Аққудың ақ киесін білмес пе едім,

Лашындай лапылдап кеп ілмес пе едім!

Дүние-ай, найзағай боп жаралғанда,

Кеудесін анау бұлттың тілмес пе едім?!

Сен мені жатырқама, арман Айым,

Үзілген үмітіммен жалғанайын.

Мәңгілік махаббаттың мекеніне

Қағайын қанатымды, қарманайын.

Сағынсам, тек өзіңді сағынайын,

Зарығайын (О, менің жарық Айым!)

Бір жұлдыз ағып түсті жанарымнан,

Жүрегім сыздап кетті-ау, неғылайын!

Дос іздедім тірліктен, табылмады,

Ақылды, қайраты мол — қабырғалы.

"Жалғандықтан жасалған көңіл екен" —

Кешегі доспын деген жанның бәрі.

Көзім жетпей ғұмырым кеміс бітті,

Көңіліммен кеміріп кеңістікті.

Өзімді өзім мәңгі ұқпай,

мәңгүрт жандай

Кетіп барам бетке алып терістікті.

Күндер қалды артымда күлкімді еміп,

Бермеді ғой басыма бір күн ерік.

Бір кітапты мен дағы жазбас па едім

Кеткен елге арларын құлқып көміп.

Өмірім, өлмеген соң, үміт теріп,

Әйтеуір ас ішеді, сідік төгіп.

Ұққан жан махаббаттың баянсызын,

Жүр енді достыққа да күдіктеніп.

Көне алмай есалаңдар ермегіне,

Есімді ессіз сумен емдедім де.

Иман атсын саудагер заманды деп,

Базардан қайтып барам Мен де, міне.


Өмір дейтін зымыран нұр ағында,

Құс жастықты құшақтай құладың ба?

Сен де мендей оңаша анаңды ойлап,

Сағыныштан сарғайып, жыладың ба?

Сен де мендей мұнды ма ең, балапаным,

Көкейіне сыйдырған дала таңын?

Сен де мендей жұрсің-ау аңсап бүгін,

Аялаған ананың алақанын.

Сен де мендей, бауырым, тарықтың ба,

Тіршіліктен кей-кейде жалықтың ба?

Күрсінгенде шерменде шерің шықпай,

Анасы жоқ Әлемнен зар ұқтың ба?

Сен де мендей мейірімге шолдедің бе,

Көз жасыңмен көңіліңді демдедің бе?

Сен де мендей, қайтқанда асыл анаң,

Көмдірмеймін дедің бе, көнбедің бе?

Сен де мендей іздедің, таба алмадың,

Сағыныш қой, сагыныш — Ана, ардағым.

Бастарына бір барып қайтайықшы,

Тарқар ма екен, дариға-ай, жанардан мұң?!

Көк жүзінде Ай жүзеді дөңгелеп,

Жүлдыз өңі өп-өтірік жымиды.

Тіршіліктің тауқыметін термелеп,

Көкке қарап көкбөрілер үлиды.

О, ол жақта үғылмаған үндер бар,

Жадыңызды жамыратар ертеңмен.

Соны сезіп, түпсіз терең түндерге,

Сіз түсінбес шерлерімді шертем мен.

Бір Алланың шапағаты тисін деп,

Қүран сүйдім (шарап та іштім қарқылдап).

Бал мен уды әрбір таңдай түйсінбек,

Кімге керек жалған сөздер жарқылдақ.

Не демейді нәмәрт жандар күні үшін,

Көки берсін, қүдайсызға сенбеші.

О дүниеде де бұ дүниедей тылсым,

Есті санам, есерлікті емдеші.

Күңгірт ойды қорек етіп көңілге,

Жазған бала-ай, нең бар еді ғарышта!

Кегің кетсе қайырарсың өмірге,

Неге тілсіз телміресің алысқа?


 


АДАСҚАҚ


Беу, Жайық, қарашығы жанарымның

Мен де бір маңып кеткен маралыңмын.

Батысқа ішім күйіп қарай берем,

Шығыстан шыққан сайын ағарып Күн.

Аһ ұрып аруағын арқа тұтып,

Басына тал дарақтың шарһат іліп.

Ақ Жайық — атамыздың белбеуі еді,

Белінен түсіп қалған тарқатылып.

Беліңнен тарқатылып мен де кеткем,

Ешкім жоқ одан кейін еркелеткен.

Адасқан ақботадай анасынан,

Өзегін өмір бойы өртеп өткен.

Өзегін өртеген ер аз тумаған,

Ақ моншақ толқыныңда саз тулаған.

Жайығым— жаһандағы жалғызым-ай,

Қай жерім артық менің Қазтуғаннан.

Еш жерім артық емес бүрынғыдан,

Білместер бұрынғымды зығыр қылған.

Ықаңның қыл қобызы не дегенін,

Сүгірдің "Бозінгені" үғындырған.

Жырым да, айбыным да сай түлғама,

Менікі жан азабын айту ғана.

Орманға ұлымайды біздің жүрек,

Төменде Жер, төбемде Ай түрғанда!

Жайығым маған да сыр шертетіндей,

Баяғы бабам көрген ерке күндей.

...Мен саған түбі әйтеуір ораламын,

Аяғы әйбат біткен ертегідей.


 


АЙНАМКӨЗ

(Сәуле Жанпейісоваға)

Жаратқанға созған қол

жасын қиып жалғанбай,

Күй кешесің бір түрлі

өрт ішінде қалғандай.

Өксік, ыза, өкініш,

аңсау, сүю... армандай,

Өзіңе -өзің үңіліп...

мұң басады малмандай.

Жауға шапқан жалғыздай

жаннан безіп,шегінбей

Біздің аңсар —ұлы аңсар

Қазтуғанның кегіндей.

Қамау, қақпай көп көрген

тұтқындағы бегімдей,

Қырық қылдан өрілген

қылқобыздың шегіндей.

Күрсінеді Айнамкөз

астарында кермек үн,

Қотарғандай ішіңді

құты қашар пенденің.

Бір жұмбақ мүң лып етіп

бетін сүйсе перненің,

Мен түрамын теңселіп,

түбін қазып зердемнің.

Тамсана алсаң, тамсан ал!

Биік десе биіктей,

Әнші азайып кеткенде

Арқадағы киіктей.

Тама болып туғаны

адайларға күйіктей,

(Ән тыңдаған сәтіңде

өмір неткен сүйікті-ей?!)


 


ДҰҒА


Мына теңіз астында қорым қалған,

Шағалалар кетпейді со бір маңнан...


                                          Е. Раушанов

Теңесем тең табам ба тұрысыңды,

Жасырған тереңіне ұлы сырды.

Шардара — көзге сыймай ыршып кеткен,

Бір тамшы әбілһаят суы сынды.

Тұсынан өте алмаймын бата қылмай,

Бұрылса бұл өлкеге сапарым қай.

Ғайыптан пайда болар қу далада

Кәдімгі "Мың бір түннің" шаһарындай.

Көмілген қызыл қүмға алтын қала

(О неге, сап-сары ғой...)

Таңырқама.

Қоңырат қарт сияқты қоңырайып

Ұласса даналығы Әмірханға.

Шарқ ұрған Шардарадай...

өмір мұңды

Шулатып шағаласы көңілімді.

Қайдағы-жайдағыны аңсатқанда

Ол жазған не түсінді, нені білді?!

Шағала...

Ақ шағалам, қалпың маған —

Ұқсайды...

Ақ Жайықтан ән тыңдаған.

Мен жүрмін Алатауға арзу айтып,

Сен жүрсің Шардарада шаңқылдаған.

Сенде бір сағыныш бар қаталаған,

Мені де бір нәрсе бар матап алған.

...Қаламыз қай түкпірде, қай күні біз

Қалғандай су түбінде ата-бабам.

Ішіне қүпиясын кетер бүгіп,

Тіріні өліден де бетер қылып.

Ел көшіп келе жатқан сияқты ма,

Астынан Шардараның көтеріліп..?




МУЗА

Жүректі қайнар қанға толғызып сан,

Сен келсең түн қойнында өргізіп ән.

Сытылып шығып кетіп, сені құшам

Жанымда жатқан жүмақ хор қызынан.

Басса да жер дүниені көшкін мейлі,

Сен ғана өлмейтін де, ескірмейтін

Ондай сөз, ондай бояу ғаламда жоқ,

Киелі келбетіңді кескіндейтін

Сен шықсаң сылаң қағып жыр бағына,

Күңгірт боп қалар еді нүр да мына.

Құдай мен Құраннан соң бір өзіңсің,

Тұрмайды басқа нәрсе тырнағыңа.

Жанымды ғарышқа атып кір түнектен,

Тәнімді жерге көміп дір-дір еткен.

Жүрерміз тозақ отын жырмен сабап,

Екеуміз қабат соғып бір жүректен.


Жазмыш деген бір қызық....

Алладан жетсе арайлы үн.

Түндікті түнде түргізіп,

Аққан жүлдыз санаймын.

Іңірде шығып төбеге,

Жанарға жас боп қүйылған.

Ана бір жарық немене,

Ғүмыр ма қыршын қиылған.

Зымырап ағып көлденең,

Ғайыпқа сіңіп табанд.

Сәби ме жоққа шөлдеген,

Иманы кемдеу заманда.

Обал-ау, ару жан болса,

Арына арсыз сүйкенген.

Азасыз салдым ән қанша,

Ақ жалын жұтқан жүйкемнен.

Не ұғып, нені білемін

Менің де санам боданда.

Ақын ба, әлде, жүрегін —

Қансоқта еткен қоғамға.

Ұмсынған көкке, құрысын

Адамның біздей әуресі.

Аспанның түбі тылсым,

Сананың соқыр сәулесі.


Не жатыр ішімде-оу,

Кім оны білер?!

Қаным бір қайыңмен таны қара.

Аспани аңсарын тілер,

Басымда бүршіктеп нала.

Құрметтер қадірін көрдің,

(келді ме күлкің...)

Ол түссе, шырағы Жердің,

Қайтадан жанар да мүмкін!

Қайыңды қарындас тұтып,

Жап-жасыл жүрегін сүйіп.

Санамнан биік,

Жүлдызға қашықтау тұста,

Езілем біреуді күтіп.

Терезе сыртында...

Сол қайың өксіп,

Қол созар, ендір деп ішке.

Мен түрмын маңдайым тепшіп,

Бұ қалай?

Өңім бе, түс пе?..


 


КҮЗГІ ПАЛИТРА


Жақсыбек, Бакрітжан, Сәтжан

жанымыз жәннатта жолыққай

Дос көп еді,

Өлді бәрі тым ерте,

Күндер жетті жетегіне мұң ерте.

Түндерім түр — сұры қашып сұрланып,

Гүлдерім түр — қабақтарын түнерте.

Қайғы жауып көңілінің кемерін,

Тәнін іреп уілдейді нелер үн —

Тұңғыш сезген сәбидей-ақ түбінде,

Ажалдың бір төнерін.

Шырай тайып, нарттай қызыл түсінен,

Дірілдейді жапырағы үсіген...

"Мұндай болса, келмес ем, — деп, — өмірге"

Мен сияқты күбірлей ме ішінен.

Түтіге кеп төңірекке төнді сыз,

Бақ кезбеспіз баяғыдай енді біз.

Бүл акқайың — қайың емес, бір кезде

Жүрегіне жара түскен меңді қыз.

Қара жерге қайта қонған кері үшып —

Шық досымен қырау да әлек керісіп,

Азан-қазан екі дүние арасы —

Құрақ құлап, бұлақпенен көрісіп.

Көз сүрінер аянышты әлемге,

Бәрі шерлі,

көрген жоқпын хал өңге.

Ұша алмаған жан-жағынан тұсап от,

Кек кернеген жалғыздыкқа кұса боп,

Бағытынан жаңылысқан кұс көрсең,

Маған — оны,

Оны — маған мысал ет.

Көшенің шамы жанып тұр әлі,

Мен келем жайсыз теңселіп.

Қаланың шуы жалықтырады,

Халық тұрады сәлден соң.

Қалтамнан алып жартылап қалған,

Жартылығымнан жұтамын.

Өн бойым өксік, қалтырап таңнан,

Көңілдің сынған бұтағы.

Жанымды қайтсін, пенделікпенен

Бәрі де менен жерінген.

Орнымды іздеп сенделіп келем,

Орындық емес омірден.

Ақ қарлар аппақ жанымды мақтап,

— Ой, мұның не? — деп жылайды.

Қайтесің сорлы тәніңді баптап,

Бір күні ол да кұлайды.

(Күліп көрдің бе?! Күлемін неге)

Алды-артын бірі аңдымас.

Білем ғой бәрін, білемін мен де

Бұлар да мендей қаңғыбас.

Жылы аспенен жылы жер керек,

Бұлардың ойы сол ғана.

Ал маған, маған ұғыну керек,

Өмірді... соң-соң... сол ғана.

Қалтамнан алып тас-талқан қылдым,

Қалғанын сарқьтп жартының.

Жаңа өмір маған басталғандығын,

Айтқым кеп,

Айтқым кеп саған алтыным.




Қара таңбалы хат алдым,

Лайық кісі табылмай жаңа қабірге, аға,

Қараңғы жерде жатармын,

Құдайдың салып суретін қара қабырғаға.

Құсжолының да айласын,

Сезініп қойғанмын, жазық жолағындағы

қара қоңыздар тойласын.

Азар болса уақытқа азық боламын дағы.

Өмірді сүйіп... өлгенмін!

Өліп жатқан тек мен бе?

Ұрдым ба екенмін!

Басқа бір жақтан келгенмін,

Басқа бір жаққа... құрдымға кетемін.

Көгіңнің қалмас күлі де,

Қапыда Күннің қып-қызыл

Кріпаса алмасы, Жалғаншылардың бірі де,

Ақиқат менің орныма таласа алмасы!

Қара таңбалы хат,

Қара таңбалы хат алса!!!

Жұлдыз едің,

мөлт еттің жанарымнан,

Аппақ Айдың дақ көрдім анарынан.

Еңіреп кеп қүлады қара түнім,

Қарагүлдің кұшақтап сағағынан.

Жалт ете қап, жоқ болдың қас-қағымда,

Кілт айналды дүние басқа ағымға...

Періштелер дүрлігіп той жасап жүр,

Алатаудың Ай қадап асқарына.


Кермек татып кеткендей таза жасым,

Сұр аспанда саз емес, аза басым,

Шілік біткен шімірікпей оқып жатыр,

Аққайыңның ақ жауып жаназасын.

Қисаймастай қылы оған қала мына,

Аяп кетем, сүйенем қаламыма.

Сені көзден сүйгендей сүйем сосын,

Кірпігіңді сап қойып шарабыма.


Мен кеткеннен шалқи қалса ырысың,

Кетем енді, от боп жанып түр ішім.

Дал-дал жанды қан-қан қылып,

Тәңірім, Бүйтіп берген тіршілігің құрысын.

Су қүйғандай түбі тесік шелекке,

Менің мүңым мүңсыздарға керек пе?

Жатпаған соң айта берем о, несін,

Адам түгіл, Аллам өзі елеп те.

Жолдасы жоқ... жолдан таппай азығын,

Түнді кезген бөрідейін қажыдым.

Түкситтер ем түктерімді, түгім жоқ

Ей, омір-ау,

жазығым не, жазығым?

Жас қайыңдай жаным бір күн

шырайлы,

Тамырларын ой құрты жеп, құлайды.

Құлқынының қамы емес, қу көңіл

Қадірінің қашқанына жылайды.

Мен азап пен қасіретке жүктімін,

Басқа сөзге келер емес түк тілім.

Тұрақ таппай, он сегіз мың ғаламның,

Кезіп жүрмін түкпірінің түкпірін.


 


ЖАПЫРАҚ


Бітті енді,

төзім тозды, көрдей мұң!

Ебелек пе ем?

Ермегіңе ермеймін.

Менің мөлдір мерекем-ай, мейірімсіз,

Шытынайды сеңдей мың.

Мынау — менмін қарт кісідей көңілсіз,

Сүйе алмайды,

Жүрек жыртық, ерін сыз.

Быт-шыт болған айнасынан Алланың,

Көлбеңдейді көркем сөздер сенімсіз.

Түу алыстан — қолын созып қиырдан,

Бір бақыт ең бүгін маған бүйырған.

Кептірмей-ақ қойшы, қалқам, шық-жасты

Жапырақтың кірпігіне жиылған.

Келсап — мезгіл,

Келі — уақыт, көмейлі,

Сарғайдың ба, жасылсың ба демейді.

... Ажал, сенің алақаның жұп-жұмсақ,

— Қалқып барып қүлайын ба?

— Е, мейлі...


 


ҒҰМЫР


Мен — жиырмадан асқан еңіреу,

Емексіп жүрген әрнеге.

Кездіктің ұшын сындырып,

Кектенсем, байлап жебеге —

Дұшпанга көзден қадап ем!

Ізгілігімнен адастым.

Суғарылмаған құрыш та ем.

Жұгатұғын да, қалмады-ау

Өмірде бүгін дүрыс дем.

Менің жүрек — кұмырама кұйған зарымды,

Бары оның осы еді-ау деп,

Бал екен ғой деп кім ішкен?!

Дәл мендей болып қамықпа,

Ей, көкірегі көктем бетеге!

Қош-қош айтып жарыққа,

Біз — суы үзіліп акқан арық та.

Біздегі үн сізге жете ме,

Түспей тұрғанымызда табытқа?


 


АЛҒАШҚЫ СЕЗІМ

(Гүлбануға)

Тағдырымның артқа бұрсам кемесін,

Жағалаудай қол бұлғайды елесің.

Жүрегімде шымыр етіп ең алғаш,

Сезіміме сіңіп қалған жеке есім.

Мәңгі ажырап қалсам-дағы өзіңнен,

(Сүйем! Сүйем! Сол тап-таза сезіммен)

Бір жылылау нұр іздеймін әлі де,

Кездескенде сенің тұнық көзіңнен.

Өн бойымда бір белгісіз тасып қан,

Сәл көрмесем, саған қарай асыққам.

Ал, сен болсаң қайырылмаушы ең, асылым,

Аяғыңды әдемілеп басып паң!

Мен сен үшін батыр болғам сол кезде,

Мен сен үшін ақын болғам сол кезде.

Албырттықтан ақымақ боп көрініп,

Жүргенімді сезе алмаппын сол кезде.

Өзгелермен ойнай қалсаң, қызғанып,

Өтуші еді жүрегімді мұз қарып.

Бар баланың мұрнын бұзғым келетін,

Қызғаныштан туып кейде қызбалық.

Тым ертерек, тым ертерек гүлдеппін,

(Ақыл айтар өмір мәнін біл деп кім)

Менің сол бір ғұмырымның бөлшегі

Қайта ашылмас гүл екенін білмеппін.

Балалықтың пәктігі бар бойымда,

Өткен шақтың елесі бар ойымда.

Кешір мені, сен үйленіп жатқанда,

Түсінерсің, бара алмағам тойыңа.

Балалық пен махаббаттың арасын,

Түсіне алмай, кейде от боп жанасың.

Баға жетпес, беу, сәбилік дүнием,

Мені тастап, қайда кетіп барасың?!

Сүттей аппақ көңіліңе Алла үрлеп — дем беріп,

Менің мұңды өмірімде,

Той боп жатыр сен келіп.

Жалғыздықтың жалғыз емін,..

Жанға қатты батты көп.

Мен бұл тойда бал ішемін,

Кешегі удан тәтті деп.

Шарапты да жұтам, мүмкін,

Ашып ардың тұмасын.

Талшын тәннің қуатын ол,

Танып, талып — жыласын.

Келер күндер қабағымнан,

Қадамас деп қайғы сұқ.

Би биледім... Тамағыңнан,

Нұрды жұтып, Ай кұшып.

Ән салдым мен әм бұл тойда,

Гүр — ғашықтық, дүр — сезім.

Шашып шашу албырт ойға,

Жүрек сүртіп тұр көзін.


Бас байлаған менің бекем қазығым,

Маған сыйла кеуіліңнің жазығын.

Жараспайсың менен басқа бесікке,

Көз моншақтай жаны таза нәзігім.

Түйсінер деп көңіл үнін, ар үнін,

Саралар деп түйткілімнің парығын.

Сөзбен салдым сезімімнің суретін,

Меруерттей мөлдіреген жарығым.

Сені аңсамай жазған жырым нұрсыз кіл,

Сен жоқ жерде — тұл дүние Күнсіз тұр.

Мендегі хал сол баяғы, баяғы:

"Көзбен ұғып, ішпен сезер тілсіз тіл!"


 


АР

Тауықтың ары тарымен бірге,

Шашылса тары — шашылар.

Аққудың ары жарымен бірге

(Жарына ғана бас ұрар).

Есектің ары, есалаң неме,

Ойлайды ол қарнын созу деп.

Тұлпарды даттап өш алам деме,

Тұлпардың ары озу тек.

Қыранның ары көзінде өткір,

Күнге де қарар қасқайып.

Қарғаның ары өзімен кеткір,

Өзімен өзін тастайық.

Ғаламның ары кұнменен нұрлы,

Күнсіз тұл тірлік әлемі.

Даланың әрі гүлменен сырлы,

Гүлсіз де бірақ әдемі.

Шаладай бықсып жалғасып жүрер,

Өсек пен соры соңында,—

Ақынның арын Алласы білер,

Ал сенің арың қолыңда!


 


* * *


Көктем емес пе еді?!

Қазбауыр бұлттар жеткенде шығыстан кезбе,

Сезімнің құйып шарабын хрусталь сөзге,

Егіз бір жандай екеуіміз ұғысқан кезде.

Өткен елес пе еді!

Шекер екен нәрі —

Қиялға қанат сананың қақтырғаны да,

Беймезгіл басқа бейопа бақ тұрғаны да.

Күрсінем келіп, түпсізге лақтырғаның ба?

Бекер екен бәрі.

Іздерді жалған,

Қанменен шайып жүректен өшіріп мүлде,

Күйінсем-дағы қараймын кешіріп Күнге,

Гүлдерді өртеп кеткендей көшіріп күлге,—

Күз келді, қарғам!


 


***


Тарихтың кім кетпеген тақымында?!

Бек сенген мақсаты мен ақылына.

Хан Кене бір күндері жаушы салды,

Ботпайдың бетке ұстаған батырына.

Жаушының сөзі қысқа. Нақда-нағы:

— Дулаттың қарекетсіз жатқан әлі,

Ат жалын тартып мінер кәрі-жасы,

Қырғызға дайын тұрсып қаптағалы!

Сыпатай саумалайды сақалын кеп,

Тағдырдан тағы не сор татамын деп.

Қырғызға қарсы шапса, жүзі күйіп,

Бір дауға қалары анық шатағы көп.

Кеңісе қамар белдік беліндегі,

Сұр семсер дем тартады төріндегі.

Құп алса Хан Кененің өктемдігін,

Екі елдің оты мәңгі бөлінгені.

Кененің құрығы ұзын, қолы мығым,

Қай күшпен тоқтатарсың оны бүгін.

Көкжиек жұтып бара жатыр әне,

Және бір ауыр ойға толы күнін.

Қапа боп батқан күнге, атқан таңға,

Зар болып жалғыз үзім қатқан нанға.

Дәл бұлай абыржыған кезі бар ма ед,

Хиуаның зынданында жатқанда да.

Қырғызбен құдандалы, өрісі кең,

Иті мен иті туыс, бөрісімен...

— Тақ құмар ханға бола қайдағы жоқ,

Көршімнің қанын шашам не үшін мен!

Жапалақ бір жалп етті жар басынан,

Осы деп "өгіз — өліп, арба — сынған!"

Алла деп атқа мінді,

Беті — Алатау.

Бүл істің хабарсызбыз арғысынан.

Аңыздың ақыры осы, сенесің бе-ей,

(Бұл аңыз — бар аңыздың төресіндей!)

Бүгін ғой басымды іздеп қаңғып жүрмін,

Кененің көрден шыққан денесіндей.


 


* * *


Санамды сезім улағандай-ау,

Ажарың тілді байлап бір.

Маңдайың нұрға булағандай-ау,

Гауһардай көзің жайнап тұр.

Жүргенің қудың жүзгеніндей ме?

Құмыра белің нәзік тым.

Ак, тісің ақ жыр тізгенімдей ме?

(Тауысар көркін жазып кім?)

Жүрек пе жүрек — үбектемесе,

Ғашықтың ғасыл кей түнін?

Сендей-ақ шығар Жібек те кеше

Періште тектес дейтұғын!


 


***


Қар жауып тұр.

Қан тамады — қара қан,

Қара қанды қардың тілі жалаған.

Қан ізімен біреу ілбіп келеді, жалаң аяқ.

Қаншық тағдыр талаған.

Жалаң аяқ. Тұт жалаңаш, жалаңаш,

Тағына да, бағына да ол қарамас.

Құр сүлдерін сүйреп кіріп барады,

Кеңістіктің көмейіне — араны аш.

Тіл байлану осы шығар, жақ сынып,

Жетім қалды жер бетінде жақсы үміт.

Сұр ажал жүр аманатын Алланың,

Аман-есен адамдарға тапсырып.

Тәңір шақтап тартпаған соң бойға бас,

Сорлы пенде ертеңін еш ойламас.

...нәзік-нәзік ақ жұлдыздар мәз-мейрам,

Көңілдері бір-ақ сәттік тойға мас.


 


ҚАРАҒАШ


Сенің шашыңдай қарағаш,

Мектептің қасындағы қарағаш.

Ерініңдей ып-ыстық,

Аспандағы Ай шала мас.

Мектептің қасындағы қарағаш,

Қара көзіңдей — қара рас.

Құшақтап тұрып жұлдыздарды жұтып ем,

Жасыңменен аралас.

Менің жасыммен шамалас,

Құрбым едің ғой — қара қас...

Қамығып қалған жоқ па екен,

Қасынан өтсең сипай сал,

Менің шашымдай...

Қарағаш!


Аңсарын алған асындай болып жеріктің,

Көрініп көзге көңілімді несін еліттің?

Түсінесің бе,

Түбірсіз мына дүниені,

Пейілі таза, жүрегі аппақ көріктім?

Баса да бердім қайтейін қате әр ізді,

Табылмай қалып жанымды ұғар жан ізгі.

Жалғанның жалған екенін сезіп барлығы

Арларын сатып,

Арсыз боп кеткен тәрізді.

Жаныма жылы тигеннен кейін гүл демің,

Өзіңе аштым тот басқан жүрек ілгегін.

Қанаты дал-дал сұңқармен бірақ сапарға,

Ғұмырын қиып, шыға да қояр бірге кім?!


 


АВТОПОРТРЕТ


Сүлеймендей аң мен құсқа зар айғып,

Өз басымды өз жырыммен қарайтып.

Опат болып оты сөнген ғаламдай,

Жанға дәру бір сәулені таба алмай.

Ойларымды жинай алмай шашылған,

Мен уақыттың өтіп барам қасынан.

Мұң түбінен дос таппаған мұңлықтай,

Ар түбінен жар іздеген зарлықтай.

Қаңырадым сауап емес обалдан,

Тәж — Махалдай жаһұттары тоналған.

Менің жаным сүйкімді бір ботаның,

Жүрегіне түсіп кетті, о жалған.

Көр ішімен тәнімді ертіп келем Мен,

Жанымды іздеп жер бетінде жоғалған.

Сәуірдегі қар астында қалған гүл,

Ол да мендей, қауызында арман тұр.

Армансызға орын тимес жалғаннан,

Мен де көптің бірімін бе алданған.

Шөл шөбіндей тамыр тарттым терендеп,

Ажалымның арашасы — өлең деп.

Не бүлдірдім, не тындырдым кіммін — Мен,

Отызға кеп иек сүйеп тұрмын Мен.

Бар ма, жоқ па бұл өмірге керегім,

Мен не дедім, сен не дейсің өлеңім.

Достарым да, дұшпаным да байқаған,

Мен бір істің ақиқатын айта алам.

Арасында фәни менен бақидың,

Менің ізім жол боп қалды ел танитын.

Қыл ішегіне шыбын қонса, мұң құлап,

Қоя берер сай-сүйегің сырқырап.

Сүтке тамған қызыл түсті сиядай,

Менің қобыз жүрегімнің қияғы — Ай.

Жанарларын құбылаға қадаған,

Жайнамазын төсек еткен бар адам.

Жан — аурасы шайқалмаған жарандар,

Мен өзіме ұқсаймын ба, қараңдар!


 


ЖЕРМЕН ҚОШТАСУ

Жерді ораған көк перде,

Менің жұлдызым көрінбейді бұл жерден.

Оны іздеп өзім барам түбінде,

Жұпариса гүл аңқыған көктемде.

Сезем ғой мен,

Қанат бітер сол кезде,

Өксігімді ұмыттырып нұрлы әлем.

Ұшармын-ау аңсап күткен шақ келіп,

Өмір сүйгіш өзегімді қақ бөліп.

Риза бол,

Бал да жұттың, у іштің,

Ә, бейберекет бейнеті мол сор басым.

Жерде туып ақын болу әбестік,

Әм алқаштау, һәм шын қазақ болғасын.

Алыстармыз алыс жаққа құпия,

Жасыл жұлдыз жанарыңды жасаурат.

Қайтып келіп, қайтып көру неғайбыл,

Сенде өтіп ед аз ғана күн, масаң сәт.


 


***


(Дантеден)


Салт аттыдай тым шапшаң

жүрегім соқты, кештегі үн...

Бұл бұрын ойлап қойғандай

Даланың ісі ед (не істермін?!)

Жер бетін оңпап көлеңке,

Таулардың басын жұтып түн,

Тұманнан көйлек киініп,

тоғайлар шашын тұтып мұң,

Бұталардың арасы,

(боларын солай сезіп ем)

Түн қарап тұрды тамсанып

мыңдаған қара көзімен.

Аянышты жүзбенен

аспанда өксіп әппақ Ай,

Кішкентай құстар дүрлікті

жел алып қашқан мақтадай.

Үрейлі сәтте үрікпен —

бұл түнде қанша ғажап бар,

Адыра қалғап бойынан

қайғылы, улы мазақтар.

Мен саған үнсіз қараймын

бейілмен құлап, егіліп,

Жайдары, жылы қуаныш

көзқарасымнан төгіліп.

Жүзіңді сұлу аймалап

көктемнің қызыл желі есті,

Мейірімділіктің бейнесі

Тәңірден кемдеу емес-ті.

Таң атты міне, Күн шықты,

қоштасу ауыр жүрекке,

Сендегі ләззат, уайым

тоғысып жалғыз тілекке.

Мен кеттім... Тұрдың артымнан

қия алмай ұзақ мұңайып,

Бақыты кемдеу кеудеге

тек біздің жүрек лайық.


 


* * *

“Әуелеп үшқан алты қаз"

                            ("Қыз Жібек" жыры)

Төменде қалдым ғой,

Бйікке бағыт бақ болар ма екен?!

Ей, аласа арман, аптықпа!

Ақтық па?!

Е, оны бірде кірлетіп алғам,

Шомылып жүріп шаттыкқа.

Қонып кетіңдерші,

Алақанымда ақ тарым да жоқ,

Ақ арымменен жемдермін.

Сендер мың.

Алла ауылына алып ұшыңдаршы,

Нала-мұңымды... емдер кім! Өлең оқыңдаршы!

Баратынымыз бір жер ғой түбі.

Әйбәт әлемге әл тірейінші,

Сәл түрейінші етегіңді.

Құйып қой, құрбым, уыңнан,

У-шу қалада тәлтірейінші.

Кеуіп барамын.

— Сүт беріңдерші?

— Біздерде сүт мүлде болған емес!

— Ауа сатыңдаршы, кұлдығы-ем?

— Ауаның бәрі таусылып кеткен...

...Су тамызбайтын тірлігім.


 


ТҮНДЕГІ ОЙЛАР


Түндегі ойлар тәтті болар бәрінен,

Жарық кезде жазған жырдың мәнінен.

Жүрегімде бүлкілдейсің бүр жарып,

Қанға түскен қызғалдақтың дәні ме ең?

Түндегі ойлар ащы кейде удан да,

Қаша қоймас көңіліңнен қуғанға.

Шарап ішіп отырамын ондайда,

Сен келмеген жабырқаулы думанда.

Түндегі ойлар шыңырау һәм шың, биік,

Тіршілік бар түпсізінде тұңғиық.

Аяқ асты болмасын деп арманың,

Ай жымияр сүйеп қойып түнге иық.

Түндегі ойда жалгыз түйін болады,

Түйін баққа не сорға әкеп соғады.

Сорға соқса, гүліміз де солады,

Бақты бірақ көрген кісі жоқ әлі.


 


АЛАТАУ

Алатау, сен де ғаріп, мен де ғаріп

Келеміз жүрекке мүң теңдеп алып.

Мен саған жыр оқиын, қасыма кел

Қайтеміз түсінбейтін елге налып.

Алатау, сен де биік, мен де биік

Қосылсақ қосылғандай шерге күйік.

Сені Күн, мені күншіл менсінбейді,

Тұрған соң табанымыз жерге тиіп.

Алатау, сен де көркем, мен де көркем,

Ботаңдай бауырыңа бас еркелесем.

Қобыздай қоңырың ем,


Қолыңа алып

Мен дайын жан сырыңды шертем десең.

Алатау, айналайын, барым — нарым

Алладан соңғы сенсің табынғаным.

Бұл қазақ сен болмасан, қайтер еді,

Өзіңсіз менің-дағы мәлім қалім.

Ақын жоқ жер бетінде мен сияқты,

Тау да жоқ бұ ғаламда сен сияқты.

Жадырап тұрайықшы беу, Алатау,

Қазасы, қайғысы жоқ ел сияқты.


 


***

Райы күннің бұзылды-ақ,

Құстарын ертіп күз кетті.

Қыл-қобыз дүние ызылдап,

О нені маған іздетті.

Қырлардан қашты қызыл гүл,

Қызыл гүл еді — көңілім.

Жылытпай қойды жүзін бір,

Өмірім маған, өмірім.

Ол — дағы кетті алыстап,

Бар еді бір жан — жаны нұр.

Анттасқан жокдыз нан ұстап,

Антқа өмір көнбес бәрібір.

Оралмас деп пе ең, о жалған,

Қоғалы көлге қу ұшып.

Өткен күн өшті, жоғалған,

Уайымдай берме у ішіп!


 


***


Сен мені ойлайсың ба?

Мен қазір алыста жүрмін —

Ғұмырын кешіп құлдың.

Сағыныш — шаһтың сарайын соғып,

Батпағын илеп мұңның.

Сені де мазалай ма,

Тағдырдың тоғыспас жолы?

Тәңірдей дидарлым-ау!

Қисыны қиғаш аруана фәни,

Қол созшы, қиналдым-ау!

Сен мені ойлайсың ба?

Мен сені, күнде жаным...

Ал бүгін тілде балым —

У болып уақытыма зәр кұюда,

Осылай уланғанмын.

Ұйқастық, ұқсастық па?

Е, ондай бола алмадым.

Қанымды ішіп қойды қабарған мұң.

Бақыттың Сен сияқты бұтағына

Баянсыз бүршік болып жаралғанмын.

Сен мені ойлайсың ба?

Мен саған жеткізе алман,

Жанымның шөлдейтінін.

Сарғайып сана, құс болдым ғой мен,

Көзімен сөйлейтұғын.

Кездеспей кеттік!

Сені де өмір алып ағыстарға,

Салды ма нанымы зор жарыстарға?

...Махаббат — мәңгіліктің мәңгүрттігі,

кететін бірге еріп ғарышқа да!

Кездеспей кеттік неге,

Уақытпен уланып сана,

Аялап гүлдің мұңын?

Ғашықтың ділі — Мәңгүрттің күні

Екенін білдім бүгін.


 


ҚАЗАНАМА

(Бауыржан Үсеновке)

Сұм ажал адырнасынан

кімдерді байлап атпаған,

Қорамсақ толы сұр жебе

кімдерге әлі сақтаған?

Жақсы адам өтсе өмірден

жақсының жанын езеді-ау,

Ақ найза толғап қомдана

орданы бұзар кезі еді-ау!

Томсарған тірлік қобызын

толайым жүрек толғай ма,

Біздерге олқы кең дүния

сіздерге арман болмай ма?!

Жатсың ба жайлы, жас аруақ,

бүлкілдеп бейбіт беткейде,

Қырапдар көзін жұмғанша,

кұзғындар кырптып кетпей ме!

Мезгілсіз сөнген жалын көп,

сұм ажал кімді елеген,

Оқ тиіп ол да — отызда

көз жұмбап пе еді Төлеген?

Жиырма бір жасын арқалап

Артығали да арманда,

Мұқағали да аттанған

жырларын жалғап жалғанға.

Адвокаттарды менсінбес

бұл ажал дейтін — ауыр заң,

Саламат болсын иманың,

бақыл бол, көкем Бауыржан!

Құмалақ ашса көңілім,

жүректі күпті ой үңгілер,

Ішінде кеткен сыр аз ба ед,

өзінен басқа кім білер?!

Өмірді қорғап әлі де

ак, қанат жырлар жазбас па ең,

Алқымнан алған ажалға

қаламмен қабір қазбас па ең?!

Балдағы асыл семсер жыр

сермелмей, әттең, сынды ғой,

Құрақтай ғұмыр ғасыл боп,

жанарға шықтар тұнды ғой.

Ахцы ғой ақын тағдыры,

тәттісін Тәңір қимайды,

"Адамдар сияр табытқа

ақындар бірақ сыймайды!".


 


ҚЫЗЫЛ ӨЛЕҢ

Қасіретке боялған ба қызғыл түн,

Қиыр-қиыр қыраттар да қызғылтым.

Қоса ағарар қосағасын аңсайды,

Қойлы ауылға қиған еді ол қыз қылқын.

Сәтінде ағам отарды үйге бұратын,

Шай даярлап қырда ол күтіп тұратын.

Қапелімде қазанаттың ері ауып,

Қайғы-мұңға төрін берді мына түн.

Ықтырардай ырық бермес лаңды,

Қариялар күбірлесті Құранды.

Ағам ғана аймалайтын ақ алқым,

Жесірліктің жасыменен шыланды.

Аза тұтты ағайындар түгел кеп,

Акқа орап, алып кетті кілемдеп.

Үш жылдан соң әкем жатты оң жақта,

Қара ұлыма қамқор болып жүрем деп.

Апам сосын қара киіп қамығып,

Қара ұлы мен шалын ойлап зарығып,

Жоқтау айтып отырушы еді, оны да —

Қара дауыл қағып кетті қағынып.

Тоқтата алмай тосын келген ажалды,

Жіңішкерді, жүйкем менің қажалды.

Кетем деп ем, кете алмадым, қимадым,

Қия алмадым тірлік дейтін тажалды.

Маңдайымды сүйеп құлпы тасына,

Ата-анам мен бауырымның кеп басына,

Жазылмаған жырымды оқып тұрамын —

Қазылмаған қабірімнің қасында.


 


ҚАҢҒЫБАС


Алматыға келдім мен.

Сенделіп - жаз, қыста да,

Көшесіне мас күнімді бердім мен,

Тағдырымды — Құдай деген ұстаға.

Бауыр, Ана, Әке өлген —

Ақ ажалдың азығы.

Бірақ мені Алматыға әкелген,

Олар түтіл, пойыздың жоқ жазығы.

Жол жабылды. Алды-артым жар кілең,

Арманымды аялап па ем, сорыма?

Жетпей қалдым, Айды алам деп қарғып ем,

Қайта түстім көшелердің торына.

Талай-талай жақсы ақындар бар мұнда,

(нашары да аз емес!)

Алайда анау Абай шалдың алдында,

Е, бәрі де мәз емес.

Жоғы жақсы аға да бар... (Түкіргем),

Іші — жылан, сырты — абыз.

Түгі де жоқ бітірген,

"Оу, есіл еддің есін неге жыртасыз?!" —

Деймін кейде қапалы,

Әй, түйіні көп, иіні жоқ тірлік-ай!

Көз алдымда ағып бара жатады,

Таза кезім бұлдырай.

Ышқырына қолы жетпей қоғам тұр,

Ақындарын сүймейтін.

Кім не істейді оған дүр,

Надан өсті заманына күйлейтін.

Енді елге қайту өлім маған да,

Барар бағыт белгісіз.

Жан тапталды жапырақтай табанда,

Неғылдейсіз енді сіз!




БАРДА

Ей, иманды,

Ей, мейірімді — ізгі адам

(Отқа қарап қалмайсыз ғой сіз одан),

Жанға сайғақ, жүрекке ем үшін де,

Құдай үшін, құйыңызшы жүз грамм.

Менің жаным жалғыз жұтым заһарда,

Қолыңда тұр қосу-қоспау қатарға.

Кім біледі, бәлкім, дос боп кетерміз,

Бәлкім, мәңгі бір шығармыз сапарға.

Ей., иманды,

Ей, мейірімді бүлдіршін,

Мен көтерген тағдыр жүгін кім білсін?!

Жылай-жылай Құс жолында адасқан,

Зағип кісі не нәрсені бүлдірсін?!

(Жас ғұмырын рәсуә еткен қасқа боп,

Мына өмірден босқа өтіп, босқа кеп...

Қатар тұрып Көкке қолын түйетін,

Жанарыма тік қарайтын дос та жоқ).

Ей, иманды,

Ей, мейірімді қарғашым,

Біздей ғаріп сізді қайтіп алдасын?!

Қос алмасын қос қанатпен қымтаған

Періштем-ай, пейіш дейтін бар ма шын!

...кұйыңызшы жүз грамм...


 


ӘДИЛӘ

Уа, Әдилә!

Мынау қалың қорымға,

Бір басыма қос Ай қадап кіріп ем,

Сірі деммен серт тайысқан күні мен.

Алғашқысы — аруақтар, соңғысы

Жасыл өңді ғасыл ғарақ тіріден,

көңілім қап Маралтай мен Құдайға,

Маңдайымда қара сызық Күн, Айға.

„Қарабақ қып сезімімді таптатпа!"

Деп мінәжат етпеп пе едім Ұмайға?

Сау қанатым қалмаған соң күймеіен,

Рухымды қан мен сүтке илеп ем.

(Саған жаным ашитыны тағы рас

Емшегіне еркек ерні тимеген.)

Е, Әдилә, айналайын Әдилә!

Қапелімде шыға келіп нұрдан сіз –

Мұңдана алмас мисыздарды мұнданғыз.

Қара түсті қалампырды күшақтап,

Құлпытастан күліп қарап тұрған қыз.


 


БАҚЫТ

Сорлап жүрсің билік айтар тақ болмай,

Жүрмін мен де басыма бір бақ қонбай.

Жердің беті — шахматтың тақтасы,

Тоқтамайтын корольдері мат болмай.

Тағдырыммен әзілдестім тіресіп,

Тақ пен бакқа қызыққам жоқ күресіп.

Бір кездері сүйген едім бір қызды,

Сол қызбенен кетсе керек ілесіп.

Маған солай, бәлкім, сізге күлкілі,

Бақыт деген — балмұздақтың бір түрі.

Оны көрсем одан бұрын мұз болдым,

Жанарымды жалықтырып жылтылы.

Оу, оң көзім, қабақ шытпа сол көзге,

Сен де, ей Бақ сәтсіз күні жол кезбе.

Танымас та ең, қонбас та ең бәрібір,

Бөтелкенің қасында едім ол кезде

Ақындардан арылған жоқ сор әлі,

Мойынымда - бар Әлемнің обалы.

Бақыт деген атақ, мансап болса егер,

Бақытсыз-ақ күн кепіуге болады!


 


ЖЕЗӨКШЕ


Мен қайтейін, тағдырыма көз өтсе,

Ете берсін, былайғылар сөз етсе.

Одан кейін жолыққан жоқ ондай жан,

Жалғыз түнге жолдас болған жезөкше.

Шексіздіктен сыр жеткізіп тұнық түн,

Тынық түннің ләззатына кұнықтым.

Мен сіз жайлы

Және бүкіл қыз жайлы

Ғайбат ойдың жетегінде жүріппін.

Жаттың солай бауырымда шашылып,

Періштемнің алапасын қашырып.

...Ай боп жылап қарап тұрды әйнектен

Махаббатым!..

Аяғы — сор, басы — үміт...




О ДҮНИЕГЕ ХАТ


“Мен өлермін алтын Күннің

шығуына қарамай"


                       С.Ерубаев


Алтын шашын тарқата алмай батқан Күн,

Арыстай боп Ай астында жатқан кім?!

Ағып барып жоқ боп кеткен сәріде,

Анау жарық жұлдыз ғой Саттардың.

Тас түнекті тас төбеден қашырып,

Әппақ өлең бара жатыр шашылып.

Сүттей сәуле Кұсжолыңа сіңгенде,

Алқаракок кеңістікке асылып.

Ажал сыры түйсігінде сақгалған

Ғазал сыры мәлім болған Саттардан.

Қанаты бар қарындастар дүрлігіп,

Пыр-пыр етіп ұшып жатыр бақтардан.

Тірілердің бәрі өледі — мұңдаспыз,

Өлгендердің бәрі тірі – құрдаспыз!

Қыршын кеткен ақын көрсең сәлем айт,

Жиырма үшімде ұшып кеткен, сырлас қыз.

Бақыт бар деп босқа өткізіп күндерін,

Сүйретіп құр сүлдерін.

Амалы жоқ ақпаған соң жұлдызы,

Қанаты жоқ, қайғы жұтып жүр дегін.

Құстар қайта қонып жатыр бақтарға,

Осылай деп бұлжытпай айт Саттарға.

Бататын Күн шығу үшін батады,

Жалғыз біз бе жетпей кеткен ақ таңға.

...Маралтай деп қол қоюым шарт емес

О дүниеден жауап келмес хаттарға.


 


***


"Тоқтайын ба!" — дейді маған жүрегім

(Ол тоқтаса, не боларын білемін...)

Сұлу қыздың дидарындай дүние-ау,

Не болады мен кеткен соң реңің?..

Сен тоқтарсың су құйғандай отқа, рас,

Сен тоқтарсың,

Өмір бірақ тоқтамас.

Сен бақытты о дүниеден іздейсің,

О дүниең бұ дүниеге — бақталас!

"Тоқтайын ба!" дейді маған несіне?!

Тоқтап қалған таулар түсті есіме.

Көшіп жатқан бүлттар түсті есіме,

Асау өзен ағып жатыр көсіле.






ИГІЛІК

Ару суйдім ерінімді күйдіріп,

Шарап іштім шараяққа қуйдырып.

Соның бәрін жүрегіме сыйдырып,

Мен өзіңнен алып кеткем, Игілік.

Табанымды топырағың күйдіріп,

Алпыс екі тамырымды идіріп.

Сол баяғы алқам-салқам қалпымда

Мен келдім ғой, айналайын, Игілік.

Анам қайда, ауызында тобасы,

Әкем қайда... (жатыр әне моласы).

Қоңыр мүңға қоңыр қобыз қосқандай,

Жанарымның жаудыраған қарасы.

Ей, жанарымның жаудыраған қарасы,

Әнеу бір жан жылап түр ма, қарашы.

Жесір жеңгем күліп шықса алдымнан,

Жетім үлдың жетілген ғой санасы.

Қалды сенде жастық деген жан әнім,

Жан әнімнің неге жырттым парағын?!!

Алатаудай асқақ едім,

Мен бүгін -

Сен көріп аласарып барамын.

Жорытсақ та сонау Күннің түбіне,

Күңірене сұм фәниден түңіле.

Бейбарыстай жусаныңа ынтығып,

Саған жетіп жығылармыз түбінде.

Жығылармыз,

Тағдыр заңы ол-дағы.

Тағдыр деген жезөкшедей жолдағы.

Пәк қалпында алып кеткен жанымды

Ақ қалпында қайтып берсем болғаны.


«КЕНТАВР»

«Жалын» баспасы 2008




 




Көрілген: 6253    Пікірлер: 0

жексенбі, 14.04.2019, 17:55

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31