1 қаңтардан бастап мұғалімдердің жалақысы тағы 25%-ға өсті

13 қаңтар 2022, 15:10

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап балабақша тәрбиешілерінің, мектептер мен колледждердің, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесі педагогтарының жалақысы тағы 25%-ға ұлғайды деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі БҒМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, барлық педагогтар жоғары жалақы алады. Сонымен қатар, жалақымен бірге мұғалімдер алатын қосымша төлемдер де артады.

«Бұл – біліктілік санаты үшін (лауазымдық жалақының 30%-нан 50%-на дейін), магистр дәрежесі үшін, ағылшын тілінде пәндерді жүргізгені, дәптерлер тексергені, сынып жетекшілігі және тәлімгерлік үшін төленетін үстемеақылар», – деп атап өтті Шолпан Каринова.
Айта кетейік, педагогтардың жалақысы оқу жүктемесіне, білім деңгейіне, біліктілігінің, жұмыс өтілінің, магистр дәрежесінің болуына және басқа да қосымша ақыларға байланысты есептеледі.

«Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында кітапханашылар, бухгалтерлер, зертханашылар және білім беру ұйымдарының басқа да қызметкерлерінің жалақысы өсті. 2022 жылдың қаңтар айында олардың жалақысы орта есеппен алғанда 20%-ға артады және ары қарай жыл сайын Президент жолдауы шеңберінде өсіп отыратын болады», − дейді Білім және ғылым бірінші вице-министрі.