Инженерлердің жаңа буынын тәрбиелеу қажеттігіне мән берді

13 қаңтар 2022, 20:00

Жаңа жылдың басында орын алған жаппай тәртіпсіздік пен халықаралық терроршылардың қитұрқы әрекеті елімізге үлкен сын болғаны белгілі. Міне, осындай ел басына түскен қиын-қыстау кезеңде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің мықты жетекші екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Елдегі жағдай тұрақталып, халқымызға соңғы күндері төнген қауіп сейіле бастады. Президентіміз Қ.Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің кезекті отырысы барысында сөйлеген сөзі еліміз тарихындағы жаңа бір кезеңнің басталғанының нышаны деп айтуға болады. Ол бірқатар маңызды әлеуметтік және саяси реформалар жайлы келелі сөздер айтты.  

Президент үндеуінде қарастырылған мәселелерді бірнеше блокқа бөліп қарастыруға болады. Соның ішінде, ең бірінші, бұл – мемлекеттік қауіпсіздік. Орын алған тәртіпсіздіктер мен террорлық актілер еліміздің құзырлы органдарына үлкен сынақ болды және бұл сынақтан олар өткенімен де, орын алған оқиғалардан алатын сабақ көп екенін атап өтті. Осыған байланысты Президентіміз: «Еліміздің қауіпсіздігін нығайту және қауіп-қатердің алдын алу үшін шұғыл іс-шараларды жүзеге асыру қажет. Біз сарбаздарды, әскери техника мен қару-жарақты қажетті жерге жедел жеткізу үшін әскери-көлік авиациясы паркін толықтыру ісін қолға аламыз», – деді. Сонымен қатар кейбір қалаларда орын алған ҰҚК басшыларының келеңсіз жағдайлары жайында айта келіп, құқық қорғау жүйесін реформалау қажет екенін атап өтті.

Президент сөзіндегі мәселелердің екінші блогы аса маңызды әлеуметтік-экономикалық блок екені сөзсіз анық. Әрине, қайғылы оқиғалар себептерінің бірі ретінде елдегі соңғы жылдары орын алған экономикалық қиындықтар мен әлемдік пандемия салдары екені белгілі. Соның ішінде ереуілдерге сылтау болған сұйытылған газ және жанармай мәселесіне ерекше тоқталды. «Жылдан-жылға біздің азаматтарымыз бен кәсіпкерлеріміз жанар-жағармай өндіру және оны бөліп тарату жүйесінің ашық болмауынан зардап шегіп келеді», – деп ащы шындықты айтып өтті. Осы ретте Бас прокуратура Бәсекелестікті қорғау және даму агенттігі Энергетика министрлігімен бірлесіп, осы саладағы жұмыстарды ретке келтіруге, оны реформалау үшін кешенді ұсыныстар әзірлеу қажет екенін атап өтті. Қаржы жүйесінің тұрақтылығы экономиканың тірегі екенін атап өткен Мемлекет басшысы халықтың табысында алшақтық пайда болғандықтан, тұтыну несиелері айтарлықтай артып жатқанын сөз етті. Қаржы нарығын құбылтуға себепкер болуы мүмкін факторлар ішінде халықтың қазіргі уақытта көп несие алып жатқанын айта отырып, оның әлеуметтік тұрақсыздық қаупін тудыруы мүмкін екенін атады. Сонымен қоса, Президент Тоқаев «Самұрық Қазына» қорына қатысты орынды сын айтты. Елде құрылып жатқан «Қазақстан халқына» қорының денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге өз септігін тигізуі қажеттігіне тоқталды.

Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы білім беру саласына қатысты да орынды сын айтты, әсіресе елде маман тапшылығы байқалатын және көп сұранысқа ие техникалық мамандықтар, соның ішінде инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын тәрбиелеу қажеттігіне мән берді. Президент өз сөзінде 2025 жылға қарай ел аумағында танымал жоғары оқу орындарының кемінде бес филиалын ашу қажеттігін атап өтті. Оның ішінде кемінде екі ЖОО еліміздің батыс өңірінде орналасуы және техникалық бейіні болуы тиіс. Айта кету керек, бұған дейін Президент Қ.Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесу барысында МФТИ және Бауман атындағы ММТУ сияқты ресейлік жоғары оқу орындарының Қазақстанда филиалын құрудың маңыздылығы туралы айтқан болатын.

Мұндай ұсыныстың маңыздылығы батыс өңірлердегі жастар үшін сапалы жоғары білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету және жастардың маргинализациялану, олардың деструктивті діни ағымдарға тартылу қаупінің алдын алу қажеттілігімен байланысты. Бұл аймақтардағы жоғары білім беру ұйымдарының желісін дамыту демографиялық процестер тұрғысынан да өзекті. Атап айтқанда, Маңғыстау облысында 2020 жылдың соңындағы жағдай бойынша жастар саны 147,4 мың адамды құрады. Бұл ретте облыс аумағында 10 мыңнан астам студент контингенті бар екі ЖОО ғана жұмыс істеді. Жаңа жоғары оқу орындарының ашылуына батыс өңірлердегі жастар арасындағы қоғамдық пікірді, атап айтқанда, сапалы жоғары білімге қолжетімділіктің болмауы сияқты көші-қон факторларының негізгі pull факторларын талдау да оң әсерін тигізуде.

Жалпы, Президентіміз Тоқаев қойған мәселелердің барлығы өте өзекті, орынды және уақтылы көтеріліп отыр. Осы белгіленген реформалардың сәтті іске асып, ел дамуына оңтайлы үлес қосатынына кәміл сенеміз.

 

Әділбек ЕРМЕКБАЕВ, 

Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика

кафедрасының аға оқытушысы