"Жолдасы келгенде пәтердің есігі іштен кілттенген екен": Алматыда қайтыс болған 34 жастағы әйел мен балалары туралы көршісі айтты

08 тамыз 2022, 23:15

Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінен мәйіті табылған 34 жастағы әйел мен оның екі баласының өлімі қасақана жасалған болуы мүмкін. Қалалық прокуратура олардың денесінде зорлық-зомбылық іздері болғанын анықтаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана телеарнасына сілтеме беріп.

“Марқұм 34 жастағы әйел мен оның 2015-ші және 2020-шы жылы туған балаларының денесінде зорлық белгілері табылды. Полиция департаменті адам өлтіру дерегі бойынша соталды тергеуді бастады, оның аясында тергеу және жедел-іздестіру шараларының толық кешені жүргізіліп жатыр”, – делінді қалалық прокуратура мәліметінде.

Тиісті сараптамалар тағайындалып, бейнематериалдар зерделеніп, куәгерлерден жауап алынады. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес соталды тергеудің өзге деректері жария етілмейді.

Анасы мен балалардың денесі бүгін жер қойнына тапсырылды. Ал қайғылы оқиға болған пәтер қазір жабық тұр. Есік мөрленген.  Көршілері болған жағдайдан ес жия алар емес.

“Естігенде аң-таң болдық. Әйелді сырттай білетінмін. Оқыс қылығын көрмедім. Екі баласы да осы жерде ойнап жүретін. Жолдасы келгенде пәтердің есігі іштен кілттеніп тұрған. Бұзып ашып, мәйіттерді көрген”, – дейді көршісі Сарбасова Айнұр.