Таулы Қарабақтың қабағын қалай ашамыз?

23 сәуір 2010, 14:53

Қақтығыс неден басталды?
1988 жылдың басында Таулы Қарабақтың облыстық депутаттар кеңесі Әзірбайжаннан Таулы Қарабақты алып шығып, Армения құрамына қосу бойынша іс-шараларға кірісті. Әрине, мұндай шешім жергілікті халықтың ашу-ызасын туғызып, ол жаппай этникалық қақтығысқа әкеліп соқты. Оның ақыры 1989 жылдың аяғында кең көлемді әскери қақтығысқа ұласты. Соның нәтижесінде 1994 жылы армяндар Таулы Қарабақтың бүтін территориясын бақылауға алып, Әзірбайжанның 14 пайыз жерін иемденді. Бұл соғыста 40 мың адам қаза тауып, шамамен миллионға жуық адам туған жерін тастап, әлемнің түкпір-түкпіріне босып кетті. 1994 жылы мамыр айында Ресейдің ара ағайындық танытуымен әскери іс-қимылды тоқтату туралы келісімге қол қойылды. Алайда ол мәселені түбегейлі реттеп шешкен жоқ. Өйткені Әзірбайжан Таулы Қарабақты қайтарып алуға мүдделі, олар жері үшін қан төгіп, жанын беруге дайын екенін талай рет мәлімдеді де. Ал Армения болса, егемендігі мойындалмаған бұл мемлекетті заңды түрде танитындығын уәде етіп келеді.

Жанжалды реттеудегі ЕҚЫҰ-ның рөлі
1992 жылы 24 наурызда Минскіде ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер Министрлер кеңесінің төтенше отырысында Таулы Қарабақ бойынша халықаралық конференция ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Ол конференцияда Армения мен Әзірбайжан арасындағы қарулы жанжалды реттейтін Минск тобы тең төрағаларының институты құрылды. ЕҚЫҰ Минск тобының негізгі мақсаты – Таулы Қарабақ жанжалын реттеу және жанжалдасушы тараптар арасындағы түсіністіктің сақталуына бақылау жасау. Минск тобы 1993 жылы ресми Баку мен Ереванға даулы аумақтарды реттеу жоспарын ұсынған болатын. Алайда бұл жоспарды Армения да, Әзірбайжан да қабылдамады.

Дегенмен Таулы Қарабақ проблемасын келіссөздер жүргізу арқылы реттеуде соңғы жылдары шамалы ілгері басушылық байқалады. Беделді халықаралық ұйымдар, оның ішінде ЕҚЫҰ Таулы Қарабақ жанжалын реттеу жөніндегі Минск тобының ұсыныстарына сүйенгенді жөн санайды. Өйткені Минск тобы Армения мен Әзірбайжан арасындағы жанжалды тек келіссөздер бойынша реттеу қажеттігін ұстануда. Екіншіден, алты-жеті жылға созылған Армения-Әзірбайжан қақтығысы ЕҚЫҰ араласқаннан кейін ғана басылған болатын.

Қазақстанның қадамы
ЕҚЫҰ төрағалығы міндетін атқаруда Қазақстан әлемдегі және аймақтағы шиеленісті жағдайларды басты назарда ұстайтындығын мәлімдеді. Соның ішінде Таулы Қарабақ мәселесі бойынша да нақты іс-қимылдар жасауда. Бұл ретте Елбасының тапсырмасымен ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы – сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Оңтүстік Кавказ елдеріне сапарын, оның ішінде жанжал өзегі – Таулы Қарабақтың өзінде болып, саяси партия, қоғамдық ұйымдар өкілдерімен кездесіп, мәселенің мән-жайын білуін, Армения және Әзірбайжан мемлекет басшыларымен жеке-дара бас қосуын, Минск тобының басшыларымен кеңесуін дәйек ретінде атап өтуге болады.  Қазақстан өкілінің сол сапары жайында ЕҚЫҰ Минск тобының тең төрағасы Юрий Мерзляков: «ЕҚЫҰ-ның төрағасы Қ.Саудабаевпен өткен кездесуді жоғары бағалаймыз. Жүздесудің ЕҚЫҰ төрағасының Оңтүстік Кавказ мемлекеттері бойынша өңірлік сапары алдында ұйымдастырылуының маңызы зор. Қ.Саудабаев Таулы Қарабақ  жанжалының шығу түбі, оның өршуі жайында жан-жақты хабардар екендігін көрсетті. Негізі, өңірдегі жанжал 1990 жылдың басында таза ішкі мемлекетаралық сипат алған болатын. Алдағы уақытта бұл мақсаттағы жұмыс жемісті болады деген сенім бар», – деп тұжырымдап еді.

Бір пікір
Нұрлан СЕЙДІН,
саясаттанушы:
– ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы – сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев жыл басында Армения және Әзірбайжан Президенттерімен жеке-дара кездесіп, Елбасының арадағы жанжалды бейбіт жолмен реттеу жөніндегі арнайы ұсынысы бар құжатты тапсырып қайтқан-тұғын. Әрине, ол құжаттың мазмұны көпшілікке жарияланған жоқ. Бірақ Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде аталған мәселе жауапкершілігі жүгін арттыруда осындай қадамдар жасап, өз міндетін атқаруда. Менің ойымша, Таулы Қарабақ мәселесін түбегейлі шешпесек те, бұл бағытта қандай да бір алға жылжуға қол жеткізе аламыз. Күн тәртібіндегі мәселелер легін қысқартуға мүмкіндік бар деп айтуға болады. Өйткені бұл мәселе бізге бұрыннан таныс әрі кезінде аталған екі мемлекетпен етене-жақын араласып, бауырлас болдық қой. Қорыта келгенде, Қазақстанның Таулы Қарабақ жанжалын бейбіт жолмен реттеу бағытында атқарған жұмысының аймақтық, халықаралық саясатта өзіндік рөлі болады деп сенемін. 

Дерек пен дәйек
2005 жылғы санақ бойынша Таулы Қарабақта 137 737 адам тұрады екен. Оның түгелге жуығы армяндар – 137 380 (99,74 %);
орыстар – 171 (0,1%);  гректер – 22 (0,02%);  украиндер – 21 (0,02%);  грузиндер –12 (0,01%); әзірбайжандар – 6 (0,005%); өзге ұлт өкілдері – 125 (0,1%).