Сынған көлікті Қазақстанда кедендік рәсімдеуге бола ма?

07 маусым 2022, 20:32

Шетелден әкелінген сынған көлікті кедендік рәсімдеуден өткізу мүмкін емес, өйткені сертификат қажет, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.

«Шетелден әкелінген сынған көлікті кедендік рәсімдеуден өткізу мүмкін емес, өйткені сертификат қажет. Машина уақытша сақтау қоймасында болғандықтан, оны жөндете алмайсыз. Сонда не істеу керек? Барлық қойма сынған көлікке толып тұр», — деп жазды Kolesa.kz оқырманы. Мұндай сұрақ біздің редакцияға күнде келеді.

 

Жүргізушілердің хатын Алматы қаласы мемлекеттік кірістер департаментіне жолдадық. Машинаны кедендік рәсімдеу үшін иесі көлік құралы құрылымының қауіпсіздігі туралы сертификат ұсынуы керек. Яғни, Кедендік одақтың «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» 018/2011 Техникалық регламентіне сай келетін және осы талапқа сәйкес келетінін растайтын құжаты бар автокөлік қана кедендік ресімдеуден өтеді. Мұндай талап «Жол қозғалысы туралы» заңда да бар.

 

Кеден қызметкерлерінің айтуынша 2022 жылы көлік прокуратурасы Қазақстанда көлік құралы құрылымының қауіпсіздігі туралы сертификат беретін зертханаларды қадағалай бастады. Олар елге жеткізілген машиналарды мұқият тексереді. Жол апатына түскен көліктер тіпті қауіпсіздік жүйесі істен шыққан болса да сертификат ала алмайды. Қауіпсіздік жастығы болуы қажет, бірақ ол әлдеқашан «ашылып» кеткен. Дегенмен олар ең алдымен шанақтың бүтіндігіне мән береді. Уақытша сақтау қоймасы аумағында шағын ақауларды ғана жөндеуге рұқсат беріледі. Мысалы, бампер мен шам сынған болса немесе бөлшекті ауыстырғаннан кейін машина қалпына келсе ғана. Ал машина аударылған немесе қаңқасына ауыр зақым келген болса, бұл үлкен мәселе саналады.

 

Не істеу керек? Кеденшілер мұның жалғыз жолы сынған машинаны шетелге апарып жөндетіп, содан кейін ғана рәсімдеуге болатынын айтады.

 

Брокерлер мен сертификат беретін зертханалар көлікті Қазақстанға жіберер алдында оны жан-жағынан суретке түсіріп, бағалауға жіберуге кеңес береді. Сонда ғана оны тіркеуге мүмкіндік бар-жоғын білуге болады. Бірақ бұл да сенімді емес, өйткені фотодан барлық бүлінген жерді көріп бағалау мүмкін емес.

 

Ендеше сырттан келген сынған көлікті қосалқы бөлшек ретінде қайта тіркеуге бола ма?

 

Өкінішке қарай болмайды. Өйткені кедендік декларацияға сәйкес ол бөлшек ретінде емес, автокөлік ретінде әкелінген. Елге машинаны қосалқы бөлшек ретінде жеткізу үшін оны шекарада автобөлшек жиынтығы ретінде қайта тіркеу керек (шанаққа, шассиге, қозғалтқышқа және т.б бөлшектерге бөлек декларация толтырылады), содан кейін ғана Қазақстанда кедендік рәсімдеуден өтеді. Бірақ мұндай машинамен жолға шыға алмайсыз.