Geely электрокар топтамасын шығарады

25 қаңтар 2023, 17:16

Geely нарыққа биыл шығатын сәнді электромбилінің алғашқы суретін жариялады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.

Ол электромотормен жүретін бүтін бір топтаманың алғашқы моделі болады. Қытай маркасы NEV (New Energy Vehicles) деп атаған топтама құрамына гибрид көліктер де кіреді.

 

 

Суреттегі көлік седан деп кесіп айтуға келмейді. Өйткені тизерден типін анықтау қиын, ол лифтбек болуы да мүмкін. Дегенмен минималистік жақтауы бар, капоты өте ұзын сүйір пішінді машина өте сәнді көрінеді.

 

Одан бөлек концептіге футуристік жүріс шамдарын, есік тұтқасы тұратын жерге диод орнатыпты. Олар шанақ тірегішіне жақын тұр, соған қарағанда артқы есік қозғалыс бағытына қарсы ашылатын сияқты.

 

 

Жергілікті басылымдар таратқан мәліметке сүйенсек, дөңгелек базасы үш метр болатын машинаның ұзындығы бес метрге жуықтайды. Ол жүріс қоры мың шақырымға жететін Zeekr 001 премиум моделіне негізделеді деген болжам бар. Бірақ Zeekr аспан асты елінде премиум бренд саналады, ал нарыққа Geely маркасымен шығатын топтама арзанырақ болуға тиіс.

 

Жаңа топтама құрамында басқа қандай модельдер болатыны әзірше белгісіз, арасынан седан да, кроссовер де көретін шығармыз. Тың бағыт дами келе жеке суббренд ретінде бөлінуі мүмкін.