Ресей салондары «ладаны» екі есе қымбат сатып жатыр

19 қазан 2021, 00:25

Ресми сатушылар көлікті қосымша жабдықсыз салоннан шығармайды деп хабарлайды kolesa.kz.

 

«За рулём» журналы Ресейде қосымша жабдықсыз арзан көлік алу мүмкін болмай жатқанын жазды. Одан бас тартқан тұрғындарды 3-5 айға кезекке жазып қояды екен.

 

Процесті қарапайым жиынтықтағы Lada XRAY моделін (Қазақстанда бағасы 6.14 млн теңгеден басталады) мысалға алып түсіндіріп көрейік. Зауыт ұсынған бағасы 799 900 рубль (106 ат күшіне ие 1.6 литрлік 16 клапанды мотор, түсі ақ, салқындатқышы бар қарапайым нұсқасы) болатын көлікті алғысы келген адамға саудагер мынадай дүниелерді қоса сатады:

 

300 000 рубльге — сигнализация, кілемшелер және т.б. Редакцияның есебі бойынша оларды тым жоғары бағада саудалайды, ал басқа дүкеннен алсаңыз, 90 мыңнан артық ақша кетпейді екен.

 

250 000 рубльге — өмірді сақтандыру (несиеге алғанда міндетті).

 

130 000 рубльге — КАСКО сақтандыруы.

 

Нәтижесінде автокөлікті бірден алу үшін қосымша 430-680 мың рубль жұмсауға тура келеді. Демек екі есе қымбат. Бұл шынымен болған жағдай. Әр жерде әртүрлі ақша қосқанмен, артық төлем 50 %-дан кем болмайды. Көп дилер қолма-қол ақшаға тауар сатқысы келмейді, себебі мұндайда қосалқы заттар қосу қиынға соғады.

 

Қазақстанда да тапшылыққа байланысты сұраныс жоғарылағандықтан, көрші елдегі әріптестерінің айласы жергілікті сатушылардың көңілінен шығып жатқанға ұқсайды. Соған қарағанда салонда кілемше мен дабыл жүйесі сыйлыққа берілетін науқандар келмеске кететін сияқты.