"Сәйгүлік" тізгіндегендерге де тыйым бар

09 тамыз 2022, 09:56

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы самокатшылар 68 жол-көлік оқиғасын туғызған, салдарынан 71 адам жапа шегіп, 1 адам қаза тапты. Биыл жыл басынан бері осындай 48 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Нұр-Сұлтан, Алматы сияқты ірі қалаларда мопед, электросамокатпен жүретіндердің қатары күн санап артып келеді. Көлік кептелісінен қашатындар, жеткізу қызметімен айналысатындар, қала қонақтары мен тұрғындары жеке немесе жалға берілетін мұндай құралдарды жиі қолданады. Сәйкесінше, жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысына кедергі келтіру, жол ережесін бұзу, жол-көлік оқиғасына себепкер болу фактісі жиілеген. Аталмыш көлік құралдарының иесін жөнге салу мәселесі бірнеше рет көтерілді, наразы тұрғындар әртүрлі ведомствоға шағым түсіріп келеді. Мәселен, өткен айда Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевпен кездесуде тұрғындар үлкен жылдамдықпен жүретін самокат иелерін жауапқа тарту туралы арызданған болатын. Қала басшысы Алматы бойынша арнайы жол ережесін көрсететін белгілер орнату мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.

Соңғы айларда полиция мопед пен электросамокат жүргізушілерін жіті бақылауға алды. Ереже бұзған көлік иелерін жауапқа тартып, айыппұл салып жатыр. Әкімшілік полиция комитетінің мәліметінше, жиі бұзылатын ережелер – жылдамдықты арттыру, аталмыш көлік түрлеріне мінгесіп отыру, мопедті шлемсіз жүргізу, жаяу жүргіншілер жолынан жылдамдықпен өту және тағы басқа.

Өкінішке қарай, мопед, әсіресе, самокат жүргізушілердің басым көпшілігі жол ережесінен бейхабар. Нұр-Сұлтанда жеткізуші болып жұмыс істейтін 21 жастағы Әлішердің «тұлпары» – электросамокат. Ол бұған дейін айыппұл төлеп көрмегенін айтады.

«Жарты жылдан бері жеткізу қызметімен айналысатын компанияда жұмыс істеймін. Бастапқыда велосипедпен жүрдім. Таңнан кешке дейін жұмыс істейтін болғандықтан, аяғым талып, шаршайтын болдым. Бірге қызмет істейтін жігіттер электросамокатпен жүретін, солардан көріп, мен де сатып алдым. Атауы – Ninebot ES4, сағатына 30 шақырым жүреді. Қуаты 45 шақырымға жетеді, күніне екі рет қуаттаймын. Самокат велосипед сияқты көлік қой. Оны басқарудың нақты ережелері бар деп ойламаппын. Бастысы – жолда абай болу. Жол-клік оқиғасына тап болып көрмеппін. Бірде тұрғын үйлердің арасымен кетіп бара жатқанмын. Кенет ауладан бір топ бала жүгіріп шықты, оларды қағып кетпейін деп, тежеуішті бірден бастым. Өзім бір жаққа, самокатым екінші жаққа ұшып түсті. Балалар дін-аман, өзім жарақат алдым. Балалармен жағдай сұрасып, қол алысып тарастық», – дейді Әлішер.
Жалпы, мопед қозғалысы «Жол жүру туралы» заңға сәйкес реттеледі. Көліктің бұл түрін жүргізетіндер ереже бұзса, «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекске сәйкес жауапқа тартылады. Мопед – қозғалтқыш көлемі 50 шаршы санитиметрге, ал ең жоғары конструктивті жылдамдығы сағатына 50 шақырымға жетпейтін екі дөңгелекті көлік құралы. Мопедтің бұл түрін куәліксіз жүргізуге болады, алайда жүргізуші 16 жасқа толған болуы керек. Жас шектеуін бұзған жағдайда жасөспірімнің ата-анасы жауапқа тартылады. Егер мопедтің қозғалтқыш көлемі 50 мен 125 шаршы сантиметрдің арасында болса, оны жүргізуге А1, ал 125 ш/с асқан жағдайда А категориясының жүргізуші куәлігі қажет. Мопедтің бұл түрін 18 жастан асқандар ғана жүргізе алады. «Жол жүрісі туралы» заңның 57-бабына сәйкес, мопед жүргізушілері тротуармен және жаяу жүргінші өткелімен жүре алмайды, оларға велосипедке арналған жолмен, болмаса жол жүрісі қағидаларына сай көлік жолының оң жағындағы жолақпен жүруге рұқсат бар. Оларға жолаушы тасуға, ұзындығы және ені көлік құралының габаритінен 50 сантиметрге асатын және көлікті басқаруға кедергі жасайтын жүк тасымалдауға тыйым салынады. Сондай-ақ трамвай жүретін және осы бағытта жүруге арналған біреуден артық жолағы бар жолда солға бұрылуға немесе кері бұрылуға рұқсат етілмейді. Заңда көрсетілген ережелерді бұзған жүргізушіге «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 615-бабына сәйкес 2АЕК көлемінде айыппұл салынады, биыл бұл көрсеткіш – 6 126 теңге. Бір жыл ішінде қайта ереже бұзған жүргізуші 10 АЕК, яғни 30 630 теңге айып ақысын төлейді. Егер ереже бұзудың салда рынан жол-көлік оқиғасы болып (қылмыстық жауапқа тартатындай жағдай болмаса не материалды залалы тимесе), жәбірленушінің денсаулығына зиян келтірілсе, жүргізушіге 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады, жағдай қайталанса, жүргізуші 20 АЕК, яғни 61 260 теңге айып ақысын төлейді немесе үш күнге қамауға алынады. Жүргізуші шлемсіз мопед жүргізген болса, «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 593-бабына сәйкес, 5 АЕК (15 315 теңге), ал жағдай қайталанса, 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.

Ал электросамокат тек соңғы жылдары қолданысы жиілеген көлік құралы болғандықтан, оның қозғалысын реттеу тәртібі әлі күнге дейін жөнді бекітілген жоқ. «Электросамокат» ұғымына жақында ғана, дәлірек айтсақ, 1 шілдеде СТ 3769-2022 ұлттық стандартында түсініктеме берілді. Оған сәйкес, электросамокат – екі не үш дөңгелегі бар, электр қозғалтқышпен жүретін, орындығы жоқ, бір адам ғана тасымалдауға арналған, жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспайтын электрлі құрал.

«Жылдамдығы 25 шақырымнан асатын самокат Кедендік Одақтың «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне бағынады әрі L санатына жатады. Ал жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан асатын самокатты жүргізу үшін A1 санатындағы жүргізуші куәлігін алу қажет. Осы стандартта электросамокатқа қойылатын техникалық талаптар мен пайдалану шарттары белгіленді. Мәселен, электрлі самокатқа кернеуі 100 В-тан аспайтын тұрақты ток немесе кернеуі 240 В-тан аспайтын айнымалы тоқ батарея сынан қуат алатын электромотор орнатылады. Сондай-ақ оның тұғыры, рулі, екі не месе үш дөңгелегі, жарықтандыру құрылғысы (алдыңғы және артқы шамы), дабылы, тежеу жүйесі, басқару элементі болуы керек. Жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан, ал кері жүргенде немесе жаяу жүргінші режимінде 6 шақырымнан аспауы тиіс. Жылдамдықты арттыру немесе белгіленген жылдамдық шегін алып тастау мақсатында самокаттың бөлшегін ауыстыруға тыйым салынады. Жүргізушінің салмағы, бойы, жасы (14 жастан аспауы шарт) қосымша құжатта көрсетілуі керек. Электрлі самокатпен жолаушы тасымалдауға, басқа көлік құралын (электросамокат, тіркеме, жартылай тіркеме) сүйреуге болмайды. Қозғалыс кезінде жүргізуші тек түрегеп тұруы қажет. Әзірге аталмыш стандартта көрсетілген талаптарды орындамаған жағдайда айыппұл салынады, көлемі мопед жүргізушісіне белгіленген айып ақысымен бірдей. Көп кешікпей электросамокатқа қатысты «Жол жүру туралы» заңға және «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекске де өзгеріс енбек.

Самокат жүргізушілерінің кейбірі мұндай өзгерістер шектен тыс екенін айтады. Олардың көбі самокатқа тиейтін жүк көлемі не, жолаушы тасымалдауға салынған тыйыммен келіспейді.

«Бірде 11 жастағы інім екеуіміз самокатта мінгесіп кетіп бара жатқанбыз, полицейлер тоқтатып, ескерту жасады. Заңға бағынудан қашпаймын, бірақ тым қатал талаптарға қарсымын. Мектепте оқитын ініммен бірге мінгенде ешқандай ереже бұзушылық болған жоқ», – дейді 19 жастағы Зарина есімді елорда тұрғыны.
Сауда ойын-сауық орталығында күзетші болып жұмыс істейтін Сұңғат күнделікті үй мен жұмыстың арасына электросамокатпен қатынайды. Ол самокат пен мопед айдайтындар жиі ереже бұзатынын, сәйкесінше, заңды қатаңдату керектігін айтады.

«Электрлі самокаттың жүргізушісі ретінде барлық жол жүру ережесін білемін. Менің көлігім сағатына 30 шақырымға дейін жүре алады. Алайда қанша асығыс болсам да, жылдамдығымды 15-20 шақырымнан асырмаймын. Себебі біз адамдар жүретін тротуармен жүреміз. Онда самокат не велосипед теуіп жүрген кішкентай балалар, арба сүйреген әйелдер, әжейлер болады. Жол ережесін көбіне самокатты ара-тұра жалға алатындар бұзады. Олар оны көлік емес, қызықты ойыншық көреді, сосын ызғытып айдайды. Бір самокатқа екіден мінгесіп алатын да солар. Ескерту жасасаң, құлағына да ілмейді. Оның үстіне, самокатты күнде айдамаған соң, дұрыс басқара алмай, соғылып жатады. Сондықтан мопед және самокат тебетіндер үшін тәртіпті күшейтіп, айыппұлды аямай салу керек. Сонда заманауи құрылғыны жөнді басқаратындар іріктеледі, ал айдай алмайтындары бірінші айыппұлдан-ақ басын аулақ ұстайды», – дейді Сұңғат.
Сонымен қатар электрлі самокатты жалға беретін компаниялардың талабына сәйкес, жүргізуші көлік құралын тұраққа дұрыс қоймағаны үшін де айыппұл төлеуі ықтимал, мөлшері әр қызмет компаниясының ішкі тәртібіне сәйкес реттеледі. Бүгінде бұл көрсеткіш 5 мыңнан бастап 45 мың теңгеге дейін жетеді.

Р.S. Мамандардың айтуынша, ереже бұзған мопед пен электросамокат жүргізушілері бір рет айыппұл арқалағаннан кейін келесі ретте ереже бұзбауға тырысады екен. Бұл тәжірибе «Сергек» камералары көптеп орнатылған кезде де өз тиімділігін дәлелдеген еді. Алматы қаласында «Сергек» орнатылған екі айда 6 мыңға жуық жол ережесін бұзу дерегі анықталып, қазынаға 60 млн теңге (2020 жылы) түскен болатын. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің мәліметінше, мұндай статистикадан кейін қалада ереже бұзу фактісі азайған.

Айдана НҰРМҰХАН

aikyn.kz