Береке

Елбасының «Наурызкөжесін» ұйымдастырсақ, қанеки!

Небір алмағайып замандардың өзінде жақсылықтан үмітін үзбей, таңғы нәсібін Тәңірден күткен дана халқымыздың Ұлыстың ұлы күніне қатысты наным-сенімі мен Наурызды мерекелеу үрдісінде үлкен мән жатыр.

«Жаңа күн» ұғымын беретін Наурыз – бүкіл дүниенің, жер-әлемнің түлеп, түр­леніп, жаңарып, жасарып, жаңғыратын шағы. Ескі замандардан жеткен есті аңызға жүгінсек, Наурыздың ғажайып әсері әлсізге – қуат, зағипқа – шуақ, жауласқандарға – келісім, ел ішіне береке-бірлік, мамыражай тірлік алып келеді. Осыған дейінгі бүкіл қиындық, бүкіл келеңсіздік артта қалады. Көңілдегі кірбің атаулы шайылып, әркімнің жансарайына жаңа бір нұр енеді. Бабалары­мыздың ұғымынша, әр адамның ең әуелі ішкі дүниесі жаңаруы шарт. Сонда ғана шын мәнісіндегі жаңа күн туады. Яғни Наурыз – адамзат бойындағы ізгілік пен шынайылық, мейірімділік пен жанашырлық тәрізді адами асыл қасиеттерді оятуға бағытталған ұлы шара. Жаңғыру мерекесін ел болып сағына күтудің бір сыры да осында.

Бұл тұрғыдан алғанда, ата-бабалары­мыздың Наурызды күтуі, оған дайындалуы тура біздің бүгінгі Жаңа жылды күтуімізбен пара-пар. Мысалы, еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін Жаңа жыл мерекесі қарсаңында өзгеше хал кешеді, бір сәтке ғана болса да ертегіге еніп кеткендей күй кешіп, ертеңгі күннен әлдебір ғажайып нәрсе күтеді, үміттенеді. Ал бұл үрдіс, бұл көңіл күй, шын мәнісінде, мыңдаған жыл­дар бойы тойланып келген Наурыз мерекесіне тікелей тән болғанын көпшілігіміз әлі де сезіне қойған жоқпыз. Дұрысы, біз бүгін ел болып, жұрт болып, Наурыздың шынайы табиғатын ашуға, ұлағатты үр­дістерін тірілтуге ден қоя алмай жүрміз. Рас, киіз үй тігіп, наурызкөже пісіреміз, ағаш егіп, бұлақтардың көзін ашамыз, үйді-үйге қонаққа барамыз. Оның бәрі жақсы, бірақ көбінесе тек сахналандырылған көрініс кей­пінде ғана қалып қоятыны, нәтиже бере бермейтіні қынжылтады. Мысалы, ұйқы­ашар деген не, селт еткізер не үшін керек, оны бәріміз білеміз. Бірақ отау тік­пеген жастардың бір-біріне деген сезімін оятуды, сөйтіп, басын құрауды көксейтін осы шараны Наурыз тұсында жер-жерде, ауыл-ауылда арнайы өткізіп, сүрбойдақ­тардың санын кемітуге септігі тиетіндей бір амал жасай алдық па?!

Немесе тағы бір үрдіс – Ұлыстың ұлы күнінде жарлыны тойындырып, жалаңашты киіндіру, жоқ-жітіктерге, жетім-жесірлерге қол ұшын беру өте сауапты, игілікті істердің бірі болған, мұқтаж жандарға көмектесу үлкен мәртебе саналған. Сөйтіп, дәулетті, бай адамдар бұл күні жомарттығын, қайы­рымдылығын бір-бірінен асыруға тырысып, жарысқан да. Наурыздың адамгершілікті, имандылықты арттыруға бағытталған осы қырын көбірек насихаттау, қаржысын қайда шашарын білмей жүрген Қарынбайлардың санасын оятып, бетін халыққа бұру бүгінгі таңда мейлінше маңызды екендігі айтпасақ та түсінікті. Бұл ретте не істеген жөн? Бәлкім, жергілікті билік орындарының, қоғамдық бірлестіктер мен арнайы мекемелердің мұрындық болуымен Наурыз қарсаңында Атымтай жомарттар жарысын да ұйымдастырған жөн болар...

Наурыздың халық ұғымындағы көп сипаты Жаңа жыл мерекесіне ойысып кеткенін, соның салдарынан төл мей­рамымыздың көп жағдайда театр­ландырылған көрініс деңгейінде қалып қойғанын жоғарыда айттық.

Ұлыстың ұлы күніне қатысты бір салт – бата беру, бата алу үрдісі екен. «Қасиеті дарысын, дуалы сөзінің шипасы тисін» деген мақсатта жастар, келін-кепшік, бала-шаға құрметті қариялардың, мақтаулы аза­маттардың лебізін естуге, батасын алуға тырысқан. Қарап тұрсақ, Жаңа жыл қар­саңында үлкен қалаларда, облыс орта­лықтарында «Президент шыршасы» өткізіліп, оған жан-жақтан талантымен, білімімен топ жарған таңдаулы балалар шақырылады. Олар Елбасының өзімен жүздесіп, не болмаса салтанатты кешті ұйымдастырушылардың ықыласына бөленіп, арқа-жарқа болады, сый-сияпат алып, көңілдері марқаяды. Мәселен, бұл да сол – Наурызда дуалы ауыздан бата алумен бірдей нәрсе. Ендеше, Жаңа жыл мереке­сінің артықшылығына айналған осы шараны Ұлыстың ұлы күніне де орай­ластырып, «Елбасының «Наурыз көжесін» ұйым­дастырсақ, қанеки!

Түйткілді бір жайт, Ұлыстың ұлы күнін қарсы алуға, мерекелеуге байланысты шаралар бізде алдын ала, яғни ертерек қолға алынбайды. 22 наурызға екі-үш күн қалғанда ғана қимылдай бастаймыз, мектептерде, оқу орындарында тақырыптық кештер, мерекелік жиындар өткен болады. Ал аудан-ауданда, ауыл-ауылда не болып, не қоятыны жалпы жұртқа беймәлім. Осы орайда, Наурыз қарсаңында әдебиет, мә­дениет, өнер шеберлерінен тұратын үгіт пойызын жасақтап, Алтай мен Атырау, Алатау мен Қаратау аралығын, күллі қазақ даласын шарлап, шынайы «Наурыз шеруін» ұйымдастырған да артықтық етпес еді. Сөйтіп, танымал тұлғаларымыз ел ішін еркін аралап, халықпен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрса, өнер жұлдыздары ән-жырдан шашу шашып, Наурыз-думанын арттыра түссе, қандай жарасымды!

Қалай болғанда да, татулық пен береке-бірліктің, молшылықтың мерекесі Әз Наурызды өз биігіне көтеру үшін ел-жұрт болып жұмыла атқарар іс көп. Өйткені ұмыт болған, енгізе алмай жүрген озық салт-дәстүрлеріміз әлі де жеткілікті...



• Бір пікір

Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, тарихшы ғалым:

– Наурыз – дінге де, саясатқа да қатыссыз, халқымызда атам заманнан бар мереке. Бұл – қараны ақтың, жамандықты жақсылықтың, мейірбандылықтың жеңетін ғажайып сәті. Қазақтың ең керемет қасиеті, ол – бауырмалдығы. Жалғыз қылышпен жүріп-ақ, оның ұлан-ғайыр даланы ұстап тұруының өзі сол өзара туысқандығының, береке-бірлігінің мықты болғандығында. Ал Наурыз сондай ізгі қасиеттерді бекіте түскен. Ол туралы бүгін сөз еткенде де, біз соның бәрін елдің санасына жеткізіп айта білуіміз керек. Егер де білікті, білімді мамандардан топ жасақтап, олар ел ішін аралап, тағылымды әңгімелер айтып жатса және содан бір нәтиже шығатын болса, әрине, ол – құптарлық нәрсе. Сол сияқты, Наурыз мерекесіне орай, мемлекеттік деңгейде шаралар ұйымдастырылып, таңдаулы деген оқушылар, мысалы, «Елбасының «Наурызкөжесіне» қатысса, бала үшін ол үлкен оқиға болары анық. Кезінде өзіміз Елбасымен кездеспек түгіл, ауылға келген қарапайым бір журналиспен жолығып қалсақ, қуанышымыз қойнымызға сыймай кететін. Наурыздың табиғатын түсіндіру, шынайы халықтық мереке ретінде қалыптасуына ықпал ету үшін, негізі, жас ұрпақпен көбірек жұмыс істеу керек. Өйткені елдің ертеңгі болашағы – солар.





Көрілген: 3371    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 21.03.2012, 11:59

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30