Жаңалықтар

13 жасар оқушының өліміне туыстары биология пәнінің мұғалімін кінәлап отыр

  • Қасым Қайсенов атындағы №4 мектеп / ©ЭК/Андрей ХАЛИН

    Қасым Қайсенов атындағы №4 мектеп / ©ЭК/Андрей ХАЛИН

Баланың әпкесінің айтуынша, Алматы облысының Қапшағай қаласында Қасым Қайсенов атындағы №4 мектептің биология пәнінің мұғалімі 8 сынып оқушысы Сұлтан Манатовқа психологиялық қысым көрсеткен. Ал мектеп басшылығы «оқушының көңілі құлазитындай ештеңе де болмады» деп отыр, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

 

Мектеп әкімшілігі өз үйінің балконында асылып өлген бала туралы қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Сөздеріне қарғанда, ата-анасының тілегі осы екен. Қапшағай әкімдігінің өкілі аяқ астынан пайда болған соң ғана, келісім берді.

 

Қасым Қайсенов атындағы мектептің директоры Зәмзәгүл Төлендинаның айтуынша, сейсенбі күні Сұлтан оқыған 8 "д" сыныбына алты сабақ болыпты. Бірінші сабақта орыс тілінен БЖБ тапсырса, соңғы сабақта "Жерұйық" күйін орындап берген.

 

Мектеп директоры Зәмзәгүл Төлендина / ©ЭК/Андрей ХАЛИН

 

Күні бойы көңіл-күйі жақсы еді. Көңілі құлазитындай ештеңе де болмады. Алтыншы сабақтан кейін басқа балалармен бірге үйіне қайтқан. Камераларды қарап көрдік. Ешқандай төбелес, жанжал болмады. Оқиға 20 қазанда таңертең болған. Ертеңіне хабар келді, — дейді директор.

 

Десе де, мектеп әкімшілігі баланың ата-анасымен тілдесуге қарсы болып, мекен-жайын беруден бас тартты. Қара жамылып отырған отбасының үйін табу оңай болмады. Қапшағай тұрғындарынан сұрасақ, көбі оқиғадан бейхабар болып шықты. Тек дүкенде бір қыз Сұлтанның қай үйде тұрғанын білетінін айтты. "Биология пәнінің мұғалімі қысым жасапты" деп қойып қалды.

 

Сұлтан тұрған үй / ©ЭК/Андрей ХАЛИН

 

Қара жамылып отырған отбасы тоғыз қабатты үйде тұрады екен. Қоңырауын басқанымызда, бір әйел есік ашты. Ешқандай түсініктеме бермейтінін айтып, есікті тарс жауып алды. Артынша есігі ашылып, баланың туыс әпкесі екенін айтып, болған жайтты жайып салды.

 

"Биология мұғалімі жер-жеріне жетіп ұрысқан. Соның кесірінен Сұлтанның мазасы кетіп, жедел жәрдем шақырдық. Барлық сабағы төрт пен бес болса да, соңына түсіп алып, әдейі үштік қойып тастаған. Мұғалімі оны сенбі күні мектепке шақырған. Бала: "Мама, мен оны көргім келмейді" деп қинала жылапты", — дейді туысы.

 

Сұлтанның әпкесінің айтуынша, қысым көрсеткені үшін әкесі ашуланып, мектепке қоңырау соққан. Мектептегілер болса "Күйеуіңізді сабырға шақырыңыз" деп анасына зіл тастаған.

 

Қасым Қайсенов атындағы №4 мектеп / ©ЭК/Андрей ХАЛИН

 

Мектеп әкімшілігіндегілердің айтуынша, Сұлтан Манатов осы білім ошағында 2016 жылдан бастап оқып жүрген. Отбасы Текелі қаласынан көшіп келіпті. Сұлтан отбасының тұңғышы екен. Одан кейін төрт бауыры бар.

 

Мектептің педагог психологы Аида Нұрақбаева Сұлтанның басқа балалармен тез тіл табысатынын айтты.

 

Баланы танимын. Сыныптарға жоспар бойынша кіріп, профилактикалық, диагностикалық жұмыс жүргіземіз. Мінезі ашық, байыпты, күліп жүретін. Көпшіл болды, — дейді психолог.

 

Сынып жетекшісі Татьяна Сенько да Сұлтан туралы тек жақсы сөз айтуға болатынын жеткізді.

 

Өте жақсы бала еді. Сабақтан қалмайтын. Өте ақкөңіл еді. Мұғалімдерге құрметпен қарайтын. Сыныпта оны барлық бала жақсы көретін, — дейді Татьяна Сенько.

 

Сұлтанның балконы / / ©ЭК/Андрей ХАЛИН

 

Сынып жетекшісінің айтуынша, Сұлтанның денсаулығында кінәрат болған соң, сыныптас достары оған ұдайы қамқорлық көрсетіп жүреді екен.

 

Демікпесі бар еді. Сұлтан нағыз періште еді. Жүзінен күлкі кетпейтін еді, — деп көз жасына ерік берді Татьяна Сенько.

 

Бұл оқиғаға қатысты тосын жайттар да бар. Мәселен, әлеуметтік желілерде баланың өліміне қатысты ақпараттар артынша өшіріліп жатыр.

 

Алматы облысының Полиция департаменті сараптамалар тағайындалып, Қылмыстық Кодекстің 105-бабы (өз-өзіне қол салуға итермелеу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

 

 

 

 

 

 




Көрілген: 1056    Пікірлер: 0

жұма, 22.10.2021, 19:33

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    23 Қазан, 00:34
    Ұстаз мерейі

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31