Жаңалықтар

Әкімқаралар қазақ мектептерін ашуға неге құлықсыз?!

  • Әкімқаралар қазақ мектептерін ашуға неге құлықсыз?!

    Әкімқаралар қазақ мектептерін ашуға неге құлықсыз?!

Биылғы оқу жылында Алматы қаласы бойынша 10 мыңнан астам оқушыға орын жетіспейді. Бұл туралы тамыз кеңесінде Алматы қалалық білім беру басқармасының бастығы Рахат Шимашева мәлімдеді. Айта кетер жайт – бұл мәселе әсіресе қазақ мектептеріне қатысты болып отыр. Жыл сайын жаңа оқу жылының қарсаңында республикамыздың әр аумағында, ауылдық жерлерде бала санының жетіспеушілігіне және мектептердің апатты жағдайда деп танылуына орай ондаған мектеп жабылады. Биыл да еліміздің әр өңірінде көптеген мектеп жабылды. Ауылда мектеп жабылса, қалада орын жоқ болса, сонда қазақ баласы қайда барып білім алуы керек?

Тәуелсіздік алғанымызға 20 жылдан астам уақыт өтсе де, елі­міздегі қазақ мектептерінің санын арт­тыру мәселесі өте баяу жүруде. Тәуел­сіздік алып, Қазақ елі дербес ел ата­нып, қазақ тіліне үстемдік берілге­ніне 20 шақты жыл болса да, қа­зақ тілінің кең қанат жаюына бірден-бір әсер ететін қазақ мектептері санының көбей­мей отырғаны өкінішті. Қазақ тілін үйретудің негізі балабақша мен мек­теп­терде қалыптасатынын ескерсек, неге қазақтілді білім ошақтары мен мек­тепке дейінгі мекемелер санын кө­бейт­песке? Рас, елімізде бірлі-жарым мек­тептер салынып ашылып жатыр. Алайда елімізде ашылған мектеп саны­нан жабылған мектеп саны көп. Тіпті 10 мыңнан астам балаға орын жетпейтін Алматы қаласында әлі де болса орыс мектептерінің саны басым. Мәселен, Алматы қалалық білім басқармасының жалпы орта білім бөлімінің бастығы Максима Нұриқызының айтуынша, «2012-2013 оқу жылында Алматы қала­сы бойынша 163 478 оқушы білім алған. Оның ішінде қазақ тілінде білім ал­ған оқушылардың саны 73 782 болса, 85 956 бала орыс тілінде білім ал­ған. Ал мектептер санына келетін бол­сақ, Алматы қаласы бойынша жал­пы саны 185 мектеп болса, оның 59-ы – қазақтілді, 62-сі – орыстілді, 61-і –ара­лас, үшеуі – ұйғыр мектебі». Бұл – елі­міз­дегі бас қалалардың бірі сана­ла­тын, күн өткен сайын ауылдан көшіп келіп, қаланың іргесіне қоныстанатын қа­зақ отбасыларының саны көбейген Ал­ма­ты қаласындағы жағдай. Елімізде­гі қазақтардың үлесі 70 пайызға жетті деп бөркімізді аспанға атып қуанып жүр­міз, ендеше неге мектептердің үле­сін 70 пайызға жеткізбеске?! Қазақ мек­тептерінің саны көбейсе, оларға бара­тын балалар саны да артар еді.

Оған дәлелді алыстан іздеудің қа­жеті жоқ. Тамыз айының басында ре­дак­циямызға шағымданған Алматы қала­сы Түркісіб ауданына қарасты ата-ана­лардың арызынан кейін біздің газет­тің араласуымен №83 аралас мектептен қазақ сыныбы ашылды. «Қазақ сыны­бы­на бала саны толмайды» деп текетіресіп отырған мектеп дирек­то­рының сөзін жоқ­қа шығарып, 10 шақты күннің ішінде сол ашылған қазақ сыныбына 25 бала қабыл­данды. «Бер­сең, балаңды орыс мектебіне бер: қазақ сы­ныбында орын жоқ» деп ата-ана­ларды кеудесінен кері итеріп отырған мек­теп директоры жур­налистердің ара­ласуынан кейін ғана қа­зақ сыныбын ашуға мәжбүр болды. Ал қан­шама жер­де қазақ мектебінің жоқты­ғы­нан ба­ла­лар еріксіз орыс тілінде білім алу­да.  Атап айтар нәрсе – осыған дейін де ата-аналардың арызынан соң газеттің ара­ласуымен бірнеше рет жабылып жат­қан қазақ сыныбы ашылған еді. Яғни қазақ сыныптарының көбеюіне ата-аналардың өздері мүдделі. Ендеше, ата-аналарды жүгіртпей, жан-жаққа арыз­дандырмай, жергілікті жердегі қа­ла­лық білім басқармалары, аудандық білім бөлімдері қазақ сыныптарының са­нын арт­тыруға неге тырыспайды?! 

Жыл сайын Алматы қаласында табиғи өсіммен қатар, ішкі миграция әсері, оның ішінде күнкөріс қамымен ауылдық жерден қалаға көшіп келіп жатқан қазақтілді отба­сы­лардың көбеюі байқалады. Мұны Алма­ты қалалық білім басқармасының бастығы Ра­хат Сейдахметқызының өзі де мойындап отыр. «Біздің қалаға халық көп көшіп келіп жа­тыр, сондықтан орын жетіспеушілігін то­лы­ғымен жою мүмкін емес», – дейді. Ауыл­дан келетіндердің дені – қазақ балалары. Ал сол қазақ балаларын неге қазақ мек­те­бімен қамтамасыз ете алмай отырмыз?! Тіпті баласын мемлекеттік тілде оқытқысы келетін өзге ұлт өкілдері де жетерлік. Бұл түбінде қазақ тілінің өз елінде қанатын кеңге жайып, нағыз өз мәртебесіне ие болатынына деген халықтың сенімі болса керек. Бірақ соған сай қазақ мектептерінің көбейгені байқалмайды. Қазақ мектеп­те­рін, қазақ сыныптарының санын көбейту­дің орнына, керсінше, қазақ сыныптарына бала қабылдамай қою секілді жайттар жиі тіркеледі. Мәселен, қаламыздағы кейбір мектептерде, мысалы, 9-сыныптың алтау-жетеуге дейін жеткенін көріп жүрміз. Ендеше, бір сыныпта 30 балаға дейін қысы­лып-қымтырылып оқып жатқан қазақ сыныптарын орыс мектептерінің есебінен неге көбейтпеске?! Аралас мектептерді біртіндеп қазақ мектептеріне айналдыру туралы ұсыныстың қоғамымызда айтылға­н­ына қаншама жыл өтсе де, іс жүзінде аралас мектептердің «мұрты бұзылар» емес. Статистиканың өзі жыл өткен сайын қа­зақ тілінде білім алатын оқушылар саны­ның көбейіп, орыс тілінде білім алатындар қа­тарының азайғанын көрсетіп отыр. Ен­де­ше, статистикаға сай қазақ мектептері неге көбеймейді? Бүгінгі күні Алматы қала­сын­дағы қазақ мектептерінің саны орыс мектептерінен де, аралас мектептерден де аз екенін жоғарыдағы статистика байқатып отыр. Тіпті баласына қазақ тілінде білім алып бергісі келетін өзге ұлттардың да саны жыл санап артып келе жатқанын бай­қауға болады. Бірақ мұны жергілікті жер­дегі әкімқаралар, білім басқармалары байқамай отырған сыңайлы. 

Алматы қаласында ғана емес, қазақ сы­ныптарының санын арттыру жалпы елі­міз бойынша өте баяу жүруде. Еліміздегі қазақ мектептерінің көбінде оқушы саны қалыпты деңгейден артық. Олардың бір­қатары бір партада үшеуден отырып білім алып жатса, енді біреулері үш ауысымда оқуда. Еліміздің ертеңін ұрпағымыздың біліміне қарай өлшер болсақ, бір партада үшеуден қысылып отырған ұрпақтың білім деңгейі қаншалықты болмақ?! Тіпті іргета­сынан бастап жаңадан қалап, қазақ бала­лары­на жаңа қазақ мектебін салып берме­сек те, бала санын толтыра алмай отырған орыс мектептері есебінен қазақ мектептері­нің санын неге арттырмасқа?! Әсіресе бұл мәселе Солтүстік облыстарға тікелей қа­тыс­ты. Бұл жөнінде арнайы Солтүстік облыс­тарға барып, зерттеу жүргізген, сол зерттеу нәтижесін былтырғы оқу жылының алдында Білім және ғылым министрлігінің жиынында баяндама жасап, жариялаған саясаттанушы Дос Көшім мырза газетімізде естір құлаққа ұғынықты ұсыныстар да айтқан еді.

Дос КӨШІМ, саясаткер, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы:

– Қазір елімізде қазақ мектептерінің саны жеткіліксіз. Әйтсе де қазақ мектеп­теріне деген сұраныс күн өткен сайын өсіп барады. Баласын қазақ мектебіне бергісі келетін ата-аналар санының өсе түсуі де қуантып отыр. Біз халықтың осы ынта-ықы­ласына сай қимылдап, дер кезінде қазақ мектептерінің санын көбейтуге, оларды сапалық тұрғыдан жақсартуға күш салуы­мыз керек. Бірақ дәл қазір осыған батыл бетбұрыс жасау жетіспей тұр. Мәселен, Шы­­­ғ­ыс Қазақстан облысының Риддер қала­сында 17 мектеп бар екен. Оның біреуі ғана – таза қазақ мектебі. Қалғанының барлығы – орыс мектептері. Ал жалғыз қазақ мек­тебіне қазір балалар сыймай жатыр. Жер­гілікті атқарушы билік өкілдері «жаңадан қазақ мектебін саламыз» деген құр уәде­мен ғана құтылуда. Өз басым есептеп көр­генім­де орыс мектептерінде 5000 оқушы­ның орны бос тұрғанына көз жеткіздім. Ендеше, сол орыс мектептерін біріктіру арқылы 16 мектептің ең болма­ғанда бір-екеуін қазақ мектебіне айнал­дыруға болатынына көз жеткіздім. Тіпті кейбір орыс мектептері 30-40 пайыз ғана толық. Демек, бізге жаңадан мектеп салу­дан гөрі әлгі жартылай бос тұрған орыс мектептерін қазақ мектебіне айналдыру әлдеқайда арзанға түсер еді. Мен өз бетімше орыс мек­теп­терін біріктіру арқылы қазақ мекте­біне айналдыруды бала санына қарай есептегенімде, жеті қазақ мектебін ашуға мүмкіндік барына көз жеткіздім. Бұл – бір ғана Риддер қаласындағы жағдай. Елі­міздің басқа да облыстарындағы мектеп­тер­де осындай өзгерістер жасасақ, қазақ мектеп­тері­нің санын арттыруға мүмкіндік туар еді. Қазір еліміздегі балаларын қазақ мек­тебі­не бергісі келетін ата-аналар қата­ры­ның артуына орай, осындай батыл шара­лар жа­салуы керек. Және ата-аналар­дың өтіні­шіне қарай қазақ сыныптарын толас­сыз аша беруіміз керек. Дәл қазіргі таңда біз еш­кім­ге жалтақтамай, ұлт мүддесі үшін жаса­лар нәрселерден бас тартпауы­мыз қажет.


Расында да, кейбір орыс мектептері 30-40 пайызға ғана толып отырғанда, қазақ мектептерінде балалардың аузы-мұрнынан шығып сыймай жатуы ақылға сыйымсыз. Айта кетер жайт, осы мақаланы даярлау барысында «елімізде нақты қанша балаға орын жетіспейді, орыс мек­теп­терінің саны қанша, қазақ мектептерінің халі нешік?»  деген сауалдарға жауап іздеп Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің ди­рек­торы  Жаңыл Алпамысқызына хабар­­лас­тық. Телефонды көтерген хатшы қыз тиісті адамға қоспай жатып бас маман Ардақ Мадаханқызының ешкім көтермей­тін телефонына жөн сілтеді. Жауаптан жалтар­ған маман бар жерде бұл мәселенің әзір ше­шілуі де қиын секілді.




Көрілген: 1723    Пікірлер: 0

жұма, 30.08.2013, 14:02

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    1 Сәуір, 10:35
    Жыл басы – Наурыз
    13 Ақпан, 15:34
    Жырлайды жүрек
    17 Қаңтар, 19:01
    Шығыстың қос шыңы

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    сәуір
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30