Жаңалықтар

Дамудың даңғыл жолындағы 30 жыл!

  • Дамудың даңғыл жолындағы 30 жыл!

    Дамудың даңғыл жолындағы 30 жыл!

Биылғы жыл – ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Бұл мемлекетіміз бен халқымыз үшін ең басты әрі құнды мереке болмақ. Еуразия жүрегінде, өркениеттердің ұштасқан орталығында талай ұлт пен ұлыстың құтты мекеніне айналған Ұлы дала қойнауындағы тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін Тәуелсіздіктен асқан қастерлі құндылық жоқ.

Биылғы жылы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында Президентіміз Қ.К. Тоқаев «Тұтас мемлекетті қамтитын ауқымды іс-шараларды өткізген кезде айқын көзқарас, нақты ұстаным  болуы шарт. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды. Ең алдымен, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек», – деген болатын. Шын мәнінде, Тәуелсіздік күні – маңызды тарихи дата. Бізге ысырапшылдықпен той тойлаудың емес, керісінше, төл тарихымыздың құндылықтары мен руханиятымызды түгендеп, ой толғаудың кезеңі келді.

Азаттықтың ақ таңымен қазақ ұлтының тарихы, мәдениеті, тұтас руханияты түгенделе бастады. Елбасымыздың көшбасшылығымен барлық қиындықты артқа тастап, ұлт болып қуатты мемлекеттің іргесін қаладық.      Экономикалық өрлеуіміздің өзі өзге елдерге өнеге болғандай деңгейге жетті.    Дүниенің бір бұрышында қазақ деген халықтың рухы мықты, өрісі кең халық екенін әлем таныды. Қазақстанның биік табысына қол жеткізген президенттік билік және осы жылдары оның басында үздіксіз болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарған орасан зор еңбегінің жемісі екені де ақиқат.

Тәуелсіздікке ынтымағы жарасқан, ауыз бірлігі берік халық қана қол жеткізе алатынын өткеніміз нақты дәлелдеп берді. Сондықтан о бастан-ақ рулар тайпаларға, тайпалар одақтарға, ал тайпалық одақтар елге, халыққа айналу үшін үздіксіз күресті, жан алысып, жан берісті. Өйткені халық болып қалыптаспай, тәуелсіздікті баянды түрде қолда ұстап тұру да мүмкін емес-ті.

Артқа тастаған отыз жылдың ішінде әлемдік қауымдастықтың беделді қатысушысы ретіндегі жас ел тарихының жаңа беттері басталды. Тарих үшін соншалықты көп уақыт болмаса да, осы жылдар ішінде ғасырларға бергісіз қыруар істер атқарылды. Экономикалық-әлеуметтік, саяси, қауіпсіздік мәселелерінде, оның ішінде жаһандық, өңірлік проблемаларға қатысты өз алдына дербес шешім қабылдай алатын, өз ұстанымына берік егемен мемлекет бола алатынымызды барлық қырынан айқындап, мойындаттық.

       Қазақстанның мемлекеттілік негізін қалаған, алғашқы төл құжатымыз - 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік Егемендік туралы Декларация болып есептеледі. Декларацияда қазақ халқының тілі мен ұлттық рухын қайта жандандыру мен дамыту ең басты міндеттердің бірі ретінде қойылды деп айтуға болады. Белгілі академик Сұлтан Сартаев: «Мен егемендік туралы Декларация рухына зор құрметпен қараймын. Сабырсыздарды сабасына түсірген бұл құжаттың, сол тұстағы ұлттық және азаматтық белсенділіктің бағасын әлі келер ұрпақ айтатын болады» - дегендей, бұл тарихи оқиға – Қазақстанның егемендік алуымен тығыз байланысты. Тәуелсіздікке қол жеткізудің сын сағатында Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев сынды біртуар азаматтар сол кезде құлдық сананы көксейтіндерге сілкініс берер батыл уәж айтып, ұлт мәселесін төтесінен қоя білді. Қазақ заң ғылымының кесек тұлғаларының өлшеусіз еңбегі тәуелсіз ел тарихының қойнауында өшпек емес.

«Біз Тәуелсіздікті ақылмен, ата-баба жолымен алдық деп ойлаймын» - деп Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев айтқандай, 1991 жыл – еліміздің Қазақстан деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан жылы. Сол сәттен бері 30 жыл уақыт өтті. Қазіргі кезде еліміз әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие. Жас мемлекетіміз осындай аз ғана уақыттың ішінде көптеген экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Экономикалық байланысымыз даму үстінде. Қазақ жерінің байлығы, мол табиғи қорлары еліміздің әлеуметтік дамуының негізі. Осының бәрі – тұғырлы тәуелсіздіктің тұсында қол жеткізген жеңісіміз деп білеміз.

1993 жылы 28 қаңтарда егемен Қазақстанның Тұңғыш Конституциясы қабылданды. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум өткізіліп, оған қатысқан азаматтардың 90%-дан астамы жаңа Конституцияға дауыс берді. Егемен Қазақстан демократиялық, зайырлы, әлеуметтік-құқықтық және унитарлық мемлекет болып жарияланды, ол үшін адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары басты құндылық болып табылады.

Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін оның өз заңдары мен талаптары болуы қажет. Осы негізде ата заңымыз қабылданып, Ата заңға сүйене отыра қоғамдық келеңсіздіктерді реттейтін, адам құқықтарын қорғайтын заң жобалары қабылдана бастады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында көрсетілгендей, Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы, құқықтық, біртұтас мемлекет. Ал, құқықтық мемлекеттің бір көрінісі – соттардың тәуелсіздігі екендігі белгілі. Сонау тәуелсіздік алғаннан кейінгі қазіргі сот саласының айырмашылығы жермен көктей. Техника мен өркениеттің дамыған заманына тұспа-тұс келген біздің егемендігіміз қарыштап дамуда. Алға қарай ілгерілеу мақсатында судьялар мен сот мамандырына қажетті жағдайлар жасалып, сот мәжілістерін өткізу заманауи техникамен жабдықталып өткізілуде. Әрбір сотқа қатысушы тараптар сот шешімдерін ғаламтор арқылы оқи алады. Қазіргі техниканың дамыған заманында заңды білмейтін азамат кемде-кем. Жылдан-жылға дамып, өркендеп келе жатқан біздей жас мемлекеттің алдағы жетістіктері өте мол деп нық сеніммен айтуға болады.

III мыңжылдықтың ұлттық мүдделері мен сын-қатерлеріне сәйкес келетін қазіргі заманғы типтегі Қазақстан мемлекеттілігі 1990-2000 жж. қалыптасты. Бұл аса маңызды кезеңнің тарихи маңызы дәл осы онжылдықтарда  заманауи  мемлекеттің  негізін қалаушы Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев бастаған Қазақстанның тәуелсіздігі жариялағаннан бастап нақты мемлекеттік егемендікке дейінгі өткерген қиын жолында тарихи аренаға жаңа тәуелсіз мемлекет,  толыққанды қатысушы, әлемдік саясаттың субъектісі, Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі ретінде енді.

Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 29 қазандағы Жарлығымен ұлттық валюта – теңге Қазақстан Республикасының аумағында айналымға енгізілді.

Ел тәуелсіздігінің тұсында еліміздің білім саласы айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Дарынды жас қазақстандықтарға әлемнің үздік университеттерінде білім алуға мүмкіндік беретін Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асыру еліміздегі адами капиталдың дамуына қосылған елеулі үлес болды. «Болашақ» халықаралық стипендиясы Елбасының Жарлығымен 1993 жылы 5 қарашада қабылданды. 1994 жылдан берi жылма-жыл қазақстандық жастар шетелдiң алдыңғы қатарлы оқу орындарына жiберiлiп келедi.

Қазақстан – дарындылардың мекені. Тәуелсіздік алған жылдардан бері еліміздің тарихи-мәдени өмірі елеулі өзгерістерге толы болды. Өшкенімізді жандырып, жоғалғанымыз табылған тәуелсіздік кезеңінде бірқатар тарихи оқиғалар да орын алды. Соның біразын атап айтсақ, алаштың арыстары А.Байтұрсынұлы, Ш.Құдайбердіұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, тарих бетінде ұлықталды,  Қазақ  хандығының 550 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде өткізілді, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы, ұлы ойшыл әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы атап өтілді.

Тәуелсіздіктің 30 жылдық  мерейтойы – ел күнтізбесінде мемлекетіміз бен халқымыз үшін ең басты әрі құнды мереке болмақ. Тәуелсіз ел ретінде біз, Қазақстан халқы, осы уақыт ішінде қаржы дағдарыстарының қиындықтарына қарсы тұра білдік, тұрақты даму жолына түсіп, биік белестерді бағындырдық, толағай жетістіктерге қол жеткіздік, еліміз әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақаласында еліміздің өткені, қазіргісі мен болашағы жайлы терең талдай келе, «біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу» деп атап өтті.

Тарихқа үңілетін болсақ, ортағасырлық қазақ қоғамының бүкіл құқықтық әлемінде негізгі билік - Дала заңының билігі болды.

Дәстүрлі қазақ қоғамында билер сотының қызметі мемлекет тарапынан бекітілген жол-жоралғылар тарапынан да және қазақ ішінде кең тараған мақал-мәтел түріндегі құқықтық ұстанымдар тұрғысынан да реттеліп отырған болатын.  Көп жағдайда дәстүрлі қазақ қоғамындағы құқықтық нормалар билер сотының қызметін жүйелі түрде жеке-дара реттеген жоқ. Билер сотының қызметі дәстүрлі құқықтық жүйеде көбінесе құқықтық қағида, құқықтық тыйым сипаты ретінде реттеліп отырды.

Қазақ әдет құқығы - жазылмаған құқық. Әдет-ғұрып нормаларының қайнар көздеріне «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» және Тәуке ханның «Жеті жарғысы» жатады.

 «Жарғы» - сөзінің қазақша мағынасы әділдік, шешім дегенді білдіреді. Түпкі мәні «дәл әрі әділ» деген сөзден шыққан. Дауды әділ, тура шешкен билерді халық: «Қара қылды қақ жарған» деп мадақтайды. Ол заманда «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген қағида басымдыққа ие болатын.

Дала заңының ділмары hәм билері қандай болған немесе қандай болуы тиіс еді?!  Ақ пен қараны дәлелдеуде, өзінің хақын алуда бидің әділдігіне, төрелігіне қараша халықтың еш күмәні мен шүбәсі болмаған. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген нақыл сөз сол кезден қалса керек-ті.

Әділеттің ақ туын желбіретер биге табиғат берген қасиеттерден бөлек шешендік, сөзуарлық, ақыл парасат, қызыл тілде ешкімге дес бермеу және де «Қасым ханның қасқа жолында», «Есім ханның ескі жолында», Әз-Тәукенің «Жеті жарғысында» көрініс тапқан Дала заңының негізгі қағидалары мен нормаларын жатқа білуі, өзіне дейінгі атақты билердің үлгі сөзінен нәр алу секілді негізгі талаптар қойылатын болған.

Қазақ мемлекетінің өмірінде билердің орны мен рөлі қашан да жоғары, олардың мемлекеттік істерді атқарудағы рөлі, билер сотының негізгі мәртебесі процессуалдық тұрғыда және институционалдық тұрғыда реттелген деп айтуға болады.

Ал бүгінгі «билер», яки соттардың мәртебесі құқықтық тұрғыда айқын, қызметі дербес,  жалпы сот реформасының жаңа заманауи формасы қаланған. 

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қазіргі сот саласының айырмашылығы едәуір баршылық.  Техника мен өркениеттің дамыған заманына тұспа-тұс келген біздің егемендігіміз қарыштап дамуда. Алға қарай ілгерілеу мақсатында судьялар мен сот мамандырына қажетті жағдайлар жасалып, сот мәжілістерін өткізу заманауи техникамен жабдықталып өткізіледі.

Ата заңымыз Конституцияда соттың мемлекеттік биліктің дербес тармағы ретіндегі мәртебесі бекітілді, заңның үстемдігі сот билігінің негізгі міндеті екендігі, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау басымдығы айқындалды, соттардың істерді қараған кезде ҚР Конституциясының ережелерін тікелей қолдануы алға қойылды.

2020 жылы 23 қазанда ҚР судьяларының VIII съезіне қатысқан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз баяндамасында судьялардың кәсіби деңгейі мен сот ісінің сапасына тоқтала келіп, бірқатар басымдықтарды алға қойды:

1. Судьялардың кәсіби біліктілігін тұрақты түрде жетілдіріп отыру, жұмыс тәсілдерін дамытып, жаңа талаптарға бейімделу, халықаралық тәжірибені ұдайы ескеріп, шеберліктерін шыңдау. Адамның құқықтары мен бостандықтарын судья басты назарда ұстауға тиіс.

2. Сот ешқандай да қоғамдық, бұқаралық ақпарат құралдарының, блогерлер мен журналистердің қысымына қарамастан, заң шеңберінде соттың ашықтығы мен жариялылығы қамтамасыз етілгенімен, ол судьяға қысым мен сот шешімін өзгерту құралы ретінде қолданылмауы керек.

Әлемді шарпыған пандемия кезеңінде еліміздегі шағын және орта бизнес, медицина, әлеуметтік сала және сот қызметі де үлкен сынақтан өткені белгілі. Мемлекеттік қызмет түрлерінің көпшілігі цифрландырылып жатқанда, сот саласы да осы үрдістен сырт қала алмайды. Сот процестерін жедел және қашықтықтан ұйымдастырудың оңтайлы тұстары да басым екендігін ескеруіміз қажет.

Бүгінгі соттардың мәртебесі биік, абыройы асқақ болсын десек, кешегі Әз Тәуке бабамыздың «Жеті Жарғысын» заманауи үлгіде қайта жандандыруымыз тиіс.

«Жеті Жарғыда» отбасы және неке заңы, жер дауы, жесір дауы, қылмыс пен құн дауына, ұрлық-қарлық, тонаушылыққа және куәлік ету мен ант беру рәсімдеріне орай қалыптасып, тұжырымдалған қазақтың ұлттық әдеп-ғұрып заңдары көрініс тапқан.

Жеті жарғының негізгі реттеген мәселелері туралы мына бір ой-тұжырымға тоқталып кеткіміз келеді: «Бірінші һәм негізгі сала - жер дауы. Қыс қыстау, жаз жайлау, қоныс, құдық-мал баққан елдің атадан балаға мирас қып қалдыратын еншісі. Сондықтан көшпелілер үшін жерден киелі ештеңе жоқ. Жер дауынан қиын дау да жоқ. Жер дауы – бүгінгі таңда да өзектілікке ие. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, меншіктің екі түрі көзделген. Яғни мемлекеттік және жеке меншік. Жер – әрдайым мемлекеттің меншігі. Ал, шетелдік тұлғаларға жер учаскелері жалға да, жеке меншікке берілмеуі тиіс.

Екінші сала - үй ішілік тірліктегі сыйластық, байланыстылық, әке мен бала, ене мен келін арасындағы қарым-қатынас, үлкен мен кіші арасындағы сыпайыгершілік, ата-анаға деген құрмет, жастарды тәрбиелеу, баулу сияқты инабаттылық, имандылық шаралары. Бүгінгі таңда отбасы қатынастары Қазақстаны Республикасының «Неке және (ерлі-зайыптылық) отбасы» кодексінің нормаларымен реттеледі. Десек те, ана мен бала құқықтары мемлекет тарапынан қорғалуын әлі де талап етеді.

Үшінші тармақ ұрлық пен қарлыққа, барымта мен сырымтаға кедергі қойып, бұқараны адалдыққа шақырып, еңбекпен күнелтуге бейімдеген заңдар тізбегін қамтиды. «Арам жемейік, адал өлейік» дейтін пікір сол кезде қалыптасса керек.

Жарғының төртінші бабы ел мен ел, халық пен халық, ру мен ру арасындағы дау-дамайды әділдікпен шешуге арналған. Ынтымақтық тілеген ел дауды бүлікпен емес билікпен тындыруды көздегені ақиқат. Бұл тармақтың қазақ даласы үшін де, қазақ баласы үшін де мәні зор екені даусыз.

Бесінші бап ел бірлігін сақтау, отанын қорғау, сыртқы жауға тойтарыс беру, жасақ құру, сардар сайлау тәрізді жаугершілік кезіндегі мемлекеттік ірі оқиғаларды қамтыған ереже-қағидалар шоғырын түзсе керек.

Алтыншы тармақ түгелдей құн дауына бағытталған. «Қанды кек», «қанды мойын құныкер», «ежелгі дұшпан», «ескі жау» ұғымдары қалыптастырған қаталдық пен қатыгездікті жұмсартып, онсыз да оңай желпілдегіш түндігіне одан сайын жел үрлемей, жаттан емес, жақыннан жау тапқызатын қатқылдылықты иітуге барын салған билердің даналығы маңыздылыққа ие.

Қазақтың әдет-ғұрып нормаларында «Жеті жарғыда» арнайы жазылған «қылмыс» деген сөз жоқ, бірақ оның орнына – «жаман қылық», «жаман іс» деген сөздер қолданылған, яғни «жаман қылық» қылмыстың түсінігін берген. Қылмыстың материалдық анықтамасында, қылмыстың негізгі сапасы - оның қоғамға қауіптілігімен анықталады. Сондықтан Қазақстан Республикасының «Қылмыстық кодексінің» 9-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыс дегеніміз «Қылмыстық кодексте жазалау қатерімен тыйым салынған, айыпталатын, қоғамға қауіпті әрекет не әрекетсіздік қылмыс деп танылады» - деп көрсетілген. Әдет-ғұрып нормаларында қоғамға қауіптілік сипаты мен дәрежесіне байланысты, қылмыстардың ішіндегі ауыр қылмыстар туралы арнайы анықтама жоқ.

Енді «Жеті жарғының» ең соңғы жетінші тармағына көшелік. Бұл тармақ тұтастай жесір дауынан құралады. Әрине, ол тұста ру мен руды, ауыл мен ауылды әрі біріктіретін де, әрі бөлектейтін де жесір дауы болғаны рас. Билер сотында татуластыру рәсімдерінің айқын мысалы бидің ең басты мақсаты дауласқан тараптарды татуластыру және залалдың орнын толтыру болды. «Дау мұраты – бітім» дейді қазақ. Бүгін де бұл үрдіс «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы Заңымен бекітілген. Сондай-ақ, сот қызметінің халыққа қолжетімділігін арттыруда 2021 жылдың 1 шілдесінен қолданысқа енгізілген «Қазақстан Республикасының әкімшілік процестік процедуралық» кодексін де атауға болады.

Бүгінгі Қазақстанның сот жүйесі әлемнің ең озық мемлекеттерінің халықаралық деңгейде танылған стандарттарына сәйкес келеді. Сот жұмысының сапасы, оның әділдігі мен ашықтығы – кез-келген мемлекеттің демократиялық дамуының басты факторы. Сондықтан сот жүйесін модернизациялау мен заманауи тетіктерді пайдалану оның барлық деңгейінде өзекті болып қала береді.

 «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген көне билер өсиетін ұран етіп, соттардың әділдігін арттырып, азаматтардың сотқа деген сенімін нығайту – басты міндет болуы тиіс. Ел сенімі бәрінен қымбат.

Азаматтардың құқығын қорғау, білікті мамандарды жұмылдыру, соттың тәуелсіздігі, сот қызметін халыққа қолжетімді қылу, соттың әділ және тазалық принциптеріне берік болуы үшін қоғам мен мемлекет бірлесе күш жұмсауы қажет. Сонда ғана біз тарихымызды жаңартып, рухани жаңғырудың жаңа белесін бағындырамыз.

Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы,- деп атап өткендей, тарихымызды ұмытпайық, өткеніміз бен бүгінімізді бағалай білейік!

Демек, бүгінгі күні өткеннен қалған тарихи өнегені, отансүйгіштікті, патриоттық тәрбие яғни ұлтқа шынайы қызмет етуді, әрі қарай жалынды жастарымыздың бойына сіңіруіміз қажет деп санаймыз.

Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! 

Н.К. Мынбатырова, з.ғ.к, әл-Фараби атынадағы ҚазҰУ

А.Ж. Жарболова, з.ғ.к, әл-Фараби атынадағы ҚазҰУ

А.Б. Сманова, з.ғ.к, әл-Фараби атынадағы ҚазҰУ

 

     

 

 




Көрілген: 528    Пікірлер: 0

сейсенбі, 07.12.2021, 19:24

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2022
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    2022
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31