Елімізде оқушыға қол көтерген мұғалімді соттау ұсынылды

09 қазан 2021, 00:31

Ішкі істер министрлігі балаларды азаптағаны үшін мектеп мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілерін қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды. Кеңес ретінде ұсынылған құжат "Ашық НҚА" порталында пайда болды, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

 

Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодекстің 146-бабына ("Азаптау") өзгеріс енгізуді ұсынады. Министрлік ұсынысы бойынша қылмыс жасаған адамдар тізімін кеңейту қажет. Сондай-ақ олар "ресми тұлға ретінде әрекет ететін адам" деген түсінікті заңдастырып, "қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер" деген жаңа термин енгізуді ұсынады.

 

Қазір адам азаптағаны (немесе азаптауға біреуді айдап салғаны әлде үнсіз келісім бергені) үшін қылмыстық жауапкершілік тек полициядағы тергеушілер сияқты лауазымды тұлғаларға қатысты қолданылады. Ал енді Ішкі істер министрлігі ұсынған өзгертулер енгізілсе, онда оқу орнында (мектептер, лицейлер, колледждер, жоғары оқу орындары), тәрбие беру мекемелерінде (балабақшалар, балалар үйлері, интернаттар), емдеу орындарында (емханалар, психо-наркологиялық диспансер) және медициналық-әлеуметтік ұйымдарда (қарттар және мүгедектер үйі, нарко және тубдиспансерлер) жұмыс істейтін қызметкерлер де сотталатын болады. Яғни педагог, инструктор, медбике, санитар, тәрбиеші, вахтер сияқты кез-келген қызметкер қылмыстық жазаға тартылады.

 

Ел Конституциясының 17-бабына сәйкес, ешкімге қатыгез немесе адам қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды. Дегенмен тура осындай ұғым қолданыстағы Заңда бекітілмеген.

 

Осыған байланысты "қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер" деген құқық бұзушылықтың жаңа ұғымы енгізіледі.

 

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сәйкес, 2017 жылдан бастап биылғы 8 айға дейін елімізде азаптауларға қатысты 3029 өтініш тіркелген. Олардың тек 56-сы немесе 1,8 пайызы ғана сотқа жолданды.