«Саналы ұрпақ» онлайн мектебі ашылды
Өскемен қаласындағы Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да республикалық «Sanaly urpaq» жобалық кеңсесінің бастамасымен «Саналы ұрпақ» онлайн мектебі өз жұмысын бастады.
Онлайн мектептің бір курсы бес сабақтан тұрады және университеттің сабақтарынан тыс уақытта жүргізіледі. Мақсаты- қашықтықтан оқыту кезінде студенттердің арасында парасаттылық пен адалдық қағидаттарын насихаттау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Сабаққа тұрақты қатысқан тыңдаушыларға «Саналы ұрпақ» онлайн мектебінің арнайы сертификаты беріледі. Онлайн мектеп дәрісіне университет және IT колледж студенттері мен ұйымдастырушылар қатысты. Сонымен қоса, алдын ала хабарландыруға байланысты еліміздің басқа да өңірлерінен студенттер мен «Саналы ұрпақ» клубтарының жетекшілері қатысты.
Жаңа басталған жобаның алғашқы қонағы Қайыржан Токушев онлайн мектептің Ережесімен танысып, ұйымдастырушыларға ризалық білдіріп, өз ұсыныстарын жеткізді. Осы жобаны «галстуксыз» кездесу, сұрақ-жауап ашық алаңы ретінде пайдаланудың қажеттілігін түсіндірді. Сонымен қатар, қарапайым тілмен «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жолдары» деген тақырыпта дәріс оқыды. Нақты мысалдармен жемқорлықты жою тетіктерін көрсетті. Осы саладағы еліміздегі соңғы жаналықтармен таныстырды.
Дәріс соңында спикер студенттердің сұрақтарына жауап берді. Студенттер өз ұсыныстарында жеткізді. Мысалы, оқу орындағы жемқорлықты анықтау туралы сауалнаманың жаңа форматы ұсынылып, болашақта тәжірибеге енгізу туралы сөз қозғады. Уақыттың тарлығына сәйкес студенттер жауап ала алмаған сұрақтарын ұйымдастырушылар жинақтап, алдағы сабақтарда жауап қайтарылатындығы туралы келісілді.
Эльвира Еркінбекова