Ардагерлер мұражайдағы «Диаспоралар мәдениеті» залын тамашалады
Алматы қаласында «Қарттар айлығы» аясында әртүрлі игі шаралар өткізіліп жатыр. «Қарты бар елдің қазынасы бар» дейді халық даналығы. Қарттарды аялау, ардақтау, құрметтеу әрбір азаматтың парызы. Соңғы бір ай көлемінде қаланың барлық ауданында қарияларға арналып өтіп жатқан іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бұл жобалар бір жағынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында да аталып өтуде.
Осы жолы «Қарттар айлығы» аясында Жетісу ауданы әкімінің аппараты аудандық Ардагерлер кеңесімен бірлесе отырып 50 зейнеткер үшін Алматы қаласының көрікті жерлеріне саяхат ұйымдастырыпты. Экскурсияға қатысушылар әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған. Барлығы да осы Алматы қаласының тұрғындары. Қариялар автобуста қаланың қарыштап дамып келе жатқанын әңгімелеп, көркем де әдемі жерлерге, ғимараттарға сүйсініп қарап отырды. Өзге ұлт өкілдерінің кейбірі Қазақстанға, Алматыға қашан келіп қоныстанғандарын әңгімелеп өткен өмірлерін еске алды. Сүйкті қаламыз қариялардың алтын ұясындай ыстық.
Қарияларға арналған экскурсия Қонаев пен Райымбек көшелерінің қиылысындағы жерасты жүргінші жолымен жүріп өтуден басталды. Одан кейін ардагерлер метромен жүріп шықты. Ал, автобуспен саяхаттаудың келесі аялдамасы – «Атакент» алаңы болды. Қариялар мінген көлік қаланың көрікті жерлеріне тоқтап зейнеткерлер естелік үшін суретке түсті.
Сондай-ақ саяхатқа қатысушылар Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайына жеткізіліп, «Этнография тарихы», «ҰОС жылдарындағы Қазақстан, диаспоралар мәдениеті», «Заманауи Қазақстан», «Қазақстанның Қызыл кітабы» тағы басқа залдарын аралап, топтамалар мен экспонаттарды тамашалады.
Экскурсияға қатысқан ардагерлер мен зейнеткерлер ұйымдастырылған іс-шараға өз алғыстарын айтып, разылықтарын білдірді. Іс-шара соңында өзара алған әсерлерімен бөлісіп, әңгіме дүкен құрған қариялар, көтерінкі көңіл-күймен тарқасты.
Нұрлы Еділов