Бірлік түбі береке

01 қараша 2018, 00:15

Жақында Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен “Адырна” ұлттық-этнографиялық бірлестігі “Бірлік – береке бастауы” жобасы аясында Орталық Азия университетінде қоғам қайраткері Асылы Осман ханыммен кездесу өткізді.
Асылы Осман – Қазақстандағы ең танымал тұлғалардың бірі. Оның «Қазақтың наны тәтті болғанда, тілі тәтті емес пе?» деп басқа ұлт өкілдерін мемлекеттік тілді үйренуге шақырған үндеуі қанатты сөзге айналып кетті. Қазаққа туыс түркітектес халықтардың арасынан суырылып шыққан тұлпар іспетті, сөзге шешен Асылы Осман келеді дегенді естіген университет студенттері кең аудиторияға ертерек жиналды.
Міне, көптен күткен қонақ та келді. Отаным дегенде ойы мен мұраты биік Асылы Осман аудиторияға енгенде бөлме жарқырай түскендей. Сыртынан қарағанда бойы онша биік емес Асылы апайды кейбір адамдар кім екенін біле қоймас. Бірақ бұл жағдай ұзаққа бармасы анық.
Асылы апайдың аузынан шыққан бірінші сөзден кейін-ақ қобалжып отырған студент жастардың көңілдері жадырап сала берді. Асылы Османның дауысы жиналғандардың жүрегін бірден баурап алды.
«Мен – деді Асылы апай, – әзірбайжан қызымын. Бірақ жаным қазақ. Мен қазақ еліне, жыры мен күйіне, өлеңі мен әніне, мақалы мен мәтеліне, аңыздары мен ертегілеріне, бәрі-бәріне ғашықпын. Қазақтың барлық үлкен аналарын өзімнің анам деп, аталарын өзімнің әкем деп, жастарды бауырым деп санаймын. Себебі біздің жанымыз, қанымыз, тіліміз бен діліміз бір».
Қазақта анық, ашық деген түсінік бар. Міне, қазақ тілі осындай ашық, анық тіл. Жазған мұрасы ұшан-теңіз Абайды кім білмейді? Ол хакім, ол кемеңгер. Себебі ол нағыз ұлттық тілмен сусындап рухани мұрамыздың алтын қорында өзіндік үлкен орны бар «Қара сөздерін» жазды.
«Қазақтың тілі Мұхтардың «Абай жолы» мен «Қилы заманында», «Қарагөз» бен «Еңлік – Кебегінде», Ілияс, Тайыр, Қадір мен Мұқағалидың өлеңінде. Әбілхан Қастейұлы, Орал таңсықбайұлы аталарыңның суреттерінде. Сол тілді бойларыңа сіңіре біліңдір, қарақтарым», деді Асылы апай жастарға мейірлене қарап.
Содан соң сөзін ары қарай жалғады. Қазақ батыр халық екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ұлы Отан соғысында қанды шайқастың тура ортасында жүрген бір адам туралы кітап жазылды. Ол кім? Ол қазақ Бауыржан Момышұлы! Берлинде ең төмен ұшқан кім? Қазақ Талғат Бигелдинов аталарың! Батыр аталарың мен апаларыңның атын атай берсем таусылмайды. Олар неге батыр болды? Олар қазақтың таудан бастау алатын бұлақтың мөлдір суындай таза қазақ тілінен сусындағаннан батырлар болды.
Асылы Осман өз сөзінде еліміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұлтаралық достықты ең биік құндылықтардың бірі деп білетініне баса назар аударды.
«Міне сіздер Егемен де еркін Қазақстанда туған бақытты ұрпақтың өкілісіздер деді, – ол жастарға қарап тұрып. – Болашақтың тізгіні сіздердің қолдарыңызда. Біз еліміз еркін, басқа елдермен тең болсын деген арманымызды жүзеге асыратын сіздерсіздер.
Қазақ тілі алтын тіл десем қателеспеймін. Бұл тілмен тілі шыққан қазақ балалары бақытты деп есептеймін. Сондықтан да ана тіліміз қазақ тілін бізден артық білулеріңіз керек. Себебі мемлекеттік тіл елдің шаңырағын биікке көтеретін, елді біріктіретін, Қазақстан деген көңілі кең үйде бір үйдің баласындай болып ұйып отырған басқа халықтардың өкілдерін ұйытып отырған ұлы тіл!
Мұхтар Омарханұлы Әуез аталарың «Мен қазақ тілінде барлық тақырып турасында әңгімелей аламын» деп айтқан. Бұл қазақ тілінің өте бай тіл екенін дәлелдейді. Осындай бай тілдің мәртебесін жоғары көтеру бәріміздің міндетіміз. Себебі елді ел ететін мемлекеттік тіл», деді Асылы Осман сөз соңында.
Жастар еліміздің атақты адамдарының бірі Асылы Осман апайымен кездескеніне қуаныштарын жасырған жоқ. Көптеген сұрақтар қойып, алған жауаптарына риза болып жатты.
Міне қоштасу сәті де жетті. Асылы Осман апа жастардың өтінішін орындап бәрімен бірге суретке түсті. Жеке түсейік деп қолқа салғандардың да көңілін қалдырмады. Жастар асыл апасы, қазақ тілінің жанашыры Асылы Османмен қимай қоштасып тұрып, тағы да келуін өтінді.

Бердалы Оспан