Рухани келісім күні аталып өтті
Осыдан ширек ғасыр бұрын Елбасымыз Н.Назарбаевтың бастамасымен Алматы төрінде өткен Бүкіләлемдік Рухани келісім конгресінде бекітіліп, күнтізбемізге енген атаулы датаны Қазақстан халқы осымен жиырма алтыншы рет қарсы алғалы отыр. Биыл да Алматы қаласында атаулы күнге орай көптеген іс-шаралар өтті.
Осы орайда тарихи күннің маңызына тоқталсақ, жалғыз Қазақстан аумағында ғана емес, жаһан мемлекеттері де атап өтетін бұл мерекенің 26 жылдық тағылымы халқымыздың тамырына дәру болып келгені сөзсіз. Бұл идея жүзден аса ұлтты бір шаңырақтың астына ұйыстырды. Олардың түрі мен тілі, діні мен ділі әртүрлі болғанымен, Қазақстан ортақ Отанына айналды. Біздің мемлекет сонау 1992 жылы бастама көтеріп, адамзат тарихында тұңғыш рет барлық дін өкілдері мен қайраткерлер, қоғамдық діни ұйым басшылары Алматы төрінде бас қосқан болатын. Жаңа құрылған жас мемлекеттің адамдар арасындағы алауыздыққа, діндер арасындағы дау-дамайларға, жанжал-қақтығыстар мен соғыстарға тосқауыл қоюға талпынған сол кездегі қадамы – бүгінде қазақ топырағындағы қаншама ұлт пен ұлыстың ұйыған тыныштығына тіреу болып келеді. Бағзы заманнан бері береке мен бірліктің, ынтымақ пен ырыстың, татулық пен тыныштықтың Отанына айналған қазақ елі осы уақыт ішінде алыс-жақынның арасын жарастырып, діні бөлектерді бір дөңгелек үстел басына жинаған бітімгер мемлекет ретінде орасан істер атқарды. Рухани келісім күнінің тарихына көз жүгіртер болсақ, бұл датаның да тектен текке таңдалмағанын байқаймыз. Жер бетіндегі түрлі дін өкілдерінің басын қосып, адамзат игілігі жолында күш біріктіруге шақыру талпынысы ең алғаш 1893 жылы басталған болатын. Алайда АҚШ-тың Чикаго қаласында өткен Конгресс жұмысы кейіннен аяқсыз қалып, арада аттай бір ғасыр өткенде барып, ізгі бастаманы Қазақстан мемлекеті қайта жандандырған еді. Алатау бөктерінде өткен алқалы жиынға Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Италия, Швейцария, Үндістан, Ресей, Австрия секілді әлемнің алпауыт елдері қатысып, 18 қазанды – Рухани келісім күні деп жариялау жайында манифест қабылдаған болатын. Міне, сондықтан да бұл атаулы дата – қазақ елінің бірлік пен татулықтың жаршысы екендігін ескертіп тұратын тарихи күн! Жыл сайын тың талпыныстармен, жаңа нәтижелермен аталып өтілетін Рухани келісім күні еліміздің осы бағытта орасан жұмыстары мен халықаралық деңгейде түрлі шаралардың ұйытқысы болуына жол бастаған еді. Осы ширек ғасыр ішінде еліміздегі этностардың ауызбіршілігі мен достығы жас мемлекетімізді күрделі кезеңдерден сүрінбей өтуге жәрдемдесіп, ел дамуына ерекше екпін беріп келеді. Бүгінде тәуелсіз еліміздің тек Еуразиялық кеңістіктегі тұрақтылық пен тыныштыққа сақтап қана қоймай, әлемдік діндер арасындағы диалог орталығына айналғанын мақтанышпен айта аламыз. Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съезінің елордамызда осымен, бесінші рет өткізілгені де біз үшін асқан абырой! Ата-бабамыздың жолынан айнымай, араздасқанның арасын, жанжалдасқанның жағасын бүтіндеп, бітімгер болудың, татулық пен тыныштықтың тұрақтылығын сақтау – халқымыз үшін қашан да биік санат. Данышпан Абай атамыз өз өлеңінде мынадай өсиетін қалдырған: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп». Баба нақылына бағынған ұрпақтың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарардай бірлігі, ең алдымен, адамдардың рухани үндестігі мен үйлесімділігінде жатқан жоқ па?! Тәуелсіз еліміздің таңы күліп атып, көк аспанында көгершіні еркін қанат қаққан мамыражай күніміздің де түпкі тірегі татулығымыз бен бірлігімізде жатыр.
Еркенұр Ерзия