Бокс

Әділбек Ниязымбетов шаршы алаңға үш айдан кейін оралады

  • ©Нұрғиса Елеубеков (фото)

    ©Нұрғиса Елеубеков (фото)

Қараша айның ортасында жарақат алып,  Халықаралық әуесқой бокс федерациясы (AIBA) биыл тұңғыш рет ұйымдастырып отырған AIBA Pro Boxing (APB) жобасынан шығып қалған Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Әділбек Ниязымбетов енді шаршы алаңға кем дегенде үш айдан кейін оралады. Бұл туралы «Алаш айнасы» интернет-порталының тілшісіне бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов айтып берді.

Кеше Талғар маңындағы Дүниежүзілік бокс академиясында «Астана арландары» клубының жаңа маусым алдындағы тұсаукесер жиыны өтті. Бұл жиынға бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов та қатысты.

Жиын барысында Мырзағали Айтжанов «Астана арландары» клубының абыройын көтере беруге тырысатындықтарын, әрі биыл команда құрамының жартылай өзгергендігіне көңіл аударды. Команда құрамының негізін өз боксшыларымыздың қалайтындығын, ал ұлттық құрама мүшелерінің осы клуб сапында жартылай кәсіпқой бокс тәжірибесінен өтіп тұратындығын баса айтты.

Клубтың ресми тұсаукесер жиынынан кейін Мырзағали Құланұлымен сөйлесудің сәті түсті. Біз бапкерге бірден ұлттық құраманың келер жылға қойған мақсаттары мен жарақат алып қалған Әділбек Ниязымбетовтың шаршы алаңға қашан оралатыны туралы сұраған едік, бас бапкер бізге:

— Қазір ұлттық құрама сапындағы боксшылардың барлығына да Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласындағы «Сарыағаш» курортында. Дем алып, қалыпқа келу жаттығуларын жасап жатыр. Жігіттермен бірге құраманың аға жаттықтырушысы Нұрғали Сайфуллин ағамыз бар. Бұйырса, жаңа жылға үйді-үйлеріне тарайды. Ал оқу-жаттығу жиындарын келер жылдың 10-қаңтарында бастаймыз. Осы Талғардағы Дүниежүзілік бокс академиясында шығар.

Өздеріңіз білесіздер, 2015 жылы Олимпиадалық цикл. Яғни, Риоға лицензия берілетін турнирлер өтеді. Біздің басты мақсатымыз – сол турнирлерде сәтті өнер көрсетіп, мүмкіндігінше Олимпиада ойындарына барлық салмақ бойынша жолдама алу.

Ал, Әділбек Ниязымбетов туралы айтатын болсақ, ол шаршы алаңға кем дегенде үш айдан кейін оралады. Жарақаты қатты ауыр емес. Бірақ, жеңіл деп те, қандай екенін де айта алмаймын. Мұндай жарақаттар спортшыларда көптеп кездесіп жатады.

Әділбек сияқты жарақат алған спортшылардың көбісі ота жасатады. Дегенмен, біз оған ота жасатуға рұқсат бермей отырмыз. Өйткені, ота жасататын болса, ол тіпті спортпен де қош айтысып кетуі мүмкін. Мысал ретінде Ердос Жаңабергеновты айта аламын. Ол да тура осындай жарақат алған. Кейін ота жасатамын деп шешті. Ал, отадан кейін ол қайта бабына келе алмай, спортпен қош айтысты.

Ол ауыруды арнайы жаттығулар арқылы емдеуге болады. Сондықтан да біз Әділбекті пышақтың астына жатқызбай, арнайы жаттығулар арқылы емдеп жатырмыз. Ем-домы жақсы жүретін болса, ол үш айдан кейін шаршы алаңға қайта оралады. Егер, жарақаты қиындап кетсе, алты айға дейін емделеді, - деп жауап берді.

Олимпиада және Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында Қазақстанның көк туын ұстап шығып, Азия ойындарының чемпионы атанды. Сол «сары құрлықтың» басты додасынан кейін Әділбек АРВ жобасында бақ сынаймын деп шешті. Тіпті бұл жобада бір кездесу өткізіп, француз боксшысы Мэтью Бадерликтен жеңіліп қалды. Содан кейін ол 21 қараша күні дәл осы жоба аясында  Джозефф Кеннедимен қолғап түйістіруі керек еді. Бірақ, жарақатына байланысты бұл жобадан бас тартты.

Әрине, спортшы үшін жалпы адам баласы үшін денсаулықтан асқан байлық жоқ екені белгілі. Құраманың бапкерлері Ниязымбетовтың жарақатын дер кезінде байқағаны да қуантады. Әйтпесе, жарақаты тым асқанып кетсе, жағдай мұлде қиын болуы да ғажап емес. Спортта ауыр жарақат алып, мансабымен қошбасқан саңлақтардың да көп екенін білеміз. Бастысы, енді Әділбек аман-есен жарақатынан айығып, шаршы алаңда қайта атой салса екен. Біздің бар тілегіміз сол ...


Автор: Уалихан Қосанбай




Көрілген: 1455    Пікірлер: 0

жұма, 26.12.2014, 09:57

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30