Өркениет

Алаштың КИНОиндустриясы

  • Алаштың КИНОиндустриясы

    Алаштың КИНОиндустриясы

Шығыны аз фильм немесе Жақсы деген немене, жаман деген немене?..
Кино десе, қазір, шыны керек, көз алдымызға  сықырлаған көп ақша елестейді. Алдымен шығын, яғни кино жасау үшін қанша ақша керектігін ойлаймыз, сосын отыра қалып одан түскен пайданы есептейміз. Біреу өліп-тіріліп кино түсіріп, енді ол жайлы әсерін білейін деп аузына қарай берсе болғаны, елдің ең бірінші сұрағы – «Бұл фильмнің бюджеті қандай?» болады. Өтірік деңізші? Бұрын ғой, адамдар киноның тек бергі жағындағы романтика, тәтті қиял, әдемі өмірмен қанағаттанатын.  Ал қазір керісінше... көрерменге кино емес, оның арғы жағы қызық. Әгәрәки, режиссердің аузынан айтарлықтай қомақты қаржы туралы сөз шықса, демек, ол мықты кино, біздіңше. Алайда, расымен, солай ма?

Шығыны аз  фильм...
дегенді естуіңіз бар ма? Көргеніңіз ше? Әрине, естіп те, көріп те жүрсіз. Бірақ қазақшалағанға қарап, «ол не өзі?» деп түсінбей тұрған шығарсыз? «Малобюд­жетный фильм», яғни жалпақ тілмен айт­қанда, бұл –  «арық сөйлеп, семіз шыққан» кинолар ғой. Олай болса, осыған қандай мысал келтіруге болады? Расында, аз шығын жұмсап та, әлемді аузына қаратқан, тіпті кино өнерінің классикасына айналған  туындылар бар ма өзі? Әлде бәрібір кино деген – қаржы, яғни шығыны көбейген сайын, ол да көріктене, көркемдене бере ме? Қазір қит етсе, «кассалы фильм» деп шыға келеміз. Осы «кассалы» деп отырға­нымыз  жақсы кино дегеннің баламасы бола ала ма? Әлде ол міндетті түрде ба­рын­ша көп шығын жұмсап, атақты актер­лерді көндіріп, брендтердің бәсекесі қайнап жатқан дүние ме?

Саясат Қабдрахманов, журналист:
– Егер киноны жеке адамдар өз қаржысына, hәм өз ләззатына түсірсе, және онысы байқауда бағаланса, жақ­сы кино деген – сол. Сондай-ақ кино жа­саушының өз қаржысына коммерция­лық фильм түсіріп, онысы прокатта жақсы табысқа ие болса да жақсы кино деп айта аламыз.  Мейлі, мемлекеттің қар­жы­сына түсіріліп, мемлекеттік идео­ло­гияға қызмет қылса да жақсы фильм.  Ал енді мемлекеттің қаржысы­на режиссердің өз қиялымен, ләззаты­мен түсіріліп, онысы байқауда және прокат­та табысқа жетсе және ол мемлекеттік идеологияға қызмет қылса – шедевр!  Ал біздің отандық туындыларға осы өлшем тұрғысынан сараптама жасап көрейікші. Идеологиясы жақсы болға­нымен, бір көруден аспайтын «Жау жүрек мың бала», мемлекеттің ақша­сына өз идеясын тықпалаған «Келін», сапасы сын көтермейтін «Жаралы жүрек»  – қайсысын алсақ та, біз жоға­ры­да айтқан талаптың тырнағына да татымайды. Біздің режиссерлердің  көбінің баспасөзге берген сұхбаттарын сарап­тай келе, бәріне ортақ «халық түсінбесе қойсын, әлемдік қауымдастық мойын­дайды» деген бір мүдде көрем. Сон­дық­тан мен үшін қазақ киносының шедеврі иесі өлген, кейінгісі уақытын күтіп жатыр.

Елзат Ескендір: 
– Жалпы, аз ғана шығын жұмсаса да, жақсы туынды жасауға болады, тіпті нағыз фильм деген сол дер едім. Әлем­дік кинематографияда бұған мыңдаған мысалдар табылады, бірақ мен бір ғана есімді ерекше атап өткім келеді. Ол – ресейлік кинорежиссер Андрей Звягинцев.  Бұл бір өзі «Возвра­ще­ние» (2003), «Изгнание» (2007),  «Елена» (2011) сынды бір емес, бірнеше ше­девр­дің авторы. Шедевр дейтінім – аталған фильмдердің бәрі де әлемдік А класты фестивалінің жүлдегерлері. Негізі, әлемдік кинематографияда нағыз мықты туынды мен жай дүниені ажыратып беретін бір нәрсе болса, ол – осы «А» класты кинофестивальдер. Ал оған «Канн», «Венеция», «Берлин» кинофестивальдері жатады. Айтайын дегенім,   А.Звягинцев үшін актер есімі бренд болуы аса маңызды емес. Ол, ең бастысы – актердің зор талантқа ие әрі көпке танылмаған бет-бейне болуына баса назар аударады. Себебі, шын мәнінде, танымал емес, керісінше, әлі ешкім тани қоймаған актер ғана көрер­менді сендірудің  үлгісі бола алады. Назар аударатын ендігі дүние – режис­сер өзінің алғашқы туындысы «Возвра­щение» фильмін бар-жоғы 400 000 долларға ғана түсіріпті. Бұл –  кино өн­дірі­сі үшін ең төменгі бюджет. Ал сол фильм «Золотой лев» жүлдесін иелен­ген соң әлемнің 76 еліне сатылды. Тіпті отандық өнімдерінен басқа дүниелерді қабылдай бермейтін Қытай мен Иран елі де туындыны өз экрандарына шығарған. Ал түсірген табыс 8 000 000 доллар. Яғни киноға кеткен шығыннан 20 есе үлкен табыс!
Қорыта айтқанда,  әлемдік фести­валь­дің берген бағасы фильмнің әлемдік экранға шығуына тікелей жол ашады. Сондықтан қазақ көрермені әлемдік кинофестивальдер жайында сауаттануы тиіс. Әйтпесе, біз өз бойы­мыз­дағы фобиядан ешқашан арыла алмаймыз.
«Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім...»
Қарапайым айтсақ, қай заманда бол­сын, сауда заңы біреу ғана – арзан алып, қымбат сату немесе аз жұмсап, көп табыс табу. Ал бүгінгідей нарық заманында ішкен ас, киер киіміміз ғана емес, бәрі-бәрі ақша­мен келетін болғандықтан, одан көрер киномыз да қалыс қалмасы анық. Бұл жағынан алғанда, біз ұтылыс жағында екенімізді ашып айтуымыз – шарт. Олай дейтінім, бізде импорттың дәурені жүріп тұрғаны өтірік емес: шетелден үздіксіз фильмдерді тасып жатырмыз, тасып жа­тыр­мыз, әсіресе кәріс пен түріктің кинема­тографиясын асырап отырған қазақтар шығар. Ал «келгенде Жиенқұлға шықпай­ды үнім...» деп ақын Сара айтпақшы,  экс­порт­қа келгенде... Экспорт түгіл, біз өзімізді фильмдермен қамтамасыз ете алмай жатыр емеспіз бе? Соның бір себебі осы қаржыда, дәлірек айтсақ, біз бар ақшаны дұрыс меңгере алмай, 10 тіпті 100 кино түсіруге болатын ақшаға бір ғана фильм түсіріп, онда да ол сол кеткен шығынына арзымай жатқаны – ащы да болса шындық. Себебі біз кинематография ғана емес, жалпы, сауданың қарапайым ғана, жоға­ры­да айтқандай, заңдылығын, яғни неғұр­лым аз жұмсап, көбірек пайда табуды түсіне алмай жүргендейміз. Сау­дагерге бір қой беріп, бір айна алатын кез­ден өттік пе десек?.. Кинематографияда... Қысқасы, қазақтың арық сөйлеп, семіз шығу заңды­лығын меңгерсек етті, яғни ша­ғын шығын­ды фильм өндірісін дамыт­сақ. Бәлкім, қазір бір есім айтсақ, «өй» дерсіз, бірақ Еркін Рақыш құрлы жоқпыз ба, өте аз шығарып, еселеп қайтарып алған? Мәселе  тап сондай сападағы дүние жасауда емес, тап сол кісінің «аз қаржыға фильм түсіруге болатын» тәжірибесін ескеруде.

Тоқсан сөздің түйіні...
Қазір қиялы жеткенге әлемді төңкеріп тастауға болатын заман. Себебі камералардың жетілгені соншалық, тіпті кино түсіруге болатын да фотоаппараттар шығып үлгерді. Бірақ екінші бір жағы да бар, кино деген «қолға камераны алдың да, түсіре салдың, бітті» емес қой? Мәселе, сценарий, реквизит, нағыз образға сәйкес актер табу, жарық, монтаж тағысын тағы, қысқасы, киноның бар кілтипаны да ұйымдастыра білуде жатыр емес пе? Жалпақ тілмен айтқанда, ұн, су, тұз – осы үшеуі қамырдың негізі, алайда ол қамырдан бауырсақ жасай ма, жоқ нан пісіре ме, әлде торт па, бәліш пе, болмаса илей алмай, қамырды ары тартып, бері тартып, ақыры жуындыға тастай ма, аспазына байланысты ғой.


«Олардың» махаббатын күзде көреміз
Биылғы жылы күзде әуесқой режиссер Сәкен Жолдастың «Он и она» романтикалық комедиясы жарық көрмек. Фильмнің түсіру тобы монтаждау, дыбыстау жұ­мыс­тарының барлығын бітіргеннен кейін қыркүйек, қазан айларының бірінде тұсауын кесеміз деп жоспарлап отыр.

Сәкен Жолдас – бұған дейін әлеу­меттік роликтер түсірумен танылған  режиссер. Бұл фильм – оның кино­өнеріне жасаған алғашқы қадамы. Ол тырнақалды туындысында қазіргі заманғы қаладағы махаббат оқиғасын суреттейді. Сюжетте қарапайым күн кешіп жатқан алматылық студент ар­мандаған қызына мүлдем ұқсамайтын сұлуға ғашық болып қала­ды. Сол арқылы бүгінгі жастардың өмірге деген көзқарасын, психологиясын сурет­теуді алдына мақсат етіп қойған. Тәуел­сіздік жылдарында бұған дейін де бірқа­тар комедиялық фильмдер түсірілген. Бірақ олардың көбісі көрермен тара­пынан жоғары бағалана алмады. «Олардың» арасындағы махаббат қай деңгейде түсіріледі, көрерменге шы­найы күлкі сый­лай ала ма?» деген сұрақтардың жауабын қоңыр күзде алатын боламыз.
Заңғар ШЕГЕБАЙ


«А-ға» оралу» DVD нұсқада жарық көрді
«А-ға» оралу» – Қазақстандық киноөнерде 3D форматында экранға шыққан тұңғыш кинокартина. Еліміздің кинотеатрларында табысты жүрген бұл фильм жақын күндері DVD басылыммен жарық көрді.
Егор Кончаловкий түсірген бұл фильмнің премьерасы 2011 жылдың күзінде, 7-нші «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің ашылуында өткен еді. Арада екі жылдай уақыт өтсе де, бұл фильмді қазақстандық көрермендер толық көріп үлгерді деп айта алмаймыз.

Кинода деректі фильм түсіру үшін Алматыдан Ауғанстанға жол тартқан Ресей және Қазақстанның телевизия қызметкерлерінің бастан кешкен оқиғасы суреттеледі. Картинада жауын­гер-интернационалист, Ауғанс­тан майданындағы ұрыс кезінде аяғы­нан айырылған Марат Аюмов журна­лис­терді қорғау мақсатында олармен бірге жүреді. Жүргізушінің қателігінен түсіру тобы басқа жерге барып, қарапа­йым жұмыс сапары қауіпті оқиғаға айнала­ды. Осындай қарапайым сюжет арқылы өріс алатын фильмді ел көрер­мендері алдағы уақытта DVD нұсқа­сында көре алады. DVD басылымда кинотуын­ды­ның өзінен бөлек, «Фильм туралы фильм» де бар. Лицензиялық дискіні арнаулы дүкендер желісінен сатып алуға болады.


Кеше бала ең...
«Бір тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ» – бұл өмірдің заңы. Яғни, ата-ана, бауыр, дос-жаран, кіммен болсаң, өмірдің белгілі бір кезеңін бірге өткізгенімізбен, әйтеуір бір ажырауға тура келеді. Кейде тіпті сол айырылысу мәңгілік көз жазып қалуға да соқтыруы ғажап емес. Сол секілді бір көрініп, жоқ болған кино кейіпкерлері де бар. Алайда оның сол бір жылт еткен бейнесінің өзі көрермен көз алдында мәңгілік шоқ болып басылып, әрдайым «сол бейне қайда жүр өзі?» деген сауал тудырады.

«Жасай берсін, Жұмағұл!» немесе бейкүнә Дәулет қайда?
Жұмағұлдың жайлаудағы үйін жалғыз күзетіп қалған кіп-кішкентай Дәулет бейне­сі бір сәттік эпизод болса да, көрермен санасында мәңгілік қалып қойғаны анық. «Баукеспе» Сұлтан мен Қожа оңаша отауда сайрандап, әлі әліпті таяқ деп танымайтын Дәулеттің қолынан тиын-тебенге етін жеп, қымызын ішіп, қала берді, әкесінің елтірі­сін олжа қылып кетуші еді ғой. Сол Дәулет шын өмірде кім? Қазір қайда?

Юнус ШАМСУЕВ, спортшыларды емдейтін дәрігер, «Менің атым Қожадағы» Дәулет:
– Дәулетті ойнағанда мен жеті жаста едім. Тым кішкентай болған соң ба,  сол бір  жұл­дыз­ды сәттердің дәмін аса сезіне қойған жоқпын. «Менің атым Қожадан» соң тағы бірнеше киноға шақырды. Бірақ ата-анам киноға түсуіме үзілді-кесілді қарсы болды. Сондықтан менің тағдырыма киноның ықпалы болған жоқ.
Мектеп бітірген соң Алматы медицина институтына түскен болатынмын. Қазір шетелде арнайы мамандандырылған дәрі­гер­мін. Қазақстанға жылына екі-үш рет келіп тұрамын. «Менің атым  Қожа­дағы» «балалардан» тек Нұрлан Санжар­мен ғана хабарласып тұрамын.

Қасқырды қызғыштай қорыған қос кейіпкер

Әдетте біздің санамызда қасқыр – жауыз. Жыртқыш атаулыдан, тіпті арыстан мен жолбарысты да қолға үйретуге болады, бірақ түбі орманға қарап ұлып тұратын жалғыз қасқыр болса керек... М.Әуезовтің «Көксерегінде» біз оған шын көз жеткіздік. Бөлтірігінен асырап, айырылмас досқа айналғандай көрінген Көксеректің Құрмашты талап тастағаны есіңізде болар? Сол фильмде ойнаған кішкентай актер Қамбар Уәлиевтің санасындағы сол шошыну үлкейген кезінде де қалып қойса керек. «Көксеректен» түскен жарадан жанын арашалай алмаған күйі қайран Қамбар Уәлиев дүниеден өтті де кетті. Ал осыған қарама-қайшы құбылысты, яғни араларына тап болған бейкүнә бөлтіріктің қыр соңына түсіп жүріп, ақыры өлтіріп тынғанын біз режиссер Т.Теменовтің «Адамдар арасындағы» бөлтірігінде тамашаладық. Сондағы бөлтіріктің жалғыз «жанашыры» Самат қайда? Жалпы, Самат рөлінде ойнаған кім еді? Ол  кішкентай актер Айқын Халықов еді.  «Соловьевтің студенті Т.Теменов ауыл-ауылды аралап жүріп көз тоқтатқан осы балаға «Киноға түсесің бе?», – дегенде: «Түсемін!», – деп саңқ ете қалыпты. Ол Теменовтің, Теменов оның бағын ашты. Қазір де Айқын несібесін кинодан теріп жүр», – дейді ол жайлы зерттеп жазған журналист Әсия Бағдәу­летқызы.

Алпамыс қайда жүр?

Ермек ТӨЛЕПБАЕВ, «Алпамыс мектепке барады» фильміндегі Алпамыс:
– «Алпамыста» мен өзімді ойнадым. Себебі ол киноға түскенде өзім де мек­тепке баруға дайындалып жүргенмін. Бір қызығы, мен одан кейін де Т.Ыбы­раевтың – «Ақ автомобиль», 1979 жылы Виктор Пұсырмановтың – «Серебряный рог Алатау», 1980 жылы Серік Райбаев­тың – «Әнші аралдың құпиясы», 1983 жылы Серік Жармұхамедовтің «Өтел­меген парызы» секілді біраз киноларға түстім. Бірақ елдің есінде «Алпамыс» боп қалдым.

Кейін кинодан қол үзіп кеттім. Жеке кәсіпкермін. «Мені ешкім іздемейтін шығар» деп жүрсем, таяуда ресейлік ақпарат агенттіктерінің бірі мені, яғни Алпамысты Қазақстандағы ең сүйкімді актерлердің қатарына қосып қойыпты.

Бетті дайындаған Мәриям ӘБСАТТАР




Көрілген: 1085    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 17.07.2013, 12:21

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31