Өркениет

Асхат Садырбай Ерке Есмаханмен қарым-қатынасы туралы айтты

  • © Sputnik

    © Sputnik

Асхат Садырбай телеарнада сапалы бағдарлама түсіру құпиясы мен мамандардың шығармашылық ізденісі туралы ойымен Sputnik Қазақстан тілшісімен бөлісті.


"Сапалы бағдарлама түсіруде ең маңыздысы - идея. Сондай-ақ, жобаны сәтті жүзеге асыратын мамандар қажет. Маманның шығармашылық ізденісі, көзқарасы, потенциалы идеядан туындайды. Өкінішке қарай, еліміздегі телеарналарда жыл сайын сол жүргізушілер, продюсерлер жұмыс істейді. Кейін тележобалардағы көп дүние өзгеріссіз қалады. Тіпті, бағдарламада өткен жылғы декорациялар, реквизиттер пайдаланылуы мүмкін", - дейді ол.


"Жұрт олардан жалықты"


Әңгіме барысында тележүргізуші қазақ телевизиясындағы мамандар біліктілігін арттырып жатқанын айтты.


"Youtube әлеуметтік желісіндегі шетелдік және қазақстандық телеарналарындағы концерттерді салыстырсақ, екеуі екі түрлі. Көрермен әртүрлі әсер алады. Сондықтан біз де бағдарламалардың сапасын шетелдік деңгейге жеткізуге талпынып жатырмыз. Шетелдік мамандармен бірге жұмыс істеп, тәжірибе алмасудамыз. Осылайша, білікті қазақстандық мамандар дайындалып жатыр", - деді ол.


Сонымен қатар Асхат Садырбай экраннан түспейтін жұлдыздарға қатысты да жеке пікірін білдірді.


"Менің ойымша, әншілердің бағдарлама жүргізетін дәуірі өткен сияқты. Олардан жұрт жалықты. Концертте де, тойда да, теледидар да сол әншіні көреді. Жеке пікірім, бұл жақсы емес. Себебі, халықтың алдына көп көрінген әнші өзіне деген құрметті жоғалтып алады", - дейді тележүргізуші.


Журналистика мамандығы


Асхат Садырбай 2008 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған.


"Жоғары оқу орнында журналистика мамандығы бойынша берілетін білімге көңілім толмайды. Университетте оқыған жылдары алған біліміме көңілім толған жоқ. Қазір де сондай пікірдемін", - деді Асхат Садырбай.


Журналист болашағын телевизиямен байланыстырғысы келетін жастарға нақты кеңес бере алмайтынын, тек оларға іздену қажеттігін атап өтті.


"Шынымды айтайын, "осыны оқы, мынаны істе" деп ақыл айту қиын. Бірақ жоғары оқу орнына үміт артып, оған қарап отыра берудің қажеті жоқ. Тележурналист болғысы келетін жастар ізденуі керек. Оны бүгіннен бастаған жөн. Бұл үшін барлық мүмкіндік бар ғой. Интернет пен телефон болса жеткілікті. Телефонға қызықты дүниелерді түсіру керек. Маңыздысы – талпыныс пен ізденіс", - дейді тележүргізуші.


Желіні шулатқан жаңалық


Журналист елордаға 2017 жылдың қысында көшіп келген, Қазір Qazaqstan телеарнасындағы "Түнгі студия" бағдарламасының продюсері. Продюсер ретінде Ләйлә Сұлтанқызы жүргізетін "Өз ойым" бағдарламасына қатысты пікірін білдірді.


"Мен де продюсермін. Журналистердің арасында сыйластық болады. Алайда шыдамның да шегі бар. Бұл бағдарлама көрермен назарын өзіне аудару үшін өткір тақырыптарды көтеріп жүр. Бір күні қоятын шығар деп ойладым. Бірақ көрерменге азғындықты насихаттамайсың ғой. Осы менің ашуыма қатты тиді", - дейді Асхат Садырбай.


Оның пікірінше, қыздың пәктігін саудалау жөніндегі тақырып қоғам үшін қауіпті.


"Бағдарламада қазақтың қызы пәктікті саудалау, қайта жасатуды, әрі оның қанша тұратынын айтады. Мұнда дайын нұсқаулық тұр. Яғни ақшадан қысылып жүрсеңдер, осылай жасаңдар деген сияқты. Бұл маған бір қазақ қыздарына жасалған үндеу сияқты көрінді. Ашық насихат. Ашығын айтайын, өте ұят дүние. Өйткені, бұл ұлттың болашағына балта шабумен тең", - дейді журналист.


Асхат Садырбай өзі құрметтейтін, алдыңғы буын өкілдері мақсаты түсініксіз бағдарламаларды шығара бастағанына қынжылды.


"Үлкен жауапкершілікті сезіну керек. Оны бағдарламаның авторы, жүргізушілері сезінді ме, сезінген жоқ па? Ол жағын білмеймін. Бірақ бұл жеңіл айта салатын тақырып емес. Бағдарламадан кейін қызды оқудан шығарып тастады. Сол қыз теріс жолға түсіп кетпесін деп құдайдан тілеймін. Кейіпкер қыз осы қателігінен сабақ алып, дұрыс жолды таңдаса екен деген ниетім бар. Маған ренжісе, ренжісін! Мен ешкімнің жеке басына, ар-намысына тиген жоқпын. Менің ойымша, бағдарламаның авторлары мен жүргізушілердің осы әрекеті дұрыс емес", - дейді тележүргізуші.


Ерке Есмахан мен Мүсілім


Сұхбат барысында журналист алғашында БАҚ-тан жеке өмірі туралы жаңалықтарды оқыған кезде жүрегі ауырғанын айтады. Қазір оған еті үйренген. Журналистің айтуынша, қазақстандық БАҚ таратқан кейбір мәліметтерде оның жеке өміріне қатысты жалған ақпарат болған.


Сонымен қатар Асхат Садырбай бұрынғы жұбайы, танымал әнші Ерке Есмаханмен байланысы жақсы екенін, ұлы Мүсіліммен жиі кездесіп тұратынын айтты.


"Оқырмандар "әйеліңіз бен балаңызды тастап кеттіңіз" деп жазады. Осы мүмкіндікті пайдаланып қалайын. Мен әйелімді де, баламды да тастаған жоқпын. Екеуміз сөйлесе келе, бөлек кетуді ұйғардық. Бұл шешімді бірге қабылдадық. Көрермен де, оқырман да соны дұрыс түсінсе деймін! Бұл саналы түрде қабылданған шешім. Ортамызда бала бар. Ұлыммен сөйлесіп, уақыт бөлемін. Ол мектепте оқиды. Алла берген қара домалақ ұлыма уақытымды неге бөлмейін? Адамның ең басты байлығы – баласы ғой", - деді журналист.


Сөз соңында ол адамдарды дәрежесіне қарап емес, еңбегіне, қызметіне деген құлшынысы мен адалдығына қарап бағалайтынын айтты.


 




Көрілген: 2273    Пікірлер: 0

бейсенбі, 18.04.2019, 10:00

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31