…депті

…депті

Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырмандары! Біздің сайттағы  «... ДЕПТІ» айдарында бұдан былай сіздердің назарларыңызға халық арасында айтылған әзіл-шыны аралас әңгімелер мен кей қалжыңқойлардың оқыстан, дер кезінде дөп басып айтқан сөздерін кезең-кезеңімен ұсынатын боламыз..
«... депті» айдарының бүгінгі санында біз өткен сандардағыдай қазақ поэзиясының пырағы, ақын Қадыр Мырза Әлінің кейбір қанатты сөздерді бүгінгі күнге ыңғайлап, өз пайымына сала өзгертіп айтқан сөздерінен үзінділер беруді одан әрі жалғастырамыз.

– Ақындар тірлігінде жалпы логикаға сыймайтын құбылыстар жиі болады.
– Өнер адамы үшін шығармашылықта болсын, тіршілікте болсын, ең ақыры киім – кешекте болсын, ешкімге ұқсамау – басты міндет.
– Өз басым қазақ тарихын біздің елімізге арақ-шарап деген пәленің келгенге шейінгі, келгеннен кейінгі дәуірі деп екіге бөлген дұрыс болар еді деп ойлаймын.
– Жалпы арақ-шарап келгенше ұлттық мәдениет, ұлттық дәстүр қауіпсіз тірлік кешкен тәрізді.
– Арақ-шарапқа дейінгі шейінгі дәуір – қымыз дәуірі. Әдебиет пен өнер үшін бақытты, кем дегенде жартылай бақытты кезең.
– Егер шатақ шығару керек болса, қымыздың өзі жетіп жатыр. Ал шабыт шақырып, шығармашылықпен шұғылдану қажет болса қымыздан артық ішімдік жоқ!
– Арақ ішіп жақсы бірдеңе жазды дегенге сенбеймін.
– Көптеген классикалық әндер мен классикалық өлең-жырдың бастауында қымыз тұрғаны ақиқат
– Қымыз дәуірі – серілер дәуірі.
– Сәнді киіну – сал- серілер үшін негізгі шарттың бірі.
– Күйтабақты бір аударып салатын, әйтпесе тіпті басқасын қоятын кез болды-ау деймін.
– Көлігі бардың қашанда өрісі кең.
– Махаббат ол – ең алдымен өмір. Ал өмір біз ойлағаннан гөрі күрделі, әлдеқайда күрделі құбылыс.
– Қай бұрышта, қай қалтарыста қай зұлымның қандай қару ұстап тұрғанын білу қиын.
– Кез-келген қарым-қатынастан, тіпті төсектік қарыс-қатынастың өзінен махаббат іздеу дұрыс бола бермейді. Ал нағыз махаббат дегеніміз – өткінші жаңбыр емес. Ұлы сезім.
– Үйкүшіктік жалпы адамға тән қасиет емес.
– Көкжиегің кең болмай көп көрмейсің.
– Көп көрмеген көп біліп жарытпайды.
– Алысты аңсау, оның ар жағында не бар екен деп аласұру адам баласына құдай берген қасиет.
– Кейбіреулер үшін үйден шықпау – түрмеден шықпаумен бірдей.
– Оппозиция деген – мәдениеттің ең жоғарғы түрі. Егер баяғыдай бір партиялық болса, оның кемшілігін ешкім айтпаса, сонда ол қалай түзеледі?
– «Оппозиция – әйеліңнен басталады».  Ол сенің жанашырың.
– Әдебиетте саған көзіңнің тірісінде қоғамның берген бағасы – анық баға емес.
– Өз бағаңды көтеру үшін біреудің бағасын түсіріп керегі жоқ
– Өзіңнің балаңа да, қаламдас інілеріңе де ақыл айтайын деп айтпайсың.
– Жас кезінде адам өзіне қатты сенеді және сенім болмаса ол әдебиетке келе алмайды. Қайшылықта қатаяды. Егер дұрыс түсінсе, ол бақытты, ал бұрыс түсінсе де сенің айтқаныңа қайта қоймайды. Бірақ соққы, таяқ жеу деген болады. Содан кейін ақыл кіреді. Ақылдың өзі көшеде жатқан жоқ. Жас кездегі сүрінгеннен, құлағаннан, әке-шешеден, көршілерден, замандастардан жеген таяқ ақылға айналады.


…депті

Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырмандары! Біздің сайттағы  «... ДЕПТІ» айдарында бұдан былай сіздердің назарларыңызға халық арасында айтылған әзіл-шыны аралас әңгімелер мен кей қалжыңқойлардың оқыстан, дер кезінде дөп басып айтқан сөздерін кезең-кезеңімен ұсынатын боламыз..
«... депті» айдарының бүгінгі санында біз өткен сандардағыдай қазақ поэзиясының пырағы, ақын Қадыр Мырза Әлінің кейбір қанатты сөздерді бүгінгі күнге ыңғайлап, өз пайымына сала өзгертіп айтқан сөздерінен үзінділер беруді одан әрі жалғастырамыз.

– Абыройыңнан айырылып, адамдық қасиетіңді аяққа таптап, күн сайын мың өлгенше, дұрыстап бір өлген де жөн шығар.
– Бақытсыз деймін, жалпы ақын өзі бақытты бола ма екен?
– Сол бақытсыздардың бірі, дәлірек айтсақ, нағыз бақытсызы – Марина Цветаева
– Әңгіменің төркіні — әңгіме.
– Тыныштық жар төсегінен басталады.
– Жазмыш логикаға қарамайды.
– Елге, әсіресе басшыларға, тірі ақыннан гөрі өлген ақын тиімдірек. Олар өкіметтің мазасын алмайды. Айтатынын олар баяғыда айтып, сынайтынын олар баяғыда сынап кеткен. Енді олар оппозиция емес, бар болғаны цитатаға, мысалға айналған
– Қай кезде де, қай-қай ақынға да оңай емес.
– От пен судың арасы. Шындық пен өтіріктің арасы от пен судың арасынан да жаман.
– Дұшпандары ақынға бәрін кешіреді, бірақ тірі жүргенін кешірмейді. Тірі ақын қашанда қауіпті.
– Әйтпесе, басынан айырылған адамға тілден не пайда? Ал ақындар үшін тілінен айырылған соң басынан не пайда?
– Тақта отырған тасбауырларға біреудің басы деген немене
– Адамның басы көбіне-көп ел билеушілердің добы болып келеді.
– Ақынның үнін өшірудің жылдар сынынан өткен ең оңай тәсілі – қылғындыру, тұншықтыру болып келген.
– Өз еркіңмен өлгенде өлімнің түрін таңдауға болар мүмкін. Бірақ сені біреу өлтіргенде, не өкіметің өлтіргенде қалауың бола бермейді.
– Ақынды көбіне-көп заманы, қоғамы, ортасы өлтіреді.
– Батыр да бір оқтық, ақын да бір оқтық!
– Бір ғана нәрсе көңілге медеу – көңілі сүттей ақ періште ақын өзін атқан ата жауларын көріп өлді.
– Өңшең бір шерлі жыр, шерменде ақындардың тағдырларына үңіле отырып, ақын боп туу азап үшін туу ма деп қаласың
– Жазмыштың жұмыр добы да қайысқан қалың халыққа жоламай, әлдекімдерді айналып өтіп, ақындарды барып ұратын тәрізді.
– Біреулердің неден өлгені, біреудің қалай өлгені, ал біреулердің қайда өлгені белгісіз. Жұмбақ тағдырларда жоқ емес.
– Жалпы адам жоғалу, соның ішінде еліне белгілі адамның жоғалуы ақылға сыймайды. Бірақ жоғалады.
– Өз өлімімен өлгенді қаза болды демейді. Ажалынан бұрын өлді деген міне осы.
– Жалпы жазу үстелінің басында өлу – бүкіл ақын-жазушының арманы деуге болады.
– Нағыз жазушы шындап келгенде ешкімге қызмет етпейді.
– Қасқыр орманға қарап ұлыса, қазақ қырға қарап күрсінеді.
– Екі өлең жазсам, соның бірі – Дала. Өйткені ойлайтыным — Дала
– Адам кейде өз үйіне де сыймайды.
– Көптің ішіндегі жалғыздық, аралдағы жалғыздықтан да жаман.
– Коммунистік жүйенің қайтып келгенін өз басым қаламаймын. Өйткені жегіміз келгенін жеп, ішкіміз келгенін ішкенмен, айтқымыз келегенді айта алмадық, жазғымыз келгенді жаза алмадық
– Ауыздан шықпай іште тұншыққан шындық шеменге айналады. Дерттің жаманы – сол. ОЛ адамды тірілей өлтіреді.
– Өнер – тұрған құпия
– Әртүрлі дарындар түгіл, бір дарынның өзі кейде өзіне-өзі ұқсамайды.
– Көз адамдардың бәрі бірдей тәрізді. Бірақ жай адам басқаша көреді де, жазушы адам мүлде басқаша көреді.
– Ағашты тамырынан, тамырды топырақтан ажыратып әкету қалай болар еді?!
– Өнер жүрген жерде еліктеу болмай тұрмайды.
– Кез-келген жас дарын қашан дараланып өзінше қалыптасып тынғанша бір мықтының тартылыс күшінен шыға алмайды.
– Шығармашылықта емес, жай тіршілікте де ұстаздың әсері көрініп тұрады.
– Ақша талғамға қызмет етеді.
– Кейде жоқтықтың өзі жаңа моданың тууына себепкер болады.


…депті

Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырмандары! Біздің сайттағы  «... ДЕПТІ» айдарында бұдан былай сіздердің назарларыңызға халық арасында айтылған әзіл-шыны аралас әңгімелер мен кей қалжыңқойлардың оқыстан, дер кезінде дөп басып айтқан сөздерін кезең-кезеңімен ұсынатын боламыз..
«... депті» айдарының бүгінгі санында біз сіздердің назарларыңызға қазақ поэзиясының пырағы, ақын Қадыр Мырза Әлінің кейбір қанатты сөздерді бүгінгі күнге ыңғайлап, өз пайымына сала өзгертіп айтқан сөздерінің бірнешеуін беруді жөн санадық.
–    Туғанда аяқ-қолың балғадай сап-сау болып туғанмен, ертең кім боларыңды бір құдай ғана біледі.
–    Әкелетін өмір де, әкететін өлім деп ойлаймыз, жоқ, меніңше өлім -өмірдің өзі.
–    Адамды ауыртатын да, өлтіретін де сол өмір!
–    Ол тек құжаттарға ғана Өлім деп қол қоя салады!
–    Өлімнен қорқатын ештеңе жоқ, Өмірден қорық!
–    Ақын – өзінің ішкі дертін, жан ауруын інжуге айналдыратын жұмбақ жан.
–    Дегенмен арақтың істемейтіні жоқ, дәлірек айтсақ, істетпейтіні жоқ.
–    Бүкіл ақын атаулыны маскүнем ғып көрсету – мақсат емес. Менде ондай ой жоқ. Ал енді ішпейтін ақын тағы аз.
–    Қайсібір ақындар үшін дәстүрге айналған дауасыз дерт. Одан зардап шекпеген бақытты әдебиет бар ма екен?
–    Ішіп жүрген оныңды көрген халық он біріншіңді сол онның қатарына калай болса солай қоса салады.
–    Арақ адамның шыңырауындағысын шығарып, тереңде жатқан дүлейін оятады.
–    Жынның момыны болмайды.
–    Есенин ішсе, бір нәрсе тындырып барып ішкен. Ал біреулер ішіп алып бірдеңе тындырмақ. Тына қояр ма екен!
–    Бір кездері көшіп-қонудан алдымызға жан салмасақ, енді ішуден де озып кете жаздаған жағдайларымыз жоқ емес.
–    Соғысқа берген таланттан ішімдікке берген талантымыз әлдеқайда көбірек десек қателесе қояр ма екенбіз?
–    Арақ қазақ үшін жаңа дерт. Жаңа жау. Оған біздің уыз организміміз қарсы тұрып үйренбеген. Иммунитет мүлдем жоқ. Кәрі-жасымызға қарамай қырып кететін түрі бар.
–    Жібек жолын шөп басты.
–    Еуропа ондаған халықты отарласа, темекі мен есірткі Еуропаны отарлады.
–    Отарланған елдер Еуропа тепкісінен құтылды, ал темекі мен есірткі Еуропада мәңгі қалып қойды.
–    Қарақшылар апарған өрт өшті, әкеткен дерт қандарына сіңді.
–    Хайуандар ғана емес, адамдар да түлейді
–    Басқаға еліктесе де адам өлімге еліктемеуі тиіс.
–    Миға кірген ой, шөңгеден де жаман.
–    Өмірге келудің бір-ақ себебі болса, өмірден кетудің ондаған себебі бар.
–    Өлімнен де ауыр ит өмір кімге керек?!


…депті


Исәділ Алмат Мұратұлы Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, аудармашы, журналист 1976 жылы 20 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген.
Өлеңдері «ХХІ ғасыр ақындарының антологиясы» сынды бірнеше ұжымдық жинақтарға енген. «Отырар кітапханасының» тұңғыш сериясымен жарық көрген «Жолдар, жолдар...» сондай-ақ  «Көңілалаң», «Көкжиекке сіңген жол» кітаптарының авторы.

•  Деген екен...
Құяр мен қияр
Осыдан біраз жыл бұрын қаламдас бауырлар бас қосып, дүниеден ерте озған айтыстың ақтангері, от ауызды, орақ тілді Оразалы Досбосыновтың туған ауылы Тегістікке еске алу кешін өткізуге жол тарттық. Ол кезде Алматтың еркелеп, кейде қызыңқырап алатын кезі. Орта жолда кезінде Оразалыға шәкірт болып жүрген Ернат Ысқақовтың Кегендегі үйіне түстік. Келсек дастархан жаюлы екен. Үйдегі жеңгей үстелге жайғасыңдар, дәм алыңдар, жолдан шаршап келе жатырсыңдар, дәм алыңдар деп бәйек болып жүр. Мол дастарханның әр тұсыда тұздалған қияр салынған екен. Жол бойы шөлдеп келген Алмат осыны байқап қалып «жеңеше, пейіліңізге рахмет, бірақ бұл дастарханның қияры бар екен де құяры жоқ екен» деп салады. Үйдегі жеңеше, Алматтың емеурінін бірден түсініп, дастарханға бой жылытатын шөлмектерді қоя бастапты.
Ет аз емес...
Бірде Алмат дауылпаз ақын Маралтаймен ілесіп, Таразға тартып кетеді. Түнделетіп Тараздағы Маралтайдың аға-жеңгесінің үйіне түседі. Келсе, дастархан жаюлы, ет асулы екен. Бірақ, Маралтайдың жеңгесі қайнысының қонақ ертіп келетінінен бейхабар еді. Содан «әй, Маралтай, ақын інімді ертіп келе жатырмын, қасымда қонағым бар деп ертерек ескерсең, етті де молынан асып қояр едім. Өзіміз болған соң, қайдан білейін...Қап, әттеген-ай, етіміздің аз боп тұрғаны» – деп жеңгей қысыла береді. «Ет аз боп қалды» деп ыңғайсызданып тұрған үйдегі жеңешемізді жұбатпақ болған Алмат бір кезде: «Жеңеше, қысылмаңыз, етіңіз аз емес, просто табағыңыз үлкен екен». Шынында да тараздықтар асты үлкен легенге салатыны бар.
Қолыңыз ұзын...
«Алаш айнасы» газеті жаңадан ашылғанда бас редактор Серік Жанболат сол кездегі орынбасары Мақсат Ясылбайға «мына құрғыр кресло тым биік сияқты. Түсіретін тетігі істемейді ғой деймін. Бойшаң жігітсің ғой, осыны саған-ақ берейінші. Отырсам, біртүрлі аяғым жерге тимейді. Оның үстіне аяғым да қысқарақ сияқты» – дейді. Осы сәтте әңгімеге Алмат араласып «Секе, ештеңе етпейді, осыған-ақ отыра беріңіз, аяғыңыз қысқа болғанымен, қолыңыз ұзын редакторсыз ғой.» – деген екен.
«Халықтың шырылы»
Бірде қаламдас достар бас қосып отыр едік. Қызу әңігіме айтып, өлең оқып отырған қылпымызды менің телефонымның безектеп, шырылдаған даусы бөле береді. Телефоным шыр етсе, тетігін басып қоям. Бір кезде қайта шырылдайды. Көтергім келмей, тағы да басып қоямын. Қасымдағылар «әй, Жәке, алдағы телефоныңды қайта-қайта шырылтата бермей жауап берсеңші»– дейді. Мен болсам «ауылдағы бір қарындасым, оқуға тапсырып еді, төмен балл жинап қалыпты. Соның анығын білейін деп хабарласқысы келген ғой. Бірақ оған сен оқуға түсе алмадың деп қалай айтам. Жауап бере алмай отырғаным сол» – деймін ақталып.
Осыны іліп әкеткен Алмат «Е-е, енді түсіндім. Мысалы әлгі қарындасың – халық, сен – биліксің делік. Халық байғұс әдеттегідей шындықты білгісі келіп шырылдай берейді, шырылдай береді. Ал биліктегілер тура сен сияқты жауап бергісі келмей, халыққа бір ауыз сөз айтуға жарамай отыр» – деп күйдіргені бар еді.
Бензинің кетпес далаға
Бірде Алмат Жазушылар одағының алдында тұрса, белгілі пародист Олжас Сыдықбеков  келіп амандасып «Алмеке, көлік сатып алып едім» – деп сүйінші сұрамақ болады. Алмат су жаңа көлікті көзімен бір шолып шығып, «Құтты болсын,
Ақырын жүріп анық бас,
Бензинің кетпес далаға...» – деп жауап береді.
Көлік пен гольф
Алматтың кішкентай ғана Гольф деген көлігі бар. Бір күні Алматқа пародист інісі Олжас Сыдықбеков хабарласып «аға қалайсыз, срочно жолығуымыз керек еді, сіз бәленше жерге келе аласыз ба? Сіз көлікпен жүрсіз бе?» – дейді.
Бұған Алмат, мен сендер сияқты көлікпен емес, «гольфпен» жүремін ғой, бірдеме қылып жетермін» деп жауап береді. Алмат мұнда Олжас мінген Лексус пен гольфтің айырмашылығын меңзеген болса керек.
«Проводник»
Бүгінде  «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, жазушы ағамыз Жұмабай Шаштайұлы кезінде «Қазақстан» телеарнасында белгілі тұлғалармен сыр-сұхбат жүргізетін бір хабардың жүргізушісі болған. «Үзеңгі жолдас» деп аталатын бұл телебағдарлама пойыздың купесінің ішіндегідей студияда түсірілетін. Көпке танылған телехабар жолаушылап бара жатқан жандардың өзара әңгімесі сияқты өрбитін.
Жазушылар  одағының бір жиынында бір журналист қыз Жұмағаңды нұсқап, қасында тұрған Алматқа «мына кісінің түрі таныс» – дейді. Сонда Алмат жұлып алғандай, әлгі қызға қалжыңдап: «Бұл кісіні кім білмейді, әсіресе пойызбен көп жүретіндер жақсы білуге тиіс, бұл кісі Жұмабай Шаштайұлы деген атақты «проводник» қой.»  дейді.
Кейін Алматтың осы жөнінде «Бағдарлама сайын купеде үзеңгі жолдас болып жүрген жолаушылар өзгеріп тұрғанымен, Жұмағаң ғана пойыздан шықпайды, проводниктер құсап» – деп қалжыңдағаны бар. Осы әзілді естіген белгілі сатирик ағамыз Толымбек Әлімбекұлы «Жұмабай ағама пародия жазатын тақырып таппай жүр едім, жақсы болды» деген екен. Төкең, кейін шынында да Жолсерік Жұмабай аға жайлы эпиграмма жазды.

• SMS Айтыс
Қазақтың талантты ақыны, «Серпер» жастар сыйлығының иегері, бірнеше жыр жинақтарының авторы Бақытжан Алдияр бүгінде қасиетті Қазығұрт өңіріндегі Өгем жерінде өлеңін өрнектеп, өнерге қызмет етіп жүр. Ара-тұра Алматының әдеби ортасында жүрген қаламдас дос-бауырларымен хабарласып, хат-хабар алысып тұрады. Жуырда Бақытжан Алдияр мен Алмат екеуінің өзара sms арқылы сөз алмасып, ой жарыстырған жазбаларының кейбір тұстары баспасөзге жарияланды.
Алмат:
«Доступқа» жүрмін,
«доступқа» жүрмін құмартып,
Ғаламтордағы достарға сенім, жүк артып.
Дұшпанның барып сайтында сайран салғанша,
Досыңның кіріп, агентінде «өлген» мың артық....
Бақытжан:
Ассалаумағалайкүм, Алмат бауыр!
Арқалап алдық біраз салмақты ауыр.
Алла жазса, көкке ауыз ілікті ғой,
Жағдайымыз енді-енді болмақ тәуір...
Алмат:
Уағалайкүмассалам, Бақыт бауыр,
Өткізіп жатырсың ба уақытты ауыр.
Жылтырақтың барлығы алтын емес,
Жолықпай жүрме әлі жақұт тәуір?
Бақытжан:
Бұл қазаққа жетер ме сөзім дара?!
Жалт береді достар да көзімді ала.
Алдиярдай екінің бірі шайқар,
Алдиярдай жазатын өзім ғана!!!
Алмат:
Сен – Өгемнен,
Мен – Кегеннен.
Азамат ек өрлеп, өнген.
Қолымызға қалам алып,
Сырлас болған шерлі өлеңмен.
Бақытжан:
Келем деп ең Өгемге сен,
Кеткендей-ақ Кегенде есең.
Алмат:
Дертіміздің дауасы азда,
Бөленейік  дара сазға,
Кегенге кел, содан ары,
Апарамын Қарасазға...
Бақытжан:
Сені Өгемге шақырамын,
Ақша тапсам егер мен...
Алмат:
Бірақ қашан ақынның,
Көсегесі көгерген?
Бақытжан:
Ғайса Әлі келерсің,
Шыққан күні тереңнен...
Алмат:
Күн туар ма біздерге,
Мол байлыққа кенелген?!
Бақытжан:
Талтаң басып кетерміз,
Асып кетіп кемерден...
Алмат:
Жолығарсың олжаға,
Қарға сарып төбеңнен.
Бақытжан:
Қарға да ақшаң болмаса
Аулақ ұшар тегі ерден...
Кетсек пе екен тентіреп,
Жылу жинап ел-елден?!
Алмат:
Тірі ақынның құны жоқ,
Тым құрыса тереңнен.
Қаңқасындай жылқының,
Қазып алған Берелден.
Бақытжан:
Тым құрыса еліме
Жан болсам ғой еленген...
Алмат:
Тентіредік қозыдай,
Босап кеткен көгеннен.
Бақытжан:
Екеуара дәмді асты,
Жеп ек қой бір легеннен...
Сен де кеттің Кегеннен,
Мен де кеттім Өгемнен...
Алмат:
Көңіліміз қашанда,
Асып-тассын кемерден.
Бір бақытқа жырымыз,
Жеткізеді – сенем мен!


… депті

Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырмандары! Біздің сайттағы  «... ДЕПТІ» айдарында бұдан былай сіздердің назарларыңызға халық арасында айтылған әзіл-шыны аралас әңгімелер мен кей қалжыңқойлардың оқыстан, дер кезінде дөп басып айтқан сөздерін кезең-кезеңімен ұсынатын боламыз..
«... депті» айдарының бүгінгі санында біз сіздердің назарларыңызға қазақ поэзиясының пырағы, ақын Қадыр Мырза Әлінің кейбір қанатты сөздерді бүгінгі күнге ыңғайлап, өз пайымына сала өзгертіп айтқан сөздерінің бірнешеуін беруді жөн санадық.

–  Дүниенің ең басты жұмбағы-адам.
–  Алпыс адам-бір жақ, ақын өзі бір жақ.
–  Әкеңді білмеген ештеңе емес, қаптаған халықтың ішінен ұлтыңды білмеген не деген сұмдық.!
–  Адам алысқа қараймын деп, жақындағысын көрмейді.
–  Әулиелік туралы айту үшін өзің де әулие болуың керек
–  Дүниеге шын ақын, ұлы ақын келген күні сонымен қабаттасып даңқ та туады.
–  Азаппен келген даңқ – мәңгілік.
–  Талант – халық қазынасы. Талантты қадірлемеу халықтың намысына тиеді.
–  Адамның бүкіл өмірі өзін-өзі жұбату, өзін-өзі алдау.
–  Даңқ – өте қауіпті рухани есірткі.
–  Ақын-жазушылардың бәрі болмағанмен, біразы әдеби есірмен.
–  Қор қылу да, құдай қылуда халықтың қолында.
–  Пайғамбар жасау халықтың қолында, бекерге мәз болып, өзіңді-өзің алдау, алдану өз қолыңда.
–  Ең үлкен махаббат – халық махаббаты.
–  Халықтың ықыласына ешкім тиым сала алмайды.
–  Даңқ үстемелегенді ұнатады. Бір басталса біразға дейін жарылқайды. Қашан өзің бүлдіріп алғанша махаббат нұрына бөленесің.
–  Таздың басына, пұшықтың мұрнына қона салатын соқыр бақыт сықылды емес, Даңқ – ешкімнің ырқына көне салмайтын бірбет құбылыс.
–  Лайық емес адамға даңқ жоламайды.
–  Даңқ – онның бірін, жүздің бірін таңдайтын талғампаз пәле.
–  Даңқ – ойда жоқта біркүні келе салмайды.
–  Даңқ-нағыз таланттың жолсерігі, жұбанышы, көз жасын сүртетін беторамалы, жан жарасын жуатын таң нұры.
–  Даңқ – ақынның бірінші бақыты емес.
–  Ақынның бірінші бақыты – шығармашылық процесс. Ал қалған тірлігі қараңғы туннель
–  Әр ақынның-егер ол шын ақын болса – тоқсан тоғыз қасіреті болады
–  Ақындардың қасіреттері – кедейшілік пен жоқтық.
–  Кейде тіпті ақын неғұрлым дарынды, неғұрлым арлы болған сайын соғұрлым сормаңдай бола ма деп те ойлайсың!
–  Нағыз қайыршы ұрлық жасамайды.
–  Жалпы жоқтық деген пәле мықты ақындарды өте жақсы көретін болуы керек, қай заманда, қай елде болмасын, алдымен соларды іздеп табады.
–  Абыройыңды жауып жүрудің өзі оңай шаруа емес!


… депті

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырмандары! Біздің сайттағы  «... ДЕПТІ» айдарында бұдан былай сіздердің назарларыңызға халық арасында айтылған әзіл-шыны аралас әңгімелер мен кей қалжыңқойлардың оқыстан, дер кезінде дөп басып айтқан сөздерін кезең-кезеңімен ұсынатын боламыз..

Қажыған трактордан Қажымұқан артық
Балуан бір күні келе жатып батпаққа батқан трактордың үстінен шығады. Жұрт жиналып, әуре-сарсаңға түсіп жатыр екен дейді. Қажекеңді көмекке шақырады.
Сонда балуан беліне арқан салады да  «Әуп!» деп бір-екі ырғап жіберіп, тракторды суырып алады. Сонан соң белін жазып, маңдай терін сүртіп тұрып:
– Әлі де болса екен-ау! –  деп кеңк-кеңк күліпті дейді.

«Терезе мен форточка»
90-шы жылдардың ортасында Тіл  білімінде сол кезде жалғыз академик Әбдуәлі Қайдаров болатын. Кейін Елбасының жарлығымен корреспондент- мүшелері түгелдей берлік академик болып жарияланды. Сонда Әбекеңнің құрдасы Шора Сарбаев:
– Әй, Әбдуәли, сен  академикпін деп,  кеудеңді кере берме, біз де міне көріп тұрсың академик болдық. Енді тереземіз теңелді – депті.
Сонда Әбекең:
– Иә, Шора, сен де академиксің, оны мойындаймын, тереземіз де теңелді. Бірақ сен мынаны есіңе сақта мен – тереземін, ал сен болсаң – «форточкасың», – депті.

«Волга» алуға ақша тапқан адам сендердің тиын-тебендеріңді керек ете қоймас
(ғалым, фантаст -жазушы Абдул-Хамид Мархабаевтың қалжыңы)
Бір жолы театрға бару үшін көшеде такси тоқтатпақшы болып қол көтеріп тұрғанбыз. Машиналар тоқтай қоймады. Сонда Әбекең:
– Әй, жігіттер, «Волгаға» қол көтермей-ақ қойыңдар, «Жигули» мен «Москвичті» ұстаңдар. Өйткені,  –  демесі бар ма! Айтса айтқандай көше бойымен қанша «волга» өтсе де, олардың ешбірі тоқтамай бір «Жигули» отырып кетіпті.


…депті

Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырмандары! Біздің сайттағы  «... ДЕПТІ» айдарында бұдан былай сіздердің назарларыңызға халық арасында айтылған әзіл-шыны аралас әңгімелер мен кей қалжыңқойлардың оқыстан, дер кезінде дөп басып айтқан сөздерін кезең-кезеңімен ұсынатын боламыз..

Білген сөйлейді
Бір ғалым өзінің докторлық еңбегін қорғап жатса керек. Даулы пікірлер туындап, академик Әлкей Марғұлан екі-үш рет шығып сөйлепті. Сонда отырған тағы бір ғалым:
—   Әлеке, бүгін көп сөйлеп кеттіңіз ғой, –  дейді.
Бұған Әлекең:
—   Кісі не сөйлесе де білгеннен кейін сөйлейді ғой, білмесе несін сөйлейді, – деп жауап беріпті.
Жоқшылық, қасқыр және ақын
Нұрқан Ахметбековтың жас кезінде өлең шығаратыны байға ұнамайды. Ақыры бірде «Сен жалқаусың, әуейісің, өлең шығарасың» деп, ауыл көшкенде көлік бермей жұртқа тастап кетіпті. Алқалы ауылдың қаңыраған жұртына ит-құстың үйір келетін әдеті. Кешікпей-ақ Нұрқанның үйінің талғажау еткен жалғыз сиырын қасқыр жеп кетіпті. Сонда Нұрқан былай деген екен:
        Мінерге атым, артарға жоқ түйем де,
        Жоқшылықтың отына мен күйем бе?
        Жалғыз сиыр жар астында жасырын
        Кездесіпті қасқыр деген жиенге.

Сан мен сапа
1982 жылы Қазақстан әдебиеті мен өнерінің РСФСР-дағы күндері өтіп жатады. Москвадағы Қазақстан жазушыларымен кездесу болады. Сахнаға Олжас пен Қалмұқан Исабаев қатар шығады. Сірә, Олжас сөз сөйлеуге, Қалмұқан сый-сияпат тапсыруға шықса керек.
Олжас әдеттегідей тапқыр сөздердің тиегін ағытып тұрып: «Қалмұқан екеуіміздің бітіміміз бүгінгі қазақ совет әдебиетінің диаграммасы сияқты» десе керек. (Олжас сорайған ұзын да, Қалмұқан белінен ғана келеді ғой.) Сонда Қалмұқан ойланбастан: «Онысы рас, тек бір анықтай кететін жағдай, Олжас  –  әдебиетіміздің саны, мен сапасы деп қабылдасаңыздар қателеспейсіздер!» депті.
Ұшқыр әзілге москвалықтар ризалықпен қол соғады.


…депті

Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырмандары! Біздің сайттағы  «... ДЕПТІ» айдарында бұдан былай сіздердің назарларыңызға халық арасында айтылған әзіл-шыны аралас әңгімелер мен кей қалжыңқойлардың оқыстан, дер кезінде дөп басып айтқан сөздерін кезең-кезеңімен ұсынатын боламыз..

Құрманғазы бар, Дина бар...
Өткен ғасырдың 80-шi жылдарының аяғына таман ҚР еңбегі сіңген әртісі Мекес Төрешев бірнеше әріптестерімен бірігіп алып, ел елді, жер жерді аралауға шығады. Алдымен Астрахань облысының қазақтар көптеп шоғырланған әрбiр ауылында құрметтi қонақ болады. Сондай бiр сапарда өздерi бiр жомарт жанның үйiне түсiп, терлеп-тепшiп, шай-суларын iшiп алып, төбесiнде радиосы бар «Кубанец» маркалы автоклубты халықты құлақтандыруға жұмсамай ма? Сөйтсе, көше аралап жүрген автоклубтың әпенделеу жүргiзушiсi Шеркешбай деген азамат:
— Бүгiн кешке Қазақстаннан келген концерт болады, концертке келiңiздер, iшiнде Құрманғазы бар, Дина дегендер бар, — деп сайрап жүрген көрiнедi.
Менде ақша қайдан болсын
Гурьев облысы /қазіргі Атырау облысы/ Махамбет ауданы Новобогат ауылы айтқыштарымен аты шыққаны, әрiсi алысқа, берiсi облысқа мәлiм. Сол елдiң ыстық-суығын қатар көрген еңбек адамдары, бұрынғы совхоз мамандары, тетелес, Өсер Қуанов пен Төлеген Дәулетбаев ағаларымыз Махамбетке жиналысқа шақырылады. Өсер бригадир, ал Төлеген механизатор.
— Әй, Төлеген, таңертеңмен ауданға жүремiз, қалтаңда ақша болса, 3-4 шөлмек ала салшы, жiгiттер кездеседi ғой, — дептi.
Ақкөңiл Төкең айтқанды бұлжытпай орындап, ауданға да барып, жiгiттердiң де шөлiн қандырып ауылға қайтпай ма?
 Ертеңiне, етжеңдi Өсағаң аспай-саспай, сағат 8-ден кете аяңдап жұмысқа келе жатса, гараждың атшаптырым қақпасының алдында Төкең әрiлi-берiлi теңселiп жүр екен.
 Не болғанын iшi сезе қойған Өсағаң дауысын көтерiп:
 — Төлегенжан, амансың ба, жәй ма, дегбiрiң қашып кетiптi ғой, — дейдi түк бiлмегендей.
 Ертеңнен берi күтiп тұрған Төкең:
 — Ассалаумұғалейкем, Өсаға, амансыздар ма? Кешегi ақшаның керек боп тұрғаны, — десе, Өсағаң:
 — Әй, Төлеген, сенiң ақыл-есiң дұрыс емес шығар. Кеше жоқ ақша бүгiн менде қайдан болсын, — деп қарап тұр дейдi.


…депті

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырмандары! Біздің сайттағы  «... ДЕПТІ» айдарында бұдан былай сіздердің назарларыңызға халық арасында айтылған әзіл-шыны аралас әңгімелер мен кей қалжыңқойлардың оқыстан, дер кезінде дөп басып айтқан сөздерін кезең-кезеңімен ұсынатын боламыз..

Жарайды, «төрт» болсын ...
Барлық журналистердің бас бапкері, тәрбиеші-тәлімгері болған аяулы ұстаз профессор Хайыржан Бекхожин емтихан алғанда жұрттың бәріне бірдеңе білсең, «бес» қоятын да, біліңкіремей, кібіртіптеп қалсаң «төрт» қоятын. Ол кісінің қоржынында «үш», «екі» деген бағалар атымен болмайтын.
Сол ағамыз бір жолы өзі жетекшілік еткен диплом жұмысына мақтап-мақтап «бес» қойса керек. Ал оппоненті белгілі сыншы фельетонист Сейділдә Төлешов әлгі жұмыстың сау-тамтығын қалдырмай сынай келіп, «Бұған «үш» қоюға да болмайды», – депті. Сонда Хайрекең тұрып:
– Әй, Сейділдә, сен кешір, мен артығырақ кеткен екенмін, жарайды, «төрт» болсын, – деген екен.

Оқытушы мен студент ақы
Өткен ғасырдың 60-шы жылдары жастайынан өмірден озған Марат Отарәлиев бір күні КПСС тарихынан сабақ беретін ұстаз Ж. Қарақұсовпен мейрамханаға барады. Сонда Жампейіс ағамыз: "Сені ақын дейді осы, кәнеки, шын ақын болсаң, тап қазір мен туралы бір шумақ өлең шығаршы", – депті. Марат табан астында:
– КазГУ-дің оқытушысы Қарақұсов,
Отырмыз ресторанда арақ ішіп.    
Сен болсаң – бұл жолдағы кәрі тарлан,
Мен болсам – соңыңа ерген бала күшік, – депті


…депті

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырмандары! Біздің сайттағы  «... ДЕПТІ» айдарында бұдан былай сіздердің назарларыңызға халық арасында айтылған әзіл-шыны аралас әңгімелер мен кей қалжыңқойлардың оқыстан, дер кезінде дөп басып айтқан сөздерін кезең-кезеңімен ұсынатын боламыз..

Жалғыз шапқан ат жүйрік
Бірде ӘбділдәТәжібаевпен әңгімелесіп отырған жас ақындардың бірі:
– Әбеке, сіз бізге мынаны айтыңызшы: осы әлгі бәленше деген белгілі ақынымыз өзінен басқа жазушылардың бәрін жан демейді. Тіпті классиктердің өзіне шәк келтіре қарайды. Неге бұлай? – деп сұрайды.
Әбділдә жымиып күліпті де:
– «Жалғыз шапқан ат жүйрік» демей ме қазақ. Ол ақын өз өлеңдерінен басқа ешкімнің шығармасын өмірі оқымайды. Сондықтан да ол өзінен асқан жүйрік бар деп білмейді, –  деген екен.

 «Сенің төбең кінәлі»
Бақытжанның телефон арқылы біреумен қаттырақ дауыс көтеріп, ашулана сөйлескенін естіген Баукең кейінірек, жайбарақат отырғанда баласына:
– Сен бағана жолдасыңмен айқайлап сөйлестің ғой, –  дейді.
– Өзі кінәлі. Үндемегенге төбеме шығып алған, –  деп жауап айтады Бақытжан.
Сонда Баукең:
– Ол кінәлі емес. Шығуға ыңғайлы, мінгенге жайдақ сенің төбең кінәлі, –  деген екен.

 Алтайда туған шумақ
Ғафу Қайырбеков Алтайдағы Қатонқарағай ауданын аралап жүрген бір сапарында жағасында самалдай боп, топ-топ қайың өскен, сылдырап ағып жатқан мөлдір бұлағы бар, көк майсалы бір тұсқа аялдапты. Ақынның жанындағылар:
– Ғафеке, бұл «Топқайың» деген жер, жазушы Қалихан Ысқақовтың туған ауылы, – дейді мақтаныш сезіммен.
Сонда Ғафу:
– Алда тұрған «Топқайың»,
Оған қалай соқпайын.
Өз інімнің жері деп,
«Топқайыңға» тоқтайын! –  деп өлеңдетіп жіберіпті.


…депті

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырмандары! Біздің сайттағы  «... ДЕПТІ» айдарында бұдан былай сіздердің назарларыңызға халық арасында айтылған әзіл-шыны аралас әңгімелер мен кей қалжыңқойлардың оқыстан, дер кезінде дөп басып айтқан сөздерін кезең-кезеңімен ұсынатын боламыз..

Гәп қайда
Өзбек халқының әйгілі жазушысы Асқат Мұхтар әдеби-көркем «Шығыс жұлдызы» журналының бас редакторы болып қызмет істеп жүрген кезінде Алматыға қонаққа келіпті. Ол кезде біздегі «Жұлдыз» журналының бас редакторы Сырбай Мәуленов екен.
– Сырбай, осы сенің «Жұлдызыңның» тиражы керемет көп қой... қалайша көбейтіп жүрсің? – дейді Асқат әріптесінен сыр тартып.
Сонда Сырағаң:
– Асеке, біз жұлдызбыз ғой... Батысқа да, шығысқа да, тіпті күнгей мен теріскейге де нұрымызды шаша береміз. Сірә, оқырманымыз да сол себепті көп шығар. Ал сіздер тек шығысқа ғана нұр шашатын жұлдызсыздар... Меніңше, гәп осында! – деп әдемі әзілмен жауап беріпті.

Игі тілек
Сырағаң  –  Сырбай Мәуленов «Қазақ әдебиетіне» екі рет бас редактор болғаны белгілі. Сол екінші жолы бас редактор боп бекіген соң, бірде Орталық Комитеттің кезекті Пленумына қатысады. Үзіліс кезінде Сырағаң бұрын Орталық Қомитеттің секретары боп істеп, орнынан түсіп қалған Н. Жанділдинді көреді. Бұрынғы үлкен бастық төңірегіне бір топ адам жинап, әңuімелесіп тұрғаннан кейін, Сырағаң байқамағансып былай қарай өте береді.
     – Иә, Сырбай, сен «Қазақ әдебиетіне» қайтып барыпсың ғой? – деп Жанділдин өтіп бара жатқан Сырағаңды тоқтатыпты.
Сонда Сырағаң:
 – Оныңыз рас... Мен қайтып баруын қайтып бардым ғой. Менің қайтып барған жолымды құдай тағала сізге де бермес пе екен? – деген екен.

Құдалар
Ақын Қадыр Мырзалиев ақсақал жазушымыз Сейтжан Омаровпен туыстық жағынан құда болып жүреді. Бірде Сәкең:
– Қадыр-ау, құда дегенді шақырушы еді. Көптен хабар болмай кетті ғой дейді.
Сонда Қадыр:
– Сәке, «құда мың жылдық» деген емес пе? Бұйырса әлі-ақ дәм тата жатасыз. Сеебі, алда әлі бірнеше жүздеген жылдар бар ғой, –  деген екен.


… депті

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырмандары! Біздің сайттағы  «... ДЕПТІ» айдарында бұдан былай сіздердің назарларыңызға халық арасында айтылған әзіл-шыны аралас әңгімелер мен кей қалжыңқойлардың оқыстан, дер кезінде дөп басып айтқан сөздерін кезең-кезеңімен ұсынатын боламыз.. 

Ант пен Қант

Талантты жас ақын Әбубәкір Қайранов бірде «Балдырған» журналының редакциясына барады. Бұрынырақта өзінің қызмет істеген жері екен, жігіттермен қауышып, әңгіме-дүкен құрысады.

– Не жаңалық, Әбіш?– дейді жігіттер.

Жаңалық сол... кеше Одақтың Президенті ант берді, оны өздерің де естіп жатқан боларсыңдар,– дейді Әбубәкір әңгімені саясат жағына бұрғысы кеп.

Сонда сатирик-ақын Бейсебай Кірісбаев:

– Әбіш-ау, ант бергенше халыққа қант неге бермейді екен. Әңгімені содан бастасаң етті, – депті мырс етіп.

Мұртыңыздан бір сүйейін...

Жазушы әрі қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 60 жасқа толған тойы Жуалы жеріндегі үлкен мерекеге ұласты. Осы тойда алғашқылардың бірі болып сөз алған ақын Мұхтар Шаханұлы мінбеге шыққан бойда өзінің зор даусымен:

Сағынышымды сарқып айтқан,

Айта алмасымды тартып айтқан,

Ер аға!

Алпысқа келіп ата болған,

Баукеңдерден бата қонған

Шерхан аға, Шер-аға!

Талай қыздың ерні тиген

Мұртыңыздан бір сүйейін кел, аға! - деп тақпақтата жөнелген екен.

Мыналар мені таныды-ау деймін

«Жигулимен» Алматы көшелерінде үлкен жылдамдықпен жүйткіп келе жатқан Шәмші Қалдаяқов ағамыз ГАИ-шниктің «тоқта» деп белгі берген ала таяқшасын көріп: «Мыналар мені таныды-ау деймін», - деп, масаттаныпты қасындағыларға.


… депті

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырмандары! Біздің сайттағы  «... ДЕПТІ» айдарында бұдан былай сіздердің назарларыңызға халық арасында айтылған әзіл-шыны аралас әңгімелер мен кей қалжыңқойлардың оқыстан, дер кезінде дөп басып айтқан сөздерін кезең-кезеңімен ұсынатын боламыз..

«Күлмегенде қайтеміз»
 Бір күні сатирик Садықбек Адамбеков Жазушылар одағының секция мәжілісінде өзінің жаңа комедиясын оқыпты. Комедия ұзақ екен. Мәжіліске қатысып отырған ақын Сырбай жалығып жиі-жиі күле берсе керек.
– Ей, сен неге күлесің? – депті Садықбек Сырбайдың күлгенін жақтырмай. Сонда Сырбай күлкісін тыймай:
– Комедия болған соң күлмегенде қайтеміз! –  депті.

Шегіну деген болмасын
Кубаға барғанда бір күні Бауыржан Момышұлы сол елдің әскер басшыларымен, генералдарымен кездесіпті. Олар өздерінің әскери жарғысымен таныстырады. Жарғының бір бөлімі шегіну туралы екен. Баукең оларға:
– Сіздердің жарғыларыңызда шегіну деген болмау керек, алақандай аралда отырған елдің әскері шегінгенде қайда барады, мұхитқа құлай ма?! Біздің кең байтақ Отанымыздай болса, бір сәрі, –  шегіне жүріп, маневр жасай беретін, –  депті.

Кәдірбек пен Сағат
Қазақстан Жазушылар одағының бір мәжілісінде сыншы Сағат Әшімбаев буржуазиялық идеология туралы, империализмнің зардаптары туралы сөз сөйлеп, оның адамзаттың рухани болмысына өлшеусіз залал келтіріп отырғанын тәптіштеп әңгімелейді.
Үзіліс кезінде жазушы Кәдірбек Сегізбаев төңірегіндегі ақын-жазушыларға:
– Біз аңғара бермейді екенбіз. Сағат пен империализмнің арасы өте нашар екен ғой! – деген екен.

Жүрек ілтипаты
Ақын Жұбан Молдағалиев Мұхаңның шығармаларын қолына жиі алуды ұнатады екен. Оқыған адамға бұл шығармалар философиялық толғамымен, поэтикалық қуатымен үнемі соны қырынан ашыла түседі ғой. Осындай бір тебіреніс үстінде Жұбан ұлы Мұхаңа:
Ағасыз, ақынсыз Сіз бір ғажайып,
Кеш ұқсақ, кешіріңіз, бізде айып.
Төрлеңіз, поэзия сарайына
Тәж-тағы ақындықтың Сізге лайық, –  деген жолдарды арнаған екен.


… депті

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырмандары! Біздің сайттағы  «... ДЕПТІ» айдарында бұдан былай сіздердің назарларыңызға халық арасында айтылған әзіл-шыны аралас әңгімелер мен кей қалжыңқойлардың оқыстан, дер кезінде дөп басып айтқан сөздерін кезең-кезеңімен ұсынатын боламыз..
Жiбек Әмiрханова сөзге ұста, қазақы қалжыңның да майын тамызатын, өткiр тiлдi ұлтымыздың мақтан тұтар қыздарының бiрi. Ол комсомолдың Орталық Комитетiнiң хатшысы, Алматы облысы әкiмiнiң орынбасары болып жүрген кезiнде бiр қалыпты мiнезiмен, ойлы ұсыныстарымен көзге түскен санаулы саясаткер қыздарымыздың көшiн бастаған тұлға болатын. Әсiресе, «Қымызмұрындық» рәсiмi мен «Мың бала» қозғалыстары Жiбек Әмiрханованың өзiне ғана тән қолтаңбасын айғақтағандай.
Алматыда әртүрлi деңгейдегi қабылдаулар, тұсаукесерлер, шәй iшулер болып жататын. Әсте, осындай кездесулерде Жiбек Әмiрханқызы қалам ұстаған қауыммен жүздеспей кетпейдi. Шерағаң да сұлу мұртының аржағынан өзiне ғана жарасатын әдемi жымиысымен қалжың сөзбен қағысып қалады. Әсiресе, Шерағаң мойны жiңiшке бокалға суды құйып алып, Жiбектің қасына келгенде:
— Кәне жiгiттер, бокалдарыңның мықынынан ұстап Жiбекпен соғыстырып iшелiк, — деп хрусталь бокалын сыңғыр еткiзiп түйiстiредi. Осы көрiнiс екi-үш мәрте қайталанды. Шерағаң тағы бір мәрте әлгi қалжыңын  қайталағаны сол-ақ екен Жiбек апамыз жымиып қана:
— Шераға, қолыңыз мықыннан не жоғары шықпады, не төмен түспедi ғой. Бұл ненің белгісі, — деп күлiп жiбердi.
Шерағаң осыдан кейiн Жiбекпен қалжыңдасуды мүлде қойыпты.


… депті

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Абай ОМАРОВ (коллаж)
Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырмандары! Біздің сайттағы  «... ДЕПТІ» айдарында бұдан былай сіздердің назарларыңызға халық арасында айтылған әзіл-шыны аралас әңгімелер мен кей қалжыңқойлардың оқыстан, дер кезінде дөп басып айтқан сөздерін кезең-кезеңімен ұсынатын боламыз.. Бүгінгі топтамада ақын, әрі жазушы Сәкен Иманасов ағамыздың филология ғылымының докторы, профессор, көп журналиске ұстаз Кәкен Қамзин айтқан қызықты әңгімелерінің бірнешеуін беруді жөн көрдік. Қалғанын келесі саннан оқи аласыздар.

Тіс пен тырнақ үндестігі
Профессор Кәкен Қамзин бір шұғыл мәселе бойынша «Түркістан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Жаңабек Шағатаймен ұялы телефонмен тілдеседі. Жаңабек тап қазір дантистен шыққанын, алты тісін санап бергенін, құлағалы тұрғанын, дұрыстап сөйлесуге мұршасы жоқтығын айтып ақталады. Сонда Кәкен:
– Азу  кетсе де, асыл тырнағың аман болсын, қасаң билборд қисайса да, жасаң патриот тұғырдан таймасын, – деп жұбатады. Жаңабек ағасының бұл не қитұрқысы деп айран-асыр қалады. Арғы жақтан әзіл-шыны аралас:
– Классиктердің сөзі өлмесін. Бұл заман тырнақты мен тістінікі, – деген дауыс күмбірлейді.

Енді балықтың тілін үйрен
Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, белгілі рунатанушы Аманқос Құлтанұлы Мектеп ертедегі түркі жазбаларының барлығы «рух», «ру», «ұрық» ұғымынан тарайтынын айтып та, жазып та жүр. Тіпті «отец» сөзі «от иесінен» шықты дейтін де сол. Ғалымның түркология саласындағы білімін одан әрі толықтыра түсу үшін оны университет басшылығы бір жылға Польшаға оқуға жібереді. Елді-жұртты әбден сағынған Аманқос келе салысымен аман-саулық білісу үшін Кәкенге телефон соғады. Әңгімеден әңгіме туындап, Кәкен шет ел мектебін көріп келген Аманқос Мектепке:
–  Иә, Речь Посполита суаттарына  шашып тастаған шығарсың? – дейді.
–  Не-не, түсінбей қалдым? – дейді пан Мектеп.
–  Түсінбедім де. Онда бұл сөздің төркінін балықтан сұра, – деп Кәкен трубканы қоя салады.


… депті

Абай ОМАРОВ (коллаж)
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырмандары! Біздің сайттағы  «... ДЕПТІ» айдарында бұдан былай сіздердің назарларыңызға халық арасында айтылған әзіл-шыны аралас әңгімелер мен кей қалжыңқойлардың оқыстан, дер кезінде дөп басып айтқан сөздерін кезең-кезеңімен ұсынатын боламыз.. Бүгінгі топтамада ақын, әрі жазушы Сәкен Иманасов ағамыздың филология ғылымының докторы, профессор, көп журналистке ұстаз Кәкен Қамзин жайлы айтқан қызықты әңгімелерінің бірнешеуін беруді жөн көрдік. Қалғанын келесі саннан оқи аласыздар.
Есек дәме
Кәкеннің Қазақ КСР Телевизия және радио хабары мемлекеттік комитетінде қызмет атқарып жүрген кезі. Бір күні басшылар оны  сол кездегі Целиноградқа іссапарға аттандырады. Оқиға оны аңди ма, әлде ол оқиғаның үстінен түсе ме, әйтеуір, сол уақытта қалада неміс автономиясының құрылуына қарсы бас көтеру бұрқ ете түседі. Сапардан оралған қызметкерді дереу комитет төрағасының орынбасары Әнуарбек Нәжімедденұлы Шманов шақырып, жағдаяттың егжей-тегжейіне қанығады да:
- Шерушілердің ортасында өзің болдың ба? – дейді.
- Қалай болмайын? Болдым. Соларға  қосылып,  айғайлатып, ұрандатып  алаңды  үш  рет айналып шықтым. – Кәкеннің мынадай сөзіне іші қылп ете қалған Әнекең:
- Бұныңды менен басқа ешкім естімесін! – деп шыр-пыр болады.
- Әнеке, сізге сенгеннен кейін айтып отырмын. Алда-жалда жиырма бес жылға айдалып кетсем, артымда естелік жазар біреу қалар деген үміт қой. – деп Кәкен төмен қарайды.
Бір тәсіл екі құйысқа жарамайды
Қазақ КСР Мемтелерадиосының басшылығы Кәкенді қыс ішінде Қостанай облыстық телерадиокомитетінің жұмысын саралап келуге аттандырады. Іссапар алдында ол жақсы көретін ағасы,  «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Сайын Мұратбековке сәлем бере кіріп шығады. Сәкең сол ауылдан бір жақсы очерк, не суреттеме ала келуін тапсырады. Жергілікті жігіттер оны Социалистік Еңбек Ері, асыл тұқымды мал заводының танымал шопанымен таныстырады. Мал иесі «иә» мен «жоқтың» арасындағы адам екен, қанша сүйрелесе де ашыла қоймайды. Жас журналистің есіне Әзілхан Нұршайықов ағасы айтып берген амал сап ете түседі де, қасындағы парторгті магазинге  жүгіртіп жібереді. Енді әне-міне жібиді деп үміттеніп отырған азаматы екі сипама стақан ақ арақтан кейін шалқасынан түседі. Сонда Кәкен былай деп гөй-гөйге басады:
- Социалистік Еңбек Ері, қарағым-ай,
Босқа кеткен екі бөтелке арағым-ай.
Алаш ардақтыларының ажалы
Жас қаламгердің «Жазушы» баспасының проза бөліміне қызметке орналасқан кезі. Төлен Қаупынбаев, Берік Шаханов, Алдан Смайылов сынды белгілі жазушылар – бәрі бір бөлмеде отырады. Құмалаққа солай түсті ме, әлде басқа себептер болды ма, әйтеуір, оның қолына  Ғабит Мүсреповтің «Жат қолында» романының қолжазбасы тиеді. Бас редактор Мұхтар Мағауин көп созбауды, тездетіп өндіріске жіберуді мықтап тапсырады. Бір күні жұмыстың қызып жатқан шағында  баспа директоры Сайын Мұратбеков Ғабеңнің келіп кетсін деген сәлемін жеткізеді. Кәкеннің жүрегі зырқ ете қалады. Осының алдында ғана лито қызметкерлері шығармадағы Торғай және Семей алашордасы туралы беттерді алдыртып тастаған-ды. Ғабең «Космос» сигаретін будақтата отырып, ана тараушалардың қайда кеткенін сұрайды. Сонда Кәкен аспай-саспай:
- Ғабе, Алаш ардақтылары жат қолында опат болды, – дейді.

… депті

Абай ОМАРОВ (коллаж)
Абай ОМАРОВ (коллаж)

ұрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырмандары! Біздің сайттағы  «... ДЕПТІ» айдарында бұдан былай сіздердің назарларыңызға халық арасында айтылған әзіл-шыны аралас әңгімелер мен кей қалжыңқойлардың оқыстан, дер кезінде дөп басып айтқан сөздерін кезең-кезеңімен ұсынатын боламыз.. Бүгінгі топтамада ақын, әрі жазушы Сәкен Иманасов ағамыздың филология ғымылымының докторы, профессор, көп журналиске ұстаз Кәкен Қамзин айтқан қызықты әңгімелерінің бірнешеуін беруді жөн көрдік. Қалғанын келесі саннан оқи аласыздар.

Қырғиқабақ соғыстың бәсі
Студент күндері Кәкен екі сабақтан азарда-безер болатын. Бірі – «Азаматтық қорғаныс», екіншісі – «Әскери дайындық». Кеңес Одағы мен АҚШ арасындағы жанталаса қарулану бәскесі қызып тұрған шақта бұл пәндердің түкірігі жерге түсе ме. «Азаматтық қорғанысты» жүргізетін отставкадағы полковник студентінен сынақ алып отырып:
– Атом бомбасы жарылғанда не істейсің? – деп әдеттегі сұрағын қояды. Сонда Кәкен:
– Екі табыт сатып аламын, – деп жауап беріпті. Мұндай оқыстықты күтпеген оқытушы:
– Е-е, неге екеу? – деп қалыпты.
– Біреуін – сізге, біреуін – өзіме, – деген екен екінші курстың студенті Кәкен Қамзин.

Италия қайда, біз қайда?
Университеттегі оқудан кейін жұмысқа орналасу үшін Алматыға тіркеуге тұру керек. Қиналып жүрген Кәкенге атақты диктор Әнуарбек Байжанбаев қол ұшын береді. Сол кездегі Комсомол көшесіндегі өз үйіне пропискаға отырғызады. Енді оны жуу рәсімі бар емес пе. Әнекең өзінің досы – Әнуар Әлімжановтің туған ағасы –  Қазақ радиосының дыбыс режиссері Абдолла   Қылышбаевты қосып алады. Жүре келе  «Қазақфильмнің» режиссері Абдолла Қарсақбаев ұшыраса кетеді. Жүргенге жөргем ілгеді демекші, тағы бір орамнан өте бере алдарынан  «Қазақтелефильмнің» режиссері Тұраш Ыбыраев шыға келеді. Сонда Кәкен ағаларына қарап:
– Енді Лукино Висконти  мен   Федерико Феллини  келмей   тұрғанда, тездетіп мына «Есік» ресторанына зып берейік, – депті.

Сүйемнен қарыс жақын
1973 жыл. Азия-Африка жазушыларының Алматыдағы Бесінші конференциясы. Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының бірінші хатшысы Әнуар Әлімжанов оған үлкен мәжіліске арнайы шақыру билетін береді. Алдында ғана Азат Сүлеев, Төлеу Шаханов, Ермұрат Жармұхамедов сияқты сабаздармен түскі тояттан оралған Кәкен рахметтің орнына Әнуар Тұрлыбекұлына:
– Олжас Сүлейменовтің кітабына  алғысөз сүйкеп тастайсыз, Шоқан Әлімбаевқа пәтер алып бересіз, Мұқағали Мақатаевты Мәскеуге Литинститутқа оқуға жібересіз, Мұрат Әуезовті Делиге ағылшын тілін үйренуге аттандырасыз, ал мына мені бір жапырақ қағазбен алдандырасыз, – деп базынасын айтып қалыпты.


... депті

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырмандары! Біздің сайттағы  «... ДЕПТІ» айдарында бұдан былай сіздердің назарларыңызға халық арасында айтылған әзіл-шыны аралас әңгімелер мен кей қалжыңқойлардың оқыстан, дер кезінде дөп басып айтқан сөздерін кезең-кезеңімен ұсынатын боламыз.. Ал бұған дейін шыққан топтамаларды оқығыңыз келсе, төменде көрсетілген сілтемелерді басыңыз..

Ару мен ауру
Сейіт Кенжеахметұлы Арқалық педагогика институтында қазақ әдебиеті тарихынан дәріс беріп жүріп өз тілін шала білетін қазақ қызына «сендей ару қыздарға өз тілін білмеу жараспайды», - дейді. Қыз ата-анасына «мені ауру қыз деп айты» деп жылап барады. Ата-анасы институт ректоры Мырзағали Төлегеновке барып арызданады. Ректор Кенжеахметұлын шақыртады. Артынан ұстаздың ауру емес, «ару» дегенін студенттер де растап береді. Ата-ана сатирик-жазушыдан кешірім сұрайды. Жаны күйіп-піскен Сейіт аға қыздың атан-анасына қарап:
– Сіздің қызыңызды енді шынымен де ауру деп айтуға болады екен, – депті.

Тас па, мен бе?
Қыстың күні жер көк тайғақ болып екі-үш жолдасымен келе жатып, тас төселген жерден өте бергенде Сейіт Кенжеахметұлы тайып жығылғаны сол-ақ екен бір нәрсе тырс ете қалады. Жанындағылар шошып кетіп Сейітке келсе,  әзілі үзілмейтін ол:
– Қараңдаршы, тас сынды ма, мен сындым ба екен? – деген екен.

Қырандар биікте тұрады
«Шылбырынан сан ұстаған» ағасы Ғафу Қайырбеков Арқалықта «Рубин» дүкенінің үстіндегі Сейіт Кенжеахметұлы үйінде қонақта болады. Сегізінші қабаттан төменге қараған Ғафу аға жас ақынға қарап:
– Сейіт-жан, тым биікте тұрады екенсің, – дегенде, інісі:
– Ғафа, қырандар биікте тұрады емес пе?!, – деп жауап беріпті.

Телефон да зейнетке шыға ма?
Қызылорда облысында ұзақ жылдар бойы басшылық қызметтер атқарған Ғафур Мұхамеджанов сөзге шешен, ұстанымы мықты кісі еді. Зейнеткерлікке шыққан соң бұрынғы қызметтестері мен жақын жүрген кісілерден де біразға дейін хабар болыңқырамай, зерігіңкіреп отырғанында үй телефоны шырылдап қоя береді. Көтерсе, жас газет тілшісі, «мұным қалай болар екен?» дегендей сұхбат алғысы келетіндігін жүрексіне жеткізеді.
– Кел, айналайын, кел, үйдемін, – дейді Ғафекең қуана келісіп. – Адамның өзі зейнетке шыққан соң, оның телефоны да қоса шыға ма деп қалдым, көптен бері ешкімнен хабар түспей қалып, құлазып отыр едім. Қоңырау соққаның жақсы болды ғой, мұныңа марқаймасам, ренжімеймін.


... депті

Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырмандары! Біздің сайттағы  «... ДЕПТІ» айдарында бұдан былай сіздердің назарларыңызға халық арасында айтылған әзіл-шыны аралас әңгімелер мен кей қалжыңқойлардың оқыстан, дер кезінде дөп басып айтқан сөздерін кезең-кезеңімен ұсынатын боламыз..

Араша түсу
Бір күні Жазушылар одағының ғимаратының алдында қазақтың белгілі қаламгері Садықбек Адамбеков пен Сансызбай Сарғасқаев сөзге келіп, жаға ұстасып қалады. Бұл жанжалға куә болған Мұқағали Мақатаев екеуін сабырға шақырып, араша түсіпті. Қазақ – сөзге тоқтаған халық қой. Екеуі сабасына түскен соң:
       –  Сендерге арнап өлең шығарып берейін бе? – дейді Мұқағали арқаланып.
       –  Шығарсаң, шығар, – дейді екеуі жарыса.
           Сонда ақиық ақын мүдірместен былайша өлеңдете жөнелген екен:
       –  Сары тісті, сары шашты Садықбекті,
            Сансызбай Сарғасқаев салып кетті.
            Ұрамын деп тағы да ұмтылғанда,
            Жолдастары ұрғызбай алып кетті.

Кемпір дегенде қайтесің?
Бір әйел замандастарының «қатын» дегеніне ашу шақырып, айналасындағылардың бірін қалдырмай, ауыр сөздер айтыпты. Оған басу айтқан ақын-сатирик бір ағамыз:
– Замандас, қатын басыңмен қатын дегенге ашуланасың, ертең кемпір болғанда қайтпексің? – деген екен.

Желпеуіштің құпиясы
Көрнекті қазақ ақыны, республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тұманбай Молдағалиевтің бірде Жапония еліне жолы түсіпті. Сол сапарынан Тұмекең әйеліне сыйлыққа әсем безендірілген, әлеміштеп боялған желпуіш ала келеді.
         – Тұмаш, Жапониядан әкелген әлгі желпуішіңді сындырып алдым, – дейді оған бірде әйелі.
         – Сынып қалғаны қалай? – дейді Тұмекең таңданып.
         – Білмеймін… Әйтеуір сынып қалды.
         – Жапондар сынатын дүние жасамаушы еді ғой. Сен онымен қате желпіген шығарсың?
         – Қате емес, кәдімгідей былай желпідім, – деп әйелі алақанымен желпіп көрсетеді.
         Сонда Тұмекең мырс етіп:
        – Жапонияның желпуішімен олай желпімейді. Желпуішті ұстап тұрып, басты былай шайқайды, –деген екен.

Ненің буы?
Шәмші Қалдаяқовтың атақты «Ақсұңқарым», «Ақмаңдайлым» әндері жаңадан шығып, Роза Бағланованың орындауында радио, телевидениеден күнде берілетін кезі болса керек. Сондай күннің бірінде маңдайы терлеңкіреп алдынан кезіккен сазгерге Роза апамыз:
– Ішіп алғансың ба? – деп сынай қарайды. Сонда Шәкең саспастан:
– Жоқ, «Ақмаңдайлым» мен «Ақсұңқардың» буы ғой, – депті.


... депті

Шамкенов пен Жамкенов
Ақын Жүрсін Ерманов жан жары Бақытжамалды еркелетіп, өз ортасында «Шәмкен» дейтіні бар. Жақын-жуықтары мен дос-жарандары да солай ныспылайды. Бірде Жүкең жеңгеміз бен институтта бірге оқыған досы Сәулебай Жамкеновті қосағымен бірге алып, Қызылорда облысы жаққа тойға барады. Күтіп алушылар оларды қонақүйге орналастырмақшы болып зыр жүгіреді. Сәулетті ғимараттың қос қапталында қарама-қарсы люкс бөлмелер болса керек, кім қалай орналасады, оны меймандардың өз қалауына қалдырады. Сонда әйелдер жөнінде әдемі өлең жазатын ақын ағамыз, жеңгеміздің ығына жығылғандай:
– Шамкеновтер оң жаққа, ал Жамкеновтер сол қапталға қарай жайғаса беріңдер, – десе керек.

Дурак, ол адам маған да көзін қысты
Алматыдағы Калинин көшесі (қазіргі Қабанбай батыр) бойынан «Столичный» орталық гастроном жаңа ашылған кез. Үстіне ағылшын қойының терісінен  тіккен тонын кие сап Садықбек Адамбеков  гастрономға келеді. Әйнектегі витринаға келіп, ішінде жатқан шұжықтарға тесіле қарап тұрғанда, тонының шалғайын біреу сүйкене өтіп ашып кетеді. Етегін жинамаққа ыңғайлана бергенінде өзіне қарап тұрған бір келіншекті аңғарады. Сәкең саспастан сол әйелге мойнын бұра мысық көкшіл көздерін қысып-қысып қалады. Сол кезде әйел:
–Вася, мына кісі маған көзін қысады, – деп дауыстап айқайлап жібереді. Әйелдің жанына еңгезердей дәу қара жетіп келіп:
–Не болды? – дейді.
–Мына кісі көзін қысады, – деп қайталайды. Жігіт Сәкеңе қарағаны сол-ақ екен ойлап тапқыш дарын иесі оған да көзін қысады. Сол кезде жігіт келіншекті жетелей бере:
–Дурак, ол адам маған да көзін қысты. Шамасы, ауру болар, – деп сыртқа шыға бергенде, әйел тағы бір мәрте Садықбек Адамбековке қарайды. Сонда Сәкең әйелге көзін және бір қысып, сұқ саусағымен шекесін шұқып қала берген екен . (Тар жердегі тапқырлық осы болса керек)…

Айналайын, халқымнан, өзі киіндіреді, өзі шешіндіреді
Шәмшіге ел-жұрты ерекше құрмет көрсетіп, су жаңа кәстөм-шалбар кигізеді. Алматыға келгесін сол жаңа киіммен достарына соғады. Түн жарымда қонар үйіне қайтып келе жатқанда көше бұзықтары оны ұстап алады да:
– Шешін! – дейді.
– Әй, жігіттер, қойыңдар! мен Қалдаяқовпын ғой.
– Бізге Қалдаяқов емес, қара кәстөм керек! – дейді әлгі әпербақандар. Сонда жарықтық Шәкең:
– Айналайын, халқымнан, өзі киіндіреді, өзі шешіндіреді. Жұртым аман болсын! – деп шешіне бастаса керек …

Айдос САРЫМ, саясаттанушы:
– Интернет заманы десек те, газеттің аты – газет! Оқысаң – ақпарат, төсесең – дастархан, сүртсең – майлық, сермесең – желдеткіш, кисең – қалпақ, ұшырсаң – ұшақ, жақсаң – тамызық, салсаң – ұлтарақ, орасаң – пакет, жамылсаң – көрпе...  Ал осының барлығын айпадпен жасап көріңдер.

(ФБ-тегі жеке парақшасынан)


... депті

Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырмандары! Біздің сайттағы  «... ДЕПТІ» айдарында бұдан былай сіздердің назарларыңызға халық арасында айтылған әзіл-шыны аралас әңгімелер мен кей қалжыңқойлардың оқыстан, дер кезінде дөп басып айтқан сөздерін кезең-кезеңімен ұсынатын боламыз..

Құрал-сайман толып кетіпті ғой...
Мұқағали Мақатаев бір жолы Ақтөбеге барады. Обылыстық газетте қызмет істейтін ақын Мұхтар Құрманалиннің бөлмесіне кірсе, ол кісі жоқ екен де, бірақ жас қызметкер отырса керек.
–    Мұхтар қайда? – деп сұрайды одан Мұқағали.
–    Редактор шақырып еді, қазір келіп қалар, отыра тұрыңыз.
Мұқағали үстелді саусақтарымен шерткілеп: «Мұхтар да Мұқа, Мұқағали да Мұқа», – дегенді қайталап айта береді. Әлгі жігіт қарап отырмай:
–    Мұқаң көп болғанмен, Мұхтар біреу ғой, – депті.
Мұқағали оған жалт қарайды:
–    Дұрыс айтасың, бала, атың кім өзіңнің?
–    Құрал.
Осы кезде бөлмеге басқа бір жігіт кіріп келеді. Ол Мұқағалиды танып, қол ұсынып, сәлем береді.
–    Ал сен кімсің? – деп сұрайды Мұқағали:
–    Болат Теміров деген ақын ініңізбін ғой, – дейді жаңа келген жігіт:
Сонда Мұқағали:
–    Оу, редакцияларыңа құрал-сайман, темір-терсек толып кетіпті ғой, – деген екен.

Елдің патшасына теңеді
Ақын Шынберген Сүлеймен қызылордалық айтыскер-ақын Айдос Рахметовтың бет әлпетіне қарап оны Барак Обамаға теңепті.
Сонда Айдос:
Шынберген қарсыласым не деп кетті,
Біздерді Обама деп елеп кетті.
Болар елдің балалары деген осы,
Бір елдің патшасына теңеп кетті, – деген екен.

Жұмақтың кілті ананың аяғында
Астана қаласында өткен бір айтыста Нұрмат Мансұров Сара Тоқтамысоваға біздің елге келін бол дейді, Сара Оңтүстікте келін ененің аяғын жуады деп келін болмайтынын айтқан екен. Сонда Нұрмат:
...Сеніменен қосылып мен де жуам,
Сен перзенттік пейілді аядың ба.
Саражан-ау сен сонда білмеуші ме ең,
Жұмақ кілті ананың аяғында.  -депті.


... депті

Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырмандары! Біздің сайттағы  «... ДЕПТІ» айдарында бұдан былай сіздердің назарларыңызға халық арасында айтылған әзіл-шыны аралас әңгімелер мен кей қалжыңқойлардың оқыстан, дер кезінде дөп басып айтқан сөздерін кезең-кезеңімен ұсынатын боламыз..

Ұлтарақов пен Байпақов
Белгілі партия және кеңес қызметкері Қазтай Ұлтарақов облыстық партия комитетінің ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып жүрген кезде бір жігітті қызметке алады. Оның фамилиясы Байпақов екен.
Сонда Ұлтарақов:
– Осы қазақ та неше түрлі ат қоя береді екен-ау! – деп таңырқаса керек. Сонда әріптесі Мырзахмет Молдахметов:
– Қазеке-ау, несіне таңырқайсыз? Байпақ ұлтарақтан гөрі тәуірлеу емес пе? – деген екен.

«Қырылып қалыпты ғой» ...
Ілгеріде Кеңес үкіметінің кезінде аспанда Құдай жерде МАИ құдай болып тұрған кез. Ол уақытта қазіргідей ағылған машина көп емес. Әркім қолға түскенін пайдаланады.
Ауылда бір кісі қайтыс болып, соның «үйін» қазуға 5-6 жігіт машинасымен қорымға келе жатса керек. Табылғаны сол болды ма, көліктері жүкті өзі аударатын (самосвал) екен. Жүйткітіп келе жатқан жүргізуші сонадайдан жолда тұрған МАИ қызметкерін көреді де машинаны тоқтатып, үстінде¬гілерге «жатыңдар» деп белгі береді.
Бұрылып кетудің ыңғайы келмей, амалсыз МАИ-дың қасына тоқтайды. Сәлімжан шофердің құжаттарын тексеріп, жағдайға қаныққаннан кейін машинаның қорабына асылып қараса 5-6 жігіт быршып терлеп, тырп етпей жатыр дейді. Сонда иман жүзді Сәлімжан жүргізушіге:
– Ойбай, бәрі қырылып қалыпты ғой. Тез апарып молаға көме ғой, –депті.

Арыстан мен Жолбарыс
Журналист Арыстан Рүстемов «Жетісу» газетінде қызмет етіп жүрген кезде, университетте оқитын болашақ журналист Жолбарыс Әбішев екеуін бір жігіт редакция бөлмесінде таныстырады. Үстелде отырған Рүстемов орнынан тұрып:
– Арыстан, – деп қолын бірінші ұсынады. Ал жас жігіт Әбішев
– Жолбарыс, – деп жымың ете қалады. Мінезі салмақты, сөзге сараң Арыстан Рүстемов оның бетіне біраз уақыт қарап тұрып:
– Бала, мұныңды қой! – деген екен.


... депті

Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырмандары! Біздің сайттағы «... ДЕПТІ» айдары арқылы назарларыңызға қаламгерлер мен қарапайым халық арасында айтылған әзіл-шыны аралас әңгімелер, кей қалжыңқойлардың оқыстан, дер кезінде дөп басып айтқан сөздерін кезең-кезеңімен ұсынатын боламыз..

Барсам да жөнді қатын болмаспын
Қытайдағы қандастарымыздың бірі қызын өзі сүймейтін біреуге күшпен ұзатыпты. Аттандырар кезде қиғылық салған қызды қазақ салты бойынша жездесі атқа көтеріп салып жатып:
– Ал, бара ғой – депті.
Сонда қыз қомпылдап тұрып:
– Баруын барамын ғой, бірақ жөні түзу қатын бола қоймаспын – депті.

****

Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Қазақ тіліндегі синонимдер», «Абай тілі сөздігі» мен «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» құрастырушылардың бірі, ғалым,  өмірінің соңына дейін ҚҚР Ғылым Академиясының Тіл білімі институтында қызмет еткен Әсет Болғанбаев әріптесінің анасы қайтыс болғанда айтқан сөзі.
Көңіл айту
Кеңес заманында Әдебиет және өнер институты мен Тіл білімі институты бір шаңырақ көп жылдар бірге жұмыс істеді. Әдебиеттанушы-ғалым Нина Сергеевна Смирнова деген кісінің шешесі қайтыс болып, бір топ тілшілер үйіне көңіл айтуға барады. Ішіндегі үлкені Әсет Болғанбаев болса керек. Басқалары көңіл айтуды соған жүктепті. Орысша көңіл айтуды біле бермейтін Әсекең қазақша сөз бастайды ғой.
– Нина Сергеевна, смерть всем присуща. Сегодня мама умерла, завтра вы умрете, после завтра – мы, – депті. Сонда Н.С.Смирнова: «Лучше завтра ты умри», – деген екен.

****

Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 6 сыныпта оқып жүргенінде бір қыста ауыл кітапханасының 150-ден аса кітабын тауысып, ертегілерді айтпағанда, «Батырлар жырын» ортаға ала, А. Пушкиннің 4 томдығын тауысқан Мұзафар Әлімбаев жазушы інісі Кәдірбек Сегізбаевты сынаққа алған сәті.
Оны Тайыр айтқан...
Бір жолы Баспасөз үйінде Мұзафар Әлімбаев бастаған бір топ кісі лифтіге отырған кезде Кәдірбек Сегізбаев сыймай қалса керек. Ол қысылып-қымтырылып кимелеп кірмек болады. Сонда Мұзағаң оған қарап:
– Кәне, осы арада ойланбай бір мысал айтшы, ала кетейік, – дейді.
Кәдірбек те саспастан:
– Жазатыны мақал, өзі сондай нахал! – деп тартып қалыпты.
Ал Мұзағаң болса:
– Оттапсың, оны Тайыр айтқан! Өзіңнен көр. Сен қалдың, біз кеттік, – деген екен.

****

Бір қазан көжемен қытайдың алдына түсеміз деп жүрсіңдер ме?
Қытайдағы қандастарымыздың бір ауылында болған жай. Бірде қытайдың жылда өзгеріп отыратын жаңа жыл мерекесі – «Шаған» қазақтың Наурыз мейрамынан бір күн бұрын келіп қалыпты. Сонда ауылдың ақсақалдары жиналып «наурызды алдын ала өткізейік, кәпірдің соңында қалмайық, алдына түсіп кетейік, бұлардан кейін тойлауға болмайды» деп уағадаласыпты. Сонда бір жігіт жиналған көпшілікке қаймықпай қарап тұрып:
– Әй, аңғал қазағым-ай, бір қазан көжемен қытайдың алдына түсеміз деп жүрсіңдер ме? – деп жиналғанды сөзімен қатырыпты.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста