Өркениет

"Қатты қорықтым. Жүктімін деп алдадым". Әнші Уатхан Заханқызы зорлық әрекетінің құрбаны бола жаздағаны туралы

  • "Қатты қорықтым. Жүктімін деп алдадым". Әнші Уатхан Заханқызы зорлық әрекетінің құрбаны бола жаздағаны туралы

Жақында дәстүрлі ән мен эстрада сахнасында танымал әнші Уатхан Заханқызына Алматыда белгісіз ер адам шабуыл жасап, ұзақ уақыт көлігінде жібермей ұстағандығы белгілі болды. Өмір мен өлім арасында арпалысып, жәбір көрген әнші қиын жағдайда барынша жинақы, сабырлы болуға тырысқан. Осы жағдай өміріне қаншалықты әсер еткенін, қыз-келіншектерге мұндай қауіпті жағдайда қалай әрекет ету керек екенін әнші Stan.kz тілшісіне анықтап айтып берді.
“Әнші болғандықтан көп іс-шараларға қатысамын. 11 қаңтардан 12 қаңтарға қараған түні осындай шаралардың бірінен ойда ештеңе жоқ қайтып бара жатқанмын. Жалпы күндіз-түні көлікті іштен бекітпей жүре беремін. Көлігімді қыздырып жатқан кезде бейтаныс адам артқы есіктен кіріп келіп, қолындағы қаруын кезеді”, - деп еске алады әнші қорқыныш ұялатқан кешті.

- Бұл жағдай өміріңізге қаншалықты әсер етті?

- Жүйкем сыр берді деуге болады. Осы жағдайды еске алып, айтқан сайын сол сәттерге қайта орала берген сайын қиналамын. Қиын. Еске түсіру қиын. Ұйықтауым да қиын болып жүр. Бойымда әлі де үрейдің ізі бар. Қазақшылыққа салынып, мешітке барып, ұшықталып, құран оқытып жатырмын. Алайда басымнан өткен жағдай менімен бірге өмір бойы қалатындай. Осы жағдайдан кейін жұмысқа да бармай жүргенмін.

- «Не молчи KZ» қорына қалай шықтыңыз, көмегі тиді ме?

- Бұл қор туралы мүлдем естімегем. Құрбым осы қордың байланыс нөмірлерін беріп, осы мәселені көп адам білуге тиіс екенін айтып дабыл қақты. Әрине, көп адам болғандықтан түрлі пікір де бар екені белгілі. Күнде қарап түрлі пікір оқып отырмын. Шынымды айтсам, өлім мен өмірдің арасында арпалыстым. Ал енді кейбіреулер мұны хайп деп, “Мұндай нәрсені жазуға ұялмайсың ба" деген сынды жазбалар мен пікірлер қалдырып жатты.

 

 

- Осы жағдайды пиар деп есептеп, пікір білдіргендерге көзқарасыңыз қандай?
- Осындай сөздерді айтатын адам қандай болуы керек? Күнделікті өмірде біреудің қайғы, қиын жағдайына “Арты жақсы болсын” деп айтып жатамыз. Мұндай сөздерді айтатын адамдар жақсылықты түсінбейтін, өмірде жолы болмағандар деп есептеймін. Бір қызығы, Facebook-ке жарияланған пікірім әлдеқайда көп қолдаушы тапты. Меніңше, мұнда адамдардың контингенті басқа, психологиясы мен ой-өрісі өзгеше. Постыма ешкім "Сен ертегі жазып отырсың, Уатхан" деп бетіме басқан емес. Бәрі бірауыздан хабарласып, пікір қалдырып қолдау көрсетті.

Ал Instagram-да адамға жанышырлығы жоқ, өз болмысын жасырған адамдар отырып, пікір қалдырады.
Айыпталушы тергеу изоляторында сотқа дейін отырады. Кепілдік арқылы сотқа дейін шығуы мүмкін. Мені танып, біліп отыр. Кінәсін мойындаған. Құзырлы органдарға жүгіну арқылы үш-төрт күннің ішінде айыпталушы табылды, сондықтан мұны шындыққа жанаспайды дейтіндерді түсінбеймін.

- Қыз-келіншек, әйелдерге қандай кеңес бересіз? Жалпы адам тонағанда қалай әрекет ету керек?

- Біріншіден, қыздарға айтарым өте сақ болу керек. Біз өте қорқынышты қоғамда өмір сүріп жатыр екенбіз, алайда басыма тимегенше мен мұны түсінбеппін. Осындай жағдайлар жайлы естіп, оқығанда менің басымнан өтпейтіндей едім.

Екіншіден, қауіпсіздік шараларын сақтау керек. Жан-жағыңа мұқият қарап, есік-терезелерді жауып, кілттеп жүру. Үшіншіден, осындай жағдай орын алса агрессия көрсетпеу керек. “Сен кімсің? Сенің быт-шытыңды шығарам” деген сияқты қоқан-лоққыға бармаңыз.

Барынша оны тыңдап, сеніміне кіру керек. Әңгімесінің негізгі мағынасына үңілу арқылы өміріңізді сақтап қала аласыз. Мен қылмыскерді 4 сағатқа жуық уақыт бойы көңілін тауып алдағанымның есебінен ол бетпердесін шешті. Осы кезде оның бет-әлпетін, жүзін барынша жаттап, есіме сақтап алуға тырыстым. Тіпті соңына қарай жолаушы салонына отырып, менімен қоштасқысы келмейтінін айтты.

Арамызда орнаған ұзақ диалогтың нәтижесінде полицияға берген мәлімдемемде оның қаланың тұрғыны болуы керек екенін айттым. Себебі қазақша да, орысша да таза сөйлейді және диалект сөздер қолданбайды.

Бастапқыда ол менің сабырлылығыма таңқалып, ашуланғандай болды. Осы кезде “Сіздің жаман адам емес екеніңіз көрініп тұр ғой. Сізді кезінде түсінбеген, мен сізді түсінемін. Сіз маған екінші өмір сыйладыңыз” деген сынды маған аяушылық сезімін оятатын сөздерді айттым. Менің қасымда он минут көлемінде бетпердесін шешіп отырды.

- Жүкті екеніңізді айтқаныңыз қылмыскерге қалай әсер етті?

- Қолымда жүзік болмаған соң бастапқыда сеніңкіремеді. Балаңның әкесі кім деп сұрай берді. Бірақ мен оған жалғыз қалғанымды айтып аяушылығын туғызғым келді. "Алданып қалдым, отбасылы адам болып шықты" деген сөзіме ол жанашырлық танытып, маған көмектескісі келетінін білдірді.

Жалпы мұндай жағдайда сіз ол адамның кім екенін, қандай екенін білмейсіз. Ол адам шизофреник болуы мүмкін, агрессивті адам болып шығуы ғажап емес. Сондықтан алдымен сол адамды зерттеп, түсінуге тырысып, ақырын-ақырын тамырын басып, қиын жағдайдан шығуға болатынына менің көзім жетті. Осы жағдайды елге ашып айтуымның да себебі - көпшілікке, қоғамға әсер ету. Осындай жағдайдың орын алуы мүмкін екенін адамдарға жеткізу. Қыз-келіншектерге абай болу керек екенін тағы да бір рет еске салу болған еді.

- Уатхан ханым, әңгімеңізге рақмет! Алдағы уақытта абай болыңыз, сақ болыңыз, өміріңіз бен шығармашылығыңызға сәттілік тілеймін!

 

Сұхбаттасқан Назерке Мұса




Көрілген: 1531    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 22.01.2020, 11:17

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31