«Кейбір жас ақындар айтысқа бизнес ретінде қарайды»

«Кейбір жас ақындар айтысқа бизнес ретінде қарайды»

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы – белгілі айтыскер ақын, «Алтын домбыра» жүлдесінің екі дүркін иегері Мұхтар Ниязов.

 

 

– Белгілі ақын Есенқұл Жақыпбеков «Тазқара құстың тағдыры» атты кітабында өзі жайлы «Мен ешқандайда әулие емес, керек жерінде өтірік айтып жіберуден де тайынбайтын жанбақы пенделердің бірімін» деп айтқанын оқыған едім. Сіз де осылай айта алар ма едіңіз? «Өзге емес өзім айтам өз жайымды» дегендей, өзіңізді таныстырыңызшы оқырманға… Сіз кімсіз?..


– Әлбетте, Есенқұл ағамыздың өлеңдерінің өміршең болатыны өлеңдерін өмірдің өзінен алынатынында және ағамыздың жеті қырлы, сегіз сырлы болғанымен екіжүзді еместігінде деп ойлаймын. Ол кісінің ғұмыры мәнді де сәнді болып, өзінің де, өзгенің де көңілін толтырып, өлеңді де жазды, өмірді де сүрді. Қазір Есенқұлдың өлеңін оқыған әрбір адам өзінің өміріндегі олқылықтарын түзетеді. Ақынның «Тазқара құстың тағдыры» кітабындағы өлеңдері өмірдің күндерінен жиналған, әрбір парағы жалған дүниенің әр күні іспетті.
Өзіме келер болсам, әлбетте, өзімді күрделі, жұмбағы, қатпары қалың адаммын деп есептемеймін. Елдің алдында жүрген өте түсінікті адаммын. Эмоциям бір басыма жетерлік. Көп проблеманы содан да таптым өмірде. Бірақ жаратылысым солай. Абай атамыз «Адам мінезін түзеп болмайды дегеннің тілін кесер едім, қолымда законы бар кісі болсам» дейді ғой. Сондықтан бір арпалысып келе жатқан мінезім – өзімнің табан астында тез ашуланатыным. Сол ашудың үстінде шешім қабылдап жіберетін бір олқы тұстарым тағы бар. Сонымен қатар еріншекпін, жалқаумын. Бұл біраз қазақтың бойында бар кесел ме деп ойлаймын. Сондай-сондай міндерім бар. Дүйсенбек Аяшұлы деген ақын ағамыздың, «Мен өзімнің қандайымды білмеймін, сіз білесіз жырға ғашық жақсы адам» деп келетін өлеңі бар. Сол айтқандай, артық жерімізді халқымыз өзі көріп, біліп отыр ғой. Кем кеткен тұстарымызды ашып-ашып айтсақ еш айыбы жоқ деп ойлаймын. Бірақ мейлінше топта, ортада кез келген жерде өзімді барынша шынайы ұстаймын. Үлкендерге еліктеуге тырысамын. Кейде соларға еліктеп өз-өзімізді таппай қалатын кездеріміз де болуы мүмкін, бірақ «Жақсылармен бірге жүрсең жақсы-жақсы түс көресің», «Жақсылармен жанастыр, жамандардан адастыр» деп аталарымыз тілейді ғой, сол секілді жақсы болуға тырысып жүрміз. Адам өмірде есті болып тумайды, естілердің ісін қарап, үйрене жүріп есті болады. Айналып келіп Абайға тіреле береміз ғой. Сондықтан өзімді күнделікті дамытудың, ілгерілетудің, биіктетудің қамында арпалысып жүрген кішкентай ғана, аз-маз жетістігі бар қазақтың бір ұлымын деп ойлаймын. Өзімді үлкен биікке ешқашан қойған емеспін. Ал жұрттың қойған биігінен түсіп қалған жерім жоқ. Оған сай болуға тырысамын. Егер мұсылмандықтың ең үлкен шыңында тұратын сені біреу мақтаса, әрбір мұсылман баласы секілді «Я, Алла, олардың айтқанын кері қылма немесе оларды қателестір демейді, «Мені солардың айтқанынан биік дәрежеде қыл және олар білмейтін күнәларымды кешір» деп іштей жалбарынып тұрады. Сондықтан әрдайым өзімді іштей аласартып, сырттай көпшілік көтермелеп жатса, сол ықыласқа лайық болуға күш-қуат берші деп Аллаға жалбарынып тұратын әлсіз ғана пендемін деп есептеймін.


– Сәбидің тістері сүйегін жарып шығарда мазасы қашып, қызуы көтеріліп, аласұратыны болушы еді ғой. Сол сияқты ақындықтың ұшқыны бойыңызда алғаш байқала бастаған сәттер есіңізде ме? Өлең деген ғайыптың құсының жүрегіңізге алғаш ұя сала бастаған кезінде түсіңізге біреуден бата алып дегендей болған жоқ па? Өзі неден басталып еді?


– Ақындықтың ұшқыны бәлендей аяқ астынан тұтанып кеткен жоқ. Өзі тегінде бар тек жатпайды дейді. Үшінші атамыз Кенжалы деген болыс болған деп үлкен атам айтып отырушы еді. Өзімнің атам да аймағында аузы дуалы, көзі куәлі, сөзі уәлі, сондай көркем жол ұстаған кісі екен. Ақындық менің бойымда кездейсоқ пайда болған құбылыс емес, яғни солардың қанымен топтасып келіп, бір үлкен деңгейге шыққан өнердің түрі. 4-сынып оқып жүрген кезімде алғаш анамызға арнап шығармалар жазатынмын. Шығармашылыққа сол кезде әуес бола бастадым. Бала кезде Тұманбай Молдағалиевтің біздің ауылға қонақ болып келіп, қолынан қаламсап алғаным бар. Осы оқиға ерекше әсер етті. Кейін поэзияға аздап араласып жүрдім. Қазақтың балалары ұяңдау болады ғой, айтысқа мен кештеу келдім. Бұған дейін тығылып, әр жерде жазып, сызып жүретінмін. Бірінші жылы оқуға түсе алмай, 2002 жылы студент атандым. Мен негізі дәрігер болсам деп армандап, «Биология» пәнін таңдаған болатынмын. Бірақ «қазақ тілі мен әдебиеті» пәнін қосымша оқып жүрдім. Өзіммен қатарлас бөлемнің дәптерлерінің сыртына әртүрлі тақырыпта өлең шумақтарын жазып жіберетінмін. Біздегі Алдажар Әбілов деген факультет доценті қояр да қоймай жүріп 8 ай бойы «биология» бөлімінде оқып жүрген мені, «қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бөліміне ауыстырып, сөйтіп, әдебиетші болып шыға келдім. Бойымдағы сол өнерімді Қадір Мырзалиев, Темірхан Медетбек, Тұманбай Молдағалиев, Ұлықбек Есдәулетов, Жүрсін Ерманов сияқты ағаларыммен кездесіп, дамыттым. «Шабыт» фестиваліне қатысуым да өнерімді шыңдай түсті. Кейде өзіңде күмән болады ғой, осы өнерім бар мен жоқтың арасы, ет пен терінің ортасындағы желікпе емес пе екен деп көпке дейін өзіме сын көзбен қарап жүрдім. Әлі күнге дейін өзіме сол көзқарастамын. Белгілі бір нәтижеге жеткен кезде сол нәрсенің алдамшы дүние емес екенін білгеннен кейін соны дұрыстап аялап ұстауға тырысып келе жатқан жайымыз бар.


– Сөз өнері – қаракүшке көнбейтін дүние. Тәнге тиген соққының ізі кеткенімен, жүрекке тиген сөз жарасының жазылуы қиын. «Өнер ғой» дегенмен де сөздің аты – сөз. Басыңызды бәйгеге салып жүргендіктен, қарсыластан түрлі сөз естисіз. Соның бәрін кеудеге сыйғызып, көтеріп жүру қиын шығар?


– Бұны енді қазакем бір-ақ ауыз сөзбен «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді» деп түйіндеген. Мысалы аяғыңды не қолыңды ауыртып алсаң, «етің аман ба?» деп емес «сүйегі аман ба?» деп сұрайды. Себебі еттен өткен таяқ бер жағы да, сүйектен өткен таяқ ауыр болуы мүмкін. Демек, сөз сүйектен де өтіп кететін болып тұр ғой. Бала күнімізде бұлай сөзбен сойғанша қамшымен сабап, я болмаса тепкілеп тастағаны дұрыс еді деп кейбір сөзді ауыр алып жатқан адамдардың аузынан естіп қалатынбыз. Сыр бойындағы дау-дамайлардың кезінде ауыр сөздерді көтере алмай, бір бидің ышқынып жауап таба алмай, он екі күн төсек тартып жатып жан тапсырыпты дегенді еститінмін. Сонда, сөз бір таяқ емес тиіп жатқан, оны неге сонша ауыр алады деп ойлайтынмын. Сөйтсем, жан-ділімен сөзді түсініп, бағалайтын адамға сөз өтіп кетсе, өте ауыр болады екен. Ал айтыста қарсыластың сөзінен қатты қауіп жоқ. Біріншіден елдің алдында, екіншіден не айтса да сыртыңнан емес бетіңе айтып отыр. Үшіншіден оның сөзі жүйесіз болса, «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады» дегендей, одан қатты қауіп болмайды. Қасыңда жүріп, «Ахилестің өкшесі» секілді осал тұсыңды білетіндей досыңның сыртыңнан қаңқу сөз айтқаны жаныңды жаралайды екен. Ондай кездерде оңаша бір мұңға батып, ойланып кететін сәттерім болады. Бірақ мен ешқашан сол сөзді ауыр алып немесе соған бола ыңғайсызданып қалған кезім жоқ. Өзімнің артық кеткен жерлерім болса әлгі адамға барып, міндетті түрде кешірім сұрап, жолға қоямын. Егер маған қарсы хақысы кетсе, оны өзіне қалдырамын. Қолынан келсе, мүмкіндігі болса түзер, болмаса Алланың құзырына өткізіп жіберемін. Егер сондай әрбір тиген сөзбен арпалысатын болсақ, біз бірінші күннен екінші күнге, бір жылдан екінші жылға өте алмай қалуымыз мүмкін. Сондықтан, мұндай нәрселерді тағдыр деп қарап, сол адамдардың ұяты оянғанша тіпті, ғасыр күтуге бармын. Оларды арымен жазалағанды жақсы көремін. Өзімнің де кейде тез ашуға беріліп, біреуді сөзбен немесе іспен, болмаса түрлі жолдармен жазалауға ішім бекініп тұрады. Бірақ сол аталарымыздың иман, сабыры, шүкір-тәубасы және сахабалардың ғұмыры, пайғамбарымыздың (с.ғ.с-ның) өміріндегі ғибратты оқиғалар мені сабама түсіреді. Біздің замандастарымыздан көрген құқайымызбен салыстырғанда олардыкі жер мен көктей. Бір жағынан сыртыңнан сөз борап жүрсе – ол бірдеңе бітіріп, бірдеңе істеп жүргеніңнің белгісі шығар. Әркім өзінің арының алдында да, Алланың алдында да жауап береді. Ал қалған әңгімелерді аса ауыр қабылдай бермеймін.


– Өлеңнен басқа не өнеріңіз бар? Қарапайым қазақтың баласы келіп, «Аға, сіздің осы ісіңізді әдетке айналдырайын» десе нендей ісіңізді ұсынар едіңіз?


– Өлеңнен басқа пәлендей жарып бара жатқан өнерім жоқ екен. Егер бір жас бала келіп «Сіздің осы ісіңізді әдетке айналдырайын» деген болса, мен оған қайырымдылық жолын ұсынар едім. Мүмкіндігімше соңғы кезде атсалысып жүрмін. Кейде дастархан басында шай ішіп, майлы тамақ жеп отырып, осы тәтті асқа кейбір жандардың шынымен мұқтаж екені есіме түседі. Қалталы, қолының кірі бар азаматтарды тартып, мұқтаж, жоқ-жітік жандарға қайырымдылық ұйымдастыратын әдетім бар. Әдет дейміз бе, дағды дейміз бе, құлшылық дейміз бе?..
Сол жас балаға қолы қалт ете қалса жағдайы жоқтардың ауласын әктеуге, шыбығын тіктеуге, шарбағын түзеуге, бір үзім нанды жұрттан жиып болса да апарып, жарнама үшін емес, Алланың разылығы үшін шын жаны ашып, қол ұшын созуды ұсынар едім. Сосын екіншісі, араздасқан адамдардың арасын татуластырумен айналысуды қалаған болар едім. Бұл жолда өздеріңіз білесіздер, өтірік айтып жіберу жолдары да бар. Мысалы, қазір қоғамда түрлі араз адамдар көп. Соларды түрлі жолдармен оған ақша шығындайсыз, уақыт шығындайсыз солардың бәрін бір жүйеге келтіріп, екі адамның арасын жақындатып қойсаңыз, сізді осы дүниеде де, ақиретте де өлшеусіз сауаптар күтіп тұруы мүмкін. Сондықтан осы жұмысты да бір қосымша алып жүретін азамат болса осы екі іспен-ақ оның дәрежесі биіктейді деп есептеймін. Дүниеуи шаруаларды кез келген адамдардан үйреніп алуға болады ғой.


– Айтқан сөзіңізге көп өкінесіз бе, әлде айта алмаған сөзіңізге көп өкінесіз бе?


– Осы бір қызық сұрақ. «Алашағым кетсе де, айташағым кетпесін» дегендей, неғұрлым айтып жіберуге тырысып тұрамыз, бірақ Исламда «Айтпаған сөзім үшін өкінген емеспін», «кісі айтқан сөзінің – құлы, айтпаған сөзінің – патшасы» деп келетін қағидалар бар. Мен осы екінші сөзге тоқтаймын. Баяғыда ақын ағам Баянғали Әлімжанов маған «Жігіттің аты айтқан сөзімен емес, айтпаған сөзімен шығады» деп еді. Кейбір айтыстарда, қарсыласыңның әсіресе қызбалалардың осал тұсы осы-ау деп бір бұрқ дегізіп жіберсең аударылып түсетін сәтін біліп тұрсаң да, көңіліне қарап, тауын шақпайын деп айтпайтын кездер болады. Енді талантым жетті екен деп талай беруге де кейде аттың тізгінін тартатын адамшылығың әрдайым демей-ақ қояйын, бірақ осындай бір сәттер болады. Сол сәт үшін сенің абыройың түсіп, беделің төмендеп қалмайды. Бірақ өзімді тежей алған сәттерім өнерде де, өмірде де еселеп жақсылық боп кездескенін білемін. Сол үшін айтпаған сөзім үшін ешқашан өкінген емеспін. Айтқан сөзімнің кейбіреуіне әлі күнге дейін өкінемін.


– Бүгінгі қазақ айтысының жетістіктері өте көп. Ел ішіндегі болып жатқан барлық мәселелерде шет қалған кезі жоқ. Лайықты тұлғаларды өсіріп шығарды. Қандай кемшін тұстары бар?


– Қазақ айтысының жетістіктері туралы таңды таңға ұрып айтамыз. Өйткені ол өзіміздің жетістіктеріміз. Кемшіліктер дегенде мен айтыстың кемшілігін емес, жеке ақындардың кемшілігін айтамын, не болмаса жеке айтыстардың кемшілігін айтамын. Кейде айтыскер ақындардың әрекетіндегі кемшіліктер айтысқа кесірін тигізіп жатады. Мысалы, соңғы уақыттарда дәстүрге айналған жаппай келісіп айтысу, ақ пен қараның, кімнің кім екенін аңғартылмай кететін бір ұжымдық шаруаға айналып кеткені жасырын емес. Сондықтан айтыстың бастапқы кездегі суырып салмалық табиғатына қайта оралу арқылы қазір жөнге түсіп жатырмыз. Екіншіден, айтыстың бір кемшілігі жас ақындардың, бәрінің демей-ақ қояйын кейбірінің бойынан өлеңге тек бизнес ретінде немесе оңай танымал болу ретінде қарау, шынайы шығармашылық пен шынайы сөздің ішіне үңілу, іздену сияқты нәрселерді көп көре бермеймін. Қазір жиырма бірінші ғасырда ізденуге мүмкіндік көп. Бүгінгі жазба поэзиядағыдай, кең масштабта көркем ойланып, тереңге бойламайды. Сондықтан бұл түзеуге болмайтын кемшілік емес, бірақ айтыс өзінің ешқашан мойнына адамзаттық мәселені түбірімен, тамырымен қопара қозғауды міндет қылып алған емес. Бірақ кейінгі ақын буындардың толқынының қуаты, бізден әлдеқайда күшті болуы керек деп ойлаймын. Қазіргі кезде көп жас ақындарға қарап сондай бір олқылықтарды байқап қаламыз. Сосын айтыстың өзінің ішінде бәрімізде де бар үлкен мәселе, ол сахна мен өмірде басқамыз. Бірінші сұрақта айтып кеттім ғой, Есенқұлдардың бақыты, шынайы ғұмыр кешті ғой, сол шынайылыққа қарай неғұрлым көбірек талпынуымыз керек деп ойлаймын. Бұны енді әркімнің іші біледі. Менде де ондай проблема бар. Сондықтан ұйымшылдыққа, шынайылыққа, таза талантты мойындауға, бір-біріміздің шашбауымызды көтеріп, бір-біріміздің беделімізді биіктетіп жүретін кейбір кемшін тұстарымыз жөнделсе деймін. Жалпы басқа өнерлермен салыстырғанда айтыстың іші әлдеқайда таза деп ойлаймын. Өйткені айтыста тек айтысып жүлде бөліп алу ғана тұрған жоқ, бұл жерде бүкіл ұлттың бойында көрінетін ірілігі, мәрттігі, сөз саптауы, сөзге тоқтауы, тарихы, танымы, мәдениеті, барлығы жатыр. Сондықтан айтыскер ақын өзін домбырасын көтеріп, шапанын ұстап бұйығып жүрген біреу деп сезінбей, кеудесіне алтын жасырып тұрғандай немесе күн сыйдырғандай бір ұлттың қазынасы сөз байлығын ұстап жүргендей жауапкершілікті сезінуі керек деп ойлаймын. Сондықтан айтыстың көшінің көлікті болатын кезі алда.


– Суырып салма ақынсыз ғой, сізден біздің «ARAI» газетімізге арнап бірер шумақ өлең шығарып беруіңізді қолқалайын…

– «ARAI» деген қазақтың көз-құлағы,
Оқығанның қанады сөз құмары.
Гаджет сенің мойныңды талдырады,
Газет сенің ойыңды оздырады.

Жеңіл емес мұндағы тілші жүгі,
Арманы елдің ауызбіршілігі.
«ARAI»-менен тарайды шартарапқа,
Жамбылдың барлық тыныс-тіршілігі.

Өзегіне қазына, асыл жиып,
Руханияттың көтерген бәсін биік.
Керемет сұхбат үшін рақмет айтам,
«ARAI» менен Айжанға басымды иіп.

– Әңгімеңізге, бізге арнаған өлеңіңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айжан Өзбекова

ar-ay.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста