Жалын құшқан жас ғұмыр

07 мамыр 2010, 11:10

 

Күз хабаршысы қыркүйек туа біздің Ақтөбе әрқашан әсем күй кешеді. Күн шұғыласы туып-өскен өңірімді де, жерлестерімді де байсалды тірлік әуеніне бөлейді. Жасыма жас қосылған сайын мен де сол әуенді аңсай түсемін, жылда кезекті еңбек демалысыма шығысымен Ақтөбеме жетуге асығамын.

Міне, менің көңіл құсымдай алып-ұшқан пойыз жүрісін бірте-бірте баяулатып, қала стансысының алдына сырғи жетіп тоқтады. Вагонның есігі ашылған сәтте шексіз де шырайлы далам маған құшағын жайып: «Айналайын, балам, қош келдің!» дегендей болды.

Туыстарымдай болып кеткен достарым: ауданымыздың әкімі Оразбек Далмағамбетов және Қуаныш Ерманов пен Нұретдин Әлдерзин күтіп тұр екен (Нұрекең кейінде қайғылы қазаға ұшырады, топырағы торқа болсын!).

Үшеуімен кезек-кезек құшақтасып, есен-саушылық сұрасып, мәре-сәре болыстық та, автокөлікке жайғасып, менің ұшқан ұяма – Ақжар атты ауылға аттандық. Онда менің апам, жиендерім тұрады.

Жолай Өлке деп аталған өзенге ат басын тіредік. Солай қалыптасқан дәстүріміз бар. Арнасы сәл ауытқығандай тұсында жарты арал тәрізденіп шығыңқы тұратын жағасына, бұйрасын талдардың бауырына дастарқан жайылды. Ауа тап-таза. Төңірек тып-тыныш. Өзен мөп-мөлдір. Достарым жанымда. Ерекше бір рақат дүние!.. Дегенмен кейде әрне еске түсіп, көңіл шіркінім алабұртып та қояды...

Ауқат әредігінде достарым одан арғы жол-сапарымыздың жобасын айтты. Әрине, әрқашанғымызша, алғашқы ермегіміз – Қопа көліне барып, құс ату. Жағасын шашақты қамыс көмкерген айна көл көркем-ақ! Күз келді дегенше, құсқа толды дей бер! Есейген балапандарын шұбыртқан үйрек атаулы алыс жылы жаққа ұшар алдында осында тынығып, күш жинайды. Көл балыққа да бай: бүкіш тұқы, сұр шортан, селеу қанат алабұға, қызғылт қайран үйір-үйір болып жүзіп жүреді.
Құрметті оқырман, мен бұл қызықтарды қоя тұрып, осыдан 67 жыл бұрынғы бір оқиғаны айтып берсем деймін.

***
...1943 жылдың наурыз айы. Ауылдың ән-күйі тоқтап, өксу мен күрсіну, жылау-сықтау жиілеген кез. Жүріп жатқанына екі жылдай болған алыстағы соғыс жақындағы ағайын-туыстардың, жерлестердің қатарын сирете бастаған. «Бәрі – майданға, бәрі – Жеңіс үшін!» деген тіршілік. Ол жылы мен 9 жастамын.

Екі аттан парлап жеккен үш шаналы керуеніміз осы Өлке өзеніне жетіп тоқтаған болатын. Жол ауыр. Қорыс қар – белуардан, қою батпақ – тізеден. Әкем топ алдына шығып: «Аттарымыз дем алсын. Сендер өздерің шомылып өскен мына өзендеріңнің суын ішіп, беті-қолдарыңды жуыңдар. Мұның суы киелі, сендерді қауіп-қатерден сақтайды. Айналайындар, сапарларың ұзақ, ал мақсаттарың игі: сендер елімізді, жерімізді қорғауға кетіп барасыңдар. Соғыстың аты – соғыс. Жолдарың болып, ауылға аман-есен қайтыңдар!» – деді. Әкемді қоршалаған топ: менің апайым Ақзипа және оның алты құрбысы еді – жеті қыз. Бәрі де 19 жаста. Комсомол мүшелері, жан-жақты маман механизаторлар. Мағаджан совхозы орталығындағы жетіжылдық мектепті бітірген соң, механизаторлардың сегіз айлық оқуын тәмамдап, доңғалақты тракторды да, жыланбауыр тракторды да жүргізе алатын болған.

Сонымен «жалынды жетеу» танктің әрі жүргізушісі, әрі механигі оқуына кетіп барады, одан соң соғысқа жол тартады. Аттанбақ топтан танитындарым: немерелес апайым Жібек және екі Таня – Ворожищева мен Пачина. Қыздар жол қиындығына қарамай, өлең айтып, қалжыңдасып тіпті соғысқа бет алғандай емес, тойға бара жатқандай болып көңілді келеді.

Ал, Ақзипа, айналайын, қыздарым, уақыт оздырмайық, шығарып салушылармен қоштасыңдар, – деген әкем дереу сырт айналып, шанасына қарай кетті. Онысы, кейін ойласам, жол бойы қаншама жайдары болып келсе де, қоштасудай қиын сәтте қызына да, оның достарына да босаңдыққа бой алдырғанын көрсетпеуі екен.

Құшақтасып, сүйісіп қоштасу басталды. Қиын да қимастық сөздер айтылуда. Шығарып салушылар көздеріне жас алды. Қыздар болса, көңілді қалыптарын сақтап, сыр берер емес.
Апайым маған айтар сөзін қашанда: «Бауырым, жалғызым менің!» деп бастайтын. Сол жолы да солай деп, мені бауырына баса құшақтап сүйіп, қой көзі өткірлене қарап: «Жақсы оқы, нағыз жігіт болып өс! Сен біздің әкеміздің фамилиясын сақтайтын, өмірін жалғастыратын жалғыз мұрагерісің!» – деді дауысы дірілдей сөйлеп. Қазір ойласам, онысы әке шаңырағын қимай қоштасқаны екен ғой.

Кәне, қозғалайық, – деді әкем. Олар шанаға жайғасып, қол бұлғап кете барды. Біз қол бұлғап, біріміз өксіп, біріміз еңіреп қала бердік. Апайым алдыңғы шанаға, әкемнің жанына, Жібек екінші шанаға отырған еді. Олардың да көңілі алабұртқан болар, бірі көзін қолорамалымен, бірі жеңімен сүрткілеп барады. Бала болсам да, байқадым.

Апайымнан хабар-ошар сирек келіп тұрды. Сегіз айда үш-ақ хат алдық...

Шешеміз 14 құрсақ көтерген екен. Бәріміз де тағдырдың әмірінде болып, маңдайымызға жазылғанды көрдік. Бізге өмір есігін ашқан ғасырдың небір қияметпен, тауқыметпен басталғанын білесіздер, біз қатарлылар бала, жастық шақтарымызда көп қиындық арқаладық. Біздің ең үлкен екі ағамыз тіршілік қамымен қыста балық аулап жүріп, мұз астына кетіп, қайтыс болды. Олардан кейінгі ағаларым мен апайларымның бірін жылан шағып, бірін сүзек тағы басқа ауру дендеп, біз сирей бердік. Ең соңында Қанзипа апайым көз жұмды. Көркем бітісті көрнекті қыз еді, сырқаттың кесірінен шүйкедей болып бітті.

Сөйтіп, біз: Ақзипа мен Мария (Мүтәш апай) және мен – үшеуміз қалдық.

Менен 10 минөт ерте туды деген егізім – Владимир бір жарым жасында қайтыс болыпты.

Әкем егіс бригадасының бригадирі, одан соң сиыр фермасының меңгерушісі болды. Шешем – сауыншы. Екеуі жұмысқа таң бозынан кетіп, іңірде келеді. Тұрмысымыз жұтаң. Біз ғана емес, совхоз жұмысшыларының бәрі де тірнектеп, үнемдеп күнелтіп жүрді.

Майданға аттанғанға дейін жұмыс істеген Ақзипа шөп шабу, егін ору кездерінде мені өзімен бірге алып жүрді. Бірде комбайнға, бірде тракторға мінгізеді. Тракторды қалай жүргізуді үйретті. Өзі жыланбауыр дәу тракторды үйреткен тайдай етіп алған: алға да, артқа да зырлатып, оңға да, солға да бұрғанда ұршықша үйіреді деуге болады. Мен апайымның мықтылығына мәз болып, іштей мақтанып отырамын.

Ақзипа әрқашан тап-тұйнақтай болып, таза киініп, ширақ жүреді. Село комсомолдарының басшысы. Кейде жұмыс аяғында жастарды жиып алады да, ол күні нендей іс тындырғандарын, қандай кемістік болғанын ортаға сала талқылайды, ертең атқарылмақ жұмыстарды пысықтайды. Апайым басқаларға күнделікті жұмысымен де, ұстамды мінез-құлқымен де, шешен сөйлеуімен де үлгі-өнеге болып жүрді. Құрбы-құрдастарын ПВХО, ОСОВИАХИМ курстарына, мылтық атып үйренер жерге де бастап барады. Ол курстардың мән-жайы аға буын өкілдеріне жақсы мәлім, ал, бізше, бүгінгі азаматтық қорғаныс курстары. Ақзипада төсбелгі (значок) көп болатын. Курсты бітіргенінде оған ГТО («Готов к труду и обороне») куәлігі мен төсбелгісі берілген. «Отличный Ворошиловский стрелок» дегені де бар. Әке-шешеміз Ақзипаның қажыр-қайратын, оқуға қабілеттілігін, жұмысқа ынталылығын мақтаныш етіп, меймандарымызға оның оқу озаты, еңбек екпіндісі деп берілген көп грамоталарын, төсбелгілерін көрсетіп, төбелері көкке жетіп отырады.

Үкімет жастарды грамотамен, төсбелгімен алдарқатып қана қоймады, жұмыстарына қарай еңбекақы беріп тұрды. Ақзипа совхоз МТС-ы (Машина-трактор стансысы) есебінен әжептәуір айлық алып жүрді. Бірінші ақшасын алғанда, ауыл жастарын жиып, ән салып, би билеп дегендей, көңілді кеш өткізгені есімде. Маған барқыт жағалы сұр мауыт (сукно) пальто сатып әперді, ол қыздарға арналған, сол жаққа қаусырылатын пальто болса да, мен киіп алып тайраңдадым емес пе?

Соғыс басталды да, ауыл тірлігі күрт өзгерді. Жігіттер майданға аттанып, орындарын кемпір-шалдар, қыз-келіншектер басты. Ақзипалар тәулігіне 12-14 сағат жұмыс істейтін болды. Ал 1943 жыл туа, «әйелдерді де әскерге алады екен» деген сөз шықты және оның жай ғана сөз еместігі көп кешікпей расталды.

...Жолаушыларды шығарып салуға кеткен әкем келесі күні әрі кеш, әрі түнеріп оралды. «Жағдай қиындады. Қыздарды әскерге алып, әскерше киіндіргендерін көрдім, аяқтарында – керзі етік. Білектей бұрымдары жоқ. Беретін тамақтары да онша тәуір емес екен. Казарма дейтінге жинап алған. Жүгіртіп, секіртіп, әскери ойын ойнатады, тәртіп қатаң. Көруге, қоштасып, шығарып салуға барған туыстарымен жолықтырмайды. Шіркіндерді қайда апарып, не күйге ұшыратар екен?!» – деп күйзеле сөйледі. Қызыл әскер қыздардың туыстары ақылдасып, қыздарына киім-кешек, тамақ апарып беруге екі кісіні қалаға жұмсады. Бірақ олар, өкінішке қарай, текке барыпты, қыздар командасы одан ары аттанып кетіпті.

Бір ай өте бере апайымның алғашқы хатын алдық. Қандыағаш қаласынан келген бір кісі әкеліп берді. Сәл-пәл мыжылыңқыраған бүктеулі бір жапырақ қағаз. Қуана аштық. Өлең етіп жазыпты. Мен 3-сыныпта оқитын едім, ежіктеп оқып бердім, бірақ өзім ештеңе ұға алмадым. Біздің маңайдағы «Борлы», «Табантал», «Өлке» деген өзендерді атапты, өзіміздің «Көптоғай» ауылындағы жеміс-жидек бау-бақшасын айтыпты.

Қазекем «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген ғой. Қай-қайсымыз болсақ та, айталық, туып-өскен жеріміздің қадір-қасиетін ұзақ жолға шыққанда білеміз, ал әншейінде өзен-көлдері, орман-тоғайлары, тау-тасы қандай екеніне мән бермейміз, басқа жақтағылардан ешқандай ерекшелігі жоқ, бір жердің бетінде болғанның бәрі бірдей сияқтанады. Оқу, қызмет бабымен алыс кетіп, уақыт ұзара бастағанда, бәрін еске еріксіз алып, көз алдыңа елестете бастайсың. Бәрі де басқа жақта жоқтай айрықша әсем, әдемі тәрізденеді. Сағыныш сезімің сағымданып, ой-қиялыңды оята бастайды. Туып-өскен жеріңнің ғажаптығын қара сөзбен айтып беру мүмкін емес деп біліп, өлең тілімен сөйлейсің. Бұрын поэзияда шаруаң болмаса да, енді «ақындық өнер» табасың. Ақзипа апайым сөйтіпті. Өсіріп-жеткізген әке-шешеге алғысын да, оларға қолғабыс болып үлгірмегенін, қамқорлық жасай алмағанын да өлеңмен айтыпты. Хатты оқып болып, әке-шешеме қарағанымда, екеуінің де өңі біртүрлі өзгергенін байқадым. Шешем орамалының шетін тістеп, үнсіз жылап отыр екен. Менен хатты алып иіскеп: «Ақзешім-ай, сағындық қой! Өлеңдетіп хат жазған қолыңнан айналайын!» – деді үні құмығып.
Ақзипа апайымның сол хаты сақталмағанына әлі күнге өкінемін.

fotowww.alashainasy.kz/wp-content/uploads/foto.jpg" />

Екінші сәлем-хабары жарты жылдан соң келді. «Полевая почта» деген таңба-әдрісі бар үш бұрышты хат. Майданнан келетін хаттар сондай болады екен. Апайым жаңа «трактор» алғандарын, оны жақсылап меңгеруді үйреніп жүргендерін, көп кешікпей «жер жыртуға» кірісетіндерін жазыпты. Әке-шешемнің сауаты шамалы болса да, құдай мол сана-сезім берген аңғарымпаз адамдар еді, хаттағы «трактор», «жер жыртуға» деген сөздердің мағынасын Мүтәш екеуімізге түсіндіріп, Ақзипалардың соғысқа кіруге дайындалып жүргендерін ұқтырды және хаттағы ол құпия сөздерді ешкімге айтпауды тапсырды.

1944 жылғы көктемнің алғашқы күндерінің бірінде әкем аудандық соғыс комиссариатына шақырылды. Талдыбұлақ колхозының бастығы болатын. Әскерге алуға шақырған шығар деп шошыдық.

Таң сәріде аттанған әкем, жанында бізге бейтаныс бір кісі бар, кешке қайтып оралғанда, бәріміз қуандық, бірақ әкемде өң жоқ, түс жоқ. Қатты шаршап-шалдыққан, қажыған кісіше түнеріп, тік денесі еңкіш тартып қалған. Ол халін бізден бұрын, әрине, шешемнің аңғарғаны сөзсіз, әлдебір тосын жайтты сезгендей өңі қуқылданып, мазасыздана бастады, алайда апайым екеуі күндегі әдеттерінше дастарқан қамына кірісті.

Әкеммен бірге келген, әскериге ұқсас киім киген жасаң өңді егделеу кісі соғыс комиссариатының өкілі екен. Ол қалтасынан конверт алды да, сол әредікте келген ауылсовет төрағасына ұсынды. Төраға конвертті ашып, ішіндегі қағаздың бүктеуін жазып, шешеме көз тастап: «Құрдас, өмірдің ащы-тұщысын көп көрген жандардың бірісің, сабыр сақта, бекем бол, – деді дауысы бәсең шығып. Содан соң қағазға үңілд. – Отанымыздың тыныштығы, азаттығы, бейбітшілігі үшін күрескен Жанғлышбаева Ақзипа қан майданда ерлікпен қаза тапты».

Төраға тағы да шешеме қараған соң, мен де қарадым. Шешемнің өңі аппақ болып кетіпті. Ләм демей, селт етпей біраз отырды. Мүтәш апайым айғайлап жылап жіберген кезде ғана селк ете түсіп: «Ойпырым-ау. Не болды?! Не болды?!» деді жан-жағына қарап, көзінен жас саулап. Мен қорқып кетіп, бақырып жылап, сәкіден түсуге ұмтыла бере, құлап қалдым...

Ақзипаның қазасы отбасымызды қаусатып кетті. Әкем өз-өзінен тұйықталып, ештеңеге ынтасы болмай, колхоз бастығы міндетінен сұранып босады. Жасы қырық төртке қараған шешем аз-ақ күнде шашы ағарып, кемпірге ұқсап қалды. Біз Қызылту ауылына көшіп бардық. Әкемнің туыстары, дос-жолдастары сонда тұратын. Әке-шешем соларды дәтке қуат етпек болған екен.

Арада жарты жыл өткенде, Жібек апайым майданнан оралды. Жараланып, мүгедек болып қалыпты. Ақзипаның қазаға қалай ұшырағанын айтып берді. Ал әке-шешеміз оңалмады, көп ұзамай бірінен соң бірі көз жұмды. Біз тұлдыр жетім боп қала бердік.

Жібек апайымның әңгімесі:
– Біз танкінің механик-жүргізушісі курсында алты ай оқыдық. Оны бітіргеннен кейін Ақзипа және 18 қыз майданға, соғыс шебіне жіберілдік. Танкілеріміз, басқа да әскери қару-жарағымыз, солдаттық кухнямыз бар, өзіміз жеке эшелон болып жолға шықтық. Пойыз түнде ғана жүреді, ол – сақтықтың талабы. Бесінші тәулікте Краснодар өлкесінің Майкоп деген стансысына барып жеттік. Эшелон бастығынан рұқсат алып, вокзалға бардық. Керекті азық-түлік және жеткілікті етіп су алмақпыз. Бір кезде, қайдан, қалай келе қалғанын білмеймін, әуеде неміс ұшақтары пайда болып, біздің эшелонға бомба тастап, зеңбірек пен пулеметтен оқ жаудырды. Вагондардан шығып, қашып, тығылып үлгіргендер аман қалды да, үлгірмегендер – Ақзипа мен бірнеше қыз тірідей жанып кетті. Техникамыз түгел қирады. Тірі қалған біз және жергілікті тұрғындар бар бәріміз қаза болғандарды жерлеуге кірістік. Кімнің кім екенін айырып білу мүмкін болмады, күйіп кеткен.

Ертеңінде арнаулы топ келіп, қаза тапқандарымызды солар жерледі. Біздің дені-қарны сауларымызды басқа бөлімдерге, ал жаралыларымызды госпитальға жіберді. Мен госпитальда төрт ай жатып шығып, міне, араларыңа келген түрім – осы, – деді Жібек апайым. Тілі күрмеле берді. Басы қалтақтайды. Ары қарай сөйлей алмады, көзін жұмып, лоқси бастады.

Мүгедек Жібек апайым соғыс біткеннен соң да, ұзақ жылдар бойы әскери госпитальда, Ақтөбе қаласының ауруханасында жатып емделді.

 ***
Әңгімемнің әліпбиін аңшылық сапарымыздан бастап едім ғой, енді соны баяндап берейін. Жергілікті аңшы бізді көл жағасының о тұсы мен бұ тұсына, қамыс арасына тұрғызды. Үйректердің келуін солайша жасырын, үндемей күтуге тиіспіз. Күттік. Бір жарым сағат өтіп, таң ата үйректердің барылдаған дауыстары естіле бастады. Сірә, «сапқа тұрыңдар!» деген бұйрық алса керек. 15-20 минуттан кейін олар көл үстінде «топтанып барлай ұшуды» бастады. Жетекші аңшымыз үйректер көл үстіне бәрі жинала ұшқан сәтте ғана ату керектігін ескерткен. Жарты сағат шамасында үйректер көл үстінде «құрметті айналып ұшу» жасап, қонуға құдия бергенде, біз де шүріппені бастық-ау. Тұс-тұстан болған тарс-тұрс атыс үйректердің ту-талақайын шығарды. Олар үйірген құйынға тап болғандай, біресе жоғары ұмтылып, біресе төмен қарай ұшып, естері шығып кетті. Біз қызыққа батып, желігіп алдық.

Әрбір залпымыздан кейін 8-10 үйрек көл бетіне қалпақтай түсіп жатты. Таң атты. Атуды тоқтаттық. Бір сәт тыныштық орнады. Барыс атты иттің иесі – жергілікті аңшы енді итін «жұмысқа жекті». Иті ит-ақ екен, «міндетін мінсіз атқарды». Оққа ұшқан үйректерді иесіне алып келген сайын шолақ құйрығын тұштаңдата арсалаңдап еркелейді, «мен қандай екенмін, көрдіңдер ме?!» дегендей бізге де қарап қояды.

Кешкісін ауылға оралдық. Менің «жеңімпаз» достарым өте көңілді, аңшылық жайында әзіл-қалжыңды ағытты. Маған жақсылап дем алуды ұйымдастырғандарына да әбден риза сияқты. Құс етін құшырлана жеп, «қыздырар суды» сыңғытып отырып, аңшылығымыздың нәтижесін айтысты, менің мергендігіме жоғары баға берісті. Қайсысы екені есімде жоқ, әйтеуір, біреуі менің туған күнімнің жақындап қалғанын есіне алып, маған ең мақтаулы «Беретта» деген мылтықты сыйлау жөнінде ұсыныс айтты. Екінші жігіт: «Жо-жоқ, «Зауерді» сыйлайық, одан жақсы мылтық жоқ!» – деді. Оны бәрі дереу құптап, құшырлана қол соқты. Мен дос-жолдастарыма рақметімді айттым, бірақ сыйлықтарынан бас тарттым. «Маған, жалпы, ешқандай мылтық керек емес, бүгінгі аңшылығым ең ақырғысы болсын!» – дедім. Бәрі аң-таң болды.
Құрмет-қошемет көрсеткен ауыл жұртшылығына ертеңінде ыстық ықыластары үшін ақтарыла алғыс айтып, келген ізіммен Алматыға қайттым. Жолда кешегі құс атуымызды еске алып отырып, іштей: «Адамның өміріне қауіп төндіргенде болмаса, әншейінде ешбір тірі жәндікке қол жұмсауға, оны өлтіруге болмайды!» – деп, қорытынды жасадым. Оным әсіре пацифистік пейіл ме? Жоқ, олай емес! Мен кәнігі әскери адаммын. Қарудың құнын, қарулы әскердің мән-жайын білемін. Қолдағы қаруды өміріңді үзбек болған қаскөйге ғана қарсы жұмсауың, әскерді еліңе, жеріңе қатер төндірген басқыншыға ғана қарсы қоюың керек!