Қантты көп жейтіндердің жүйкесі тез жұқара ма?

22 қаңтар 2022, 00:03

Бүгінде қантсыз шай ішпейтін адамды табу деген қиынның қиыны. Өйткені оны бала-шағадан бастап қартайған кемпір-шалдарға дейін пайдаланады. Ал кейбіреулер қантты күш-қуаттың және энергияның сарқылмас көзі деп есептейді. Шынында да солай ма?
Бірден айтайық, бұл өте қате пікір. Қанттың зияны өте көп. Дегенмен көп адам оны білмейді. Әсіресе соңғы жылдары қантты тек шайға ғана емес, сүтке, айрангға, ботқаға, түрлі тағамдарға қосуды әдетке айналдырдық. Сондай-ақ зияны қанттан бірде-бір кем емес тәттісіз дастарханның сәні кірмейтін болды. Оның үстіне, ұн тағамдарын қоссаңыз, сонда жағдайдың одан бетер қиындай түсетіні белгілі. Өйткені жоғарғы сортты ұннан жасалған тағамдардың ағзаға қантқа айналатынын ешкім білмейді.
Енді мұны қоя тұрып, аздап тарихқа көз жүгіртелік. Сонау 1950 жылдары кеңестер одағында ешқандай қоспасыз ақ қант алуға қол жеткізілген болатын. Оны шығарушылар «адам баласына тәтті өмір сыйладық» деп жер-жаҺанға жар салған екен. Алайда олар қатты қателесіпті деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті.. Арада бірнеше жылдар өткенде батыстың баспасөз беттерінде қанттың зияндылығы туралы пікірлер айтыла бастады. Ал профессор Джон Юдкин: «Қант рак ауруының барлық түрінен де қатерлі және өқауіпті» – деген екен. Содан бастап қант туралы шындықтың беті бірте-бірте айқындала түсті. Қанттың, жалпы тәтті атаулының адамға келтірер зияны дәлелденді.
Жалпы, қант көміртегі, сутегі және оттегі деген үш элементтен ғана тұрады. Адам ағзасында В1, В2,В3 және С витаминдері жеткілікті болса ғана 250 грамм қант 1000 калория береді. Витаминдер жеткіліксіз болса, онда ауру тудырады. Яғни, қант адамға ешқандай қуат бермейді. Ол адамға тек ауру болып жабысады. Егер денеде витаминдер болмаса, онда қант пен белок ішке барғанда ашиды әрі шіриді. Мұндайда ағза уланбас үшін өзінің барлық күшін жұмсауға мәжбүр. Яғни витаминдер мен микроэлементтерді жұмсау арқылы шіріп, бүлініп бара жатқан іштегі қантты қорытуға мәжбүр. Ол адам үшін із-түзсіз кетпейді. Витаминдерді қант жеп қойғандықтан оның жетіспеушілігінен адам жүрек, қан тамырлары сырқатына шалдығады. Тәттіні көп жеуден қант диабетіне шалдыққан адамның қанында холестериннің мөлшері артып кетеді. Сондай-ақ, қалқанша безінің, бүйректің қызметі де бұзылады. Сүйек, тыныс жолдары, және ішек-қарын аурулары пайда болады. Асқазан, эндокрин бездері мен жүйелері мазалайды. Жүректің соғу ырғағы бұзылады. Мұндайда адам өз-өзінен шаршағыш келеді. Көңіл-күй төмендеп, жүйкесі әбден жұқарып бітеді.
Шыны керек, біздің қазекем шетелдіктермен салыстырғанда қантты бірнеше есе көп, ал жеміс-жидектерді екі есе аз пайдаланады. Соның салдарынан ағзамызда микроэлементтер жетіспейді. Әр шай ішкен сайын пайдаланған қантымыз бен ішкен-жеген тамақтарымыз бойға сіңбей, майға айналады да, бірте-бірте сырқатқа шалдықтырады. Бұдан шығатын қорытынды мынау: қант дегеніміз құр бос калория. Оның ешқандай пайдасы жоқ. Тіпті дәрігерлердің өзі оны «арбаушы ақ жылан» деп атайды. Ақ халаттылардың: «баланы ешқашан тәттіге үйретпеңіз. Балмұздаққа, тортқа әуес болмасын» деп шырылдауы тектен-текке емес. Рас, кейде «Сникерс», «Марс» және өзге де осындай шоколадтарды бала-шағамызға әперіп жатамыз. Той-жиындарда уыстап, балаларға береміз. Тіпті кейбір ата-аналарда «бала тәтті жеп өсуі керек» деген жаңсақ ұғым қалыптасқан. Бұл дұрыс емес. Қанттың зияндылығы туралы түсінетін кез әлдеқашан жетті. Енді тек соны орындау ғана қажет. Онсыз сау басқа сақина сатып аларымыз хақ.


Жарас ҚАСЫМ.
«Ауырмаңыз!» газеті.