Бас мүфти бар сауалға жауап берді

10 шілде 2013, 13:03

Қасиетті Құран Кәрім түсе бастаған, он екі айдың сұлтаны Рамазан да келді. Шіліңгір шілденің 9-ы күні таң атысымен Жер әлемдегі мұсылман атаулы биылғы жылдың алғашқы сәресіне оянды. Осыған орай оразаның биылғы жай-жапсары жайлы Ержан Малғажыұлы бастаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы баспасөз өкілдерімен кездесіп, көкейдегі көп сұраққа жауап берген болатын.
Сауабы мол және кешірім айының ең бір қауым асыға күтетін Қадір түні биыл шамамен тамыздың 3-іне тура келеді екен. Айт намазы тамыздың 8-і күні, таңертең сағат 7.00-де оқылады. Сондай-ақ пітір са­да­қа мөлшерін биыл діни басқарма Қазақ­­станның бар аймақтарына бірдей етуді ұйғарса керек, яғни еліміздің қай түк­пірінде болсын пітірдің құны – адам ба­сына 150 теңге. Ал бұл ұнның бағасына қарай белгіленіп отыр.
Баспасөз конференциясы ары қарай сұрақ-жауапқа ұласты.
Ораза ұстау кімге парыз, кімдердің ұстамауына рұқсат?
– Имамдардың құлағына алтын сыр­ға, – деп бастады бұл сұраққа жауап беру­ші Ержан қажы. – Бүгінде көптеген адамдар осы Рамазан айының алдында мешітке бір сауа­лдың жауабын білу үшін арнайы ке­летінге ұқсайды. Яғни олар «мен бес уақыт намаз оқымаймын, бірақ ораза ұстағым келеді. Осы жағы қалай, рұқсат па?» десе, кейбір мешіт имамдарының өздері «намаз оқымасаң, сенің оразаң қабыл болмайды» деп әлгіндей жандардың меселін басып, кері қайтарып жеберетінге ұқсайды. Бұл – үлкен қателік. Себебі Алла тағала мұсыл­ман­дық бес парыздың әрқайсысын жеке-жеке түсірген. Яғни әр парыздың сауабы – өз алдына. Бір парызды орындамау, екін­ші біріне кедергі тудырмауы керек. Яғни намаз оқысаңыз, оның сауабы өз ал­дына, оразаның сауабы өз алдына. Енде­ше, намаз оқымаған адамның да ораза ұстауы­на болады. Ораза ұстау – міндет.
Ал енді кімдерге ұстамауға рұқсат дегенге келсек, ең біріншіден, өте қарт, яғни өздігінен жүріп-тұра алмайтын, жасы келуіне байланысты аштық пен шөлге шы­дай алмайтын және аурушаң, яғни ден­сау­лығына аса зиян келетіндей адамдар­ға және бала емізулі, жүкті әйелдерге рұқ­сат. Алайда жүкті және емізетін әйел бұл парыздан толығынмен босатылмайды, кейін босанып, баласы тамақтанатындай кезге жеткенде қарызын өтеуі керек.
Қоғамға әсіресе қандай ағым қауіпті?
– Ең қауіптісі – дінді шамадан тыс қат­­ты ұстанатын ағым, – деп жауап берді Бас мүфти қысқа да нұсқа. – Пай­ғам­барымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің имам Бұхариден жеткен хадистерінің бірінде «Сен­дер дінді өтте қатты ұстанудан сақ болғайсыңдар, себебі дінде шамадан тыс шектен шығып кетсеңдер, адасасың­дар» деп ескертсе керек. Яғни бұл жерде «қатты ұстану» деп отырғанымыз – фанатизм. Себебі қандай да бір діннің салиқалы ұстанушысы емес, фанаты бол­ған адам, ол дінді түсінбей қалуы әбден мүмкін екен. Өйткені ондай адам дінді біліммен емес, эмоция арқылы өз қалауына бұрмалап әкетеді. Ал дін – білім, оны ілім арқылы тануымыз абзал, ал бүгінгідей түрлі ағымдарға жол беріп қоюымыздың бірден-бір себебі де біздің білімнен гөрі дінді сезім арқылы тануы­мызда жатқан жайы бар.
Имандының бәрі – мұсылман, ал намазхан бір бөлек...
Біз кейінгі кездері бір үлкен қателікке бой алдырып жүр екенбіз. Бас мүфти осы­ны сынға алды. «Намаз оқымаған адамды мұсыл­ман емес деуге ешкімнің қақысы жоқ. Мұсылмандықтың шарты – кәлима айту. Сондықтан намаз оқысаңыздар, «мен мұсылманмын» деп бөлінбеңіздер, на­маз­ханмын» дегеніңіз дұрысырақ бола­ды, – деді Ержан хазірет.
Сондай-ақ осы ретте бір кездері қоғам­дық орындарда көптеген намазханалар ашылса, бірден солардың дені жабылып қал­ғандығы жайлы да өздігінен қозғалып кетті. Оған да Бас мүфти сабырмен «намаз оқиын десем, намазханалар жабылып қал­ды деп өз парызын орындамай қойған мұ­сыл­манды көргенім жоқ. Кей мекеме­лерде болмаса, намазханалар түгелімен жабыл­ған жоқ. Мәселен, кей базарлар мен халал тағамданатын жерлерде олар о баста қалай ашылса, сол күйде жұмысын тоқтатқан жоқ, – деп жауап берді. Ал, жалпы, Алматы қаласында мешіттерден бөлек, 37 намазхана бар екендігін осы басқосуда діни басқарма мамандарының өздері айтты.
Мешітті сатуға бола ма?
Бұл баспасөз конференциясын Жур­налис­тер одағының төрағасы Сейітқазы Матай­дың өзі жүргізді. Сондықтан ол кісі осы тұста өзінің көкейінде жүрген, қоғам­дағы өзекті мәселені алға тартты:
– Ашығын айтқанда, қазір жеке мешіт салдыру кәсіпкерлердің арасын­да бәсе­кеге айналғандай. Және бұл жер­де олар үшін мешіт салу деген са­уап­тан да бұрын атасының атын шы­ғару­мен өз байлығын паш ету секілді. Осы жағдайға қатысты ҚМДБ қандай көз­қараста, қандай шара қол­дануда?
– Қазір, Құдайға шүкір, қайта тіркеуден кейін еліміздегі 100 пайыз мешіттер ҚМДБ-ға тіркелді. Бұл – осы соңғы шыққан заңың жетістігі. Ал мешіт атауына келсек, енді біз бұдан былай мешіт саламын деген азаматтарға мынадай талаптап қоямыз: «біріншіден, осы мешітті Алла разылығы үшін саламын, екіншіден, оны Діни бас­қарманың филиалы етіп тіркетемін, ал үшін­­шіден, ат қоюға ешқандай таласым жоқ» деген қолхат жаздырып аламыз. Яғни осы шарттарға келіскен адамға ғана мешіт салуға рұқсат беріледі. Және тағы бір мәселе – мешіт салатын жердің тұрғын­дарының саны тікелей есепке алынады. Яғни 20 үй немес 10 үйге 200 адамдық, тіпті одан да көп адам сыятын мешіт салу деген де аса дұрыс нәрсе емес. Өкінішке қарай, бізде осыған дейін мұндай жағдайлар көп кездескен. Ал бұл неге дұрыс емес десек, себебі мешіт салумен ғана іс бітпейді, ол мешітті ұстау деген де мәселе бар. Оның коммуналдық шығынымен қатар, оған имам апару керек, оған жалақы төлеу деген мәселелерге келгенде 10 үйдің шамасы 200 орындық мешітке жете қой­майды. Ендеше, ол халыққа шамадан тыс жүк арту болып есептеледі.
– Бұдан да сорақы бір жайтты өзіңіз таяуда естіп-білген де шығарсыз, яғни еліміздің бір азаматы өзі салдырған меші­т­ін бір миллион долларға сатпақ ниетін ашып айтты. Осыған байланыс­ты сіздердің көзқарастарыңыз халық­қа аса маңызды болса керек. Не дейсіз­дер, не шара қолданбақсыздар?
– Айтып отырғаныңыз Қостанай облысы Арқалық қаласында орын алған. Ол жақта жұмыссыздықтың жайлауына байланысты адамдар басқа жақтарға кетіп қалып, үйлердің көбі иесіз қалса керек. Ал аталған азамат сол өңірде мешіт бастаған, бірақ соның күмбезін ғана бітіріп, қалған жері бітпей қалса керек. Құрылысты аяқ­тау­ға қаржы қалмаған, екіншіден, өңірдегі әлгіндей жағдай да есепке алына отырып, кәсіпкер ендігіде мешітті аяқтауға өзінің шамасы келмейтіндігін айтады. Сондықтан оны ары қарай жалғастырамын деген адам­ға сатқысы келген ойын ашық жария­ласа керек. Алайда ол азаматқа біз Діни басқарма тарапынан «мешітті ары қарай жалғастыруға мүдделі басқа да азаматтар табайық, құрылысты толығымен аяқтайық, бірақ сіз сатпаңыз» деген ұсыныс айтып едік, ол кісі илікпей отыр. «Маған қазірге дейін жұмсаған қаражатымды толықтай қайтарып берсеңіздер ғана мен оны сіздерге өткіземін» деген жайы бар. Ендеше, біз ендігіде тек «мешіт сатамын» деген әлгі адамға Алладан иман мен сабыр тілейміз. Бірақ мешіт бизнес емес, соны да ұмытпайық!

Қорыта келгенде...
Баспасөз конференциясы халықтың көкейінде жүрген және қоғамда орын алып жатқан біршама діни мәселелерге қа­тысты қолға алынып жатқан жайт­тар­ды атап көрсетіп, көңілді орынға тү­сірді деуге болады. Ал алдағы Рама­зан айында Діни басқарма Алаш ба­лас­ына осы қасиетті айдың құрметіне тойларда арақ-шарап ішілмесе, артық ысырап­шыл­дыққа жол берілмесе, азық-түлік бағалары төмендетілсе, ха­­лық­­қа қыз­мет етудің барлық түр­лері­­не жеңілдік­тер жасалса, мұқтаж жан­дарға көңіл бө­лін­се, Алла разылы­ғы үшін берілетін ас-тағамдар ауыз­ашар кезінде берілсе деген өтініш біл­діре­ді.