Әнұранның шырқалу үлгісін Мәжіліс қашан бекітеді?

Әнұранның шырқалу үлгісін Мәжіліс қашан бекітеді?

Бүгін, яғни 1992 жылдың 4 маусымы исі қазақ халқы үшін аса маңызды, тарихи күн. Дәл осы күні Тәуелсіз Қазақ елінің рәміздері ресми бекітіліп, күллі әлемге өзіміздің азат ел екенімізді паш еткенбіз. Сол тарихи сәттен тура 15 жыл өткен соң, 2007 жылы дәл осы 4 маусымда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «ҚР мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңға қол қойып, мемлекеттік рәміздерімізді пайдалану тәртібін нақтылап берді. Бірақ, содан бері аттай 7 жыл өтсе де, Әнұранның шырқалу мәселесі бір ізге түспей келеді. «Алаш айнасы» басылымы бұл проблеманы бұған дейін де неше мәрте мәселе етіп көтерген болатын. Бірақ, сең қозғала қойған жоқ. Сол себепті де бүгін Парламент Мәжілісінің төрағасы Қабиболла Қабенұлына арнайы хат жазуды жөн санадық.
Құрметті Қабиболла Қабенұлы!
Қазақстан атты айдарынан жел ескен рухы өр, жері кең тәуелсіз мемлекетті біз қалай жақсы көрсек, Сіз де солай сүйесіз. Алаш халқы «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» осы бір күнді сан ғасыр сарыла һәм тағатсыздана күткенін жақсы білесіз. Әр қазақ баласы арайлап атқан әр таңда қолын көкке жайып Жаратқаннан өз Отанының Мәңгілік ел болуын тілейтінін де сезесіз, сезінесіз. Білесіз бе, сол Мәңгілік елдің мемлекеттілігін білдіретін қасиетті де, қастерлі үш-ақ белгісі бар. Олар мемлекеттік рәміздеріміз – Елтаңба, Ту һәм Әнұран. Осы Тәуелсіздікті айшықтайтын үш құндылықтың дүниеге келуі жолында қаншама боздақ қыршын кетті, қаншама Ұлы шайқастар болып, қан төгілді, қаншама ана көз жасын көл етіп, қазақтың басынан қаншама қилы замандар дөңгеледі? Оның бәрін жіпке тізіп, әңгімелеп жату артықтау болар. Сондықтан мәселеге төтесінен келейік.
Құрметті Қабиболла Қабенұлы!
Өзіңіз білесіз, Қазақстан бодандық қамытын шеше салысымен, әлем алдында өзінің Тәуелсіздігін мойындату үшін дереу мемлекеттік рәміздерін бекітті. Өлеңін қазақтың классик ақындары Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Жадыра Дәрібаевалар, әуенін Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамидилер жазған алғашқы Әнұран 1992 жылы Заңмен бекітілгенімен, ол ән бүкіл қазақтың рухын серпілтіп, рухани болмысын қанағаттандыра алмады. Содан болар, 2006 жылы халықтың өтініш-талабы ескеріліп, 7 қаңтарда Қазақстан Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Мемлекеттік нышандар туралы» Жарлыққа түзетулер енгізілді. Еліміздің жаңа Әнұраны болып Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні қабылданды. Жиырмадан енді асқан Шәмші мен Жұмекен Нәжімеденовтің бұл туындысы Әнұранға айналар тұста уақыт талабына сай өзгеріп, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтің редакциялауымен жаңа һәм бұрынғыдан да рухты қалыпқа түсті. Бірақ...
Құрметті Қабиболла Қабенұлы!
Соңғы бірнеше жыл бедерінде осы Әнұранның төрдегі басын, көрге сүйрейтін бірнеше жағдаяттар орын алды. Күллі әлем көз тіккен спорттық сайыстарда бірнеше мәрте ескі әнұран шырқалып кетіп, ұяттан жарылып кете жаздадық. Тіпті, Әнұранның орнына қазақ ұлтын масқаралайтын Борат атты пәтшағардың киносындағы музыка ойнап кеткені де белгілі. Ол, ол ма, мемлекеттің жалауын арқасына жауып, әлемдік додаларға үкілеп қосқан дүлділдеріміз Әнұранның сөзін білмей «бүлдіргені» өз алдына бір хикая. Мұның бәрін саусақпен санап тауыса алмаспыз. Сондықтан Өзіңізге белгілі жайттарды тізбелемей, нақты мына бір жайтқа назарыңызды бұрсақ. Қазір кез-келген маман «Әнұранның нақты бекітілген нұсқасы жоқ» екенін айтып жүр. Осының салдарынан салтанатты шаралар кезінде мемлекеттік Әнұранымыз әртүрлі орындалып жүр. Неге?
Құрметті Қабиболла Қабенұлы!
Алдымен, әлемдік тәжірибеге сүйенелік.
Біріншіден, кез-келген мемлекетте ең бірінші Әнұранның пилоттық нұсқасы, концепциясы айқындалып, одан әрі техникалық жұмыстар жүйеге келтіріледі. Яғни, оркестрдегі әрбір музыкалық аспаптың дауысы нақышталып, қай жерде қалай ойнау керектігі анықталады. Әрбір музыкалық аспаптың шығармадағы рөлі белгіленеді. Мұнан кейін Әнұранды үрмелі аспаптар оркестрімен, симфониялық оркестрмен, оркестрдің солистпен, оркестрдің солист және хормен орындаған нұсқалары Парламентте, Үкіметте (әр елде әртүрлі) тыңдалып, бекітілуі тиіс. Ал бізде әлі күнге дейін Әнұранның толық нұсқасы бекітілмеген.
Екіншіден, олимпиадалық ойындарда Әнұранның симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен хор немесе солист пен хор қосыла орындаған нұсқасы қойылуы тиіс. Бүкіл әлем алдында шырқалатындықтан олимпиадалық ойындарда әнұранның мәтіні сәл қысқарғаны дұрыс. Алайда бізде олай емес. Бүгінгі таңда мұндай салтанатты жағдайларда бұрын марш түрінде жазылған фонограмма қойылып жүр. Марш пен Әнұранның ырғағы, екпіні, оркестрге түсірілуі – бөлек дүние. Марш ырғақты, ал Әнұран ауқымы кең, байсалды, айбынды, салтанатты болуы шарт. Бүкіл әлем алдында айбынды Әнұран емес, марш орындап тұруымыз қаншалықты негізді?
Үшіншіден, еліміздегі әскери оркестрлер Әнұран әртүрлі орындайды. Мысалы, мемлекеттік Әнұранды ішкі істер әскерлерінің үрмелі аспаптар оркестрі мен муниципалдық үрмелі аспаптар оркестрлерінің орындауында әртүрлілік айқын байқалады. Тіпті, алматылық және астаналық симфониялық оркестрлер де өз білгенінше, Әнұранды екі түрлі орындап келеді.
Төртіншіден, Әнұранның типографиялық нұсқасын басып шығарып, аудио көшірмесі дайындалып, барлық елдерде бірдей орындалуы үшін шетелдердегі елшіліктерге жіберу керек.
Құрметті Қабиболла Қабенұлы!
Әнұран – қазақ елінің ұлылығын, қазақ халқының отансүйгіштігін, рухының жоғары екендігін бейнелейтін ұлы күш. Сол ұлы күшті әркім өз білгенімен орындауы – біз үшін ұят. Мәселен, мемлекеттік деңгейдегі кездесулерде үрмелі аспаптармен орындалған нұсқасы, салтанатты жиындар мен концерт залдарында симфониялық оркестрмен орындалған нұсқасы әуелегені жөн. Мұның бәрін бір ізге салу, осы істің бастамашысы болып, қозғау салу Қазақстан Парламент Мәжілісінің құзіретіндегі шаруа. Сол үшін де Сізге ашық хат жазуды жөн санадық.

«Алаш айнасының» түйіні
Құрметті Қабиболла Қабенұлы!
Бүгінгі әлемде қазақтың Әнұранын тыңдамаған жан некен-саяқ. Президентіміз шет елге шыққан сайын осы бір рухты ән сол елдің аспанында әуелейді. Ғаламдық спорттық додаларда нартұлғалы қыз-жігіттеріміз қолын кеудесіне қойып, осы бір рухты әнді шырқағанда бар қазақ қуаныштан көзіне жас алады. Біз сондай құндылықты бірізділікке неге түсіре алмай отырмыз? Бұл сұраққа жауапты Сіз берерсіз...

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста